4. Дәріс мазмұны: Қазақ тіліндегі сөз табының бірі- есімдік. Есімдік үнемі заттың атын, сынын, санын айтудың орнына қолданылады.Яғни, есімдердің орнына қолданылады. Есімдіктер белгілі бір ойды не түсінікті жалпылама түрде мегзеу арқылы білдіреді. Есімдіктердің мағынасы өзінен бұрын айтылған сөзге не сөйлемге қарай айқындалады. Мысалы: жіктеу есімдіктері мен, сен, ол сөйлеушінің белгілі болуына байланысты нақтыланады. Мен кітап оқыдым. Сен кино көрдің деп айтатын болсақ, есімдіктердің нақты кімге байланысты айтылғанын аңғара аламыз. Ал егер есікті біреу қағып рұқсат сұрайтын болса, бұл кім деп сұраймыз. Бейтаныс дауыс менмін деп жауап береді. Танымағасын менің кім деп сұрайсын. Демек, есімдіктердің өз алдына нақты мағынасынан ғөрі, сілтеу, нұсқау мағыналары басым болады. Есімдіктер нақты затты сипаттамай, анықтамай, сынын көрсетпей тек соларға нұсқау қызметін атқарады. Есімдіктер есімдермен тығыз байланысты болып, әдетте солардан кейін келіп отырады. Бірақ, олардың атқаратын қызметі әртүрлі болып келеді. Есімдіктердің бір тобы заттық ұғымды білдіретін сөздердің орнына жұмсалып, заттық атаулардың орынбасарлары болады да, екінші тобы заттың белгісін білдіретін сөздердің орнына қолданылып белгі атауларының орынбасарлары болып отырады. Бұлардың алғашқысын тіл ғылымында субстантивтік есімдіктер, соңғысын атрибуттық есімдіктер деп атайды. Қазақ тілінде басқа сөз таптары есімдіктер қатарына ауыса алмайды. Тек, бір, біреу сияқты сан есімдер туралы айтып өту керек. Олар белгісіздік есімдігі болып та келіп отырады. Субстантивтік есімдіктер кез- келген жерде көптеле де, септеле де, тәуелдене де, жіктеле де береді. Ал атриутвтік есімдіктер дәл өз мағынасында қолданылып тұрғанда сөз түрлендіретін формалардың ешқайсын да қабылдамайды. Сөз өзгеретін формалар атрибутивтік есімдерге тек субстантивтенген жағдайда ғана қосыла алады. Есімдіктердің бәріне бірдей тең ортақ заңдылық- олардың бәріне тән бір формалар мен өзгеру амалдары жоқ. Осы белгісі арқылы есімдіктер басқа сөз табынан оқшауланады. Есімдіктер шығу төркіні жағынан екі топқа бөлінеді: бірі көне заманнан келе жатқан байырңы түбір есімдіктер, екіншісі тіліміздің даму, жетілу процесінде туып, қалыптасқан есімдіктер. Есімдіктердің алғашқы тобына жататын есімдіктер түбір сөздер сипатында болады. Мысалы: мен, сен, ол, сіз, біз, қай, кім, не, бұл, осы. Есімдіктердің екінші тобы үш топқа бөлінетін есімдіктерден тұрады: а) алғашқы мағыналары өзгере келе есімдіктер дәрежесіне ауысқан сөздер: бір, бар, біреу, бүкіл, түгел т.б. б) морфологиялық тәсіл арқылы / -у элементі/ жасалған есімдіктер: мына-у, сона-у және әр түрлі формалар арқылы қалыптасқан есімдіктер: барлық, барша, қанша, ешқандай, әлдеқашан, әлдекім т.б. Синтаксистік қызметі жағынан берік қалыптасқан заңдылық жоқ.Олар сөйлемде, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, бастауыш болады.
Қазақ тілінде есімдіктер саны көп емес. Олардың саны 70-тен аспайды. Бірақ олардың атқарар қызметі орасан зор және жан- жақты.
Мағыналарына қарай олар 7 топқа бөлінеді:
1. Жіктеу есімдіктері
2. Сілтеу есімдіктері
3. Сұрау есімдіктері
4. Жалпылау есімдіктері
5. Өздік есімдіктері
6. Белгісіздік есімдіктері
7. Болымсыздық есімдіктері.
Достарыңызбен бөлісу: |