Ұшқан ұя— Бауыржан Момышұлының 1974 жылы жазған кітабы.
«Ұшқан ұя» – Бауыржан Момышұлының мемуарлық шығармасы. Шығармаға автордың балалық шағынан, ес біле бастаған, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндай отырып, отбасы мүшелерін: әжесі Қызтумас, әкесі Момыш, немере ағасы Момынқұл, әпкелері Үбиан, Әлимандарды өзіндік бейнелерімен әр қырынан танытқан. «Ұшқан ұя» – мемуарлық шығарма ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, ұстанымы, дүниетанымы әсерлі бейнеленген этнографиялық шығарма.
Көрнекті жазушы, гвардия полковнигі, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесінде Баукеңнің есін біле бастағаннан мектепке барып, сабақ оқып бастағанға дейінгі өмірі, өскен ортасы, ауыл адамдары, сол кездегі қазақ халқының тұрмыс тіршілігі суреттеледі.
Батырдың мейірімді, дана әжесінің тәрбиесінде болғаны, ол кісінің сан түрлі ертегілер айтып беруі Абайды еске түсірді. Ерекше ыстық әже махаббатымен, үлкендердің батасымен өскен, білім алған баланың үлкен азамат болу заңды шығар.
Кітапты оқып отырып, сол кездегі қазақ ауылы, кең пейіл халық көз алдымнан көркем фильмдей өтіп жатты. Қазақы мінез, дәстүр, өнер, шынайы суреттеулер тәнті етеді. Сағындырады.
Автор балалық шағын, естеліктерін арқау етіп, бауырмалдықты, достықты, ерлікті, адал да аңқау, қарапайым ауыл адамдарын шебер суреттеген.