Бала құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялау туралы
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысы.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес қаулы етеді: Нью-Йоркте 1994 жылғы
16 ақпанда қол қойылған 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы Конвенция ратификациялансын. БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ (Нью-Йорк, 20 қараша 1989 ж.) Кіріспе
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жария етілген қағидаттарға сәйкес қоғамның барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін, теңдей және ажырамас құқықтарын тану жер бетінде бостандықты, әділдікті және бейбітшілікті қамтамасыз етудің негізі болып табылады деп есептей отырып, Біріккен Ұлттардың халықтары Жарғыда өздерінің адамның негізгі құқықтарына, жеке адам баласының қадір-қасиеті мен құндылығына деген сенімін қуаттағанын және кең ауқымды бостандықта әлеуметтік прогреске және өмір сүру жағдайларын жақсартуға жәрдемдесуге бекем бел буғанын назарға ала отырады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясында және Адам құқықтары туралы халықаралық пактілерде жария еткен құқықтар мен бостандықтардың бәріне және әрбір адамның нәсілі, түр-түсі, жынысы, тілі, діні, саяси немесе өзге де сенім-нанымдары, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегі, мүліктік жағдайы, туылуы сияқты белгілері немесе өзге де жағдайлары бойынша қандай да бір айырмасыз ие болуға тиіс екендігіне келіскендігін тани отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясында балалардың ерекше қамқорлық пен көмекке құқылы екендігін жариялағанын еске ала отырып, Отбасына қоғамның негізгі ұясы ретінде және оның барлық мүшелерінің, әсіресе балалардың өсіп-жетілуінің және игілігінің табиғи ортасы ретінде, қоғам шеңберінде өз міндеттерін мойнына толық ала алатындай қажетті қорғау және жәрдем көрсетілуі тиіс екендігіне кәміл сене отырып, Баланың жеке басы толық және үйлесімді дамуы үшін оның отбасы аясында, бақыт, махаббат және түсінушілік ахуалында өсуі қажет екендігін тани отырып, Бала қоғамда өздігінше өмір сүруге толық дайын болуға және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жария етілген идеалдардың, әсіресе, бейбітшілік, қадірқасиет, төзімділік, еркіндік, теңдік және ынтымақтастық рухында тәрбиеленуге тиіс деп санай отырып, Баланы осындай ерекше қорғауға деген қажеттіліктің 1924 жылғы Бала құқықтарының Женева декларациясында және 1959 жылғы 20 қарашадағы Бас Ассамблея қабылдаған Бала құқықтары декларациясында қамтылғанын және оның Жалпыға бірдей адам құқықтарының декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактте (атап айтқанда, 23 және 24-баптарда), Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактте (атап айтқанда, 10-бапта), сондай-ақ балалардың игілігі мәселесімен айналысушы мамандандырылған мекемелер мен халықаралық ұйымдардың жарғыларында және тиісті құжаттарында танылғанын назарға ала отырып, Бала құқықтарының декларациясында «бала туылғанға дейін, сондай-ақ туылған соң да тиісті құқықтық қорғауды қоса алғанда, оның тәні мен ақыл-есінің жетілмегендігіне байланысты арнайы қорғау мен қамқорлықты қажет етеді» деп көрсетілгенін назарға ала отырып, Балаларды қорғауға және олардың игілігіне қатысты, әсіресе балаларды ұлттық және халықаралық деңгейлерде тәрбиелеуге және асырап алуға беру кезінде, Әлеуметтік және құқықтық қағидаттар туралы декларацияның ережелеріне, Біріккен Ұлттар Ұйымының жасы кәмелетке толмағандарға қатысты әділ сот жүргізу жөніндегі («Пекин ережелері») Минимальды қалыптық ережелеріне және Төтенше жағдайлар мен қарулы жанжалдар кезінде әйелдер мен балаларды қорғау туралы декларацияның ережелеріне сілтеме жасай отырып, Төмендегілер туралы келісті:
І БӨЛІМ
1-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін әрбір адам баласы 18 жасқа толғанға дейін, егер осы балаға қолданылатын заң бойынша ол кәмелеттік жасқа бұрынырақ толып қоймаса, бала болып саналады. 2-бап 1. Қатысушы мемлекеттер өздерінің юрисдикциясы шектерінде тұратын әрбір баланың осы Конвенциямен көзделген, оның ата-анасының немесе қамқоршысының қандай да бір кемсітушіліксіз нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де сенім-нанымдарына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік жағдайына, баланың денсаулығының және туылуының жай-күйіне немесе өзге де жағдайларына қарамастан, барлық құқықтарын құрметтейді және қамтамасыз етеді. 3-бап
Балаларға қатысты қолданылатын іс-әрекеттердің, оларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік немесе жеке мекемелердің, соттардың, әкімшілік немесе заң шығарушы органдардың қабылдағанына қарамастан, бәрінде де ең бірінші кезекте баланың мүдделерін барынша толық қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді.
Қатысушы мемлекеттер заң бойынша бала үшін жауапкершілікті мойнына алған оның ата-анасының, қамқоршыларының немесе басқа да адамдардың құқықтары мен міндеттерін назарға ала отырып, баланың игілігі үшін қажетті қорғау мен қамқорлықты қамтамасыз етуге міндеттенеді және осы мақсатпен барлық тиісті заң шығару және әкімшілік шараларын қабылдайды.
4-бап
Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияда танылған құқықтарды жүзеге асыру үшін барлық қажетті заң шығарушы, әкімшілік және басқа да шараларды қабылдайды. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарға қатысты қатысушы мемлекеттер мұндай шараларды мүмкіндігінше өздерінде қолда бар ресурстарды пайдалана отырып, қажет болған жағдайда, халықаралық ынтымақтастық шеңберінде қабылдайды. 5-бап
Қатысушы мемлекеттер ата-аналардың және тиісті жағдайларда кеңейтілген отбасы немесе қауымдастық мүшелерінің, жергілікті салт-дәстүрімен көзделгендей, қамқоршылардың немесе баланың дамып келе жатқан қабілеттеріне сәйкес және осы Конвенциямен танылған құқықтарды жүзеге асыруда балаға тиісті түрде басшылық жасап және жетекшілік ететін, бала үшін заң бойынша жауапты басқа да адамдардың жауапкершілігін, құқықтары мен міндеттерін құрметтейді. 6бап 1. Қатысушы мемлекеттер әрбір баланың өмір сүруге деген ажырамас құқығы бар екенін таниды. 2. Қатысушы мемлекеттер барынша мүмкін дәрежеде баланың тірі қалуын және денсаулығының мықты болып өсуін қамтамасыз етеді. 7-бап Бала туылған бетте тіркеуге алынады және туылған сәттен бастап оның есімі қойылып, азаматтық алуға құқығы бар, сондай-ақ мүмкіндігінше өзінің атааналарын білуге және олардың қамқорлығына ие болуға құқылы.
Қатысушы мемлекеттер өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы құқықтардың жүзеге асуын және осы саладағы тиісті халықаралық құжаттарға сәйкес, атап айтқанда, егер өзгеше түрде баланың азаматтығы болмаған жағдайда, өздерінің міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
8-бап
Қатысушы мемлекеттер заңмен көзделгеніндей, баланың жеке басының даралығын, бұған азаматтығын, есімін және отбасылық байланыстарын сақтау құқығын қоса алғанда, оған заңсыз араласуға жол бермей, құрметтеуге міндеттенеді.
Егер бала заңсыз түрде өзінің жеке басының даралығының бір бөлігінен немесе барлық элементтерінен айырылса, қатысушы мемлекеттер оған оның жеке басының даралығын тез арада қалпына келтіру үшін қажетті көмек пен қорғауды қамтамасыз етеді. 9-бап Қатысушы мемлекеттер сот шешіміне сәйкес құзыретті органдар қолданыстағы заңға және рәсімдерге сәйкес баланың ең қажетті мүдделері үшін оны ата-анасынан айыру қажет екендігін анықтаған жағдайларды қоспағанда, баланың өзінің ата-анасымен өздерінің тілегіне қарсы айырылыспауын қамтамасыз етеді. Мұндай анықтама сол немесе өзге бір нақты жағдайда, мысалы, ата-анасы балаға мейрімсіздік танытқан немесе оған қамқорлық жасамаған, не болмаса ата-анасы бөлек тұрып жатқан және баланың тұрып жатқан жеріне қатысты шешім қабылдау қажет болғанда керек болуы мүмкін.
Осы баптың 1-тармағына сәйкес кез келген іс қарау барысында мүдделі тараптардың бәріне іс қарауға қатысу мүмкіндігі және өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік беріледі.
Қатысушы мемлекеттер ата-анасының біреуімен немесе екеуінен де айырылысқан баланың құқығын құрметтейді, тұрақты негізде оның атаанасының екеуімен де жеке қарым-қатынастарын және тікелей байланыстарын, бұл баланың ең бір қажетті мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, қолдайды.
10-бап
Қатысушы мемлекеттердің 9-баптың 1-тармағы бойынша міндеттемелеріне сәйкес отбасымен қосылу мақсатында баланың немесе оның ата-анасының қатысушы мемлекетке келуі немесе одан кетуі туралы өтініштерін қатысушы мемлекеттер оң сипатта, адамгершілік тұрғыда және жедел түрде қарауға тиіс. Қатысушы мемлекеттер бұдан әрі осындай өтініш берудің өтініш берушілер мен олардың отбасы мүшелері үшін жағымсыз салдарларға әкеп соқпауын қамтамасыз етеді.
Ерекше бір жағдайларды қоспағанда, ата-анасы әртүрлі мемлекеттерде өмір сүріп жатқан бала тұрақты негізде ата-анасының екеуімен де жеке қарымқатынастар және тікелей байланыстар орнатуға құқылы. Осы мақсатта және 9-баптың 2-тармағы бойынша қатысушы мемлекеттердің міндеттемелеріне сәйкес қатысушы мемлекеттер баланың және оның атаанасының кез келген елден қоныс аударуы, бұған өз елін қоса алғанда,
және өз еліне қайта оралу құқығын құрметтейді. Кез келген елден қоныс
аудару құқығына қатысты тек қана заңмен белгіленген және мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті (ordre publiс), халықтың денсаулығын немесе рухани ізгілігін не болмаса басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажет және осы Конвенциямен танылған басқа да құқықтармен қатар қолданылатын әрі сәйкес келетін шектеулер ғана қолданыста болады. 11-бап
Қатысушы мемлекеттер балалардың шетелге заңсыз жөнелтілуіне және қайтарылмауына қарсы күрес үшін шаралар қабылдайды.
Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер екі жақты немесе көп жақты келісімдердің жасалуына немесе қолданыстағы келісімдерге қосылуға жәрдемдеседі.
12-бап
Қатысушы мемлекеттер өз ой-пікірін жеткізуге қабілетті балаға оған қатысты барлық мәселелер бойынша осы ой-пікірлерді еркін білдіру құқығын қамтамасыз етеді, бұл ретте баланың жасына және өсіп-жетілуіне сәйкес баланың ой-пікіріне тиісті түрде назар аударылады.
Осы мақсатпен, атап айтқанда, балаға қатысты кез келген сот немесе әкімшілік іс қарау барысында не тікелей өзі не болмаса өкілі немесе тиісті орган арқылы ұлттық заңнаманың процессуалдық нормаларымен көзделген тәртіпте оны тыңдау мүмкіндігі беріледі.
13-бап
Бала өз пікірін еркін білдіруге құқылы; бұл құқыққа шекараларға қарамастан ауызша, жазбаша немесе басылым нысанында, көркемөнер шығармасы нысанында не болмаса баланың өз таңдауы бойынша басқа да құралдардың көмегімен әр түрлі ақпарат пен идеяларды іздеу, алу және беру еркіндігі кіреді.
Осы құқықты жүзеге асыру кейбір шектеулерге әкеп соғуы мүмкін, алайда, бұл шектеулер тек заңмен көзделген және:
А) басқа да адамдардың құқықтары мен абыройын құрметтеу үшін; немесе Ә) мемлекеттік қауіпсіздікті немесе қоғамдық тәртіпті (ordre Publiс) не болмаса халықтың рухани ізгілігін қорғау үшін 14-бап
Қатысушы мемлекеттер баланың ойлау, ар-ұждан және дін бостандығына деген құқығын құрметтейді.
Қатысушы мемлекеттер ата-анасының және тиісті жағдайларда заңды қамқоршылардың баланың дамып келе жатқан қабілетіне сәйкес келетін әдісін жүзеге асырудағы балаға басшылық ету құқықтары мен міндеттерін құрметтейді.
15-бап
Қатысушы мемлекеттер баланың қауымдастыққа бостандық және бейбіт жиналыстарға бостандық құқығын таниды.
Осы құқықты жүзеге асыруға қатысты заңға сәйкес және демократиялық қоғамда мемлекеттік қауіпсіздік немесе қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп (ordre publiс) мүдделерінде қажетті, халықтың денсаулығы немесе рухани ізгілігін сақтау не болмаса басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қолданылатын шектеулерден басқа қандай да бір шектеулер қолданылмайды.
16-бап
Бірде бір бала оның жеке өміріне, отбасылық өміріне, баспанасына қол сұғылмау немесе хат жазысып-алысу құпиясына не болмаса оның ар-намысы мен абыройына заңсыз араласушылықты болдырмау құқығын жүзеге асыруда ерікті түрде немесе заңсыз араласу объектісі бола алмайды.
Бала осындай араласу немесе қол сұғушылықтан заңның қорғауына құқылы.
17-бап
Қатысушы мемлекеттер бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін таниды және баланың әр түрлі ұлттық және халықаралық материалдар көзіне, әсіресе баланың әлеуметтік, рухани және моралдық тұрғыдағы рухани ізгілігіне, сондай-ақ тән және психикалық жағынан салауатты дамуына жәрдемдесуге бағытталған материал көздеріне деген бостандығын қамтамасыз етеді. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер: А) бұқаралық ақпарат құралдарының бала үшін әлеуметтік және мәдени тұрғыда және 29-баптың рухында пайдалы ақпараттар мен материалдарды таратуын көтермелейді; Ә) әр түрлі мәдени, ұлттық және халықаралық ақпарат көздерінен алынған осындай ақпараттар мен материалдарды даярлау, алмасу және таратуда халықаралық ынтымақтастықты көтермелейді; Б) балалар әдебиетін басып шығаруды және таратуды көтермелейді; В) бұқаралық ақпарат құралдарының қайсыбір азшылық тобына немесе жергілікті халыққа тиесілі баланың тілдік қажеттіліктеріне ерекше назар аударуын көтермелейді; Г) 13 және 18-баптардың ережелерін ескере отырып, баланың әл- ауқатына залал келтіретін ақпараттардан және материалдардан оны қорғаудың тиісті қағидаттарын әзірлеуді көтермелейді. 18-бап
Қатысушы мемлекеттер ата-анасының екеуінің де баланың тәрбиесі мен дамуы үшін ортақ және бірдей жауапкершілігін тану қағидаттарын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін күш-жігерлерді қабылдайды. Ата-анасы немесе тиісті жағдайларда заңды қамқоршылары баланың тәрбиесі мен дамуы үшін негізгі жауапкершілікті мойнына алады. Баланың ең қажет мүдделері олардың негізгі қамқорлығының мәні болып табылады.
Осы Конвенцияда баяндалған құқықтарды жүзеге асыруға кепілдік беру және жәрдемдесу мақсаттарында қатысушы мемлекеттер ата-аналарға және заңды қамқоршыларға балаларды тәрбиелеу жөніндегі олардың өз міндеттерін орындауына тиісті көмек көрсетеді және балалар мекемелерінің желісін дамытуды қамтамасыз етеді.