шежірелік дәстүрді
құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз заманында Ш. Уәлиханов, қазақта
«бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай
қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп атап өткен еді
[54, 157 б.]
.
Расында да дәстүрлі қазақ мәдениетінде, оның ауызекі төл
әдебиетінде үлкен тарихи деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи
шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келеді.
«Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан
тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын
анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және
мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін
келелі мәселе» деп атап өтеді, қазақ шежірелерін тарихи дерек ретінде
арнайы ғылыми түрде қарастырған тарихшы-ғалым М.А. Алпысбес.
Зерттеу барысында біз бұл ғалымның ой-пікірлеріне де сүйендік.
Көшпенділерде, әсіресе қазақ халқында шежіре дәстүрінің ұғымдық
ауқымы деректемелік сипаттағы тар түсініктен анағұрлым кең екендігін
атап өту керек. Көшпелі мал шаруашылығының үстемдігі ықпалымен
қазақы дәстүрде жазба мәдениеттен гөрі ауызекі мәдениеттің басым
болғаны рас. Сондықтан қазақ тарихнамасы, көршілес отырықшы
елдермен салыстырғанда, ауызша дәстүрде, аңыз-шежірелерде жүзеге
асырылды. «Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың
тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше артық
63
жаратылғандықтан немесе артта қалған жабайылықтан емес. Қазақ
халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең алдымен,
оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтта болуымен
сабақтастырған жөн. Ал салт атты көшпелілер өркениетінің Еуразия
ойкуменінде үш мың жылдық тарихы бар» [55, 31 б.]. Қазақ әдебиеті
мен мәдениетінің көрнекті өкілі, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек
қазақтың шежірешілдігін көшпелі өмір салтымен қатар жеті аталық
үрдіс пен рулық қандас-туыстық қатынастармен байланыстырады.
Өткен тарихтың көпшілік ортасында ауызша баяндалуы, сөйтіп этнос
тарихының ұжымдық жадыға айналуы, ең алдымен, шежіре деректерінің
объективтілігі мен шыншылдығын қамтамасыз етіп отырған. Бұл
үрдістің ұлттық таным-түсінік пен моральдық-этикалық нормаға
енгендігі сонша, қазақ ұғымында әруақтар (өлгендер) туралы ғайбат
сөйлеп, жаңсақ айту да күнәнің ең ауыры саналған.
Мұндай қарым-қатынас, А. Сейдімбектің айтуынша, «әрбір қазақтың
тарихи танымын ұдайы кеңейтіп отыруына, шежірелік зердесін ұдайы
шыңдап отыруына себепші болған. Мұның өзі далалық ауызша
тарихнаманың, біріншіден – ұзақ есте сақталуына, екіншіден - өзара
салғастыру мүмкіндігінің молдығына байланысты көп өзгеріске
ұшырамауына, үшіншіден – субъективизмге ұрынбауына, өтіріктің
айтылмауына себепші болып отырған» [55, 41 б.].
Тарихи сананың сергек қалыпта сақталынуының ерекшелігін Шоқан
Уәлиханов та атап өтеді: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-
сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен
ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы әсіресе өлең-жырлар еш
өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі
сауатсыз ортадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай
ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге
болмайтын шындық» [56, 390]. Бұл ойды қазақтың белгілі әулие
ғұламасы Мәшhүр-Жүсіп Көпеев былай деп жалғастырады: «Естігенін
ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ
жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені,
көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуымен
үлгі-өсиет қалдырған» [57, 9 б.]. Немесе, «кез келген қазақ жеті атасын
айтып берсе, ешқандай паспорттық дерек мағлұматтарға сүйенбей-ақ
оның қай ел, қай жерден шыққанын шежіре білген саңылауы бар қазақ
баласы дөп басып тауып бере береді» [58, 5 б.].
Қазақ халқының шежірешілдік қасиетінің кейбір қырына XIX
ғасырдың көрнекті тарихшысы Құрбанғали Халид те назар аударады:
«...Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда жекеленген жазба
тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әртүрлі пікір айтып,
біреулер жаман ниет-арам оймен, енді біреулері тек мұқатуды мақсат
еткен. Кезіндегі бағзылар тарихты анығырақ түсініктеме беруге
64
білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел
тарихы баяндалмады... [Бұлардың] көнеден келе жатқан жазылған
тарихы болмағанымен, ата-бабаларымен, түрлі ұрпақтарының ақпарлары
ауыздан-ауызға аңыз болып ұласып келе жатқанын ешкім жоққа
шығармайды. Дегенмен, уақыт оза келе бұл шежірелер өз негізінен
артық-кемі болып, ілгері-кейінді айтылып, шатастырарлықтай жағдай
болса да, өзге тарихи мәліметтермен салыстыра отырып, реттестіру
нәтижесінде белгілі бір шындыққа жақын, тоқтамды пікір айтуға
болады. Бұл хабарлар негізсіз дәлелденбесе де себепсіз жалғанға
шығарылмайды. Негізінде, шындығы басым тарихи оқиғалары анық.
Себебі бұл тайпалар өздерінің тарихты тереңдетіп оқымағанының
салдарынан нақтылы анық айтып, білімге таласатындары болмағанымен,
бабаларының сөздерін зейінімен тыңдап ұғып, олардан естіген
шежірелерін еске алып әр мәжілісте, әр-жиын отырыстарда үнемі
қайталап, шын ниетімен ойларында ұстап, ұрпақтан ұрпаққа
жалғастырып, нассабшыларына шежіреші деп ат қойған» [59, 50-51бб.].
Бұл автор қазақ халқының тарихи жадының сергек сақталуының түп-
төркіндеріне тоқтала келе, замана өзгерісімен осы қасиеттің жоғалып
бара жатқанына қынжылыс білдіреді: «Бұл елдің мұндай істері тек осы
ғасырымызда ғана емес, көнеден келе жатқан дәстүрлі әдеттері. Содан
әр тіршілік істеріне шежіре қағидаларын пайдаланып, мақал-мәтелдерін
қолданғанда да бабаларына ұқсауға тырысар еді. Бұл ел мақалдарды
өздерінше үлкен тірек, медет етеді. Шынында сол сүйенген тірегі
негізсіз, мағынасыз емес. Қайта түп төркіні бір кітапқа байланысты,
шығу тегі бір заңдылыққа бағынғаны сияқты, көне кезде бұлар бір әділ
патшаның иелігінде ме, жоқ бір кәміл данышпанның тәлімін алды ма
деген ойға келесің. Бұлар біріншіден, үлкендерінің аузына қарап,
естігендеріне сүйеніп оқымай қалған да болар. Екіншіден, сөзқуарлық,
шешендіктің негізгі мақсаты өз ойын көркем тілмен жеткізе білуді
толық меңгеріп алған соң, жазу, оқу бұған қажет болмас. Себебі, оқуға
сенген – ұмытшақ, жазуға сенген – жаңылшақ деген қағиданы ұран
орнына көтергендігінен болса керек. Бірақ осы соңғы жылдары бұлар да
оқып, жазып тарихтардан хабардар болу нәтижесінде ауызша сөзге аса
құлақ қоймай барады. Бұдан 25-30 жылдар бұрын ұзақ сарынды жылдар
айтатын, әңгіме сөзімізді білетін адамдар азайып барады. Қадым сөздің
қадірін білетін қарттар таусылып, жастар әр кім өз кәсібі-тіршілігімен
айналысып, өткен ақпарлардан не пайда, келді-кетті, заман әркімнің
өзінікі емес пе деп өздерін уатар заман туды. Осынша халықтың тарихы
ұмытыла ма, іздеп, керек еткен адам бір жерден тауып алады деп
түсіндірген. Міне осындай ойлардың кесірінен өскен-өнген, мәдениет
дамыған қаншама халық тарих қойнына сіңіп мәңгіге жоғалып барады.
Ұрпақтары тарих ғылымынан несібесіз қалуға айналды. Бабаларын
жазғырып, шежіренің пайдасын білмей, шежірешінің қадірін ұмытып,
65
пайғамбардың «нәсібіңізді таныңыз», яғни туысыңызды анықтап біліңіз
дегенінің мәнін ұқпай отыр бұл халық. Жазудан басқаға нанбайтын
жастардың есінде болсын» [59, 52 б.].
Еліміз бен жерімізде болып өткен тарихи үдерістерді қайта қалпына
келтіруде жазба деректермен қатар, ата-бабаларымыздың қолданған
тарихи білімін де, ауызекі тарихи дәстүр мен шежірені де пайдалану
мәселесі бүгінгі күннің ғылымындағы өзекті мәселе. Халқымыздың
ауызша мәдениеті, тарихи санасы мен қазақ тарихнамасындағы
шежірелік дәстүр мәселелері өзінің кешенді түрде зерттелуін күтіп
жатқан тың тақырыптардың бірі.
Өзінің бастауын ежелгі заманның аңыз-әпсаналарынан, әйгілі
«Моңғолдың құпия шежіресінен», Рашид-ад-Дин, ибн-Халдун, Бабыр,
Мұхаммед Хайдар Дулат, Ұлықбек, Әбілғазы, Қадырғали Қосымұлы,
Өтеміс-қажы шежірелерінен алып, Ш. Уәлихановтың, И. Халфиннің,
Абай мен Шәкәрімнің, Қ. Халид пен М.Ж. Көпейұлының, Н.
Наушабайұлы мен М. Тынышбайұлының еңбектерінде жалғасын тапқан
бұл шежірелік дәстүр кеңестік дәуірде «ескіліктің зиянды қалдығы»
ретінде тоқтап қалды. Бірақ бұл кезеңнің өзінде Ә. Марғұлан, С.
Аманжолов, М. Ақынжанов, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов сынды
зерттеушілердің осы тақырыпқа қалам тартқанын атап өту керек.
Шежіреге қатысты мәліметтердің ғылыми айналымға енуінің өзіндік
кезеңдерін бөліп көрсетуге болады, енді осыған және оның
типологиясына кеңірек тоқталсақ.
Шежірелік дәстүрге байланысты тарихнама желісі үш кезеңнен
құралады: ХVІIІ ғасырдағы авторлардың еңбектері; ХІХ ғасыр мен ХХ
ғасырдың алғашқы ширегіндегі зерттеулер және үшінші кезең - кеңестік
және посткеңестік тарихнамалық ізденіс тәжірибелері. Сондай-ақ
шежірелер туралы жазылған еңбектерді ішкі мазмұны мен жазу стиліне
орай да жіктеп айтуға болады. Негізгі мән-мағынасы тұрғысынан олар
ғылыми-танымдық (зерттеушілік), әдеби-фолькорлық (көркемдік,
даналық сипаты); өлкетану-публицистикалық (пікір айту, көпшілікке
таныту) сияқты үш түрлі жағымен үш бағытта дамыды. Кәсіби
тарихшылардың қатарын шежірелік деректі қолдануына орай
шығыстану, археология, этнография, тарихнама мен деректану,
тарихтың ішкі салаларына бөліп қарастырған дұрыс [60].
XVIII–ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы
мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды
болды. Бұл дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру
мақсатымен даярланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелеріне
айналған ғалымдар өз ынталылығын танытты, жан-жақты ізденіп,
ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды. Нәтижесінде қазақ,
башқұрт, қырғыздардың этнографиясына байланысты жиналған ғылыми
мұра молынан жинақталды. Аты әйгілі А. Левшин, В. Вельяминов-
66
Зернов, Н. Аристов, А. Харузин, В. Радлов, Н. Остроумов, А. Нестеров
және т.б. белгілі ғалымдар [61] өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін
қазақтың этноқұрамын құрастыруға қолданған.
«Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті
орындардан жинатып отырған, – деп жазды Ә. Марғұлан [62, 231-232
бб.]. Ресейдің қазақ даласын біртіндеп жаулап алуы, жергілікті
халықтың әдет-ғұрпын зерттеу патшалық Ресей үшін мынадай
мүдделерге жауап берді: орыстардың сауда айналымының күшеюі;
басып алған жерлердің табиғи ресурстарын пайдалану; жаулап алған
территорияны Еуропа мен Азия арасындағы транзит ретінде пайдалану;
орыстардың мануфактуралық өнімдерін өткізу рыногын дамыту;
коммуникациялық байланыстарды дамыту; переселендер үшін жер беру;
түптеп келгенде отаршылдық саясатын жүргізу.
Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Диваев, Н. Гродеков, И. Шангин [63]
сияқты шежіре жинаған ғалымдардың топтамалары архивте сақталған.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында еңбек еткен Ә. Диваев (1856–1933) қазақ
халқының фольклор үлгілерін мол жинап, шежіре мәліметін халықтың
этникалық тарихын зерделеуге көп қолданған. Тарихи фольклор
деректеріне авторлар тең көзқараста болмағанымен, тереңойлы
ғалымдар бұл мәліметтерді айналып өте алмады. Шежірелерді зерттеуде
әдіснамалық жетекшілікке алып, пікірлеріне сүйенетіндей біршама
ғылыми мақалалар мен салмақты монографиялар кейінірек жарық көрді.
Бұлардың қатарына ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақтың
ағартушы-ғалымдары Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсын [64-66]
жазған еңбектерін жатқызсақ, кеңестік кезеңде Ә. Х. Марғұлан, Х.
Арғынбаев, М.С. Мұқанов, В. Востров сияқты кәсіби тарихшылар [67-
68] шежіре деректерін этнография, этникалық тарих тұрғысынан зерттеп
жазған.
ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала
жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді
өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық,
сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бүл мұралар Г.
Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер
шежіресіне қатысты жинақтаған генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні
де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған. Қазақ
өткенін баяндайтын деректерді жариялаған М. Тынышпаев, өз еңбегінде
қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек кестелері мен халық саны
туралы мәліметтер келтірген. Оның ізденістеріне А. Харузин, Н.
Аристов, В. Бартольдтің еңбектері қатты әсер еткен. Орыстың
шығыстанушы ғалымдарымен жақын таныса отырып, М. Тынышпаев
бұл еңбекте олардың зерттеу әдістерінен көп тәлім алған.
Қазақстандағы тарихи деректану ориенталистикамен тығыз
байланыста дамудың өзіндік ішкі объективтік себептері бар екені
67
белгілі. Бұрынғы ресейлік ғалымдардың ішінде шығыстық тарихи
шығармалардың
мәндік
мәселелерімен
ерекше
ден
қойып
айналысқандар қатарында И. Березин, Г. Грумм-Гржимайло, Н.
Веселовский, А. Самойлович, Н. Катанов, Г. Вамбери сияқты
зерттеушілер болды. Деректануда ізденуде мұны ескермей өтуге
болмайды. Ресейлік шығыстанушылардың ішінде Орталық Азияның
тарихнамалық дәстүрін терең зерттеген ғалымдар көп. Орта Азиядағы
ортағасырлық шығармалардың мәліметтерін қытай деректемелерімен
алғашқы салыстырулар жасап зерттеген Н. Бичурин болды. Оның ізімен
еңбек еткен синолог ғалымдар Н. Кюнер, В. Таскин сияқты ғалымдар
өнімді еңбек етті. Әбілғазы баһадүр ханның «Шаджара-йи түркі»
еңбегіне ерекше зерттеп, үлкен баға бергендердің бірі А. Кононов
болды. Араб деректеріндегі түркілер туралы деректер туралы
зерттегендердің бірі А. Зайончковский, ал шығыс деректері негізінде
Моғолстанның қазақ пен өзбек қарым-қатынастары туралы зерттеулерді
жүргізген ғалымдардың бірі О. Акимушкин еді [66-75].
Тарихи мазмұн тұрғысынан шежірелердің деректеріне аса зор көңіл
бөлген Ә. Марғұлан (Мұхаммед-Хайдар – қазақтың тұңғыш тарихшысы
// Әдебиет және искусство. – 1941. – № 4) мен Е. Бекмаханов (Казахстан
в 20-40 годы XIX века. – А., 1947), М. Вяткиндердің (Батыр Срым. – А.,
1998) есімдері алдыңғы қатарда тұр. Ерте және ортағасыр дәуірі
тарихына қатысты қазақтың шежіресін қолдану нәтижелігін дәлелдеген
ғалымдар осылар. Е. Бекмаханов өз зерттеулерінде қазақтың қария сөзін
қолдану қажеттілігін дәлелдеп, қазақы тарихи деректерді қолданса, М.
Вяткин тарихи-шежірелік деректерді Сырым батыр қозғалысын
қарастыруға пайдаланды.
Қазақстандағы шығыстанушылық зерттеулер ХІХ ғасырдағы Ш.
Уәлиханов еңбектерінен бастау алып, ХХ ғасырда жақсы дамыды.
Ғылым үшін үлкен жетістіктің бірі С. Ибрагимов, Н. Мингулов, К.
Пищулина, В. Юдин тәрізді бір топ қазақстандық ғалымдардың үлкен
еңбегімен байланысты [76]. Олар дайындаған қазақ хандығы дәуіріне
қатысты дерек үзінділерінің жинағы орыс тіліне аударылған 1
7
құнды
тарихи-деректік құжатты қамтыды. Жалпы, шежірелердің тарих,
деректану және тарихнама пәндеріне орай зерттеудегі орны туралы
тиянақты айтып кеткен М. Әбусейітова [77], Н. Әлімбай, Н. Базылхан
[78], Т. Бейсембиев [79], Ю. Зуев [80], З. Қинаятұлы [81], М. Қойгелдиев
[82], Т. Омарбеков[83], Т. Султанов [84] және т.б. зерттеушілер болды.
Парсы және түркі тілінде жазылған тарихи туындыларына шолу,
олардың деректік маңыздылы, мәліметтердің кеңінен қолданылуы В.
Юдин, Т. Бейсембиев, М. Әбусейітова еңбектерінде берілген. Шежірелік
дәстүрді жалғастырушы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихшылары терең
мұсылмандық білімі бар, ислам қағидаларына жетік болған. Сондықтан
шежірелік деректер негізінен мұсылмандық әдеп, исламдық мәдениет
68
құндылықтары мен дала әдеті тұрғысынан жазылған. Мұның өзі
шежірелік танымды ұғынуда бір жағынан теологиялық зерттеулерге
сүйенуді қажет етеді. Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін, тарихи
деректерін осы сипатта зерттеу тәжірибесі А.Қ. Муминовтың
зерттеулерінде орын алады [78].
Қазақ халқының этногенез мәселесін қарастырған М. Ақынжанов
(Қазақтың тегі туралы. – Алматы, 1957) еңбектерінде ерте және
ортағасырлық тарихтағы ескі рулардың, халықтардың, қазақтың шығу
тегіне қатысы туралы айтылады. Қытай, манчжур және моңғол
деректерін зерттеп, аударып жеткізіп отырған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан,
С. Сұңғатай, Н. Базылхан, З. Хинаят, Қ. Мұхамадиұлы, А. Тойшанұлы,
Д. Қатран, Б. Хинаят және т.б. ғалымдар дайындаған материалдар
қазақтың шежірелік деректерін зерттеуге берері мол. Шежірелік
басылымдарға орай аударма мен мәтіндік транскрипциядағы
кемшіліктер туралы біраз зерттеу мақалаларында айтылған. Кейде
шежіре деректері, тарихи фольклор мәліметтері деректік сараптамасыз
айналымға енгізілетіні байқалады. Бірқатар еңбектер шежіре
мәліметтерін этнография пәні тұрғысынан этникалық территория,
халықтың шығу тегі, этноәлеуметтік, рулық құрылымы мәселелерін
қарастыруда қолданылған. Бұл ізденістер Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, В.
Востров, Н. Әлімбай, Ж. Артықбаев, М. Жакин және т.б. ғалымдардың
еңбектерінде жасалған.
Түркітекті басқа халықтардың шежірелерінен дерек ретінде зертеу
тәжірибесін қолдануға лайық қырғыз, татар және башқұрт, қарақалпақ,
өзбек шежірелеріне қатысты басылымдар бар.
Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуімен ұлттық тарихты
жаңғырту мен ата-текті түгендеу үрдісіне орай, шежірешілдік құбылысы
орын алды. Ауызша тарихты ғылыми дәлдікпен, азаматтық тарихпен
байланыстыру ұмтылыстарымен қатар, өзінің тегін ұлықтауды мақсат
тұтып, рушылдықтың, жүзшілдіктің жетегінде кеткендер де болды.
Дегенмен, тарихи сананы жандандырудағы шежіре-тарихтың маңызын
түсініп, оны терең зерттеумен айналысқан ғалымдар мен ғылыми
орталықтардың еңбегін бағалай білген жөн. Мысалы, Тарих және
этнология институты, Шығыстану институты, Номадизм институты
сияқты мемлекеттік мекемелерді айтпағанның өзінде, белгілі кәсіпкер Х.
Ғабжалиловтың демеушілігімен ашылып, танымал тарихшы Талас
Омарбековтың жетекшілігімен қызмет етіп отырған мемлекеттік емес
«Алаш» тарихи зерттеулер орталығының қазақтың бүкіл ру-тайпалық
құрамын саяси тарихпен байланыста таратып, тыңғылықты зерттеулер
жүргізіп келе жатқанын лайықты бағалау керек. Сондай-ақ, шежіренің
келелі мәселелерін көтерген Әбдуәли Хайдар [79] мен Ақселеу
Сейдімбектің де [80] көлемді де, салмақты еңбектерін атап өткен жөн.
69
Қазақстандық ғалымдар өз зерттеулерінде шығыстық жазба
ескерткіштердің үзінділерін мейлінше көбірек пайдаланып, оларды
ғылыми айналымға енгізе отырып, отандық деректану ғылымының
қалыптасуына елеулі үлестерін қосты. Тарих философиясымен және
тарихи зерттеулердің методологиясымен, деректанумен айналысатын
еліміздегі тарихшы-медиевистердің бір тобы белгілі шығыстанушы-
ғалым В.П. Юдиннің төңірегіне шоғырланды. Олар ортағасырлық
шығыстық жазба деректерді салыстырмалы-мәтіндік талдау, оларды
идеялық-саяси және текстологиялық ерекешеліктері бойынша жіктеу
сияқты деректанулық мәселелерге үлкен көңіл қойды.
Ортағасырлық қазақ тарихына қатысты «даланың ауызша
тарихнамасы» мәселесін өзінің еңбектерінде шығыстанушы-ғалым В.П.
Юдин өткір қойып, қолданбалы және теориялық деректанудағы кейбір
мәселелерді тарих ғылымында ресми қабылданған ұстанымдарға қайшы
келетініне қарамастан батыл көтерді. Ол шығыстық жазба дерек
көздерімен ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесінде XIV ғасырдағы
қазақ даласының тарихындағы кейбір ақтаңдақтардың (тимуридтік және
шайбанидтік жазба деректерде осы дәуірде Шығыс Дешті Қыпшақта
тайпа
билерінің,
кейіннен
Жошының
13-баласы
Тұқай-темір
ұрпақтарының билікке келуі мүлдем айтылмайды) орнын толтыратын
осы жазба деректердегі өзгеше жіктемелік топты бөліп алып шықты.
Олардың қатарына тікелей Дешті Қыпшақ көшпенділерінің ауызша
тарихи біліміне негізделген шығармалар жатқызылады. В.П. Юдин
мұндай дерек көздеріне «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» (авторы
Мұхаммед Шайбани хан болуы мүмкін, XVI ғ., Мәуреннахр), Өтеміс
қажының «Шыңғыс-наме» (XVI ғ., Хиуа қаласы), Қадыр Әлі би
Жалаиридің «Жылнамалар жинағы» (XVII ғ., Касимов қаласы),
Әбілғазының «Түрік және моңғол шежіресі» (XVII ғ., Хиуа қаласы)
шығармаларын жатқызады.
Ал шындығына келгенде, аталмыш кезеңнің, яғни XIV-XV
ғасырлардың тек қазақ даласының ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің
тарихы үшін маңызы бар екені даусыз. Бұл дәуір – моңғолдардың
түріктеніп біткен кезеңі; Батыс және Шығыс Дешті Қыпшақты құрамына
енгізген орасан зор империя Алтын Орданың ыдырап құлаған кезі;
қазіргі түркі тілдес халықтардың – қазақтардың, өзбектердің,
татарлардың, башқұрттардың, ноғайлардың, қарақалпақтардың және т.б.
қалыптасу уақыты. Бұл уақытта Бату әулетінің ұрпақтары жойылып,
саяси-тарихи аренаға қазақ, аштархан, қазан, қырым хандары әулетінің
тегін құрайтын Тұқай-Темір ұрпақтары мен Сібір мен Орта Азияға
билігін жүргізген Шайбан ұрпақтары шығады. Бұл дәуірде қазақ және
өзге ұлттық мемелекеттік бірлестіктер өз алдына дербес құрылды.
Сондықтан да ортағасырлық Қазақстанның тарихын қалпына келтіру
үшін екі тарихнаманы да, яғни көршілес отырықшы елдердің жазба
70
деректерін де, өзінің өткен туралы тарих субъектілерінің өзінің жадын –
даланың ауызша тарихнамасын да қосып біріктіре пайдаланған абзал.
В.П. Юдин Өтеміс қажының «Шыңғыс-нәмесінің» материалдары
негізінде XIV ғасырдағы қазақ даласының саяси тарихын қалпына
келтіру
барысында
деректер
көзінің
осы
ерекше
тобының
маңыздылығына тоқталады: «Біз мәліметтерінің маңыздылығы бір де
кем емес, көп жағдайда ерекше, сондықтан да аса бағалы түбірлі жаңа
деректі көрсетуге тырыстық, бұл өз өткені туралы тарихтың өз
субъектінің жады – даланың ауызша тарихнамасы. Қазақстанның
тарихын екі тарихнаманың да – яғни отырықшы халықтар мәдениетінің
өнімі болып табылатын кәдімгі, жазба тарихнаманың да, далалық
ауызекі тарихнаманың да мәліметтерін тарту негізінде қалпына
келтіруге болады» [81, 64 б.]. Одан ары бұл автор даланың ауызша
тарихнамасына анықтама беріп, оның ерекшеліктерін сипаттайды:
«Даланың ауызша тарихнамасы – бұл Дешті Қыпшақтың, біз үшін, ең
алдымен, моңғол дәуірінен кейін көшпенділердің жалпы білімінен
ерекше салаға бөлініп шыққан Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенділерінің
тарихи білімі. Осы себепті де ол ол «ауызекі дәстүр» терминімен де,
«аңыз», «әпсана» сөздерімен де анықталмайды. Даланың ауызша
тарихнамасы мифологиямен де, фольклормен де, оның ішінде батырлар
жырымен де теңгеріле алмайды, өйткені фольклордың өзі даланың
ауызша тарихнамасынан нәр алады... Даланың ауызша тарихнамасы
шамалы түрі өзгергертілгенімен, дәл сол жалпы тарихнаманың
өлшемдермен сипатталады. Аталмыш тарихнаманың деректерін зерттеу
Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімін феномен ретінде, жүйе
ретінде, көшпелі мәдениеттің даму деңгейінің индикаторы ретінде
пайымдауға мүмкіндік береді. Даланың ауызша тарихнамасы – Еуразия
халықтарының ауызша тарихнамасының бір бөлігі. Ал ол өз кезегінде
әлем халықтары тарихнамасының бөлігі болып табылады. Ауызша
тарихнама – бұл қоғамдық құбылыс ретіндегі тарихнаманың
дамуындағы
әмбебап
кезеңдік-типологиялық
феномен
деп
тұжырымдауға болады» [81, 65 б.].
В.П. Юдин «даланың ауызша тарихнамасын» бейнелейтін
шығармаларды даланың ауызша тарихнамасының қайнар көздері деп
белгілеуге болады. Олар тарихи әңгімелердің жинақтарын – Дешті
Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімінің тарауларын білдіреді. Бұл
тарау-әңгімелердің арнаулы атауы болды: «қары сөз», «көне сөз». Бұл
деректердің кәдуілгі шығыстық феодалдық сарайлық және өзге
тарихнамалардан айырмашылығы осында...», деп атап өтеді [81, 65 б.].
В.П. Юдин ауызша тарихнаманы қоғамдық құбылыс ретіндегі жалпы
тарихнаманың дамуындағы әмбебап кезеңдік-типологиялық феномен
түрінде қарастыра отырып, оның жазба тарихнамамен ұқсастықтарымен
қатар қайталанбас ерекшеліктері бар екендігіне назар аударады. Демек,
71
ауызша тарихнаманы зерттеп үйрену өзінің пәні мен әдістемесі жағынан
жазба
тарихнаманы
зерттеуден
айрықшаланатынын
білдіреді.
Сондықтан да шығыстанушы-ғалым ауызша тарихнаманың мәліметтерін
жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау және тарихи зерттеулерде қолдану
принциптерін даярлау міндеттерін шешу жүктелетін деректанулық
профильдегі өзгеше тарихи көмекші пәнді ашуды ұсынады. Осылайша
мәдениеттің ұмыт қалған осы бір ерекше саласын тірілтіп, оны
қалыптастырушы көшпелі халықтардың ұрпақтарына қайтарып ұсынуға
болар еді. Бұл, әрине, тарихи сананы қалыптастыруды қажет етіп
отырған қазақ халқының тарихи жадын қайта түлетіп қана қоймай, оның
тарих философиясын қалыптастырудың методологиясын да шешуге
ықпалын тигізері сөзсіз.
В.П. Юдиннің көтерген «даланың ауызша тарихнамасы» (ДАТ)
мәселесі еліміздегі тарих пен қоғамдық ғылымдарда одан ары
дамытылды. Белгілі этнолог Ақселеу Сейдімбек бұл көшпенділердің
тарихи таным ерекшеліктерін қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қарай
бұрады: «В.П. Юдиннің «далалық» деп басталатын бұл ұғымын әрісі
жалпы түркі-моңғолдық, берісі дешті-қыпшақтық тарихқа қатысты,
яғни, тарихи дерек көздеріне қатысты қолдануында қисын бар деуге
болады. Ал, қазақтың шежірелік төл дәстүріндегі қария сөздерін
«далалық»
деп
жалпылаудан
да
гөрі,
«тарихнама»
немесе
«тарихзерттеу» деп әсіре ғылымиландырудан да гөрі «қазақтың ауызша
тарихы» (ҚАТ) деп атау мәндік және мағыналық тұрғыдан анағұрлым
ұрымтал деп есептейміз» [80, 26 б.].
Белгілі мәдениеттанушы Әуезхан Қодар қазақтың дәстүрлі
мәдениетіне өз ішінен қарап, оған «феноменологиялық редукция»
жасауға тырысады. Қазақ мәдениетіндегі номадалық өркениет пен
отырықшылық мәдениеттің біте қайнасқанын айта отырып, ол «басым
көпшілігінде вербальды және ұрпақтардың тірі тізбегі арқылы
тасымалданатын Дала тұрғындарының білімін отырықшы халықтардың
жазбаша және материалды мәдениет ескерткіштерінде бекітілген
гнозисінен ажырату үшін» Дала Білімі терминін енгізеді [82, 56-57 бб.].
Бұл далалық білімді бастапқыда ақын-жыраулар ұрпақтан ұрпаққа
ауызша таратса, кейін ағартушылар азды-көпті трансформациямен
жазбаша түрде жайылуына ықпал етті.
Тарихи білім мен таным, жады мен сана категорияларын қамтыған
шежірелік дәстүр ғасырлар бойы жалғасқан феномен. Көшпелілер
баяндаған тарихи әңгімелер отырықшы көрші елдердің тарихнамасына
өтіп отырған. Қазақ шежірелерінен ескі түрік пен ислам дәстүрлерінің
үйлесімін табуға болады. Енді осы шежіренің бітім-болмысын
қарастырып көрейік.
Шежіре феномені мен оның құбылыстық ерекшеліктері «шежіре»
сөзінің түпкі семантикасынан туындайды. «Шежіре» сөзі ең алғашқы
72
жазба дерек қатарында М. Қашқаридің сөздігінде ұшырасады
:
«мен бұл
кітапты хикмәт сөздер, сежілер, мақал-мәтелдер, өлең-жырлар, режез
және нәсір секілді әдеби сөздермен безендіріп, мақсұс әліппесі ретімен
түзіп шықтым» – деп жазады [83, 31 б.]. Мұдағы сежілер сөзі
салыстырар болсақ: сежіле – туркмен халқында; шежір – қазақ арасында;
шежере – башқұр тілінде; шаджара – татарларда; санжыра – қырғызда.
Түркі халықтарында «жады» деген сөздің мағынасы сежіле, седжре,
шежіремен сәйкес келсе, моңғол халықтары ортасында айтылатын
«цээжээр», тува тіліндегі «шээжилээр» сияқты сөздерімен мағынасы
бірдей.
Тарихи шежірелер көшпенділер ортасында ауызекі дәстүрдің басым
болуының әсерімен қалыптасты. Бұл жанрдағы шығармаларға
жинақылық (лаконизм), астарлы сөз, мегзеу тән болып келеді.
Мазмұнында мәні аралас құрылымдар мол кездеседі. Шежірелік
мәліметтердің айтушыдан айтушыға, ұрпақтан-ұрпаққа тасымалдануына
байланысты көбінесе оның белгілі бір авторы болмайды. Дегенмен,
қазақтың әрбір ру-тайпасының «жетпіс жеті атаға» дейін білетін білікті
шежірешілері болған. Олар қазақтың байырғы күнтізбесін, әдет-ғұрып,
салт-сана заңдарын жетік меңгерген. Кейін келе осы ауызекі тарихи-
шежірелер қауырсын қаламмен көшіріліп жазылып, рубасылар мен
билердің, хан-сұлтандардың қолында сақталатын болған. Қазақтың
хатталған шежірелік мұра бастаулары жазба әдебиеттің кең өркен
жаюымен, шежірелердің нақты авторларының пайда болуымен
байланысты.
Шежірелік дәстүрдің шығу тегі, генезисі мал шаруашылығы мен
көшпелі тұрмыс талабынан туындады. Оның атқарған қоғамды
ұйымдастыру қызметі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға өткен буынның
шаруашылық жүргізуі мен тұрмысы үшін аса маңызды тәжірибені
жеткізумен сипатталады. Генеалогиялық жағынан алғанда бұл дәстүр
бабалар тұлғасын еске алу арқылы халықтың өткеніне, ұрпақ (қауым мен
қоғам) тарихына көз салу, саралау, зерделеу әдетін сіңіреді. Ол өте
ежелгі дәуір тарихы туралы бұлыңғыр мағлұматтардың сақтаулуын да,
сол танымдық дәстүр бастауларының бағзы уақыттардан бергі
сабақтастығын да көрсетеді. Ертедегі шежірелер аңыз, фольклор
деректерін баяндаса, оның кейінгі нұсқалары тарихи айғақтарды көбірек
айтады. Шежірелердің қоғамдық сана тәрбиесінде айтарлықтай
атқаратын
қызметі
бар.
Әсіресе,
адамның
көркем
мінезін
қалыптастыруда да шежірешілер әртүрлі амал-тәсілдер қолданған.
Табиғаттан, діннен, аңыздан алынған мысалдарды келтіріп отырған.
Шежірелердің
мазмұны
осындай
сантүрлі
тақырыпқа
байланыстырылған логикалық құрылымдардан құралған.
Көне тарихи шежіре бастауларына, әдетте, екі түрлі ықпал
байқалады: дәстүрлі далалық дүниетаным түсініктері және исламдық
73
үлгідегі тарихи баяндау. Қазақтың арғы-тегі Адам ата мен Хауа анадан,
Нұқ пайғамбардың баласы Йапестен өрбітеді де, адамның жер бетіндегі
тарихын 5-10 мың жылмен шектеледі. Алайда аталған екі бастау
шежіреде біртұтас ұғымдық құрылымға айналып кетеді. Мұсылмандық
тұжырымдама
шежірелерде
басым
болғанымен,
бұл
ауызша
жәдігерлерде тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді. Бұл
туралы Ш. Уәлиханов: «Көнетүркілік салтты, оның наным-сенім, әдет-
ғұрып, той-думан, жол-жоба дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында
жалғасқан тарихи аңыздарын, әртүрлі уақытта өткен жырау жырларын,
салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті мен билердің
шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой
мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет»,
Достарыңызбен бөлісу: |