1. Биліктің киелілігі. Биліктің, билік құрушы субъектінің қасиетті, киелі екендігі мен оларды мифологияландыру. Билік құрушыларға харизматикалық қасиеттерді таңу.
2. Биліктің халықтық сипаты: (билеуші бізге туыс, ол – біздің арамыздан шыққан, ол біздің қажетіліктеріміз бен мұңымызды жақсы біледі). Легитимация – биліктің тұрақты, үздіксіз іс-әрекеті, оның өзіне деген қамқорлығы.
Оппозициялық күштер билікті, оның шешімдері мен акцияларын заңсыз деп тану жолында әрекет етеді. Оппозиция билік қабылдаған заңдардың легитимділігін, билік өкілеттігінің кеңеюіне қол жеткізетін биліктік құрылымдардағы өзгерістерді, олардың Конституцияға сәйкестігін, олардың қажеттілігі мен дер уақыттық шара екендігін жоққа шығарады, билік пен оны қолдаушылар ұсынған аргументтердің дұрыстығын сынға алады. Легитимация да, делегитимация да – билік пен оппозиция арасындағы бәсекелестікте пайдаланылатын күрестің әлеуметтік формасы. Бірақ мұндай күрестің қандайы болмасын Конституция шеңберінде жүзеге асуы керек.
Билікке келгеннен кейін билік құрушы субъект өз әрекетін легитимдендіру үшін әртүрлі формалар мен тәсілдерді іздестіреді. Ол референдумдар өткізіп, өзінің іс-әрекетінде олардың шешіміне сүйенеді, Конституцияға өзгерістер енгізеді, өз өкілеттігінің кеңеюіне қол жеткізуге тырысады, билік құрылымдарын жетілдіреді, заңдар шығарады, өзінің әлеуметтік базасын кеңейту және оппозицияны оқшауландыру, оның әлеуметтік ықпалын әлсірету мақсатында әрқилы әлеуметтік шаралар өткізеді.
Оппозиция биліктің әрекетін мұқият бақылап, олардың легитимділігін жоққа шығарады, конституциялық нормалардың, қабылданған заңдардың қатаң сақталуын талап етеді. Мұның барлығы қоғамның демократиялық саяси мәдениетінің дамуына септігін тигізеді, нарықтық қатынастар жүйесіне сай келетін қоғамның саяси құрылымын қалыптастырады.
Легитимділік туралы мәселенің сыртқы аспектілері де бар. Билік біріктірген ассоциативтік қауымдастық субъект-субъектілік қатынастардың мейлінше кең жүйесінде субъект ретінде көрінуі мүмкін. Оның бұл «сыртқы саяси іс-әрекеті» осы кең жүйеде қабылданған нормаларға сай келуі, басқа субъектілердің мүдделеріне, құқықтарына нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа ассоциативтік қауымдастықтардың мүдделерін бұзатын билік құрушы субъект, оның әрекеттері, акциялары заңды деп танылмауы да мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |