Бала өмірінің қауіпсіздігі маңызды
Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана - сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар - ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата - ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
11-15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады. Оған қатысу ұлдар арасында көбірек таралған.
Буллинг құрбаны – жасөспірімдер
Бүгінде буллинг әлем мектептерінде кеңінен таралып отыр. Буллинг сөзі ағылшын тілінің bully, яғни қорқыту ұғымын береді. Бұл физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау дегенді білдіреді. Мұндай теріс әрекеттер физикалық байланыс, сөздер немесе басқа да әдістер түрінде болуы мүмкін. Мысалы, бет көрінісін өзгерту немесе әдепсіз қимыл, сондай-ақ буллингтің құрбанын топтан, қауымдастықтан әдейі шығарып тастауға ұмтылу.
Бір жылдан аса уақыт бұрын еліміздегі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» («Health behaviour in school-aged children») тақырыбындағы зерттеу тобы жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін зерделеу мақсатында қазақстандық оқушылар арасында сауалдама жүргізді. Зерттеу тобы мұндай көрсеткіштерді әр 4 жыл сайын жинап зерттейді.
Мектеп оқушыларына сауалдама жүргізу барысында, соңғы екі айда олардың буллингке немесе кибербуллингке қаншалықты жиі қатысқанын, өздері оның құрбандарына айналғаны жайлы сұрақтар қойылды. ДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының айтуынша, буллинг құрбандарының да, қатысушыларының да ілеспе және болашақта психикалық денсаулыққа байланысты проблемалары бар. Белгілі болғандай, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17%-ы мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған. Бұл ретте ауылдықтармен салыстырғанда қала оқушылары жиі зардап шегетінін айта кеткен абзал. Ұлдар мен қыздар арасында буллингтің таралуы 15 жасқа жақындағанда азаяды.
Мектепте басқа адамдардың буллингіне айына бір немесе бірнеше рет 11-15 жастағы жасөспірімдердің 20%-ы қатысты. Осы мінез-құлықтың таралуы 11 және 13 жастағы ер балалар арасында ең жоғары көрсеткішке ие екен. Сонымен қатар жаңа технологияларды дамытумен және әлеуметтік желілерді танымал етумен буллингтің жаңа түрі кибербуллинг пайда болды.
Кибербуллинг мысалдарына қорлау хабарламаларын жіберу (мәтін немесе интернет арқылы), әлеуметтік желілерде елемеушілік пікірлерді жариялау, кемсіту фотосуреттерін орналастыру, сондай-ақ электронды нысанда біреуді қорқыту жатады.
Кибербуллинг депрессия, үрей, өзін-өзі төмен бағалау, эмоционалдық бұзылулар, психобелсенді заттарды қолдану және суицидтік мінез-құлық сияқты психикалық денсаулық пен күрделі проблемаларды дамытуға ықпал ете отырып, жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсер етеді. Бүгінде 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12%-ы кем дегенде бір рет немесе одан да көп кибербуллингке ұшырағаны белгілі болды.
Кем дегенде бір рет басқа адамдарды кибербуллинг құрбаны етуге жасөспірімдердің 11%-ы қатысқан. Айта кетерлігі, мұндай мінез-құлық ұлдар арасында кең таралған.
Ғалымдардың пікірінше, буллингті мектеп деңгейінде төмендету шаралары буллингтің алдын алу бойынша бағдарламаларды енгізуді, ата-аналарды тартуды, тәртіптік әдістерді қолдануды, мектептегі әлеуметтік ахуалды жақсартуды, балаларды қадағалауды қамтиды.
Ұлттық деңгейде кешенді стратегиялар мен алдын алу бағдарламалары, жоғары ақпараттандыру, сондай-ақ буллинг пен кибербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды.
ДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының пікірінше, зорлық-зомбылықтың алдын алу және денсаулық сақтау қызметтерінің өзара іс-қимылын жақсарту және зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы заңдарды бағалау буллинг пен кибербуллингке қарсы күрестің негізгі құрамдас бөлігі саналады.
Ағылшын тілінен аударғанда “bullying” "кемсіту", “келемеждеу”, “қорлау” деген мағынаны білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, буллинг дегеніміз – адамның өзгеге күш көрсетуі, қорлауы.
Достарыңызбен бөлісу: |