Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы -денсаулық сақтау жүйесінің іс – тәжірибелік саласы ретінде өсіп келе жатқан ұрпақтардың денсаулығын сақтап, нығайтуға бағытталған профилактикалық шараларды өңдеп, негіздеуге арналған ғылым.
Ғылыми мәліметтер негізінде гигиеналық, санитарлық-гигиеналық және санитарлық індетке қарсы ережелер мен нормаларды өңдеп, аурушаң-дықты азайтуға, организмнің қызмет қабілетін жоғарлатуға, балалар мен жасөспірімдердің қалыпты дамуына бағытталған емдеу-профилактикалық және салауаттандыру шараларын қарастырады.
Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің құрамына ене отырып, гигиена ғылымының жеке бөлімі болып табылады. Балалар организмінің морфофункционалдық жетілу дәрежесіне байланысты, олардың өсіп, дамуының әр кезеңіне қоршаған орта факторларының әсеріне жауап ретіндегі физиологиялық реакцияларының өзіндік ерекше деңгейі сәйкес келеді, сондықтан, гигиеналық нормалар олардың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады.
Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы өз алдына жеке ғылым ретінде денсаулықты сақтап, нығайтуға, сонымен қатар организмнің үйлесімді дамуын қалыптастыруға бағытталғандықтан, бұл саладағы гигиеналық нормалар организм мен қоршаған ортаның тек сол мезеттегі қолайлы әсерлесуін ғана емес, организмнің дұрыс өсіп, дамуына қажетті жағдайларын да қарастыруы тиіс.