Қалыптасу ретіндегі болмыс туралы ойдың өзі қалыптасу үстінде болуға тиіс. Мұндай ой дәстүрлі логикалық және грамматикалық нормалар мен қағидалар мойындамайтын айрықша тіл арқьылы ғана бейнелене алады. Сондықтан философ-постмодернистердің мәтіндері "классикалық" философия рухында тәрбиеленген оқырманға үйреншікті емес. Философиялық мәтіндерді әдеби, поэтикалық, діни, т.б. текстерден бөліп тұратын шекаралардың шайылып, жуылғанын Ф.Ницше, С.Кьеркегор, Ф.Кафка, Ж.Деррида, Ж.Батай, т.б. еңбектерінен көруге болады. Өзінің ережелерін ойлауға мойындататын логика мен грамматика ойды бұрмалайды деп санайды постмодернистер. Ал логика мен грамматиканың үстемдігі жоқ, қалыптасу үстіндегі ой -анархияның, ойын мен кездейсоқтықтың, айқынсыздық пен белгісіздіктің стихиясындағы қозғалысымен сипатталады. Осылайша, философия - әдебиет түріне айналып, философиялық әдістің мәні – лингвистикалық тәртіптің жаңа үлгісін жасауға ойысты (Р.Рорти).