Оқу пәнінің өзге ғылым салаларымен байланысы Әдістеме ғылымы педагогика ғылымымен тығыз байланысты. Педагогика ғылымы: дидактика және тәрбие теориясынан құралатыны белгілі. Ал оқу мен тәрбие – егіз. Дидактика мен әдістеме ғылымының қарастыратын нысандары бір. Ол – оқыту үрдісі. Айырмашылығы: дидактика білім беру, оқыту үрдісін жалпылама қарастырса, әдістеме жеке пәндерді оқыту заңдылықтарын қарастырады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі – оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Әдістеме ғылымы дидактиканың ұстанымдарына, оқытудың әдіс-тәсілдеріне, тексеру формаларына, білімді бағалау нормаларына сүйенеді. Мысалы, оқушыларға ұсынылатын тілдік материалдар ғылым негіздеріне (ғылыми ұстаным) сүйене отырып, жүйелі және бірізді (жүйелілік ұстанымы), материалдың қай бөлігі қай сыныпта өтілуі алдын-ала болжанып (алдын ала болжау ұстанымы), саналы түрде (саналылылық ұстанымы), берік, тиянақты (берік, тиянақты болу ұстанымы), өмірмен байланыстыра (теорияны өмірмен байланыстыру ұстанымы) беріледі. Осыған орай әдістеме ғылымы педагогиканың бір саласы ретінде қарастырылады.
Қазақ тілін меңгертудің заңдылықтары мен әдістемелік ұстанымдары
Ана тілін ұғыну заңдылықтарытіл табиғатының өзінен және оны ұғыну психологиясынан келіп шығады.
Бөбек тілді өзі өмір сүре бастаған ортадан үйренеді, ал олардың мектепте оқуына байланысты сол табиғи үдеріс онан әрі жалғаса түседі. Сондықтан мектептегі тіл үйрету жұмыстары да үйдегі басталған табиғи үдерістің заңдылықтарына негізделіп жүргізіледі. Ең алдымен тілдің өз табиғатынан басты-басты мынадай заңдылықтар шығады
Бірінші заңдылық Бірінші заңдылық. Тілді ұғыну барысында адам фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарды меңгереді.
Балалар ана тілінің фонологиядық мағынасын, әдеби тілдің орфоэпиялық мөлшерін мектепке дейін-ақ меңгере бастайды. Оқушылар сөздің лексикалық мағынасын да мектепке дейін меңгереді. Олар мектепке оқуға түскеннен кейін мұғалім балалардың лексикалық қорын кеңейту, қолданылатын сөздердің мағынасын анықтай түсу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.
Ана тілінің грамматикалық мағынасымен де балалар мектепке дейін танысады. Мектептің міндеті оқушыларға ана тілінің сан алуан грамматикалық қатынастары мен көріністерін үйретіп, тіл байлықтарын арттыра түсу.
Сөйтіп, тілді ұғынуда ана тілінің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық фактілерін жақсы айырып, оны балалардың тіл байлығын арттыруға пайдалана білу қажеттігі туады.
Мұғалім бұл міндетті әдістемелік құралдарды дұрыс іріктей алғанда ғана ойдағыдай іске асыра алады. Әдістемелік принцип төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:
Оқушыларда орфоэпиялық дағды қалыптастыру; грамматиканы оқыту барысында логикаға үйрету; қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен байланыстырып, балалардың лексикалық қорын байыту және оларды жүйелі сөйлеуге үйрету.Осы ережеге сай, бастауыш мектептер үшін бағдарламалар жасалады, дидактикалық материалдар іріктеледі және оқыту әдістері белгіленеді.