«Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін беріп аялаған жанын да аямаған ардақтысы.
Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп,әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады.
Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек.
Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шешенің мейірімін, тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды.
Алғаш көзіңді ашқан кезде бауырына басып, «балам» деген анаңның әлдиі, бүтінін беріп жартысын алған, барын беріп жоғына қанағат танытқан – анаң. «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деген сөздің мәнін ашу үшін анаңызды меккеге үш рет апару аздық етеді. Бір тағдырды дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсіру жауапкершіліктің үлкені. Өзінің ғана емес сіздің де алдыңыздағы борышын атқарған анаға құрметсіздік жасау келсе тек хайуанның қолынан келер. Оның өзінде төлін сүймейтін хайуан да жоқ.
Ана туралы Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де ең алдымен Ананы құрметтеу парыз екені айтылады. “Әуелі Анаңа, тағы да Анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса” делінген онда.
“Егерде атаң мен Анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі Анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөзде бар.
Ана...Сіздер бір отбасын емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербете алатын, адамзат баласының ары, рухы, жігерісіздер. Тәуелсіз Қазақстанымыздағы тірлік пен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз.Әкеміздің қабағын бағып, үйдің берекесі болып отырған ананың адамзат үшін алаңдап отыратыны тағы бар. Олар үйдің ғана емес, түздің де адамы. Қандай жұмыс болса да, қандай қиынық болса да көтеруге дайын. Өйткені олардың жанын нәзік жүрегін берік етіп жаратқан. Ана екеу емес біреу ғана. Ал жалғыз дүниенің екінші рет қайтып келмейтінін, біреудің бірнешеу болмайтынын түсінсеңіз жақсылық жасаңыз. Көз жасын күлкіге, мұңын қуанышқа, жабырқаса жұбатып, сағынса қасынан табылыңыз. Ол міндетіңіз. Ана бір қолымен әлемді бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең қасиетті адам. Оның алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие. Жүрегінің кеңдігі сондай өз баласына ғана емес әлемнің баласына орын бар. Өйткені ана мен бала бір-бірі үшін жаралған қос сөздегі бір ұғым. Барында анаңызды қуантыңыз! Күлдіртіңіз! Олар бәріне лайық!
Ананы аспандағы ай мен күнге, жарық жұлдызға, баға жетпес асыл заттарға теңеу дәстүрі де өз тілімізде берік қалыптасқан. Олай болса сөз – сөздің ең төресі: Анаңды қалай сыйласаң, өз балаңның Анасын да солай сыйла, барлық әйел затына, тіпті жас нәресте қызына да құрмет көрсет, оларға қолдан келгенше қамқорлық жаса
Өмірдің иесі сен, ғазиз Ана,
Келтірген дүниеге нелер дана.
Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ,
Өмірдің алтын кілті сонда ғана, —
дегендей көктем табиғатымен жымыңдасқан жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір беруші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Ана.Адам “адам” болғысы келсе, алдымен Ананы қастерлей білуі керек.
Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл Ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын Ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші! Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қаракөз қарындастар! Сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осынау жарқын мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек. Қашаннан бергі дәстүріміз бойынша біз бұл күні Сіздерге – аналарымыз бен апа-қарындастарымызға, қыздарымызға ең ыстық құттықтауларымыз бен ең ізгі тілектерімізді жолдаймыз.
Әлемде нәрестеге өмір сыйлап, оны алғашқы қадам басуға үйрететін қасиеттеріңізге тең келер адам жоқ. Сіздердің төзімділіктеріңіз бен махаббаттарыңызға алғысым шексіз!
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.
Алаштың ұлтжанды азаматтары, ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді де, діңімізді де, ділімізді де ана сүтімен санаға сіңіретін, қазақты тәрбиелейтін қыздарымыз. «Бәрі де адамның өз қолында, ал адам әйелдің алақанында» деген сөз әлемді билейтін де, тербейтін де әйел екенін білдіреді.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, ардақты жеңешелеріміз бен апа-әпке, сіңлілеріміздің өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.
Ерекше төзімді кәдімгі қазақтың Ұлт аналарына деген құрметімді білдіріп, қолымды жүрегімнің тұсына қойып, иіліп тәжім етемін.
Сіздерге сәттілік пен шаттық көңіл серік болсын. Ер азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөлене беріңіздер.
Көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!
Отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Өңір халқының әл-ауқатын жақсарту жолында атқарып жатқан еңбектеріңізде табыстарға жетіп, үлкен биiктерден көрiнулерiңiзге шын жүректен тілектеспін.
Достарыңызбен бөлісу: |