Бауыржан Момышулы. Ушкан уя



Pdf көрінісі
бет15/16
Дата01.04.2023
өлшемі0,82 Mb.
#78189
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен...
Түйе боздап, қой қоздап — қорада шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда
Сыбдыр қағып бұлаңдап ағады су
Көл жағалап мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мəз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға


Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.
Шіркін, Абай, көктем көркін, жаз алдының жарқын сəттерін сенен əрлі,
сенен нəрлі етіп жырлай алған ақын бар ма екен, сірə!
Əкем көңілді кезінде бізге Абай жайлы айтушы еді. Балаларым, сонау
«жеті өзеннің» ар жағында, бізден алыс ауылда Тобықты руынан шыққан
Абай деген кісі тұрады. Бүкіл елдің арын қорғаған ақылды азамат, оған
қоса асқан ақын. Оның өлеңін ел біткен жаттап, əнін бүкіл дала шырқайды
екен, — дейтін.
Сөйтсем ұлы Абайды өлді деуге қимайтын халқымыз өмір бойы өз
орталарынан оған орын сайлап сөйлейді екен ғой.
Көкемнің сонау бір қиын жылдары ат айдаушы болып істеген бекеті
Фрунзе — Ташкент жолының бойында еді. Жұрт оны «қара жол» деп
атайтын. Өйткені ауыл сыртындағы қыратты қуалап жатқан жолға алыстан
көз тастасаң, шексіз қара жолаққа ұқсайтын. Мұның өзі егіндік жер мен
шабындықтың шекарасы сияқты еді. Алатау жағына ел малын шығаратын
да, еңіс жерге егін егетін.
Алатаудың əр қырқасы текшеленіп, көктемі де кезектесіп шығатын
сияқты. Содан ба, ел қырқа қуып көшіп отыратын. Жеріміздің осындай
құбылмалы мінезін Тоқмырза əзілге қосып отыратын.
— Алла Тағала жерді жаратқанда біздің аймақты ұмытып кеткен екен.
Таңертең шаршап тұрса, бір аймақ үңірейіп бос қалыпты. Ашуланған тəңірі
Гималайдың мұзды шыңын сындырып лақтыра салса, Алатау орнапты.
Сөйтіп жан-жағына қарағанша, əлгі мұз еріп селденіп барады екен. Мұны
көрген жаратушы түстік таулардың бірінен бөлшегін жұлып алып,
сарқырап аға бастаған мың бұлақтың алдына тастай салыпты. Сөйтіп мына
Қаратау орнаған дейді. Ал үлкен бөгетке ұшыраған су жинала-жинала,
ақыры тікелей арна сала алмай теріс ағыпты. «Теріс» өзені солай пайда
болса керек. Осылайша жеріміздің əр тұстағы əртүрлі болып шыға келген
екен. Бір жері жемісті, бір жері егісті, бір жері асқақ, бір жері тастақ, бір
жері шыңды, бір жері құмды болатыны да содан деседі. Адамдары да
алуан, аңы да мол. Жанға керектің бəрі бар, — деп күлетін еді Тоқмырза
ақсақал.
* * *


Бір болыс елдің ортасындағы жапандағы жалғыз кірпіш үй — Бекет
станциясы. Қызыл кірпішті үй алыстан мен мұндалап, оқшау дараланып,
үлкен жиындар сол жерге шақырылушы еді. Ауыл адамдары əр тұстан
аңдыздап кеп, аймақтағы осынау тұрқы түзу үйге көп бас қосатын. Аттылы-
жаяулы келіп жатқаны. Жүздеген ат бас түйістіріп, байлаулы тұрады
мұндайда.
Бүгін де ел осылай бет алды. Бұл бас қосу Садық Аблановтың келу
құрметіне арналған еді. Садық бұл жолы Бірінші Май күні келді.
Аблановтар үш ағайынды болатын. Үлкені Ізбасар жұртқа жұғымы жоқ,
жүгенсіз, даңғой, дарақы біреу еді. Уездегі орнына ісіп-кеуіп өзінен-өзі
тасып жүретін. Бір өзі бүтін дүниені тіреп тұрғандай екі иінінен дем алып,
екіленіп кететін. Алдына келгенін ала көзімен атып, қоқиланып бітуші еді.
Жұрт осысын жек көріп, жұғыса қоймайтын. Ел ішінде сыйы да шамалы
кісі еді. Сонысынан тапты ма, əйтеуір қызметінде көп тұра алмапты. Мұны
есіткен жұрт аяудың орнына «өз сазайын тартқан екен» дейтін.
Ал Садық Аблановты ауыл адамдары ізетпен қарсы алып, ілтипат
көрсететін. Адал, ақпейіл, турашыл, жұрт қамын ойлайтын естияр жігіт деп
мақтаушы еді оны.
Ізбасардан жұрт қорқатын. Бірақ сыйламайтын, Садықты іш тартып
құрметтейтін. Ағайынды екеуіне деген ара-қатынасын ел ерекше жіліктеп,
жіктеп айтушы еді. Ізбасар Абланов, Садық Абланов деп арнайы аттарымен
ажырататын.
Ізбасар елге даурығып, əбігер салып келетін. Жиналысқа да ол өзінің
арнаулы адамдарынан басқаны қатыстырмайтын. Қатысқандардың кейбір
жақпағандарын аузына келгенін айтып балағаттап, ел көзінше абыройын
төгіп, қарсылық білдіргендерді қара тізімге жазып, «Сібірге айдатам» деп,
сары суын сыртына шығарады екен. Ауылға қабағы түсіп, қажып,
қалжырап қайтатын ондайлар. Ізбасар кетісімен, əркім оның ожар
қимылын, орынсыз дөрекілігін салып, ашық күлкіге айналдыратын.
Ізбасар əскери коммунизм кезеңінің томырық, топас, солақай, ұр да
жық, көкірек қақпай жүрген кездерінің жиынтық бейнесіндей халық
аузында қалып қойып еді.
Садық өткізген жиын, керісінше, салтанатқа ұқсайтын. Адамдар көп


жиналып, ақыл-кеңес күткендей ынтыға түсетін. Онымен кездесу үшін,
дидарласып сөзін тыңдау үшін ақсақалдар тұрмақ, бала-шағаның өзі, тіптен
қатын-қалаштар да асығатын. Жұрт Садықты абыройлы етіп, ел алдында
ажарлы көрсететін оның қарапайымдылығы мен іштартымдылығы десетін.
Жаймашуақ жадыраған күн еді. Бұдан бұрын Бекетке Садықтың
келетіні хабарланған болатын. Ол: «Тыңдаймын деген кісілер келсін, бас
қосып əңгімелесейік», — депті. «Ақсақалдармен, ағайын-туғандармен,
қарындастармен бас қосып, сыр шертісу — үлкен ғанибет қой», — депті. 
Əкем мен ағайым мені де бірге ертпек болды. Мен апыл-ғұпыл киініп,
ағамның артына мінгестім.
Жол бойы біз бір топ салт аттыларды қуып жеттік. Олардың ортасында
ауыздықпен алысқан «Көкшолағының» тізгінін тарта Аққұл ақсақал да
келеді екен. «Көкшолақ» — сəйгүліктің ішіндегі мақтаулысы еді. Ал Аққұл
атам болса, кəнігі саяткер шабандоз. Аққұл əдеттегі əуенімен байсал ғана
амандасты.
— Саумысың, Момыш?
— Аманбысың, Аққұл.
— Садықты тыңдауға барасың ба?
— Иə, Аққұл.
Ағамның атына мінгескен мені байқаған Аққұл таңырқай үн қатты.
—- Уə, жігітім... Саған жол болсын?
Абыржып қалғанымды байқаған ағайым ер үстінде бір қомданып алып,
мен»үшін жауап берді:
— Садық ағасын тыңдауға барамыз, Ақа!
—Иə, — деді шал даусын созып,—жақсы лебіз тыңдасаң, жарым ырыс
деген ғой! Сен де тыңда, балам, сен де тыңда, — деді.
Осы кезде жолаушылардың арасындағы бір жас жігіт аты арықтан қарғи


бергенде, ер үстінен қопаң етіп, ауытқып барып түзелді. Мұны байқап
қалған Аққұл ашумен дүрсе қоя беріп еді:
— Көлік қадірін білмейтін неме екенсің ғой. Атты аясаңшы. Бұл сенің
тербетілер желбесігің емес. Ат ырғығанда, кісі шалқайып отыра ма екен.
Мұндайда сен сияқты қопалдардың салмағынан аттың бел омыртқасы
үзіліп кетсе қайтер ең?
— Абайламай қалған ғой, Аққұл-ау! — деді əкем əлгі жігітке ара түсіп.
— Қойшы ондайды, Момыш! Құдай үшін қоя тұршы! Ат мінген адам
өзі түгіл, көлігіне де көлденең кесір жолатпауы тиіс! — деді Ақкұл. Əлгі
жігітке тағы бір ашулы қабақпен қарап, ендігі сөзін соған арнағандай
болды.
— Бүгінгі жастар не боп барады осы, Момыш. Қапшық сияқты бірдеме
əйтеуір. Ат үстінен ауып қалардай ебедейсіз боп барады ғой. Бишара аттар
сондай құмға толған ауыр қапшық сияқтыларды арқалап қор болды-ау.
Осылайша Аққұл ақсақал Бекетке жеткенше ешкімге сөз бермей, атқа
мығым отырудың əдіс-тəсілдерін айтумен болды. Барлығы да оны ат
үстінде ұйып тыңдап келеді. Астындағы жүйріктерін бірыңғай бүлкілге
салып, ақсақалдан енді қайтып кекесін ескертпе есітпейін деп жіті отыр.
Мен үйден шығысымен-ақ көңілсіз күйге түсіп едім. Ағайым өзіме жеке
ат ерттеуге рұқсат етпеді. Енді, міне, ат құйымшағында отырып, оның
қақпақтай жауырына ызалана қарап келем. Алайда Аққұл атамның əлгі сөзі
аздап жуасытқандай болды мені.
Біз Бекетке де келіп жеттік. Станция маңын топ-топ етіп айқастырып
қойған аттар жайлап алыпты. Жұрт төбешікке жиналып, шекпендерінің
етегін төсей беріп, жамбастап жайғасып жатыр. Ел мол жиналыпты:
ақсақалды қарттар, егде кісілер, жігіттер мен бозбалалар да жүр. Бір шетте
жақын ауылдан келген əйелдер тобы көрінеді.
Бəрі де тағатсыз күйге түсіп, станция жаққа қарайлай береді.
— Əне келе жатыр, əне келе жатыр, — деп күбірлесе бастады
жиналғандар.


Қасында почта бастығы мен болыстық басқарманың бір топ жігіті бар
орта бойлы, сұр шекпеннің өңірі ашық күйде, жалаңбас бір кісі келеді екен.
Бəріміз де бар ықыласымызбен тесіле қарап қалыппыз.
Ол қасындағылардың біреуімен сөйлесіп, байсал басып келе жатыр.
Жұқа өңі қаны қашып сартаптау болған, маңдайы кере қарыс кісі екен.
Қабағы аздап домбыққан, жанары жабырқау, сиректеу жібек мұртты кісі
топ ортасына келіп те қалды.
Ол төбешікке шыққан соң, төрдегі ақсақалдардың қолын жағалай алып
шықты. Қалған топпен қолын кеудесіне қойып, бас иіп ізетпен сəлемдесті.
— Армысыздар, ардақты қауым, — деді ол аздаған қарлыққан
дауыспен. — Аман-есенсіздер ме, қадірмен қариялар. Дендеріңіз сау ма?
Туған-туыстарыңыз, мал-жандарыңыз аман ба? Ол осылайша алдымен
ақсақалдарға амандасты.
— Рақмет, қарағым Садық. Өзің де аман-есенсің бе?
— Денің сау ма, Садықжан?
— Балаларың өсіп жатыр ма, қарағым, — деп шалдар шетінен саулық
сұрасып жатыр.
— Рақмет, — деді Садық ақ тістерін көрсете жымиып. — Əзірше аман-
есенбіз... Ақа, «Көкшолағыңыз» бабында ма? — деп енді ол Аққұлға
бұрылды. Ол Аққұлды бұрыннан біледі екен.
— Сенің лау мінгіш милицияларыңнан қайда жасырарымды білмей
жүрмін ғой, — деп шымши сөйледі Аққұл. Жұрт ду күліп жатыр. Садық
Абланов елжірей күлгендей болды.
— Сіздің «Көкшолағыңызға» ешкім тимейтін болсын, Ақа. Мен солай
деп айтты деңіз.
Ол байсалды жауап берді.
— Мың жаса, шырағым Садық... Əйтпесе баптап мінуді білместен,
жатқан бір, орыс арбасы мен біздің аттарымыздың соры болды кейбір
милицияларың. Өрт шыққандай шапқылап, аттардың сілікпесін шығарушы


еді...
— Садық өз шешімін айтпады ма, — деп Аққұлдың сөзін əкем бөліп
жіберді.
— Енді өзін тындайық.
Аққұл əкеме ала көзімен қарап, еріксіз жым болды. Садық Аққұлдан
кешірім сұрағандай сəл иілді де, төбенің басына көтерілді. Айналасын
жайлап шолып алды да, еркін көсіліп сөйлей жөнелді.
— Қадірлі ақсақалдар, сіздерден рұқсат болса, бір-екі ауыз сөз
бастайын, — деді ол қарттарға қарай.
— Айта бер, Садық, айта бер! — деді қарттар бір дауыспен.
— Қадірменді қарттар, менің құрбы-құрдастарым, жас жігіттер, сеңдер
де, боз балалар, сендер де, құрметті əйелдер, сіздер де, — деді ол баршаға
сөзін арнап. — Бүгін бізде көктем күні, жер бетіне қуаныш нұрын төккен
күні. Бұл көктем кімді қуантпайды? Кімді тебірентпейді? Шуақты күн
жерімізге нұрын төгіп, бойымызды жадыратады. Дəл осындай табиғат
түрленіп, құлпыра бастайтын көктемнің күнінде, бұдан отыз бес жыл
бұрын жұмысшылар мен жер бетінің еңбеккерлері бұл күнді еңбектің,
бостандықтың, достық пен туысқандықтың мерекесі деп əлемге əйгіледі...
Əңгімесін осылай бастаған Садық Бірінші Май мерекесінің мəні мен
мақсатын, оның шаттығы мен шалқыған шабытын, еліміздегі жағдай мен
жер бетіндегі басқа елдер халқының Май мейрамын қалай қарсы алатынын
қарапайым қазақтың жалпақ тілімен жиналғандарға баяндап берді. Ұлы
көсемнің ұлылығын, Ленинді неліктен данышпан дейтінімізді де
ұғындырды, жиналғандардың жүрегіне ұялата білді, халықтар достығы мен
туысқандығы жайлы тебірене толғап, революцияның қазақ даласына
əкелген шарапаты мен шапағатын айтты.
Жұрт сілтідей тынып, үнсіз бас шұлғып қалыпты. Садық олардың бəрін
жылы лебізбен ұйытып тербете түсетін сияқты...
— Бақытты деп ерікті адамды ғана айтамыз! Біздің бар халқымызға
большевиктердің тілейтіні осы бақыт, осы еркіндік, — деді ол сөз соңында.
Өз сөзін аяқтағанда ұйып отырған жұрт дүр сілкінгендей лезде гулеп кетті.


— Дұрыс айттың, Садықжан!
— Мерекеге мерейлі мезгілді таңдаған екен!
— Ақылды шешім!
Садық жұртты тағы бір шолып өтті.
— Мен сіздерге үлкен жұмыспен келіп едім. Оны кейін айтармын. Ал
бүгін Бірінші Майды мейрамдайық.
— Көкпар тартамыз! — деп дауыстап қалды Аққұл.
— Көкпар! Көкпар, — деп даурықты жастар жағы.
Садық жадырай күлді де, қолын сермеді. Не дер екен дегендей ел жым
болды.
— Көкпар десеңіздер, қалауларыңыз болсын, —деп кесіп айтты Садық.
Қайтадан жадырап күлді.
«Көкпар» деген жалғыз сөз топ ішін кезіп, əркімді елеңдетіп бітіп еді.
Садықтың алдында жұрттың бəрі əдеп сақтап жүр. Тіптен кейбір
содырлау милиционерлердің өздері де, қыңыр сөзге қылыштай өткір «ат
өнерінің ерен жүйрігі» Аққұлдың өзі де бір сүйем шөгіп кеткендей өздерін
шектен шығармай, əдеп сақтап жүр.
Көкпарға жиналғандар қарақұрым боп қаптап жүр. Ел мұны мереке
құрметіне Май көкпары деп атап еді.
Қой бастаған серкедей Аққұл елден ерекше көрінеді. Оның осынау
тұлғасы мен тұрқы ойынды дəстүр шеңберінен шығармауға мойындататын
еді.
Дүркіреген ат шоғыры құйынша құйғытып тақтайдай тегіс жердің
бұйра шаңын көтеріп, көкпарды ортаға ала жөнелді.
Аққұлдан басқа қарттар Садықты қоршап, əрі көрермен, əрі төреші
болғандай тамашалап тұр. Олардың ортасында менің əкем де бар. —


Біздер, большевиктер, əркімнің көңілі шат, өмірі дарқан, қуанышты болуын
қалаймыз. Жер бетінде жаман халық жоқ, сол халықтың кейбір жаман
адамдары болуы мүмкін. Бірақ ондайлар ұлы теңіздің ұсақ тамшысындай-
ақ. Халық деген қадірмен қауым, əлуетті қауым, əулие қауым. Біздің
əрқайсымыз өлімнен қашып құтыла алмаймыз. Ал халық мəңгі жасамақ...
Біздер, большевиктер, сол жасампаз халықтың даналығына сенеміз.
«Жастығымда еңбек бер, қартайғанда дəулет бер» деген сез бар. Сол
айтқандай, жастарымыз еңбек пен тұрмыста жандары өссін. Ал
қарттарымыз ақ сақалды, сары тісті жасқа толып, дəулет рахатын көрсін.
Əркім өз еңбегінің, өз ісінің жемісін көріп, əркім аты мен абыройына лайық
жас ұрпақты тəрбиелеп өсірсе дейміз. Өз қауымының, өз ауылының, өз
елінің, өз жерінің мақтаны болатын жеткіншек тəрбиелесеңіздер екен
дейміз. Біз ұл-қыздарымыз бен немерелеріміз өздерінің əкелері мен
бабаларының əлуетті ісіне, олардың күресі мен табысына, салып берген
жолына мақтанса, соларға еліктеп өссе дейміз. Ал ата-аналарымыз сондай
салауат иесі боп өсіп келе жатқан ұл-қыздарына сүйсінсе дейміз. Өздерінің
жақсы ісін, жарқын дəстүрін, саналы салтын ту етіп ұстап, түзу жолмен
келе жатқан мұрагерлеріне мақтанса дейміз. Біздің ұрпақ адамзаттың
ізгілігі мен инабаттылығын, олардың əділдігін бағалай беретін байыпты
азамат болса дейміз! Сондықтан да біз достық пен теңдіктің,
туысқандықтың туын көтереміз! Адамзаттың адал еңбегін бағалай
білейік!..
Біздің жауларымыз осындай адал ниетімізді көре алмай өсек өрбітіп,
қиянат қылышын жалаңдатады. Біздерге, адамның бақытына балта
шабушы деп жала жабады. Өкінішке орай, біздің арамызда да осындай
өсекке елігіп, жалаға алданып, жау қиянатына бас шұлғитын, санасы
жетпегендер кездеседі. Ондайлар түзу жолдың көшіне, Ленин салған тура
жолдың даңғылына, оның жолаушыларына оралғы, кедергі болады. Қисық
арба қыңыр тартады дегендей, тең басқан аяғымызға байлау болады. Біз
осыдан
сақтанып,
ондай
адасқандарды
ақиқат
алаңына
апаруға
көмектесейік. Жоқ! Біз əр халықтың игі салты, жақсы дəстүрі, ел мақтаны
болатын елеулі ғұрпы гүлдене берсін дейміз.
Садық бұл əңгімелерді көкпарға көз алмай қызыға қарап тұрып,
қарттарға жай ғана айтып беріп еді. Енді мен əкемнің атына мінгескен
болатынмын. Өйткені ағайым көкпар десе арқасы қозып, жұлқынып шыға
келетін. Бұл жолы да түрленіп. желігіп алды. Ауылдан шығардағы өкпем


əлі тарқар емес. Жеке ат мінбей, біреудің желкесіне үңіліп отырғаным
жаныма батады. Дегенмен қарттармен бірге Садық тобында болып,
олардың əңгімесін есіткеніме қуанып отырмын.
Кенет тас түйіндей шоғырланған көкпаршылар додасын бұзып өтіп,
біреу суырылып шыға берді. Кім екенін аңғарып үлгергенше, əлгі шабандоз
көрермен топ алдына құйындата келіп қалып еді. Аққұл атам көкпарды
Садықтың алдына лақтырып тастады.
—Мə, Садық, саған салғаным,—деді де лақты Садықтың алдына тастап,
«Көк шолағын» кенет бұрып, ойқастата шауып, қайта оралып келіп тізгінді
ірке қалғанда, əлі қызу екпінін баса алмаған «Көкшолақ» серіппеше
шиыршық атып, танауы делдиіп, бір орнында тағат таппай аспанға
ыршыды. Аққұлды өкшелеп қуған шабандоздар тобы көкпар Аблановтың
алдына тасталғанда, тұмсықты жартасқа соғылған толқындай қақ жарылып
екіге бөлінді.
Мен өзімнің жастығыма өкініп, осынау құрыш білек жігіттерге қызыға,
қызғана көз тастаймын. Солардай болып, осылармен бірге додада ат белін
талдырып жүрсем деп ойлаймын.
— Ақа, сіз көкпардың көркісіз ғой, — деді Садық Аққұл атама
бұрылып. — Мен сіздің өнеріңіздің ел аузында аңызға айналып, өзіңіздің
жасқа жеңдіріп қатардан қалып қойғаныңызды қаламас ем.
— Ə, мен əзірше қарттыққа бой беретін жайым жоқ. Асықтырма,
шырағым Садық, — деді Аққұл өкпелегендей үнмен. — Жо-жоқ, мені
шеттетуге асықпа!
— Қазақтың салты бойынша көкпарды шабандоз қызы бар үйге салады.
Сол үйдің қызы кестелі орамал алып шығып беруші еді. Сіз, Ақа, жігітті
үйге салып отырсыз.
Кестелі орамалдың орнына мынаны бүгінгі ұлы мейрамның туындай
көріңіз, — деп қойын қалтасынан қызыл жалауша ұсынды.
— Мынау сізге, ең шабандоз жігітке! Бірінші Май бəйгесі болсын!
Аққұлдың жүзі құбылып, толқып кетті білем. Ат тізгінін тарта Аққұл ер
үстінен бір қарыс көтеріліп, ізет көрсетті де, əлгі сыйлықты Садықтың


қолынан алды. «Көкшолақ» иесінің алған сыйына қол соққандай аяғымен
жер тарпып тұр.
— Ал енді, бізбен бірге болыңыз, — деп өтінді Садық. — Ендігі көкпар
қызығын жастар тамашалай берсін.
Аққұл Садықтың қасына келіп тұрды. Көкпар аяқталғанша осы топта
болды.
Көкпар
ымырт
жабылғанша
созылды.
Садық
құйынша
құйқылжыған шабандоз жігіттердің қимылынан көз айырар емес. Оның бар
ынта-ықыласы осы көкпарға ауып, өзге дүниені ұмытқан сияқты. Алайда,
төңірегіндегі кісілердің сұрақтарына сабырлы жауап беріп, ойлы пікірлер
айтқанына қарағанда, ол ел қамын ұмытпай, ауыл ақсақалдарының да
көңілін жықпасам деп толқып тұрған сияқты.
— Мөмеке! — деді ол менің əкеме. — Қонақасы беруге қалайсыз.
— Үлеспеген еншіміз, Садықжан. Сендей шақырса да келмейтін кісілер
менің үйіме қонақ болуы — мен үшін үлкен абырой, — деді əкем.
Барлық жұрт біздің жаққа қызыға, қызғана көз тастаған сияқты. Мұны
көріп мен өзімнің атқа мінгесіп жүргенімді де ұмытып кетіппін. Мен
Садықтың біздің үйді таңдағанына мақтанып отырмын.
Əкем ағайымды шақырып белгі беріп еді, анау ақ көбік болған атын
ойнатып жетіп келді. Тер мен шаңнан күреңденіп кеткен жиренін ол кілт
тоқтатып тұра қалды.
— Садық біздің үйдің қонағы болады, — деді əкем ағама қарап.
Əкемнің соңғы сөзін естір-естіместе ағам атын кілт бұрды да, ауылға
қарай құйындата жөнелді.
Бұл кезде көкпар да біткен еді.
— Сіздер де Садықпен бір болып, дəм-тұзбен ортақтасыңыздар,— деді
əкем жұртқа.
-— Қойыңыз, Момеке, жұрттың бəрін шақырып, əбігерленіп қайтесіз,
— дей берген Садықтың сөзін əкем аяқтатпады.


— Құдайға шүкір, Бақтияр əулеті аз емеспіз. Мал-мүлкіміз, қазан-
ошағымыз бөлініп көрген емес. Қанша қонақ болса да, көтерер шамамыз
бар.
Шынында да, Бақтияр əулеті біраз едік. Жетпіс жаны бар он төрт отау
болатын. Садық Абланов пен оның жанындағы жиырма шақты
жолдастарын күтіп алу ешбір қиындыққа түспейтінін мен де сезіп тұрмын.
Садық ортада келеді. Екі жағында ентелеген аттылы кісілер қоршап
алыпты. Садықтың əр лебізіне құлақ тосып, құныға тыңдайды.
Күн Құлан тауының тасасына тығылып, айналаны іңір қараңғысы
тамшалап алып еді. Мен күні бойы ат соңында мінгесіп жүргендіктен бе,
шаршағанымды əрең жеңіп келемін. Ат жайлы жүрістен ауып, шоқыраққа
басқанда, жауыр болғанымды аңғардым.
Осынау тымық кеште ауыл ошақтарынан шыққан түтін қаздай қалқып
аспанға өрлеп барады. Қораларға жайылымнан қайтқан малдар да
жайғасып үлгерген екен.
Алыста үйірін шыр айналып, жалын жалбыратып боз айғыр жүр. Ауыл
жақтан тəтті астың исі келіп, танауды қытықтайды. Балқыған бауырсақ,
үлкен қазандағы былқыған ет иісі сияқты. Самауырдың қошқыл түтіні де
тік көтеріліп, соның арасынан ұшқындар жылтылдайды.
Қонақты қарсы алуға шыққан ауылдың ер кісілері үй сыртында топ-топ
болып байсалды тұр. Əйелдер үй арасында жүгіріп, абыржып жүр.
Қонақтар жақындай бергенде, ауыл адамдары лап қойды.
Əрқайсысы ат тізгінін ұстап, қонақтарды қолтығынан сүйеп түсіріп
жатыр. Енді бірі аттарды жетектеп кетіп жатыр. Күні бойы ер үстінде
отырып, езіліп қалған сандарын жазу үшін кейбіреулер аяқтарын əрең
басып, ары-бері жүр.
— Қош келіпсің, Садықжан, менің түңлігім осы болады, — деп əкем
қонақты үйге қарай бастады.
— Шаңырағыңыздан шаттық кетпесін, Момеке, — деді Садық
ақсақалдарға жол беріп тұрып.


Алдына бес-алты ақсақалды салып, Садықтың өзі де босағадан аттады.
Оның қазақ даласында қалыптасқан ежелгі əдет-ғұрыпты ізетпен
сақтағаны жиналған жұртқа ерекше əсер етіп еді. Енді бəрі де оны бауыр
тартып, жанына жақын тұтып алды.
Қалған қонақтарды да үйді-үйге жайғастырды. Мен де елдің соңын ала
өз үйіме жүгіріп кіріп, босағада аңырып тұрып қаппын: қарасам үй іші
танымастай өзгеріп, жайнап кетіпті. Басқа үйге кіргендей танымай да
қалдым.
Ағайым маған көзін алартып: - Əй, Бауыржан, үлкен үйге бар! — деп
қақпайлай берді.
— Бұл сіздің мұрагеріңіз бе, Момеке! — деді Садық, маған жымия көз
тастап.
— Иə, менің ұлым, Садықжан, — деді əкем.
— Бізбен бірге отыра берсін, — деді Садық жылы жүзбен ағайға тіл
қатып. — Бұл жігітті ортамыздан қуып жібергеніміз жараспас. Оның үстіне
күні бойы қасымызда жүрмеді ме?
Осылайша Садық мені ағамның қақпанынан қорғап қалды.
Мен үйді енді жақсылап көре бастадым. Құлпырған жасау көз жауын
алады. Еденге көл-көсір етіп кілем төселіпті. Кілем үстінде жалт-жұлт
еткен шəйі көрпелер жайылған. Жағалай жастық қойылыпты. Жарқырауық
шыныаяқтар бір қанаттан орын алған екен. Киіз үйдің ортасында аспалы
шам нұрын төгеді. Жап-жарық. Мен əр кілемнің нақысынан, əр заттың
белгісінен қайсысының қай үйден келгенін байқап отырмын.
Намысқой ағайым бар ауылдың іліп аларын осында жинап əкеліп, үй
ішін жайнатып тастаған екен. Мына жасау біздің үйді ең тұрмыстылар
қатарына қосқан сияқты. Ауылдың ауызға алар бақуаттысы болып шыға
келген түріміз бар.
Қонақтар көсіліп-көсіліп жайғасып жатыр.
Мақтаншақ ағайым өзінің бүгінгі тірлігіне мəз болып, əкем жақтан


құптау белгісін көргісі келгендей жалтақтап қояды.
Ол ауыл жігіттерінің бəрін кісі күтуге ұйымдастырған екен. Алдымен
біреуі қонақтың қолдарына су құйды; екіншісі дастарқан жайып жатыр;
біреуі бауырсақ төксе, енді бірі торсықты əкелді. Тағы бірі қымыз құйған
кеселерді таратып тұр. Əр жігіт өз қызметін мүлтіксіз атқарып, болғандары
аяғының ұшымен басып, үнсіз шығып жатыр.
Қонақтар алдымен қымыз ішіп сусындап алды. Қымыз үстінде бүгінгі
Май мерекесі жайлы, қызықты көкпар жайлы əңгіме шертісті.
Садық Абланов өзінің ескертпелерін айта отырып, соңғы сөзін бас
төреші Аққұлға берді. Аққұлдың төбесі көкке жеткендей маңғазданып
алды.
Аққұл қарттың алдында менің ағам сөзге ретсіз араласып, бір-екі
ескертпесін айтып еді, əкем ала көзімен ата қарады. Мұны көрген ағайым
сьгртқа шыға жөнелді. Біраздан кейін ол ақ қой жетектеп келіп,
ақсақалдардың алдында бата сұрады.
— Аумин!
Қарттар тіксіне қалып, большевик Садыққа қысыла көз тастады.
Абыржып қалған сияқты. Өйткені бұрын келген қонақтар батаны діни əдеп
деп, ескінің қалдығы деп рұқсат етпейтін.
Мұны сезген Садық мұртынан күліп, алақанын жайды:
— Ақа, сіздің жолыңыз үлкен ғой. Қонақжай үйге қол жайып, жақсы
тілегіңізді беріңіз. Бəріміз де естиік, — деді.
Аққұл бір сəтке ойланып қалып еді, бірақ абыржымай алақанын жайды
да əндете жөнелді.
— О, жаратқан нем! Алдымен атыңды атап жалбарынам. Бүгінгідей
ашық күн жайнай берсін көгімде. Осы күннің астында гүлдей берсін елім
де! Жүрсін лайым əмісе бақыт қана серік боп, тұрсын лайым əмісе қуаныш
көрік боп! Ұлы өмірдің өзіндей жайнай берсін жасымыз; енді қайғы
көрмесін ақ қыраулы басымыз! Жаңа Садық айтқандай, (Садық қызарып
кетті) барлық халық тең болсын; бір-бірімен қауышқан дос-туысқан ел


болсын! Арандатқан адамды қаскүнемдер жойылсын; мал-басымыз мол
болып, ел ырысқа тойынсын! Күніміз ұлысты болсын; жеріміз ырысты
болсын! Өрісіміз малға бай дүбірлі болсын; келіндеріміз жанға бай үбірлі-
шүбірлі болсын! Ер жігіттің ту етер тұрағы болсын; қанат беріп түлетер
арғымағы болсын!..
Аққұл ағам осылай ұзақ шұбыртып, батасының аяғын қалай аяқтарын
білмей қысылыңқырап та қалды.
Тап осы жерде жұрт та ду күліп жіберді де, Аққұл келте қайырып,
«құдай қабыл қылсын!» деп сақалын сипады.
Қойды қайта алып кетті. Аққұлдың діни əдеттерді ұстамайтынын
жұрттың бəрі де білетін. Сондықтан да оның батасы əдеттегіден тыс
ерекше еді.
Садық Аққұлды көтермелеп, күлкісін тыя алмай қоштау сөз айтты:
— Жақсы айттыңыз, Ақа! Ізгі тілектің бəрін білдірдіңіз-ау. Халыққа
коммунистердің тілейтіні де осындай жақсылық қой.
-— Сіздің осындай ақынжанды адам екеніңізге сеніп едік, Ақа, — деді
біреу қалжыңдап.
— Ақындықтың рухы етек астында емес, ер үстінде болады, — деді
Аққұл əлгі кісіге. Шамасы оның əйелжанды адам екенін білетін болса
керек.
Бəрі ду күлді.
— Əйтсе де біздің Ақаң тек ақынжанды адам ғана емес, саясатшы да
ғой, — деді Садық. Сөйтті де сөз арасында: — Біздің саясатымыздың өзі де
халқымыздың қашаннан жинақтаған ізгі тілектері ғой. Туысқандық пен
достық бір-бірін құрметтеуден артық не бар. Мəселен орыс халқын
алайықшы. Қарапайым шаруа таңның атысынан күннің батысына дейін
егін даласында еңбек етеді немесе біздің өлкемізде өз қолымен теміржол
салған жұмысшыны алайық. Олар да біз сияқты адамдар. Олар үшін ешкім
де еңбек етпейді. Өздерінің тамағын адал еңбегімен тауып жейді.
— Сөзің рас, Садықжан, орыстар еңбекті сүйетін жəне еңбек ете білетін


халық қой...
— Садықтың сөзін бөлмесеңдерші.
— Міне, сол орыс халқы — тамаша ғой. Олар біздің ағамыз сияқты.
Қазаққа қысым көрсеткендерге келсек, олар патша шонжарлары болатын.
Енді жағдай мүлдем өзгеше: сол орыс халқының өздері патшаны тағынан
жұлып түсірді.
— Демек, Ленин турашыл, қамқор жан екен ғой.
— Иə, — деді Садық, — біздің Ленин нағыз қамқоршымыз.
— Не, сонда Ленин патшаның орнына отыра ма? Бұрын Николай еді,
енді Ленин бола ма? — деді əлдебіреу істің мəніне шын түсінбей ақырып.
Садық күлімсіреп отырып жауап берді:
— Біздің Ленин патша емес, көсем ғой. Ол жаны таза адамдардың
ішіндегі ең ақылдысы.
— Енді мынаны айтшы, Садықжан. Сенің Ізбасар ағаң ауылға келсе,
«Алла деген жоқ нəрсе», «сендер қараңғы халықсыңдар» деп тұқыртып
бітеді ғой. Үйге түскенде мал сойып, бата сұрасаң, қолын бір-ақ сілтеп,
«қайран қараңғылық-ай, апарыңдар да соя беріңдер қойларыңды» дейді.
Патшаны патша дейік (патша көп қой), тақты тақ дейік. Аллаға тіл тигізіп
несі бар. Ұжданымызға тиіп несі бар? Салтымызды неге бұзады...
— Не деп тантып отырсың, ей, сен. Ізбасар Садықтың туған ағасы емес
пе, — деп Аққұл əлгі адамға ақырып қалды.
Садық жадырай күліп, оң қолын көтерді де, əлгі аузы батыр адамды
Аққұлдың қаһарынан қорғағандай сөйледі:
— О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, Ақа! Əділ сөзді қақпайлағаныңыз
қалай?
— Ленин дінге сенер ме екен, əлде жоқ па? — деді əлгі батыл кісі.
— Мен өзім Ленинді көргенім жоқ. Ал Ленинді менен жақсы білетіндер


көсеміміз əділ де, турашыл адам дейді. Дінді қайдам, халыққа əбден
сенетін кісі. Сондықтан да қалың ел соңынан ерді емес пе.
Садық аздап езу тартты да сөзін жалғастырды: — Ал өз ағам туралы не
айтамын, ол менен үлкен кісі. Алайда Ізбасардың теріс мінезі сыналып,
қызметінен босатылғанын да білесіздер ғой...
Қолайсыз тыныштықты Аққұл бұзды.
— Жарайсың, азаматым! Əділдік азамат көркі дегендей ашығын
айттың-ау, Садық. Халқымызға Ленин сенсе болғаны. Ең негізгісі осы ғой.
— Халқымызға Ленин сеніп еді, сол сенімін халқымыз да ақтады, —
деді əлгі батыл кісі.
Бұл əзілқой, қалжыңбас, тілі өткір, көңілді Тоқмырза деген қарт еді.
Боза ішкендердің тұрақты төрағасы, жиын-тойдың сəнін кіргізіп отыратын
жалғыз атты кедей болатын.
— Дұрыс айтасыз, Тоқа. Біз енді өмірді қалай жақсартамыз, қалай
тұрмысымызды түрлендіреміз? Ол үшін не істеуіміз керек? Мен сіздермен
осы жайлы ақылдасқалы келіп отырмын.
— Айта бер, Садық.
— Біз саған қандай ақылшы болар екенбіз...

Өздеріңізден
артық
ақылшы
жоқ.
Біз
бүгін
сіздердің
ақылдарыңызбен Бірінші Майды жақсы өткіздік. Көкпар да тартпадық па...
— Тамаша бір мереке болды ғой, Садықжан, — деді Аққұл оның сөзін
бөліп, енді жыл сайын өзге халықтар сияқты біз де Бірінші Майды
мейрамдайтын боламыз.
— Немене, сен Аққұл, жыл сайын май сыйлығын алып тұрмақсың ғой?
— деп қалжыңдайды Тоқмырза.
— Жоқ, мен сен сияқты сараң емеспін, — деп Аққұл Садық берген
қызыл жалаушаны қойнынан алды. — Мен бұл жалаушаны келесі Май
мерекесіне дейін сақтаймын. Сонда көзге түскен жігітке тапсырамын.


Соған дейін балаңа ат арқасын алдырмауды үйретесің.
—Ау, əңгіменің шырқын бұзбасаңдаршы! Садық бізбен кеңесемін
демеді ме. Айтарын айтып болсын да, — деп сөзге əкем араласты.
— Иə, қадірлі ақсақалдар, мен сіздерден кеңес сұрамақпын... Сіздер
өмір көрген, жақсы мен жаманды білетін тəжірибелі адамсыздар. Халыққа
жаңа тұрмыстың жайын жақсырақ түсіндіруге көмектессеңіздер деп едім.
— Ал сенің лау мінер милиционерлерің аттарды неге босқа зорықтырып
жүр, — деп бұрқ ете қалды Аққұл. — Бас-көзге қарамай жануарды
қамшымен төпеп бітеді. Сенің атыңа милиционер мінді дегенше, шаруасы
бітті дей бер. Тепектетіп, шоқырақтатып титығын шығарады.
— Қойшы осы, Аққұл, атың жайлы жауапты Садық əлдеқашан бермеді
ме.
— Менің қай жерде қалай сөйлейтінімді үйретпе маған, Момыш... Мен
Садықтың орнында болсам, оларды əлдеқашан атып тастар едім...
Жұрт күлкісін əрең басты. Садық Аққұлға жауап берді:
— Ақа-ау, мен, əрине, милиционерді атпаймын. Өйткені ол біздің
қолқанатымыз. Олай етуге рұқсат жоқ. Алайда кейбір ат қадірін
білмейтіндерін қызметтен босатуға тура келер.
— Иə, иə, Садықжан, — деп тебіреніп кетті Аққұл, — сөйтіп аттан
түсіріп, жаяу салпақтатып қойшы бір.
— Солай етейін, Ақа, — деп күлді Садық, — Ақаң да, өзгелеріңіз де
жақсы айтып,құнды пікірлер беріп отырсыздар. Біріншіден, бұдан былай
Май
мерекесін
тойлап
тұрамыз.
Екіншіден,
кейбір
лау
мінер
милиционерлер халыққа зəбір көрсетеді екен — оларды ауыздықтау керек.
Бүгін екі мəселені орынды шешуге жақсы кеңес бергендеріңіз үшін көп
рахмет сіздерге құрметті ақсақалдар...
— Айта бер, Садық, айта бер, — деп түйіле сөйледі Аққұл, — жақсы
сөзіңді бөліп жағаласқанымыз үшін біз сияқты кəрі мылжыңдарды кешіре
гөр.


—Енді тағы да ақылдасып алар екі мəселе бар еді, — деді баяу үнмен
Садық. — Бұл мəселені сіздердің көмектеріңсіз жалғыз шешуім қиынға
соғып тұр...
— Айта бер, Садық...
— Менің барлығыңыздан жасым кіші, құрметті ақсақалдар. Мен
сіздерге əке де, аға да емеспін. Бар болғаным інілеріңізбін. Айтайын
дегенім — орыс адамдарымен ара қатынасымызды жақсартайық. Əлі күнге
дейін біздің кейбір қызу қанды адамдарымыз ескі əдетпен орыстарды жек
көреді, Базар болды дегенше, төбелес болды дей беріңіз...
— Немене сонда, Садық, енді жаңа заманда да басыңды ие бер демексің
бе? Арқамды қамшысына баяғыдай қайта тілдір дейтін шығарсың? — деп
ентіге сөйледі Аққұл.
— Жоқ, жарқыным, Ленин «Барлық адамдар тең» дейді екен — ендеше
орысыңның
əкіреңдегендеріне
қамшы
түртіп
қоймаймын.
Менің
сақалымды сыйлай алмағандарды мен де аямаспын. Оған ара тұрма,
Садықжан...
— Сен де оңып тұрған жоқсың-ау. Өзің де қазақтың қырт əкіреңбайы
сияқтысың ғой, — дей беріп еді əкем.
Сен, Момыш, өз үйіңде ақылшы болмай-ақ қой. Əлде менің кеткенімді
қалап отырсың ба, — деп дауыстап жіберді Аққұл.
Ақа, Ақа! — деді Садық жалбарынып. — Егер мені сыйласаңыз,
отырыңыз. Келелі жайды сөз еткен екенбіз, ашуланбай, қызбаланбай
əңгімелесейік те.
— Аққұл, кешіре гөр, мен ретсіз сөз айтқан екем. Қой енді. Садықты
тыңдайық,-деді əкем.
— Солай жөніңе көш, — деп торсылдады Аққұл, — əйтпесе бүйірден
сүзбелеп біттің ғой.
— Біздер қарапайым орыс адамдарымен қатынасымызды қалайша
бауырларша жақсарта аламыз? Тимофей Водопьянов сіздің досыңыз деді
ғой, Ақа? Сол рас па?


— Тимошка ма?.. Ол əділ, жақсы адам. Ал, керісінше оның туысы
жирен Иван — жаман адам.
— Ал біз Кузьма Гончаровпен бірге жер жыртып, бірге шөп шабамыз,
бір-бірімізді қонаққа шақырып тұрамыз, — деп қалды əкем, — менің інім
Гончаровтардан көп шаруаның мəн-жайын үйренді...
— Жагор (Егор) маған қиын-қыстау кезеңде көмектесті, — деді
Тоқмырза...
— Ал менің Метрейім (Дмитрий) үй салуға көмектесті...
Садық күліп қойып, осынау жылы сөздерді жымия тыңдап отыр.
— Тимошка, Кузьма, Жагор, Метрей, тағы басқалар өздеріңіз айтқандай
жақсы адамдар екен. Ал Тимошканың туысы ғана жаман адам боп шықты
ғой солардан, — деп күлді Садық. Сөйтті де Аққұлға бұрылып сауал берді.
Ал сонда орыстарда қанша жақсы адам бар екен, қаншауы жаман болғаны?
— Жақсыларының көп болғаны ғой. Сол жирен Иванды қойшы! — деп
бұрқ етті Аққұл.
— Ал өзіміздің қазақтардың арасында сол жирен Ивандай желіккендер
қанша екенін білесіздер ме?
— Несін айтасың оның, — деп сөзге араласты Тоқмырза, — бізде де
есерсоқтар жетеді ғой.
— Ақылға салып көріңіздерші, — деді Садық, — толғанып, кеңесіп,
өздеріңіз ара қатынасты қалай жақсарту керек екенін айтыңыздаршы. Рас,
анау айтқан шиеленіскен жағдай болмағанымен, кейбір адамдар келісті
тірлігімізді бұзып жүр ғой...
Сіздермен ақылдасайын деген тағы бір жай — жер мəселесі еді. Бізде
жер көп, бірақ соны пайдалануда береке жоқ. Ленин — кім жақсы
пайдалана білсе, жер соныкі дейді. Ал біз ше? Біреудің жері шамадан тыс
көп, енді біреуде тук те жоқ. Осы да əділдік пе? Міне, осы жайлы сіздерден
салауатты ақыл күтемін, ақсақалдар. Ойланып-толғанып, кеңесіп-келісіп
екі-үш күннен кейін қауым атынан жауабын берсеңіздер деймін.


— Сенің айтқаның жөн, Садықжан, сенікі жөн, — деп гулесіп кетті
жұрт. — Ленин əділ бөлейік десе — болу керек. Бізге біраз күн мұрсат бер,
кеңесейік те өз тоқтауымызды айтайық...
Бұдан кейін Садық өзінің түрмеде болғанын, Сібірде айдауда жүргенін,
1916-жылғы қазақ көтерілісі жайлы байыппен айтып берді. Өзінің орыс
жолдастары туралы жылы лебіз білдірді.
Мен əкемнің тізесіне жантайып, демімді ішке тартып, үнсіз ұйып
тыңдап отырмын. Алайда бала қиялым барлық жайды толық түсінбей,
əңгіменің оқиғалы жағына ойыса берді.
Мен Садықты екінші рет 1924-жылы мектепте оқып жүргенде көрдім.
Садықты үйіміздің қарсы алу мен шығарып салу сəті əлі күнге дейін
есімнен кетпейді. Бұл бір ең қызықты сəт еді. Осы кеште ағайым тамаша
ұйымдастырушы атанып, содан бастап үй тірлігінің тауқыметі өз қолына
көшіп еді.
Жиналыстан кейінгі көкпар сияқты кеш бойы, түнімен сол кездесуде
Бірінші Май құрметіне əн айтылып жүріп еді. Содан бастап бұл күн біздің
ауылда дəстүрлі мерекеге айналған болатын.
* * *
Көкем қыстаудағы шаруашылығына күнде барушы еді. Əлденені
тындырып, түскі асқа келіп қайтатын. Бүгін де түскі тамақтан кейін азғана
мызғып алмақ болып жатқан. Шаршап келген бе, лезде ұйықтап та кетті.
Маған қораны сыпырып қоюды тапсырып еді. Бар ынтамен жұмысқа
кірістім. Əлдебір əнді ыңылдап көңілді жүрмін. Тіптен айналадағының
бəрін ұмытқандай, ешнəрсені де елер емеспін.
Оқыс шыққан айқайдан селт ете қалдым. Қарасам, Аққұл шал келтек
ұстаған бір топ адамды ертіп алып, біздің үй жаққа айқайлап адымдап
келеді екен.
— Ей, жаман сəуріктей болған қасиетсіз Момынқұл, шық бермен. Ар
алдында əділ жазаңды тарттырайын, — деп барынша айқайлады Аққұл.


Түрі бұзылып, жауар бұлттай түйіліп алыпты. Ешнəрседен аянар түрі
жоқ. Шүңірек көзі қанталап, өз ашуына өзі буынып тұр.
Мына топтың бір сұмдыққа бел буғанына шошынғаным сонша, киіз
үйге сүріне-қабына сүңгіп кеттім. Даусым қалтырап, тізем дірілдеп əрең
сөйледім.
— Ағатай, көкетай! Тұрыңызшы. Аққұл атамдар сені сабауға келіпті! —
деймін нені айтып, нені қойғанымды өзім де білмей.
Ұйқысынан əлі толық оянбаған көкем менің дегбірсіз сөзіме түсіне
қоймапты. Орнынан ұшып тұрып:
— Не деп оттап тұрсың. Есің дұрыс па өзіңнің, — деп зекіп қалды.
Бұл кезде тыстағылардың даусы да қатты шығып еді. Жабыла
даурығып, жамырай сөйлеп жатыр...
—Қалай екен, қалтырадың ба, қоян жүрек сұмырай! Шық бермен
деймін, жаның барда шық бермен. Естіп тұрмысың, ей сен.
— Өз шаңырағыңды бүркеніп бұғып қалмақсың ғой!
— Ер болсаң шық бермен! Əкеңнің əруағын сыйлап үйіңді сабай
алмаймын, тысқа шық.
— Ақымақ басыңның мылжа-мылжасын шығарайық. Көрінемісің көзге,
өзің?
Босағадан кимелеп, зікірлеп үйге бас сұғу, отау ішінде ойран салу
салтымызда жоқ нəрсе ғой. Сондықтан да Аққұл тобы ішке кірмей,
жиырма-отыз қадам жерде даурығып тұр. Көкем сыртқа шықса, лезде түтіп
жеп, көк ала қойдай етпек.
Оқалақ тиген малдай отауға сүйкеніп, үй ішінде ұрыс салған адамдарды
бүкіл жұрт айыптайды. Əруақты қорладың, от басының ырысын шаштың,
ошағымызды бұздың, ата-баба ардақтаған төрімізді сыйламадың деп
кінəлайды.
«Торғай да бұтаны паналайды, ал сен болсаң үйге тығылған адамның


өзін өкшелеп қоймайсың. Көргенсіздің ісі ғой мынауың» дейді ел-жұрт.
— Ер болғаныңды ұрайын! Сужүрек! Қорқақ! — деп жұлқынды жалпақ
бет, жайын ауыз Жақсыбай. Ол Аққұлдың үлкен баласы еді. Бет əлпеті
өзгеріп, түсі бұзылып, онсыз да келісімсіз өңі адам көргісіз болып кетіпті. f
Мына сөз өзге түгіл, жас болсам да жанымды жыланша шағып алды.
Ішімді у өртегендей күйіп барам. Бойымдағы қорқынышты жеңіп, тысқа
жүгіріп шықтым. Мынау анталаған ашулы топқа:
— Көкем қорқақ емес! Ол ұйықтап жатқан болатын. Қазір киініп
шығады! —дедім кіжіне сөйлеп.
— Əй, қаршадай болған жүгірмек, шіңкілдемей мұpныңның боғын
сүртіп ал! — деп баж ете қалды Жақсыбай. Оның үрейлі түрінен
шошынып, үйге қайта қойып кеттім.
Көкем сырттағы өзіне айтылған былапыт сөздерге əзер шыдап асыға
киініп жатыр екен.
— Қазір! Қазір! Асықпасаң, салпы аузың қанға толар! — деп тістеніп
алыпты. — Үй ішінен қолға ілінер нəрсе іздеп еді, көзіне ешнəрсе түспеді.
Көп кідіруге шыдамай құр қол жүгіріп шықты.
— Міне, мен де шықтым, не боп қалды, — дей бергенше, Аққұл тобы
əй-шайға қарамай, сойылды басына жаудырып жіберді. Айқайлап, шулап,
бастырмалатып төпеп жатыр.
Аққұл болса, өз тобына сүйсіне қарап, одырайып бір шетте тұра берді.
Көкем болса, жауып кеткен таяқтан басын қорғап, кез келгенін аяғымен
тепкілеп жүр. Менің көмейіме тас тығылғандай ызадан булығып, өзіммен-
өзім іштей арпалысып тұрмын. Болысайын десем, мына жұлқынған топтың
аяғының астында тапталып қаларым анық. Оның үстіне менде қай шама
бар дейсің. Көзім жасқа толып, бақырып жіберуге əзер шыдап тұрмын.
Сарт-сұрт еткен таяқ өз денеме тигендей түршігіп барамын. Сай-сүйегім
сырқырайтын сияқты. Жабыла талап жатқан тобырдың əділетсіздігіне
күйінемін.
Əйелдер шулап, азан-қазан болды да кетті. Жұлқысып, алысып


ырсылдаған ерлердің қырылдақ үніне, əйелдердің бажылдаған ойбайы
қосылып күңірентіп барады.
Кенет көкем қарсыласып, біреуінің таяғын тартып алды да, қоршаудан
сытылып шықты. Сөйтті де кілт бұрылып, Аққұл тобына қырғидай тиді.
Көкемнің бойына əлдеқандай күш құйылғандай құлшынып шыға келді.
Əлгілерді бет қаратпай шетінен сулатып жүр. Олардың қолдарындағы
қаруын қағып түсіреді де, өзі шүйлігеді. Қарсы жақтың жігіттері жауырыны
қайқаң етіп, шоқиып қала береді. Ең соңында Аққұлдың ұлы Жақсыбай да
жалпасынан түсті. Бəрі де топырақ қауып, тырманып жатыр. Жаңа ғана өн
бойым дірілдеп, қорыққанымнан не істерімді білмей алақтап тұр едім, енді
мəз-мəйрам болып қалдым.
Мына қорлыққа Аққұл шыдай алмады білем. Баласының сулап жатқаны
сүйегіне батты ма, кенет қолындағы таяғын көтеріп, көкеме қарай кəрі
арыстанша айбат шеге ұмтылды.
Көкем бұл жолы қорғанбады. Қолындағы келтегін лақтырып тастап, екі
қолын артына ұстаған күйі ашулы шалдың алдында тұра берді. Қанша
қағалсу көрсе де, үлкенге қол көтермегеніне менің де ішім бір түрлі жылып
сала беріп еді. Бірақ көзі қарауытып кетті ме, əйтеуір Аққұл шал əдепке
тосылған жоқ. Қолындағы таяқпен көкемнің қақ маңдайынан періп жіберді.
Жарылған бастан қара қан бұрқ ете қалды. Бетін қан жауып кетті. Аққұл
таяғын тағы сілтей беріп, кілт тоқтай қалып, мұңайып төмен қарады да,
еңсесі салға кеткендей бұрылып, соңына қарамастан бүкірейіп, кібіртіктеп
басып өз аулына тартты.
Жеңілген жігіттер оның соңынан бөкселерін сүйретіп, бастарын
салбыратып бара жатты.
Көкем қанын сорғалатқан күйі бықсып жатқан ошақ қасына келді де,
текеметтің шетінен кесіп алып, жарылған жерге киіз күйдіріп басты.
Кешке əкем келді. Біз бəріміз тұс-тұстан дуылдап жанжал жайын айтып
жатырмыз.
Көкем ұрыстың неден шыққанын өзі де білмейтінін əкеме барынша
түсіндіріп бақты. Бірақ əкем үнсіз отырып, «Əй, қайдам» дегендей басын
шайқай беріп еді...


Қақтығысқа себепкер болған орынсыз күдік екен. Шөп шабатын көп
сайдың біреуінде шөбі белуардан асатын бір сай бар еді. Сол сайдың
етегінде шөп жапырылып, тапталып қалған шұңқырға біреудің көзі түседі.
Ауылдың бір адамы осы арадан өтіп бара жатып: «Е, мына жерге ғашық
біреулер аунап-қунап, мейірлерін қандырған екен ғой», — деп көңіліне
күдік секем алады. Кім болды екен, адалды арамдап жүрген қай
антұрғандар екен деп əлек болады. Кенет ол жаңа келе жатқанда осы тұстан
менің көкем өткенін, көп ұзамай Жақсыбайдың əйелін алыстан көргенін
есіне алады. «Демек солар ғой көзге шөп сап жүрген. Шалғынға аунап,
ұрлық сезімдерін осында қосқан екен-ау. Бəсе, жайқалған шалғын бекерге
жапырыла ма? Қой, бұл жүгенсіздікті көріп біліп тұрып айтпағаным күнə
шығар. Мына адал некелерін бұзып, қос қарғыс атқанды дер кезінде жөнге
салу керек екен», — деп əлгі кісі жерден жеті қоян тапқандай Аққұлдың
үйіне тура тартады. Ұялмай-қызармай өз ойын болған істей түгел баяндап
береді.
Түндікті үйге мұнан артық масқара бар ма? Бетке шіркеудің үлкені де,
жұртқа күлкінің шегі де, шаңырақ абыройын айрандай төгу де осы емес
пе? Өсек ойран салды дегендей, байыбына барып болмай Аққұл əулетінің
аттан салғаны да осыдан екен.
Сол бір қақтығыстан кейін екі қатар қоныстас ауыл қырғи-қабақ болды
да қалды. Ағайын боп араласып, алыс-берісі жүріп тұрған қос ауылдың
арасына із түспей, құлаққа ұрған танадай тынып еді. Аққұл ауылының ер-
азаматы біздің жақта қайтпас есесі кеткендей тістеніп жүр. Жайдары
ауылды жабырқау зіл басты. Апта бойы екі ауылдың адамы ала көзбен
атысып жүрді.
Күйеуі сілейте соққан сорлы əйел бір сырлас əріптесінің үйіне
тығылыпты. Қанына қарайып алған Жақсыбай шаңыраққа кіруден бата
алмайды. Сөйтіп əйелі осы үйде паналайды.
Аққұл əкеме адам жіберіпті. Мына қақтығыстың билігін өзі айтып, ұлы
мен келінін ажыратып берсін, адал некені былғаған күнəкəрларға үкім
шығарсын деп сəлем айтыпты.
Əкем хабарманнан қайта сəлем жолдады. «Біріншіден — інім мен сенің
келініңнің арасындағы күнəнің ақиқатына көзім жетпейді. Екіншіден —
аппақ сақалыңмен ақ-қараны ажыратпай жатып зəбірлендім деп жар салған


өзіңсің. Сондықтан басқа қалың рудан би шақырып дауласу — сенің
міндетің, Аққұл. Екеуміз де соның алдында жүгінейік. Ол қалыстығын
айтар. Мен болсам жауапқор ретінде алдыңа бармақпын, сен де
жауапкерлігіңді ойланып барарсың» деп қайтарды əлгі хабарманды.
Екі аптадан соң ел ағалары жиылып, үкім айтуға билер бас қосты.
Əдетте мұндайда екі жаққа да қалыс ағайын ғана үкім айтады. Бір жағына
бүйрегі бұрмай аралық əділдігін солар білдірмек. Билікті Жарымбет
ақсақал жүргізеді екен. Ұзын бойлы, ет-жеңді қарт өте жабырқау еді. Іштей
езіліп, қатты қиналып отырғаны түрінен білініп-ақ тұр. Жұртқа қабағының
астынан түнере, тұнжырай қарайды.
Аққұл тобы оң жаққа жайғасты да, айыптылар тобы саналған біздің жақ
сол қанатқа тізе бүкті. Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір
жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да
ерлер. Еркектердің ісіне қол сұқпайтын қатал əдет өз күшінде еді.
— Уа, халайық. Тірі пенде тірлігінде не көрмейді. Ащының да дəмін
татып, ауыртпалық та арқалайды. Күнəға белшесінен батып, ары алдында
азапқа да түседі. Біреудің обалына да қалып, көз жасына да ұшырайды, —
деп бастады сөзін Жарымбет бəсең үнмен. — Жұмыр басты пенденің бəрі
— күнəһар. Бірақ соны біреу білместікпен істесе, енді біреу албырттықпен
алданып қалады. Тек сол күнəңді шын жүрекпен адал мойындап арыңа
жүгінсең ғана, сол күнəнің ауыртпалығын бар болмысыңмен сезіне білсең
ғана қаныңа түскен қара күйені кетіре аласың. Жауласқан жұрттың
жұлынын босата аласың, ағайынның араздығын жоя аласың. Сендер, екеуің
де — бір атаның ұлысың. Қысылтаяң кезеңде бір арнаға бірігіп, бір рудың
намысын ту ететін туыссыңдар. Бір дəннен көктеп шыққан жеміссіңдер.
Біріңнің жаның қиналса, екіншің қанат астына қымтап қамқор болар
ағайын едіңдер, — деп барып тағы тоқтады
Жарымбет. Ауыр күрсініп алып, сөзін қайта жалғастырды.
— Менің төрімнен көрім жақын кезімде сендер мені ауыр нəрсені шеш
деп шақырып отырсыңдар,— деп шал тағы бір күрсінді. — Аталас елдің
атына лайықсыз, туысқанның түңлігін қаралайтын көргенсіз тірліктің
үкімін айт дейсіңдер. Қиналып отырмын, қынжылып отырмын. Жүздеріңе
тік қарай алмай жүйкем құрып отырмын, ағайын. Айтыңдаршы өздерің.
Əділін ақтара айтыңдаршы. Қалысын айту маған да оңай соқпай отыр ғой.


Алдымен сен сөйлеші, Аққұл, — деп оң қанатқа мойнын бұрды.
Аққұлдың əжімді жүзі жыбырлап, өзі құрысқандай бір уыс болып,
бозарып сала берді. Қанын ішіне тартып қатайып алыпты. Қамшысының
сабымен жер тіреп жүгініп отырып ашынып сөйлеп кетті:
— Нені айт дейсің, мен бейбаққа, Жареке? Қартайғанда жарық дүниеге
тура қарай алмай, бетім күйіп қалған жоқ па? Ақ сақалыма қара күйе
жағылды, ақ басыма қара дақ таңылды. Несін айтайын, бетке шіркеу белгілі
күнə емес пе, Жареке-ау, — деп Аққұл кенет қалшылдап, қамшысын
көтеріп, байбаламға басты. Қалш-қалш етіп орнында əзер отыр. — Мына
жаман сəурік менің шаңырағымның арын былғады, əулетімді күлкі-мазақ
қылды ғой.
—Сабыр ет, Аққұл. Егер сен оңды-солға қарамай аузыңа келген
былапытты ақтара беретін болсаң, қамшы көтеріп қайта дүрліксең, əділдік
іздеп несін шақырдың. Бізді ауылыңнан қуып шық та, бұдан былай да
білгеніңді істей бер! — деді Жарымбет сұстанып. Аққұл абыржып жым
болды. Жарымбет оған жан ашығандай қарап, енді жайлап үн қатты:
— Өзің ойлашы, Аққұл! Өзің де кішіге ақыл айтар, жұртқа елдікті айтар
жасқа келдің. Құдайға шүкір, бір елдің ақсақалы аталып, құрмет тілейтін
жасқа да жеттің. Тым болмаса сол сияқты біздің сақалымызды сыйлап,
қызбалығыңды доғарсаңшы.
Аққұл үн қатпай отырып қалды.
— Сен сөйле, Момыш, — деді Жарымбет əкеме қарап.
— Жареке, бұл жай туралы жарытып сізге еш нəрсе айта алмаймын-ау.
Бұл қақтығыстың басы-қасында жоқ едім. Көрмеген адам көңілмен
болжағанмен, əділін айта алмай жүрсем, айып емес пе? Інімнің өзі
сөйлесін. Өзін-өзі ақтауға, ақиқатын айтуға, əділдікке жүгінуге жарап
қалған жоқ па. Өзі баяндасын, Жареке! Мұның өз тізгінін өзіне бердім.
— Ал сөйле, Момынқұл! — деді Жарымбет баяу үнмен, көкеме қарап.
Көкем абыржыған жоқ. Үлкендерге ізет көрсете жүгініп отырып, сөзін
бастап кетті:


— Жареке! Əміріңізге құлдық. Мен Аққұл ақсақалмен айтысып, бет
жыртысып жатуға ұяламын. Үлкенмен тіресіп, жарыса билік сұрау менің
бойыма сыятын биіктік емес. Өйткені Аққұл ақсақал — туысқаным,
ұстазым, ақылгөйім, тəжім етер ағайым. Айтқаныңыз болсын деп
алдыңызға басымды тігуге бармын. Қылша мойнымды қылышыңызға да
тосар едім. Ауыртпалығыңызды аянбай көтеріп, азабыңызды мыңқ етпей
арқалауға əзірмін, Ақа. Бірақ бетіме ыстық судай шашылған осы бір ұятты
жала түсінбестіктен туып отыр. Бұл өсек сөздің бықсыған отына тірідей
қақтаумен тең емес пе, ақсақалдар-ау. Байыбына бармай байбалам салған
Ақаңа қатты ренжулімін. Жылан тілді бір өсекшінің əзəзіл сөзі үшін
ағайынның беті күйіп, байғұс келініңіздің жүзі төмен боп отыр. Аппақ
арына сасыған қоқсықты аямай төге салмадыңыздар ма? Əйел жаны
осыншалық əділетсіздікті көтере ала ма? Біздер əйелді адалдықтың айнасы,
тазалықтың тұнығы деп білмеуші ме едік. Сол бейкүнə тазалықты өз
қолдарыңызбен былғадыңыздар ғой.
Осы тұста:
— Өшір үніңді, күшік. Қарғыс жаусын саған, — деп ышқына айқайлады
Аққұл қарт Аққұлды ала көзімен атып жібере жаздады. Шыдамай зекіп
жіберді.
— Бəлкім менің орныма өзің би болып отырарсың, Аққұл?
Аққұл тағы да жым болды. Осы үнсіздікті пайдаланып, көкем қайта
сөйлеп кетті.
— Ақа, мен сізді туған ағамнан артық көріп сүюші едім. Əлі де сол
сезімдемін, — деді көкем басын таңған орамалды түзетіп қойып. — Сіз мен
туралы не ойласаңыз да еркіңізде. Алайда əзəзіл біреулер сізді ақ жолдан
тайдырып отырғанын түсінсеңіз деп тілеймін. Ант етейін, алдыңызда арым
таза. Мен сізге қол көтергем жоқ. Сіз таяқтады деп тағы да өкпелемеймін...
Бас жарылса, бөрік ішінде демей ме, үлкен ұрса, іні шыдар. Ал қалған
топтан тек қана қорғануға тура келді. Қарап тұрып өлем бе, жабылып
сабағанына шыдай алмадым.
— Мен саған мына шіріктерді шетінен ұрып құлатты деп
кінəламаймын, — деп Аққұл өз тобына жиіркене бір көз тастады. —
Өңшең мұндай шіріктерді сен ұрмасаң, басқалар ұрып жығар еді. Шірік,


шірік,— деп сұқ қолымен өз тобын сұғанақтады.
Көкем мұнан соң Жарымбеттің сұрағына жауап беріп, қақтығыстың
қалай болғанын айтты.
Жарымбет көкемді зейін қойып тыңдап алды да, қырау шалған қабағын
тұнжыратып, қасын қинала керді. Сонан соң Аққұлға ала көзімен қарады.
— Жайбарақат жатқан адамға жабылғаның қалай, Аққұл? Он адамға
келтек беріп, бір адамға айдап салып қарап тұрғаның қалай? Саған тағылар
бірінші айып осы болмақ. Жасынды сыйлап, басыңды сыйлап, сақалды
сыйлап қол көтермеген адамға таяқ жұмсағаның қай сасқаның, Аққұл?
Үлкендігің осы ма? Саған тағылар екінші айып осы!
Аққұлдың басы салбырап, жер шұқылап отыра берді. Кенет шеткі
отаудан əсем киінген сымбатты келіншек көрінді.
Ол батыл басып, əйел бас сұқпайтын мынау даулы ортаға қарай келе
жатыр. Жұрттың бəрі аң-таң. Аққұл өз келінін көріп шоршып түсті. Екі
қолын ербеңдетіп, сасқалақтап, жалбарынған үнмен:
— Қайт, балам! Қайт, балам! Қайта ғой, шырағым, қайта ғой,— деп
қалбалақтады да қалды.
Иə, оның үнінде бұйрықтан гөрі жалыныш, зекуден гөрі жалбарыну
басым еді. Бірақ əйел жалынышын естімегендей топқа қарал қадамын соза
басып келеді.
Əйел жақын келді де, үлкендерге иіліп сəлем берді. Əкесінің қасында
бүрісіп отырған күйеуіне жек көре бір қарады. Қанын ішіне тартып
бозарып кетіпті. Жанары ызалы ұшқын атып, жас тығылып тұрғандай.
— Көргенсіз деп жүрмеңіз, айналайын атажан. Үстімізге баса-көктеп
келді деп көңіліңізге ауыр алмағайсыз, жарықтық! — деді ол Жарымбетке
бұрылып. Үні мен қимылының батылдығы сонша, тіптен отырғандардың
біреуі де «тəйт əрі» дей алмады. — Мен де біреудің перзенті едім. Жат
жұрттық боп жаралды демесеңіз, мен де ата-анамның аялап өсірген баласы
едім. Қыз боп туғаныма қорланбап ем, мына қорлық сай-сүйегімді
сырқыратты ғой. Сіздер де ұл-қыздың атасысыз ғой, жарықтық. Сіз үшін ұл
мен қызыңыздың арасында ала-құласы бар ма? Екеуінің де бақытын тілеп,


əлдилеген əкенің бірі сіз емес пе едіңіз? Перзенттің бəрін бірдей көру, бəрін
бірдей аялау ата-ананың парызы емес пе еді. Мені де əке-шешем
маңдайымнан шертпей, ұлдан кем көрмей өсірді.
Босағамды оңғара көр деп ақ тілеумен алдарыңызға алғаш келгенде,
алалау көрем деп ойлаппын ба? Өзге табалдырықты аттап, өзге отаудан,
өзге елден бақыт іздеп келін боп келгенде, қағажу көрем, қақпай көрем деп
өңімде ойлап, түсімде көрем деппін бе? Келіннің қуанышы өзге қуаныштан
кем бе еді, ата! Мен де сіздің балаңыз емес пе едім? — деп Аққұлға қарады.
— Мен де осы босағаны сондай ізгі үмітпен аттап едім. Амалым қанша,
алдаған екен үмітім.
Жарықтық, алдыңызға мен де бір балаңызбын деп келіп тұрмын.
Амалсыздан əдепсіз көрінгендей жайым бар. Айыпқа бұйыра көрмеңіз.
Келмей тұра алмадым. Кеудемді бір жалын кеулеп, запыран құсқандаймын
қазір. Тыңдай көріңіз мені. Рас, мен жалғызбын, қорғансыз əйелмін. Маған
ара тұрар адам жоқ. Жаман еркектің əлі жақсы əйелге жетеді дегендей, тап
қазір қай еркек болса да сабап, тіптен өлтірем десе де шамасы келеді.
Табанда осы жерден қуып шығамын десеңіздер де еріктеріңізде. Алайда
мені тыңдауға, аз ғана көңіл бөліп, жайымды ұғуға дəтіңіз шыдай ма,
жарықтық? Тыңдайды деп келіп тұрмын!
Бұл сөздің бəрін келіншек бойындағы дірілін, кеудесіндегі ызасы мен
толқуын жеңіп тұрып, қолмен қойғандай, шегемен қаққандай айқын
баяндады. Адал адам ғана осылай батыл сөйлей алады деп ойладым мен
ішімнен. Өйткені оның сөзі жан сезімнің нұрын шашып, жалаға қарсы
жалындап тұр еді. Əйелдің бүкіл бітімі, жан дүниесі, тіптен киімінің əр
түймесіне дейін əділетсіздікке деген айбатын айқын танытатын сияқты.
Қаны қашып, сұрланған жүзі қуқылданып көрінсе де, батыл шешімнің,
ұстамдылықтың, өжеттіктің нышанын əйгілей түседі.
Жарымбет ақсақал да, өзге жұрт та келіншектің батылдығына қайран
қалып ұйып отыр. Қарт келіншектің бетіне тура қарап еді, одан сезіктенуді,
əлде имену нышанын аңғара алмады.
— Айта ғой, балам, айта ғой, — деді Жарымбет абыржып. Сөйтіп екі
қолымен сақалын кезек-кезек сипай берді.
—Мен алдарыңызға келгенде,—деді Зəуре өзін-өзі əдепті ұстап, —


сіздермен айтысайын, тартысайын, соттасайын деп келгем жоқ. Ондай күн
туса, ол үшін жаңа заманның соты, Советтің əділ заңы бар. Алдымен соған
жүгінем. Ол соттың алдына ерлермен бірдей өз сөзімді өзім айта алам.
Маған арашалаудың керегі жоқ. Бірақ айтайын дегенім ол емес еді. Мен
сіздердің алдарыңызда, мына күйеуіме өз шешімімді естірте кетейін деп
келіп тұрмын. Өйткені осының байбаламымен жұрттың бəріне күлкі
болдық. Сөйтіп тектен-тек мазақ болып, жұрт көзіне түрткі боп тұрмын.
Таза жүрегім өсектің қозына көмілгендей, өне бойым ұяттан өртеніп
барады. Енді бұл күйікке шыдай алмаспын. Жаңа өкімет еркіндікке,
теңдікке ерік беріпті. Сол теңдігімді енді пайдаланам. Масқара боп жүре
алмаймын. Сондықтан, бұл үйден біржола кетуге бел байладым.
Қараниеттің қасында қалуға енді менде шама жоқ.
Мына сөзді естігенде, отырғандар ауыр күрсініп алды.
— Келгелі өзіңізден кейіс естіп көрген жоқ едім. Қабақ шытып,
көңіліме тиген жоқсыз. Мұныңызға мың да бір рақмет, ата. Алдыңыздан
өтіп, қоштаса кетейін деп келдім,— деді Зəуре енді Аққұлға бұрылып.
— Не дейсің, балам, не дейсің! — деп кемсеңдей берді Аққұл. Бірақ
Зəуре бұл сөзді естімегендей Жарымбет жаққа бұрылып:
— Жарықтық, мені төркініме жеткізіп сал деп, бір жігітке тапсыруға
жарайсыз ба? Сізге айтар тілегім осы еді, — деп Зəуре енді күйеуіне тесіле
қарады да. — Ал, сенің босағаңнан тірі жүріп аттамаспын, — деді.
Ақсақалдардың алдында тағы да кешірім сұрап, келіншек бұрылып
жүре берді. Жұрттың бəрі томсырайып, төмен қарап отырып қалды.
Қолайсыз тыныштықты ешкім бұза алмады. Жарымбет ақсақал абыржып,
алақанын уқалай берді. Ақыры қатты күрсініп:
— Байғұс бала-ай, əбден қорланған екен-ау! Төрімнен көрім жақын
кезінде оған мен тоқта деп айта алмаймын. Төркініне апарып салыңдар.
Біраз ата-анасының алдында жүріп ашуын басар, ойланар!.. Менің айтарым
осы, көпшілік, — деп қарт орнынан тұрып, атына қарай жүріп кетті.
Қайтарда Зəуре жайлы əркім əрқалай толғанып келе жатты. Алайда бəрі
де бишара əйелге керемет қиянат жасалғанын іштей мойындап еді...


Кенет арт жақтан əжемнің даусы естілгендей болды: «Есуас болсаң да.
бүгін өзіңді ақылды ұстадың», — деді əлгі дауыс.
Мен бұрылып қарасам, сөйлеп келе жатқан əжем емес, əкем екен.
Əкемнің үні мен даусы əжеме ұқсас еді. Қатарласып келе жатқан інісіне
айтқан екен əлгі сөзді.
* * *
Ақ жауын нөсерлетіп төгіп тұр. Əулиеата көшелері лай судан көлкіп,
батпағы молайып, миы шығыпты. Қалың жаңбырдан ықтап, елдің бəрі
біреулері ағаш түбін, біреулері сарай, үйдің ығын паналап тұрған кезі.
Осынау жауын ғана билеген тым-тырыс көшеде батпақ кешіп, ат сабылтып
жападан-жалғыз біреу келеді. Басындағы қара бөркінен, үстіндегі сұр
шекпенінен су сорғалап, ат жанынан аунап түсіп жатыр. Оны байқап келе
жатқан ол жоқ. Табиғаттың осы бір бейжай сəтімен тақасқандай ешнəрсені
де елемей ат үстінде жайбарақат келе жатқан сияқты. Қашаннан қамшы
салдырмай үйренген «Көкшолақ» мінерінің, сырлас саяткерінің осы сəттегі
мұңды күйін сезгендей, ұзын мойнын ілгері созып жалынан аққан жаңбыр
суын жан-жағына бүркіп, аяғын көсіле тастап келеді.
Атты кісі ешқайда бұрылған жоқ. Қала орталығындағы уездік
комитеттің үйіне келіп, аттан түсіп, шылбырынан бір ағашқа байлады.
Құлақшынын қолына алып, бір сілкіп тастады да, əлгі кісі ішке батыл еніп
кетті. О л бірден уездік комитет секретарының есігін ашып еді.
— Ау, Ақаңбысыз, ассалаумалейкүм, Ақа! Ақ жауынның астында сізді
не айдап келді?
— Арым айдап келді, Садықжан.
— Онда жоғары шығыңыз, ағатай. Ал тыңдадым сізді, Ақа.
— Құдай да менімен бірге жылап тұр ғой, шырағым. Жылаған жан
жылы орын іздемейді екен. Жауыннан жасқанатын қандай халім қалып еді
менің, — деп Аққұл даусы дірілдеп, дегбірсіз үн қата берді.
— О не дегеніңіз, Ақа. Не боп қалды? — деп Садық қарттың малмандай
су болған шекпенін өзі шешіндіріп, шегеге іліп қойды.


Аққұл үн қатқан жоқ, кірпік-қасына тұрған жаңбыр суы қыстың
қырауындай жылт-жылт етеді. Ол қаз тізілген орындықтың біреуіне сылқ
етіп отыра кетті.
— Естімеп пе едің халімді, Садықжан? — деді Аққұл аз үнсіздіктен соң
тұнжырай тіл қатып. — Осынша жасқа келгенде шерменде болып, алдыңа
арыз айта келіп отырмын. Келінім кетті, үйім берекесіз болып қалды. Бір
əзəзілдің өсегіне еріп, өз қуанышыма балта шауыппын мен бейбақ. Кінəсіз,
күнəсіз келінімді халық алдында қаралап, қас масқара болыппын. Көргенді
жердің көркем қызы еді. Өсек сөз жарқынымның өзегін өртеп жіберіпті
ғой. Шыдай алмады. Отауыма өсек сөз ойран салыпты. Бізді тастап
төркініне кетіп қалды. Мен жерге отырып қалдым. Бір ақымақтың
бүлдіргенін, жүз ақылды түзете алмайды демеуші ме еді. Менің жайымды
Жарымбет те, Момыш та түсінбеді ғой. Айтқанымды өткізе алмадым
оларға да. Ел-жұртқа беделің бар, жасың кіші болса да, талай жұртқа ақыл
айтар азамат едің, шырағым Садықжан. Сенен көмек сұрай кеп отырмын.
Құдаларыммен сөйлесіп, келінімді ошағымның басына қайта қайтаруға
септігің тиер ме деп кеп отырмын. Келінімнің береке екенін де, мереке
екенін де енді түсінбедім бе мен бейбақ. Амалым таусылып, ақылым
алжып, алдыңа келген жайым бар, жарқыным. Қайғыма ортақ болғын,
қарағым!
Аққұл бұдан ары сөйлей алмады. Иегі кемсендеп, көзінен жас парлап
бара жатты. Садық осынау ел алдында өзін еркін ұстайтын, ауылының алға
тұтар ақсақалы болған маңғаз Аққұлдың еңсесі түсіп езілгенін тұңғыш рет
көріп отыр. Кəрі көзден шыққан жас бетінен сорғалай ағып, ақ мұрты,
салалы сақалынан мөлдірлей тамшылап аққанда, Садық ішінен жылап
жібере жаздады. Бірақ та ұстамдылық өз орнын алды. Жүрегіндегі ақиқат
лебізін, шындық сөзін айтпай отыра алмады.
— Солай ма еді, Ақа-ау! Қиын болған екен ғой. Мына жай менің де
қабырғамды қайыстырып отыр, Ақа... Əйтсе де, Ақа, менің билігім Зəуреге
жүрмейді. Оған сіз дұрыс түсініңіз.
Мен сіздің жүрегіңіздің шын сөзін айтып отырғаныңызды білем. Орны
толмас опынуға да түскеніңізге де түсінем. Əйтсе де құдаларыңызға бара
алмаймын. Зəурешті сіздің қолыңызға қайтар дей алмаймын. Əділдік
дегеннің, əділ заң дегеннің мəні де осында ғой, Ақа. Оған менің бұйрығым
жүрмейді. Зəуре арқа сүйеген, Зəуре медеу тұтып, батыл шешімге келген


əділдік аты сіздің айтқаныңызды қабылдай алмайды. Осыны дұрыс
түсініңіз, Ақа.
Екеуі томсырайып үн қатпай, бір-бірін сынағандай орындарынан
қозғалмай отырды. Тек сырттағы жауынның тырс-тырс етіп терезеге тиген
тамшылары ғана «ей, бейшаралар» дегендей естіліп тұрды. Əлден соң
Аққұл орнынан тұрып:


— Айтқан ақылыңа рақмет, қарағым Садықжан. Ақымақ бақыттың
басына қонғанын білместен, ұшқанын бір-ақ сезеді деген осы екен ғой,—
деп күрсінді.
— Рақмет, Ақа, түсінгеніңізге! Бұл сөзді сізден басқа болса айтпас еді,
сізден басқа болса бұлайша өкінбес те еді. Ағат жібергеніңізді аңғарып,
қартайғанда ауыр кінəнің азабын бір басыңызға арқалап, ақиқатқа,
əділдікке жүгінгеніңізге рақмет, — деп Садық Аққұлды киіндіріп, кебісін
қойып, қолтықтап сыртқа шығарып аттандырды.
* * *
Зəуренің ісі жылға созылды. Құдасының ауылына Аққұлдар талай-
талай ат салыпты, кешірім сұрап келінін қайтаруды өтінді. Бірақ Зəуре
айтқанынан қайтпады. Ақыры өз қалауымен қалыңсыз-ақ ерге шығып кетті.
Аққұл болса, өмірінің соңғы шағына дейін Зəурені ойлап бармағын
тістеумен өтіп еді.
Бұл біздің аймақтағы жаңа заманның, жаңа өмірдің жақсылығын көрген
алғашқы əйел болатын...
* * *
Ауылдың айналасындағы сай-сала шұрайлы шөпке тұнып тұратын. Ел
əр сайды иемденіп шөбін шауып алады. Шөп піскенше, төңірек самал
желге толқып, теңіз бетіндей тербеліп жатушы еді. Пішен шабыс келгенде
сол толқынның əр шетінен орақ тиіп, жал-жал шөп қалып жататын.
Гончаровтардың үй-іші шабындық кезінде де бізбен бірге болады.
Уəделі күні арба жегіп, ат жетелеп, шалғысын қайрап келіп тұрғаны.
Жаз бойы қырқа қуып, шөп шауып жүргенде, бозғылт денелері күн
көзіне қақтанып күреңітіп болады. Сол сəтте бəрі ажарланып кеткендей
көрінетін. Гончаровтардың шалдан өзгесі түгелдей жалаң аяқ, жалаң бас
жүретін. Тек шал ғана жамаулы етігін тастамайтын. Ыстық күнде аяғын
желдетпеген соң шуаш иісі бұрқырап жүруші еді.
Гончаровтар шетінен боз көйлек киетін. Желпінуге ыңғайлағаны ма,
əйтеуір кең етек далбағай көйлекке құмар-ақ.


Олар арба-аяғын салдыратып асығыс келеді де, жау қуғандай
құйындатып шабындыққа асығады. Шай қойып, дастарқан жаюға да мұрша
бермейтін.
— Жұмыс қалын барады, Момыш. Жайбарақат жататын кез емес қой.
Бесбармақты кейін жейміз, — дейтін Кузьма шал.
Əкем мен көкем ат ерттеп асыға бастайды. Мен Гончаровтардың үлкен
арбасына жайғасамын.
Мұндай көлікке бұрын-соңды мінгенім осы еді. Біртүрлі қорқып
отырдым. Арба орнынан қозғалғанда, мен шабағынан ұстай алдым. Жүрген
сайын секіректей береді екен. Гончаровтар маған күліп жатыр.
Василийдің мақтанғысы келді ме, əлде мені батылдандыра ма, əйтеуір
ешбір сескенусіз-ақ арба үстінде ары-бері жүгіріп қояды.
Алайда қалжыңбас Тишко аттарға қамшы басып, желдіре жөнеліп еді,
мен жақтаудан айрылмастай жабыстым.
— Тишко мұның не? — деп айқайлайды Манька, — жаймен
айдасаңшы. Əйтпесе мына қара қазақтың көзі тас төбесінен шығатын түрі
бар.
Тишко маған бұрылып қарады да, қарқылдай күліп тізгінді тартты. Ат
аз ғана кідіргенде, арбадан секіріп түсіп, қаша жөнелдім. Василий қуып
жетіп, арбаға қайта мінгізбек еді. Мен тырысып болмадым.
— Соны қойшы, Василь! — деп айқайлайды Манька. — Өз обалы өзіне.
Жаяу жүре берсін, сайтан. Василий мені көндіре алмағанына ызаланса
керек, жағымнан салып қалды да, арбаға қарай жүгірді. Мен қуып жетіп,
бөз көйлегіне жармастым. Екеуміз де қайтпай төбелестік. Тишко жүгіріп
келіп ажыратып жіберді.
Ашуым тарқар емес. Жерден тас алып арба соңынан атқылап келем. Бір
тас Маньканың жауырынына тиіп еді, Манька баж ете қалды. «Ой, тентек
қазақ! Шайтан! Албасты!» деп кіжініп тұр. Мен əлгі сөздерді қағып алып,
өзіне қайтарып айттым. Шамасы орысша сөздерім мандымаса керек.
Гончаровтар іштерін басып күлкіге кенелді де қалды... Бұл ашық күлкі
біздің татуласқанымыздың алды екен. Тишко Василий екеуміздің


арқамыздан итермелеп, бір-бірімізге жақындатты да, қолымызды алдырды.
Сонан соң мені өзінің қатарына отырғызды.
Біздің шабындығымыз жазықтау алқап еді. Гончаровтар мұнда
келісімен аттарын ту сады да, бірден жұмысқа кірісіп кетті.
Шалғылар шыңдалып, жүзіне қайрақ жүрді. Сонан соң Кузьма шал бір
шалғыны алды да, жайқалып тұрған суға сүңгітіп жіберді. Сол-ақ екен,
əлгінде ғана жайқалып тұрған шалғын жапырылып түсе бастады. Шалғы
сүңгіген сайын, бірқалыпты сусылдақ сыбыс есті де отырды.
Біраз жерге дейін шалғы сілтеген Кузьма ентігіп барып тоқтады, үлкен
ұлына дауыстады.
— Сашко! Сен немене, орақты дұрыс саптамағансың ба? Белдемесін де
дұрыс орнатпапсың. Сілтеген сайын зіл тартып, омыртқаңды үзе жаздайды.
Сашкосы қолына балғасын ұстап жүгіріп келді.
— Қазір, əке! Бəрін де орнына келтіреміз. Ұстараның жүзіндей
қылпытып берем. Майға салған пышақтай сусып жүре беретіндер болады,
— деп баласы жүре сөйлеп шалғыны жөндей бастады.
— Сөйт шырағым, сөйт,— деді əкесі мейірлене сөйлеп.
Сашко балғасын еппен жұмсап, орақтың мойнын біраз тықылдатты.
Сонан соң сабын жөндеді.
— Белдемесін жоғарырақ жылжыт, балам.
— Өзім де сөйтіп жатырмын, əке — деді Сашко қайысты тартып тұрып.
Шалғыны жөндеп болып, ол ары-бері сілтелеп сынап көрді де, əкесіне
əкеп берді.
— Енді қатып кетті, əке! Өзіңіз байқаңызшы.
Шал шалғыны қолына алып, сынады да, ұлына ризашылық білдірді.
— Дұрыс бопты, шырағым.


Шал өзінің бастап қойған жеріне барды да, бал тарта берді. Енді оның
тек екі қолы қимылдап тұрғандай сезілді.
Орылған жердің қыртысына дейін көрініп, шалдың соңында түп-түзу
ұзын жол қала берді. Əлден соң шал соңына көз тастады да, дауыстап əмір
берді.
— Ал, балалар, орақты бастаңдар!
Сол-ақ екен, Сашко, Мефодий, Тишко тізбектесе тура қалды. Алдымен
Сашкосы, сонан соң он қадамнан кейін Мефодий, оған ілесе Тишко түсті.
Бұлардың соңынан ала көкем шалғынға шалғы сүңгітті. Енді бір қарасам,
қатар тізілген бес жолақ ну шөпке жарыса сүңгіп барады екен.
Шал төрт жігіттің алдын тосып, ақыл айтады.
— Сашко, сен асықпа.
— Мефоднй-ау, мұның не? Тас лақтырғандай құлаштайсың ғой.
— Тегістеу ал, Тишкожан.
— Момынқұл, сен жауырыныңа жүк артқандай құнжиып алыпсың.
Бойыңды тіктеу ұстасаң, өзіңе жеңіл тиеді ғой.
Алдыңғы төртеу бір қалыпқа түскендей бірінен-бірі қалысар емес.
Сайма-сай қимылдап, сап түзеп барады. Көкем қатар бұзбайын деп қанша
тырысса да болмады.
Шал «таусоғар» көкемнің қолапайсыз қимылына шыдай алмай қасына
келді. Көкемнің шалғысын алып, өзі шауып көрсетті.
— Міне, осылай шапсаңшы, Момынқұл. Күшіңді босқа тауысасың ғой.
Тишко бұл сөзді көкеме аударып түсіндірді.
Бұдан кейін Гончаровтар қайтадан сап түзеп бір қалыппен алға жылжи
берді. Көкем қалыспай-ақ келеді. Бірақ терлеп пара-парасы шығыпты.
Шаршағаны сонша, тіптен сілтеген шалғысы аспанды қаңғалақтап барып
тұмсығымен жер сүзеді.


Осылайша екі-үш балдан тартылды. Көкем ентігіп, екі иығынан дем ала
бастады. Ал Гончаровтар əбден əккіленіп алған ба, сыр білдірер емес. Алға
сырғып барады. Төртінші қатарға түскенде көкемнің шалғысы жерге
қадалды да, сабы морт сынды. Көкемнің өзі орақтың жүзіне құлай жаздап
жер тіреп тұрды. Дүлей күшке шыдасын ба, шалғы қақ бөлінді.
Кузьма шалдың шыдамы таусылған екен. Көкемді түтіп жіберердей
төніп келіп, айғайға басты. Ел ішінде жүріп үйренген жалғыз сөзін
қайталап «ахмақ!» дей береді. Сонан соң қолын оңды-солды сермеп,
ұлдарына əлденені орысшалап нұқи бастады.
«Əйгілі тілмаш» Тишко əкесінің бастырмалата сөйлеген сөзін аударып
үлгере алмады. Мен өзіме таныс «Сайтан! Албасты!» деген сөздерді
айнытпай ұғып тұрмын. Көкем ұялғаннан басын төмен салып, бірдеме деп
қазақша міңгірлеп еді, оны өзінен басқа ешкім де естіген жоқ.
— Əкем айтады, — деді əлден соң Тишко, шал аздап басылғанда, —
Момынқұл сенікі үлкен ақымақ, басқа аз-маз істейді. Сенікі орақ емес,
арбаны да сындырады.
Кузьма шалдың осынша күшке таңырқағанын сезген көкем көтеріліп
қалды. Күліп жіберді де, кешірім сұрады. Ертең базардан бірнеше шалғы
сатып əкелмек болды. Ал Кузьма көбірек ескертпе жасаса, тезірек үйреніп
кететінін айтты.
Мұны естіген Кузьма да жұмсарып, көкеме өз шалғысын ұсынды. Өзі
қатарынан қалмай көкемнің қимылын бақылап, үйретумен болды. Əкем
арбаның көлеңкесінде отырып алып, шалғыларды шыңдайды. Біз Василий
екеуміз əлгінде ғана жол үстінде шекіскенімізді ұмытып, көбелек қуып мəз
болып жүрміз.
Біздің міндетіміз — тұсаулы аттарды бақылау. Аздан соң Василий
екеуміз əңгімеге көштік. Ол шіркеудің қоңыраулары қалай соғылатынын
айтып берді. Тап осы сəтте алыстағы орыс поселкасынан шіркеу
қоңырауының даусы талып естіліп еді. Василий əр қоңыраудың дауысын
танып, үніне қосылғандай басын изеп құптайды. Алғашында күңгірлеген
жуан дауыс естіліп еді, бірте-бірте жіңішке үн молая бастады.
— Тыңдашы, тыңдашы, — дейді Василий ентелей құлақ түріп. — Мына
дауыс — ең кішкене қоңыраудікі. Екеуміз де кішкене қоңыраудың үнін


ұнаттық. Мен Василийден:
— Ауылдарыңа барып, шіркеулеріңнен қоңырауды көруге бола ма? —
деп сұрап едім, ол жолатпады.
— Жоқ, саған болмайды. Əулие атамыз мұсылмандарды шіркеуге
жібермейді.
Менің лепірген көңілім басылып, кəдімгідей мұңайдым. Өйткені
шынымен-ақ орыс шіркеуін, əсіресе үнді қоңырауларды көргім келіп еді...
Василий екеуміз қазақша жақсы түсіністік. Бірақ ол ағасы Тишкодан
азырақ біледі екен. Гончаровтардың өзге адамдары, ауылдағылар
айтқандай, қазақшаға келгенде «таза мылқау» еді. Өйткені олар бізбен
Василий жəне Тишко арқылы немесе ымдап қимылмен түсінісетін.
Василий екеуміз шалғынға бауырымызды төсеп жатырмыз. Əрі бітік,
əрі биік шөп бізді бүркемелеп, күн көзінен қорғанғысы келгендей қайта-
қайта жапырыла тербеледі.
Көліктер ұзаққа сілтемей, маңайлап жайылып жүр. Біздің кісілер əлі
шөп шабуда. Оқта-текте қайраққа жаныған қысқа дыбыс естіледі.
Василий екеуміз қатар жатып, дүниедегі бар білгенімізді айтып тауыса
алар емеспіз.
Кенет ол əлдене ойына түскендей, оқыс аунап түсті де, жанқалтасын
қармана берді.
— Мə! — деп бір уыс қуырылған пістені алақаныма үйе салды.
Өзі де пістені лыпылдата шағып, қауызын түкіріп тастайды.
Мен бұрын пістені аузыма алған емес едім. Досым берген пістені
аузыма құя салдым да шайнай бердім. Əбден аузым көпіріп кеткен соң
түкіріп жіберіп едім, Василий орнынан атып тұрды. Маған аңтарылып
қарап қапты. Сонан соң ішек-сілесі қатып күле берді. Арасында əлденені
орысшалап та, қазақшалап та айтқан болады. Бірақ құр міңгір мен күлкіден
басқа ешнəрсе аңғара алмадым. Осылайша ол қарқылдап ұзақ күлді.
Көзінен жас парлап кетті. Əлден соң барып күлкісін тыйды да, пістені


біртіндеп таңдайына салып, қалай шағуды үйрете бастады. Қауыз бен дəнді
араластыра жұтып жатып, Василий берген пістені тауыстым-ау. Ол тағы бір
уыс пістені ұсынып еді, азар да безер болып алмадым. Өйткені тілімнің
ұшы ойылып зар қақсап тұр еді.
— Василь! Василь! Қайдасың?
Кузьма шалдың оқыс даусынан екеуміз де ұшып тұрдық.
— А-а-у! Мен мұндамын.
Шал ұлына дүрсе қоя берді. Сөйтсек көліктер көк шөпке тойып алып,
енді шабындықты жапырып аунай бастаған екен.
Екеуміз ұшқан құстай жүгіре жөнелдік. Шал артымыздан жұдырығын
түйіп, ашуын тарқата алмай қала берді.
Шабындықтың тең жарымы орылып болған екен. Айнала жал-жал
болып сұлап жатқан шалғын тоқтап қалған толқынға ұқсайды.
Арба маңында əйелдер түстік əзірлеп жүр. Көлеңкеде əкем əлі орақ
шыңдап отыр. Кузьма шал қайтып барып орақшыларды іске жұмылдырып
кетті. Түске қарай көкем əбден жаттығып, Гончаровтармен теңесіп алған
еді.
— Қарашы, — деді Василий жеңімнен тартып, — Момынқұл жақсы
шабатын болыпты.
Шынында да, көкем енді ғана көсіле бастаған жүйріктей үдеп келеді
екен. Əлгінде ғана Кузьма шалдың оны «ақымақ!» дегені есіме түсіп, күліп
жібердім.
— Ха, менің əкемнің жұрттың бəрін «ақымақ» деп сөйлейтін əдеті, —
деді Василий қолын сілтеп.
— Сені ұра ма? — деп сұрадым одан, жаңа ғана əкесінің жұдырық
түйгенін еске алып. — Аямай ұратын шығар.
— Ұрады! — деді ол миығынан күліп, менсінбей. — Ұрады. Бірақ мен
зытып берем де, қашан ашуы басылғанша көзіне көрінбеймін. Содан ол


ұмытып кетеді.
— Онда сен қазір жақындама. Əйтпесе соғып жүрер.
— Жоқ, — деді Василий сенімді дауыспен. — Əкем біздің аттардан көз
жазып қалғанымызды əлдеқашан ұмытқан. Ал сенің əкең ұра ма? — деп
сұрады ол енді менен.
— Менің əкем балаға қол көтеріп көрген емес, — дедім мен
мақтанышпен.
— Əкеңнен көбірек қорқасың ба, жоқ əлде көкеңнен бе?
Мен көкемнен көбірек қорқатынымды мойындадым.
—Ал мен ағаларымнан тырнақтай да қорықпайым,—деді Василий, —
егер олар тие қойса, əкем маған болысады.
Күн тас төбеге көтеріліп, айналаны қуырып барады. Тіптен шегірткенің
өзі көлеңкеге тығылып қалғандай...
Кузьма шал тынығуға мұрсат берді. Орақшылар аяғын əзер сүйретіп,
терге малшынып, көлеңкеге беттеп келе жатты.
Біз Гончаровтардың тамағына ортақтаспай үйге қайттық...
Гончаровтар содан шөп жинауға бір апта өткен соң оралды.
Қазақтар əдетте шөпті шөмелелеп үймей, маялап жимай, баулап болып,
үй төбесіне жинастыратын. Шөптің көлемін баумен өлшейтін. «Мына
үймеде мың бау шөп бар», — деп есептеуші еді. Маяға берілетін азықтың
мөлшері де баумен өлшенетін. Көктем шығып, көкке аузы тигенше малға
қанша шөп кететінін де баумен есептейді.
...Шөп кеуіп, сарғая бастаған екен. Гончаровтар арба жегіп, пішенді арта
кетуге келіпті.
— Ал, Момыш! Шөпті маялаймыз ба? — деп сұрады Кузьма.
Əкем келіскендей бас шұлғып еді, көкем қырын кетті.


— Мен өзімізше баулап жинаймын, ал сендер шөмеле сала беріңдер, —
деді ол. Тишко көкемнің сөзін əкесіне аударып еді, ол тулап ала жөнелді.
— Бұл не дегені. Тірлікке Момыш қожа ма, əлде Момынқұл ма? — деп
əкеме қарады.
Əкем Тишко арқылы Кузьмаға көкемнің үй шаруасына ие екенін
түсіндірді. Сондықтан көкеме ерік беретінін айтты.
Бұл сөз Гончаровтарға ұнамаса керек. Біразға дейін өзді-өзі күңкілдесіп
сөйлесіп алды. Бұл кеңеске бізден ешкім араласқан жоқ. Шал ұлдарына
айғайлап, қолын оңды-солды сермеп əлек боп тұр. Өзгелері көндіргісі келіп
басу айтады.
Ақыры бəрі бір тоқтамға келгендей болды. Сонда барып Тишко аудара
бастады.
— Əкем біздің бау баулап жүретін уақытымыз жоқ дейді. Оның үстіне
бау əртүрлі буылмай ма, — дейді. — Егер Момынқұл өз білгенін істей
беретін болса, бізбен несіне ортақтасып жүр. Əрине, біз оған шөмеле сал
деп күптей алмаймыз. Бірақ біз де бау түйіп бас қатырып жүрмейміз.
— Онда біз былай бөлісейік, — деді көкем өз ойын ортаға салмақ боп.
—Тишко, мынау не деп тұр,—деді Кузьма дегбірсізденіп. Ұлы
түсіңдіріп еді анау тағы тулады.
— Қалай бөлмек? Десте де əртүрлі, шөптің шығымы да бөлек.
— Ол оңай, — деді көкем сонда. — Оң жақтан бастаймыз да, екі
дестені біз алып, бір дестені сендерге қалдырамыз. Үштен бір ортақ сонда
тура шығады. Кімге қандай десте түссе де, өз несібесінен көрсін.
Тишко бұл ұсынысты аударғанда, əкесі аз ойланып тұрып, қолын
кесімді түрде бір-ақ сілтеді.
— Мейлі осының-ақ айтқаны болсыншы. Бұдан кейін сенімен
ортақтаспаймын енді.
Көкем бұған да келісті.


Барлығымыз шабындықтың оң қанатына шықтық. Кузьма шал екі
дестені бізге қалдырып, үшінші бір қалыңдауын өзіне меншіктенді. Бірақ
төртінші рет үлеске түскен дестесі мардымсыз боп шыққанда, Кузьма шал
қайтадан қыңырайып шыға келді. Балаларына тиісіп дауыс көтерді.
Уəденің аты уəде ғой. Балалары əкесін ақыры көндірді. Осындай бөлістен
соң екі жақ өз тірліктеріне көшті. Гончаровтар қол тырмамен тырмалап,
айырмен шөмеле салды. Біз əкем екеуміз баулық түйіп, көкеме əзірлеп
тұрдық. Көкем тең-тең шөпті дөңгелетіп лезде баулап келеді.
Біз үш күн бойы шөп бауладық. Мен баулық жұлып, көкеме тасып
қолғабыс тигіздім.
— Шүкір, біздің Бауыржан азамат болып қапты, — деп қуанды көкем.
Мен əбден сілем қатып шаршағанымды сезсем де, əкем мен көкемнің
мақтауынан нəр алып қуаттана бердім.
* * *
Батыр мен балуанның өмірі кездейсоқ оқиғаға толы. Жазым болар,
майып болар, нəубет болар жайлар қадамын басқан сайын кездесері хақ.
Қатты созған ішектей қылтылдаған қауіп-қатерге де кездеседі. Бірақ олар
үнемі ерлікті аңсайды. Биікке құмартады, жеңіске құлшынады. Бұл ретте
халқымның мінезі бəйгенің сəйгүлігіне, даланың дауылпаз сұңқарына
ұқсайды. Əр қазақтың ат десе, алғыр құс десе арқасы қозып тұратыны да
осыдан болса керек. Астындағы аты үшін небір қияметке де көнуге бар.
«Жалғыз атты кедей» деген атаққа да мойнын ұсынады. Ол ешқашан да
атсыз қалып, «қу томар» атанғысы келмейді.
«Жүйрік ат аяғынан қалады», «сұңқар қанатынан қалады» деген мақал
текке айтылмаған. Ал егер жігіт осы екеуінен де мақрұм болса, онда ол ер
атаулының санатынан қалады. Халқымыз осылай намысқа тырысып өскен.
Өйткені «Атсыз ер — қанатсыз құспен тең», «жаяу қалсаң — жау қолына
түскенің, сан қорлықтың запыранын ішкенің».
Міне, сондықтан да əр қазақ астындағы атын өзімен тең санаған, оның
желдей жүрісін жанына ем санаған. Өзін қалай күтсе, көлігін де солай
мəпелей білген. Атқа ретсіз ауырлық артпаған, айылын жөнсіз тартпаған, ақ
көбік етіп атойлап босқа шаппаған, алқымын судан, қарқынын дудан
сақтаған. Болса егер жүйрік бойында шабыт шарлаған, қазақтар оның


мойнына қамыт салмаған.
«Төл атынды төреге де берме» деген сөз бар қазақта. Бұл атты
ардақтаудың биік шыңы болса керек. Жүйріктің қасиетін, сəйгүліктің
бағасын бұдан артық ешкім де ұға алмас. Тіптен бəйгеге қосар тұлпарға
«етегі ауыр нəсіл» деп əйел атаулыны мінгізбейтін болған. Киелі малдың
құны осылай бағаланған.
Жүйрік аттан айрылған жігіт жолдасын жауға бергендей қайғыратын
болған. Əйтпесе «Құлагерді» ардақты Ақан əнге қосып зарламас еді,
халқымыз əлі күнге сол əнді асқақтатып шырқамас еді.
Ертегіге үңіліп, əн-күй тыңдасаңыз да, поэма мен эпостарға зер
салсаңыз да, ат туралы айтылған жылы сөзді естімей қалған емессіз. Осы
күнге дейін жақсы ат көрген жан «бір сұлудың құны бар жүйрік» екен
деседі. Бұдан артық жүйрікке кім таңдана алады, кім əділ баға бере алады
екен.
Дəл сол сияқты Аққұлдың «Көкшолағы» оның өміріндегі ең соңғы
сəйгүлігі еді, ал өзі жүйрік үшін ең соңғы серігі еді. Жүйрік те, иесі де
бірін-бірі қия алмаған дос сияқты бір күнде көз жұмып, бұл тірлікпен бір
күнде қоштасты. «Шіркін-ай, екеуі де əулие екен-ау» деп еңірегенде, елдің
қабырғасы қайысқандай болған.
Аққұлдың соңғы сөзі де, соңғы өсиеті де біреу еді. Ақырғы демі атына
арналды: — Өле кетсем денемді «Қөкшолақтың» терісімен ораңдар, — деп
көз жұмды ол.
Аққұл атам өзінен соң «Көкшолағының» біреуге қалатынына қайғырып
көп жатыпты. Ат пен адамның шыбын жаны егіздей, ақыры екеуі де бір
күнде үзілді. Енді сол жайлы аздап əңгіме қозғасам деймін.
Əжемнің тұңғышы Айша деген қыз еді. Ол менің əкемнен он жас үлкен
болатын. Осы үлкен əпкемізді Қазығұрт етегіндегі Шегір руының Жантөре
деген жігітіне ұзатқан екен.
Жездемнің ауылына бару үшін алдымен Шақпақ асуынан асатынбыз.
Орыстар бұл жерді «Кремень» деп атайтын. Өйткені бұл араның жылтырақ
шақпақ тасы мол болушы еді. Қараңғыда екі тасты бір-біріне үйкесең,
ұшқын шығатын. Содан қазақтар «Шақпақ», орыстар «Кремень» деп атап


кетіпті.
Шақпақтан өткен соң, Майлыкент, Түлкібас жазығын басып өтіп,
Қарақшы белден асасың. Сонан соң Машат ойпаңымен жүріп отырып,
Ақсу бойын жағалайсың. Ақсу десе — ақ су. Сонан тау шыңынан
басталатын өзеннің бүкіл арнасы ақкөбіктеніп арқырап жатқаны.
Ақсудан өткен соң, Сайрамнан асып, Ленгер арқылы Қазығұртқа
жететінбіз. Ауыл мен Қазығұрттың арасы атты кісіге үш күншілік жер.
Қазығұрт жайлы айтылатын аңызды тілі шыққан баладан бастап елдің
бəрі білетін.
Сөзінде бұрынғының бар ма жалған
Басында Қазығұрттың кеме қалған.
Басында Қазығұрттың кеме қалған,
Болмаса ол əулие неге қалған.
Түбінде жетім бала бұғып жатып,
Жарықтық адам ата содан қалған,
— деген өсиет өлеңді жас кезімізде əжемізден, аталарымыздан,
əкелерімізден талай естігенбіз.
Бұл аңыз адамның жанына жылы тиетін, көкейіңді сəулелендіретін аңыз
еді. Еске сала кеткен артық болмас деймін.
Ертеде жер бетін топан су қаптап, тіршіліктің бəрін толқын жұтыпты.
Осы сұрапыл ажалдан өмірді қорғап қалам деп Нұқ пайғамбар арпалысқан
екен. Кеме жасап, жан-жануардан тұқым алып, адамдарды отырғызып,
топан суда жүзе беріпті. Су болса қырат-қырды, жазық жапанды жұтып,
биік шыңдарға өрмелепті. Нұқтың кемесі тоқтайтын жер, паналайтын
ықтасын таба алмай, толқын үстінде шарлай береді, шарлай береді. Толқын
болса, жалғыз кемені жапыраққа да теңемей лақтырып ойнайды.
Нұқ пайғамбар тірліктен үміт үзбейді. Дауыл басылар, топан қайтар,


өмір жанданар деп сенеді. Сол сенімді нысана етіп қалқи береді. Дауыл
кездерінде кем еден жаңқаша қағылып қалған көп жан-жануар суға кетеді.
Сонда да кемеге таяныш табылмайды.
Осындай қысталаң кезде тау шыңдары таласқан екен.
— Менің кеудем биік, менің асқарым айбынды. Топан су маған ғана
жете алмайды, мені ғана көме алмайды. Нұқтың кемесі іліксе, менің ғана
шыңыма ілігеді, — десіпті биік шыңдар.
Қазығұрт Алатаудың аласа жоны ғана ғой. Биік шыңдармен таласа
алмай үнсіз мүлги береді. Мұны көрген шыңдар мазақтап күлген екен:
— Немене, Нұқтың кемесін күте-күте шаршадың ба? Саған тоқтайтын
шығар. Өйткені көп ұзамай топан судың астында қаласың ғой, — десіпті.
— Тағдырдың жазғанын көрерміз. Одан артық не бар? — деп
мұңайыпты Қазығұрт. Осылайша Нұқтың кемесі бір дауылдан өтіп, екінші
бір дауылға көміліп келе жатқанда, ішіндегі жан-жануар суға кетіп
таусылуға айналған екен. Кенет кеме түбі қатты нəрсеге тиіп, сықыр ете
қалғандай болады. Нұқ пайғамбар байқап қараса, кемесі бір таудың басына
іліккен екен. Содан топан су толастап қайта бастайды. Кеме ішінде жалғыз
бала бұғып жатқан екен.
Тіршілік қайта жанданып, осы жерден қайта өрбіпті десетін аңыз
айтушылар.
Айша əпкем сол аты аңызға айналған Қазығұрттың баурайында
тұратын. Біздің əулеттің қыздарының ең алысқа кеткені де — осы əпкем.
Сондықтан сағынысып көрісетінбіз.
Жантөре ерте үйленіп, əйелінен ерте қалған екен. Өзі он алтыға
шыққанда, он бес жасар əйелі толғақ үстінде өліпті де, артында Болат деген
ұлы қалыпты. Менің атам Жантөренің əкесімен алыс-берісі бар,
сыйластығы жарасқан жандар екен. Жантөренің бұрынғы əйелі де біздің
рудың қызы болатын. Аққұл атамның немере əкесі еді. Атам бұрынғы
жегжаттығынан ажырасқысы келмей Айшаны ұзатыпты. Ол кезде əпкем он
жетіде екен. Осылайша қайтадан сүйек жаңғыртыпты.
Жантөрені əкесі ерте үйлендіріп, он төрт жасында-ақ күйеу бала


атандырған көрінеді.
Жантөре мен Болат тетелес өскендей болыпты. Сұңғақ бойлы, шымыр
денелі, ат жақты қараторы кісіні Жантөренің баласы деу қиын еді. Інісі
сияқты тізе түйістіріп жүретін. Ел іші ол екеуін «тете шал» десетін. Ал
айқындап ажыратқысы келсе, «əке-шал» «бала-шал» деп бөлетін. Жантөре
мен Болат кəнігі көкпаршылар еді. Көкпар десе көздері жайнап шыға
келетін. Аққұл атам сияқты өз аймағында атағы жер жарған шабандоз
атанып жүреді екен. Тіптен нағыз додада екеуі əкелі-балалы екенін ұмытып
кетіп, кəдімгі əріптес шабандоздарша сілкілесетін көрінеді. Ел мұнысына
əрі қызығып, əрі қызғанып қарайды екен.
Ол күні біз төрт көзіміз түгел үйде едік. Күн екіндіге таянып қалған.
Айнала албырттанып, аспанда қызыл арай молая бастаған.
Біз үй іргесінде отырғанбыз. Алыстағы қырқадан төрт аттылы көрінді.
Бəрі де батар күннің алдында зорайып, қарауытып көрінеді. Баяу жүріспен
қатарласа тізіліп келеді.
Орталарында ақ жаулықты жалғыз əйел. Бəрі сол кісінің ыңғайына
қарайтын сияқты.
— Бұл кім болды, екен, ə? — деп əкем елең ете қалды. Қолын
маңдайына апарып, тесіле қарады. Сонан соң көкеме бұрылып əмір бере
бастады. — Шамасы — Айшалар, əпкемдер болу керек. Жүгір, Момынқұл,
алдынан қарсы ал. Үйге киіз салсын де. Осыны айтып əкем тағы да
жолаушылар жаққа көз тікті. — Иə, Айшалардың өзі екен. Əне, анау
Жантөре ғой. Атқа отырысынан танып тұрмын. Ер үстінде еңкіштеу
отырғаны Болат. Ал анау тыпыршып келе жатқаны Асқаржан ғой. Үлкен
үйге түсіріңдер. Бол-бол тез. Келіп қалады енді. Кіші үйге əпкем түспейді.
Тез қамданыңдар.
Жолаушылар ат шаптырым жерге жақындап қалды. Əкемнің айтқаны
рас екен. Келе жатқандар əпкемдер болып шықты. Айша жирен биені жорға
бүлкілге салып келеді. Өзгелері қоршай қаумалап майда желістен ауар
емес. Əпкем астындағы ат тұяғы туған жердің топырағын, баба жерін, ел
мекенін басқанына масаттанып, кəрі кеудесін маңғаз көтеріп келе
жатқандай еркін отыр. Сырт қараған кісіге əлдебір тəкаппар қатал əміршіге
ұқсайды. Ал төңірегіндегі ер кісілер соның қошеметшілері сияқты.


Əкемнің жүзінде күлкі ойнап, əрең шыдап тұрды да, əлден соң
елбелектеп жүгіре жөнелді. Сол күйі əпкемнің тізгініне жармасты.
Кемпір лезде босап, еміреніп кетті де, иегі кемсеңдеп інісіне телміре
қарап тұрып қалды. «Айналайындар, алтындарым» дей береді.
Əкем де тізесі қалтырап, түк сөз айта алмай, Айша əпкемді қолтықтады.
— Аттан түсіңізші, əпке. Жол соғып, қажып қалмадың ба, айналайын
қамқоршым менің. Арқалап жүріп өсірген едің. Келші өзім қолтықтап
түсірейін, — деді əкемнің дауысы жарғышақтанып.
Інісінің мына сөзі кемпірдің жүйкесін тіптен босатып жіберсе керек,
көзіне жас алған күйі, əкемнің созған қолына аунай берді. Əкем ол кісіні
көтерген күйі жерге түсірді де, құшақтап жұбата бастады.
— Қойыңызшы əпке. Шаршап қаласыз ғой. Шүкір, аман көрістік. Неге
сонша босайсыз, үйге жүріңіз. Тынығыңызшы.
Келте мұрын, томпақ көз, сүйір иек, жұқа ерін ақ сұр кемпір бəсең
үнмен інісіне жұбату айтып тұр:
— Алтын апамнан айырылып жетімсіреп жүрмісің, құлыным?
Мына сөз манадан бері əрең шыдап тұрған көкемнің тығынын ағытып
жіберсе керек, еңкілдей жылап Айша əпкемнің кеудесіне басын сүйей
берді.
— Қой енді, Айша. Басу айта ма десем, жасу айтып тұрғаның не? — деп
сөзге екі беті қарттай, аппақ сақ алды əдемі шал араласты. — Апам
жарықтық жақсы адам еді ғой. Топырағы торқа болсын, кім жаман
көрінгенінен өлімге қиды дейсің. Тағдырдың жазғаны сол шығар.
Ағайындарыңды қайта-қайта жасыта беріп қайтесің? — деді əлгі шал
бəріне тоқтау айтып. Бұл Жантөре еді.
Шетте тұрған арық шал — Болат болатын. Ол да əпкеме:
— Aпa, мұныңыз не, ауылдан шығарда, өзіме берік боламын деп уəде
еткеніңіз қайда? — дейді жымиып.


Жарау қара сəйгүліктің тізгінін ұстап күлімсіреп тұрған мұрынды, қияқ
қасты, қысық көз, қара торы, өрімдей көрікті жігіт Айшаның ұлы Асқар еді.
Біз сияқты бала-шағаға көңіл бөлуге кезек жетпей келгендер
үлкендермен əлі шүйіркелесіп тұр. Тек амандық сұрасып, əбден жайғасқан
соң ғана əпкем айналасына көз салып еді. Əлгінде ғана əкемді жас балаша
аймалап, елжіреп тұрған көңілшек кемпірдің ойына енді түссем керек,
қасына шақырып алды да, маңдайымнан сипады. Тіл-көзден сақтасын
деген ырымын істеп, жан-жағына түкірінді де, əкеме тіл қатты.
— Сенің ұлың осы ма, Момыш? — деп сұрады. — Менің де тентек
немерем өсіп келеді. Аллаға шүкір.
Бүкіл ауыл «əпкелеп» жапырыла күткен кемпірдің тіптен атымды да
ұмытып қалғанына қатты өкпеледім. Қайта Болат көңіл жұбатар сөз айтты.
— Аманшылық болса, бұл əлі жігіттің төресі болар, — деді арқамнан
қағып.
Əкем осынау қуанышты кездесудің əсерінен əлі арыла алмай отыр.
Жантөре əпкем екеуінің бүгінгі қылығын мысқылдап қояды. Болат сөзге
оқта-текте қосылып əдеп сақтап отыр. Асқар əлі аузын ашқан жоқ. Көкем
қонақтардың қамын ойластырып сыртта жүр.
Шай алдында Айша əпкем өзімен келген қоржынын алдырып, аузын
сөкті. Бала-шаға өрік, мейізге қарық боп қалды. Əйелдерге көйлек əкеліпті.
Көкем екеумізге кестелі тақия кигізді. Əкеме қаракөл құлақшын тігіп
əкеліпті. Жанына отырғызып алып, жас балаша аузына өрік-мейізді
тықпалай береді. Жиналғандар бұған ду күлісіп жатыр.
— Кемпір-ау мынауың не? — дейді Жантөре кеңкілдей күліп. Онан да
балаларға үлестірмеймісің, — дейді.
Əпкем жездеме:
— Алдымен Момышжанның тиемелісін өз қолыммен жегізейін. Өзгесін
кімге берсеңдер де жұмысым жоқ...
— Момекеңнен балалары тартып жер деп қорқамысыз, — деп күлді
Болат.


Əкем мəз болып күлді де, əпкемнің қолынан базарлығын алды.
— Бəрін осы шырағым үшін əкелгем жоқ па? — дейді кемпір
шынымен-ақ. — Өз қолыммен жегізбей көңілім тынбайды.
Осылай мəз-мейрам болып жатқанымызда, Аққұл атам келді.
Меймандармен құшақтасып көріскен соң, ол Жантөренің қасына барып
отырды.
Амандық-есендіктен соң Аққұл аз қысылып отырды да, əпкеме қарап
тіл қатты.
— Айналайын, Айша aпa, мен бұл шаңырақтың алдында айыптымын.
Бетім күйіп келе алмаушы едім. Өзіңіздің хабарыңызды естіген соң шыдай
алмадым. Бет моншағымды белге түйіп, босағадан əрең аттадым. Сізге
сəлем бергелі келдім, апа. Арамызда болған ыңғайсыз жайды естіген
шығарсыз. Бəріне кінəлі — аппақ сақалыммен өзім болдым. Сөйтіп қас
масқара болған жайым бар.
Жантөре жер шұқылап үнсіз отыра берді. Болат ауыр күрсінді де
дастарқанның шетін уқалай берді. Асқар баяғы қалпынан ауған жоқ.
Келгенің жақсы болды, Аққұл. Ризамын, — дей берген əкемнің сөзін
боліп жіберіп, əпкем ашумен айқайлап жіберді.
— Қайда əлгі ұя бұзған ұятсыз, шірік, — деп жұдырығын түйе сөйледі.
Көкем самауыр алып келе жатқан. Табалдырықтан аттай бере естігені
қарғыс пен қара құйын ашу болды. —"Сен шірікті біздің ұядан ұшты деп
кім айтады? Бойыңды шайтан жайлаған сүмелек. О! О! Өлер шағымда
естиін деген сөзім бе бұл, көрейін деген сорым ба? Шыққыр көзім кімді
көріп тұр? Онан да жер жұтып кетпеді ме сені. Бір жатырдан шығып ек,
бүгін келіп бетіме қара күйе жаққаның ба, жүгермек? Өлім-ай. Өлім-ай!
— Айша! — деп зілдене сөйлеген Жантөрені əпкем елеген де жоқ.
— Құдай-ау, мен енді Айша емеспін, адасып қалған бейбақпын, — деп
көзіне жас алды. — Мына қарабет албастының əпкесімін ғой. Бетіме салық
етіп жүрерсің. Осында қалдырып кет енді, — деп ол қатпар-қатпар əжімді
қолын көкем жаққа сілтеді. — Тьфу, тьфу, кəпір. Бетің күйсін, жүзіқара.


Көкем аң-таң боп тұрып қапты. Кемпір онан сайын ашуланып барады.
— Құдай-ау, бүйткенше неге алмайсың мені? Кіндік кескен
шаңырағымда отырып қас масқара болғаным ба, шынымен? — деп өзін-өзі
жерлей сөйледі. — Не жазып ем, тəңірім-ау! Жоғал, жоғал көзіме көрінбей.
Сен де бір шіріген жұмыртқасың, — деп көкемді сұқ қолымен түйрей
нұсқады.
— Момынтай, бара қойшы, шырағым, — деді əкем түкке түсінбей
аңырып тұрған көкеме. — Əпкем мəн-жайға түсінбей жатыр. Ашуына тие
бермей-ақ далада жүре тұршы.
Көкем мойны салбырап сүйретіліп шыға берді.
Үлкен сыйлаудың ең биік үлгісін көрсеткендей еді көкем. Мен оны
қатты аядым. Соңынан еріп тысқа мен де шықтым.
Байғұс көкем аулада мең-зең болып, жүзі күңгірт тартып, ызадан
жарылардай боп тұрды...
Кішінің күні осы екен ғой. Əжем Момынқұлға киюші еді. Серкебай
нағашым келген сайын қамшы үйіретін, тіптен əкем де бірде оны «ақымақ»
деп ұрысқан. Ал бүгін мынау тəмпіш кемпір апшысын қуырып алдынан
қуып
шықты.
Көкеме
қалай
да
қол
ұшын
беріп,
арқалаған
ауыртпалығының, көтерген соққысының жарымын бөліскім де келеді.
Бірақ көкемнің қасында, мен де кішімін ғой. Бірдеме деп зекіп тастаса
қайтем. Көкем сонау алыс көкжиекке мұңая қадалып қимылсыз тұра берді.
Əлден соң менің қасында тұрғанымды сезіп, жай ғана сөйледі.
— Бара ғой, Бауыржан. Ішке кір, əкеңе шай құюға көмектес... Ішке
кірсем, бəрі де үнсіз шай ішіп отыр екен. Бір-біріне қарауға да
қаймыққандай, кеседен бас алар емес. Əпкемнің жүзі қуқыл тартып кетіпті.
Ашу үстінде босқа балағаттағанын білген соң, іштей қиналып отыр-ау,
шамасы. Əйтеуір ыстық шайды үсті-үстіне өшіге ұрттайды.
— Мəселенің мəн жайын алдын ала неге түсіндіріп қоймайсың, — деп
əпкем енді əкеме тиісе бастады.
— Ойбай-ау, əпке. Аузымызды ашуға мұрша бермедіңіз ғой.


— Мұның бəрі əзəзіл сөзге еріп, түсінбестікке ұрынғанның кесірі, Айша
апа,— деді Аққұл күрсініп. — Өсек сөзге еріп қалдық қой... Келінім де
бірбет еді. Кешіре алмады. Бұл оқиға өтірік болмаса, мына киелі
шаңыраққа бас суғар ма едім. Кешірім сұрағандай келіп отырмын ғой. Ал,
өзіме сол керек еді. Алжыған қақбаспын ғой,— деп Аққұл енді өзін кінəлай
сөйледі. — Келінім кетіп қалды. Артынан адам жіберіп, алдына жығылып
ек: «Мені аямаған, менің ұятымды ойламаған, арымды аяққа таптаған үйге
енді бас сұға алмаспын», — деп қайтарыпты.
— Сендер əйел баласын аяусыз қорлапсыңдар, қатыгездікпен
қаралапсыңдар, Аққұл,— деді Айша əпкем енді солай бұрылып. — Əйелді
қорлау үшін көп ақылдың керегі жоқ. Бəріміз де өсек сөз бен əзəзіл отқа
күйіп кетуіміз мүмкін. Сен кəрі төбетке не жоқ, қалайша жерге кірмей, тірі
жүрсің? Өз қолыңмен келініңді қуып тынған қу томар екенсің ғой.
Əпкем Аққұлды жеп жіберердей шүйлікті. Аққұл болса тауы шағылып,
маңдайы тасқа тиіп, əбден сүлесоқ болған кісідей тұнжырап отыра берді.
— Мені алжастырып жіберді ғой, Айша апа. Ашу үстінде ақылдан
айрылып қалғанымды кейін білдім.
—Ал енді өз қотырыңды өзің қасып мəз болған шығарсың, — деп
кемпір улы тілімен шағып алды. — Бейбақ болған баласың ғой, əншейін.
Алпыстағы «бала» əпкесінің ұрысқанына лəм дей алмай, үнсіз шайын
ұрттап, кесе түбін тықырлата берді.
— Бишара Момынқұл айналайынды жерден алып, жерге салғандай
ұрыстым ғой мен алжыған. Сонда да аузын ашпады ғой, мың болғыр
шырағым, — деп Айша əпкем енді көкемді аяп көзіне жас алды. — Əдеп
көрген бала емес пе, алдымда қарсы тұрмады ғой. Сүт кенжеміз емес пе?
Еркелетіп əлдилеудің орнына, ал кеп төпелейміз. Сонда да мыңқ етсейші,
шырағым. Көзі жəудіреп, аңтарылып тұрғаннан басқа не біледі, күнім.
Айша əпкем енді шындап жылай бастады. — Шешемнің сүт кенжесін
суға тиген мысықтай түртпектегенім не менің! Алжыған басым «үйден
шық!» деп зекігенімде, үнсіз томпаңдап шыға берді ғой, шырағым.
— Қой, енді, сонша термелеп не көрінді саған? — деп Жантөре
қатқылдау айтты. — Өзің ұрысып, өзің жыладың. Ешкім бетіңе келген жоқ.


Енді тағы да өзіңді-өзің кінəлап жасқа булығып отырғаның. Аздап
ұялсаңшы.
— Сен өйтіп білгірсіме, былай! Бұл үйде мен сенің қатының емеспін!
— деп ықылықтады əпкем. — Өзімнің кіндік кескен шаңырағымда, ата-
анамның құтқана мешітінде сен өйтіп қожаңдама. Төркінімде мен саған
қатын емес, «қалыңдығыңмын». Соны да білмеймісің.
Осыны айтқанда, үйдің іші ду күлісті. Тіпті Асқардың өзі ішін ұстап,
домалап жатыр.
— Əдепті күйеу болып жөніңе отырсаңшы, — деді əпкем тағы да елді
күлдіріп.
Жантөре тізесін алақанымен салып қалды да, жинақы қозғалып,
жүрелеп отыра кетті. — Міне, ақылыңнан айналайын кемпірім-ау, баяғыдан
сөйтпеймісің, — деді де лезде даусын өзгертіп, ұялшақ жігіт болып сөйледі.
— Не деген көрікті едіңіз? Үйдің ішін нұрландырып тұрған сіздің
ажарыңыз ғой! Жұрттың бəрін бұлбұл үніңізбен баурап алдыңыз. Қашанғы
сайрар екенсіз, Айша? — деп əзілмен бастаған сөзін қатқыл үнмен аяқтады,
— Өзіңді аямасаң да, мына жиналған ағайындарды аясаңшы.
Осы кезде үйге көкем кірген. Үйдегілердің əңгімесіне сырттан құлақ
тосып тұрса керек. Қолайлы кезді күтіп тұрып, енді ішке енген сияқты.
Көкемді көре сала, Айша əпкем қайтадан ісөзі мен сөзіне ерік берді.
—Бері келіп отыршы, құлыным. Қасыма отыршы, жаным, — деп
жаулығының ұшымен көзін сүртті. Қолындағы кесені ұсынды: — Мə,
Момынтай, өз қолыңмен шай құйып берші, бауырым.
Əпкесі мен інісі осылайша ұғысып, табысты.
Көкем кесені құрметпен алды да, қол қусырып қайта ұсынды.
Мұнан кейін əпкем еліне кеткенше біздің бəрімізді бір шыбықпен
айдағандай əмір беріп отырды.
— Бұл шаңырақта дүниеге ең алғаш өзім келгем. Қуанышты ең алғаш
əке-шешеме өзім бергем. Ең алғаш аялағаны да өзіммін. Сондықтан менен
үлкен қайсың бар, кəне? — дейтін əпкем.


Біздің үйдің адамдары бұл сөзге дəлел таба алмай, бəрі де осы тəмпіш
кемпірді құрақша жапырылып күтетін.
* * *
Жантөрелер үйімізде бір түнеген соң, қолға тимей кетті. Əр шаңырақ
шақырып, мал сойып, мамыражай болып күтеді. Біз меймандардың
шашбауын көтерісіп топталып ілесеміз.
Аққұл атамның немере інісі Дембай ұлды болды. Осынау жалпақ бет,
үйрек тұмсық, жирен сақал, қисық аяқ қысқа кісі мен дүниеге келмей
тұрып үйленген екен. Əйелі ұзын бойлы, арық келген сіріңке қара кісі.
Ауыл əйелдері оның бойына қарай «сырық» деп атап кеткен. Көп уақыт
бала көрмей, нəресте сүймей, екеуі де əбден қайғырып жүреді екен. Құрсақ
көтергеннен екеуі де құрақ ұшып, тəңіріне күні-түні жалбарынып жүріп
көрген жалғыз ұлы осы. Бұл қуанышты күнге жеткенше екеуі қанша
толқып, қанша дегбірі кетпеді дейсің. Түн ұйқысын төрт бөліп, тілек
тілеген кезеңдері де болыпты. Содан əйелі толғатып босанар күні Дембай
бүріскен торғайдай үй сыртыңда бір уыс болып үнсіз отырып алыпты.
Іштегі əйелдердің бірі жүгіріп шығып, «ұлды болдың, сүйінші» дегенде
Дембай əлгі əйелді қалбалақтап кеп құшақтай алыпты да, мойнына асылып
емірене егіліп жылапты. Көптен күткен қуанышын ол осылай жария еткен
екен. Мұны көрген өзге кісілер де шыдай алмай, қосыла жыласа керек.
Дембайдың қуанышын құттықтауға да мұршасы келмей, ықыластарын
шын пейілден шыққан көз жасымен көрсетіпті. Басына күтпеген жерден
қона салған мұнша бақытты көтере алмай есеңгіреп қалған Дембай
далбалақтап əркімді бір құшақтайды. Əркімнен бір сұрайды:
— Шын айтасыңдар ма, жұртым-ау? Əке болдым ба, шынымен? Ұл
көрдім бе? Үмітім жанғаны ма, халқым-ау! Е, айналайын жаратқан нем, көз
жасымды көрген екенсің ғой. Жарылқадың ба, шынымен! Тоба! Тоба! —
деп ол əркімнің кеудесіне басын сүйеп тұрып алады.
Біздің ауылға да сүйінші сұрап, елбе-делбесі шығып, бір бала жүгіріп
келді. Əр сөздің аяғын жұтып, ентігіп əрең тұр. «Сү-сү-йінші! Сүйінші!»
«Де-ем-бай кө-кө-ем ұлды болды» — деп əрең айтты. Сонан соң ол Айша
əпкеме тілегін білдірді.
— Аққұл атам сізге сəлем жолдады, Айша апа. Өзіңіз кіндік шеше, ал


Жантөре жездем өкіл əке болсын деп сұранды...
Біздің үй тайлы-тұяғымен көтерілді де, Жантөре мен Айша əпкеме еріп
Аққұлдың ауылына бет алды. Ауылдың ошағынан будақтаған түтін
молайыпты. Шамасы, шілдехана тойын бүгіннен бастамақ сияқты. Бір-екі
жігіт үй арасында қой сүйрелеп жүр. Біз салтанатпен сабырлы келе жатқан
Айша апамның қатарынан озбай əрең шыдаймыз.
Аққұл ауылының адамдары түгел жиналып, бізді күтіп тұр екен.
Əйелдер абыр-сабыр болып, əр үйге жүгіріседі. Əйел қауымы қашан да
осы ғой, шіркін. Қайғы болса шын жүректен қайғыра алады, қуаныш болса
бар ықыласымен қуанады. Адам көңілінің айнасындай ғой əйел деген.
Аққұл атам аппақ түйе жүн шекпенін жамылып топ ортасында тұр екен.
Шекпенінің етегі кең болғандықтан тобығына дейін бүркеп тұр. Алыстан
қараған кісіге ақ тастан қашалған ата мүсіні сияқты сезіледі. Жиегі жалпақ
ақ қалпағы да біртүрлі сұс беріп, атамды айбарлы көрсетеді.
Біз жақындай бергенде, əлгі тас мүсіндей тапжылмай тұрған атам алға
қозғалып еді, қасындағылары да бізге қарай лап қойды. Елпектеп тез
жүргеннен шекпенінің етегі желбіреп келеді. Манағы көз алдында
елестеген сұсты мүсін енді кəдімгі өзіміздің қарапайым атамызға
айналғанына таңырқағандай едім.
— Армысыз, əпке, — деп Айшаға ентелей қол созды.
— Қуаныштарың құтты болсын, қарақтарым. Ұзағынан сүйіндіре
көрсін, құлындарым, —- деп Айша апам да елжіреп амандасты.
Бəріміз жапырласып құттықтап жатқанымызда, көрші отаудан
Дембайдың өзі жүгіріп шықты. Тəттіге ұмтылған баладай арсалаңдап,
мойны бұлғақтап келеді екен. Қисық аяғы осынау жүрісін онан сайын
теңселтіп бір түрлі қораштау көрсетеді.
— Айша апа! Айша апа! а-а-а! — деп еркелей келіп, əпкемнің құшағына
енді де кетті. Əпкем оның басынан сипап, кəдімгідей жұбатып тұр. Бірақ
Дембай ықылықтап болар емес.
Тұс-тұстан құтты болсын айтуға келген адамдар мол жиналды. Əйелдер


дастарқан көтеріп мəре-сəре болысып жатыр. Сол бойы олар жұртқа
бауырсақтан шашу шашып ерекше қуанысады. Елдің бəрі шашуды жерден
теріп, кейбіреуі қағып алып жеп жүр.
Той осылай басталып та кетті. Балаға үшінші күн толғанда Дембай
көкпар берді.
Көкпар күн көзі қайтып, мамық шуағын масайрай төгіп тұрған сəтте —
бесін кезінде басталады.
Жантөре, Болат, Асқар жəне көкемдер ешкімге сенбей, аттарын өзі
ерттеді. Үзеңгісін қысқартып, тартпаларын нықтап тартты. Бəрі де
сəйгүліктерінің сауырын сипап, жонын қағып, мəпелеп жүр. Шабандоздар
сайланып біткен. Осы жолы маған да жеке ат тиіп жетісіп жүрмін. Құнан
шығар қара жирен айғырды көкем ерттеп мінгізген болатын.
— Өзіңе абай бол. Додаға жақындап жүрме. Көкпарға əлі шамаң жоқ, —
деп əбден пысықтап алды.
Мен қызыққа шеттен ортақтасып, сырттай көз тігемін.
Жантөре мен ұлдары əбден кəнігі болған шабандоздар екен. Бір үйме-
жүйме доданың ішінен əлгі сымбатты шал суырылып көкпар іліп шыға
келді. Өзгелер іркес-тіркес соңынан қуды. Жантөре ер үстінде еңкейе
жатып, көкпарды ұршықша үйіріп барды. Аққұл атам той иесі
болғандықтан, бұл жолы тілеулестер тобында тұрған. Жантөренің əр
қимылына риза болып желпініп қалады.
— Əй, кəрі тарланым-ай! Тізгінді қалай меңгереді десеңші. Мұндайда
аттың өзі қыбырлаған қыбыңнан-ақ, ыңғайыңды ұға біледі, — деп
төңірегіндегілерге түсіндіріп тұр. — Атты қақпайламай, еркіне жібер. Тек
кимылыңмен, тақымыңмен сездіре біл. Сонда атың өзінен-өзі үйлесіп
отырады... О, сақалыңнан айналдым, Жантөре, — деді ол кенет
шабандоздың тəсіліне риза болып. Жездем соңындағы қуғыншылардан
құтылу үшін, оларды өзіне жақындатып алып ат басын ірке қойған екен.
Екпіндеткен шабандоздар жанынан зулап өте шықты. Сол кезде Жантөре
атының басын кері бұрып алды да, мəреге қарай тура тартты. — Міне-міне,
көрдіңдер ме? Ескінің көзі осындай болады. Біздің кезіміздің
шабандоздарына кім теңесе алады, тəйірі? Бүгінгінікі əшейін ермек қой.


Кенет шаршы топтан жирен айғыр суырылып шықты да, Жантөренің
ізіне түсті. Байқасақ, Асқар екен. Ол əкесін қуып жетті де, «əке, көкпарды
маған ұзатыңыз», — деп дауыстады.
Жантөре шабысын ірікпей, серкені көтерген күйі баласына қарай атып
жіберді. Асқар да əбден машықтанып алған ба, көкпарды допша қағып
əкете берді. Қызықтаушы жұрт тағы да таңдайын қағысты.
Жантөре жанамалай шауып, ұлына əлденені нықтап үйретіп бара жатты.
Осылайша əкелі-балалы екеуі қатарласа отырып, дүйім шабандоздарды
ентелетті де қойды.
Қас қаққанша керемет оқиғаның куəгері болдық. Тізерлесіп шауып бара
жатқан əкелі-балалы екі шабандоздың аттарына қанат біткендей қарғып
барады екен. Сол күйі екеуі де арғы бетке бірдей түсті. Қуғыншылар
тұмсығы тасқа тигендей аттарының басын тежеп, аңтарысып тоқтап жатыр.
Сөйтсек, əлгілердің аттары тау толқыны қазып кеткен үлкен ордан
қарғыған екен.
Жұрт əрі таңырқап, əрі қорқып жағаларын ұстасты. Сөйтіп тұрғанда
Жантөрелер арғы бетте тек ұлы екеуі ғана екенін аңғарған соқ, ордан бері
қарай қайта қарғыды. Тағы да қосарласқан сəйгүлік аспанға қас қағымда
оқша атылды да, қалқып келіп бергі жағаға түсті.
— Мыналар ертегінің ерлеріндей ғой. Өзім туғалы мұндай батылдықты
көргенім осы, — деді топ ішінен біреу.
— Астарындағы ат емес, самұрық құс шығар, сірə, — деді екіншісі.
— Жүрегім тас төбемнен шыға жаздағанын қарашы, — деді үшіншісі.
— Иə, жақсы атқа нағыз шабандоздар осылай əмір етпек. Шын
шабандоздың сырын аты əу дегеннен ұғады ғой, — деді Аққұл.
Жұрт бір сəтке дамыл алғандай еді. Шабандоздар Жантөре мен Асқарға
бəсекелесе алмай аңтарысып тұрған сияқты. Екінші айналымға Аққұлдың
шыдамы жетпеді. Додаға белсене кірісіп, қақ жарып суырылып шыға келді.
Жиналғандар енді Аққұл атамды мадақтай бастады. Осы кезде топ
ортасынан Жантөре суырылып шықты да, Аққұл атамның ізіне түсті. Өзге


шабандоздың бəрі қызыққа қарап
Аққұл құйындатып жеткізер емес. Жантөре жете берсе, кілт бұрылып
ұзап кетеді. Осындай бір сəтте Аққұл атам ұршықша үйіріле бергенде,
Жантөре еппен келіп көкпарды жұлып əкетті. Қос кəрі тарлан көкпар
өнерінің өрнегін көрсеткісі келді ме, енді бір-бірін көтермелеп барады.
Жантөре атын құйындатып өте беріп, серкені атама лақтырып еді, Аққұл
допша қағып алды. Сөйтті де, тай шаптырым жер құйындатып барып,
қайта оралды. Сол екпіндеген күйі Аққұл атам да Жантөреге серкені атып
жіберді. Жантөре де іліп алды.
Əншейінде шал деп, шамасыз деп мүсіркей қарайтын мықты жігіттер
мына екі ақсақалдың қайта түлегендей жанданып, жонданып кеткеніне аң-
таң боп тұр. Не де болса айқас үстінде ақсақалдармен тіреспек болып
шабандоздар қап қойып еді, екеуі қатарласа тартысып, тағы да ордың арғы
бетіне ырғып кетті. Қуғыншылар қиқуласып келе беріп ат басын амалсыз
іркіп жатыр. Тек қана соңдарынан созылған шаң «ендігі кезек менікі»
дегендей, тоқыраған ат легінен өте беріп ор үстін ақ түтінге көміп жіберді.
Екі шал болса емін-еркін арғы бетте тартысып жүр. Өзгелер осынау
қызыққа алыстан көз салып, амалсыз тыпыршиды.
Қос шабандоз енді бір-бірінің намысын қайрап, əбден ұшқындап алған
сияқты. Екеуден-екеу тіресіп, əбден сілкілесіп жан дəрмен жағаласқа еніп
кетіпті. Аққұл атам көкпарды тақымына басып жүйтки жөнеліп еді.
Жантөре ұзаққа жібермей жетіп қалды. Серкеге қол соза бергенде, Аққұл
атам лып еткізіп тақымына ауыстыра қойды. Жантөре егес жетегіне еріп со
бойда Аққұл атаммен қатарласа берді де, Көкшолақтың жалынан асып
барып серкеге жармасты. Əріптесін екінші қапталдан күткен Аққұл атам
бұлай боларын сезбесе керек, ерден ауа жаздап, серкені босатып алды.
Жантөре сытыла бергенде атам қайта жармасты. Екеуі де ат басын еркіне
жіберіп, тік тартысқа көшкен екен. Əрқайсысы ерден ауып, аттың өзін
таяныш етіп тартысқанда,жүйріктер жантайып кетеді. Серкескі жүйріктің
ортасындағы көпір сияқты керіліп қалған. Сəл босаса, аттар жамбастап
құлайтындай. Айтқандай-ақ, кенет екі ат екі жаққа қаңғалақтап барып,
аяғын əзер түзеді. Үстеріндегі шабандоздар үзеңгіге ілінген денелерін
меңгеріп ер үстінде тік тұрысты. Екеуінің қолында да көкпар, екеуі де
серкелі.
Жұрт аң-таң. Сөйтсек, ұзақ сілкілесуге шыдамай серке екі бөлінген


екен. Намыс кернеген қос шалды осылай бітістіргендей көрінді маған.
— Не деген қайрат!
— Шал деп жүрсек, шағылмаған болат екен ғой, — десіп жұрт гулесіп
кетті.
Сөйткенше болған жоқ, екеуі бірдей біз жаққа ат басын бұрды. Енді
ордан қарғуға таласқан сыңайы бар. Жантөре Аққұлды қуып жетіп, ордан
қарғып кеткен. Аққұл атамның да аты секіре бергенін көргенбіз. Кенет ат
та, шабандоз да көрінбей кетті.
— Ох, тəңірім, жазым болмағай, — деп шу ете қалды жұрт.
Бəріміз ат қойып жетіп келсек, алдымыздан жаңа ғана қопарылыс
болғандай бір шыңырау шаңытып тұр екен. Шыңырау түбінен аттың
қырқыраған үні естіледі. Атам су үңгіп кеткен апанға құлаған екен.
— Тез-тез шылбырдың бəрін шешіңдер, — деді Жантөре жалма-жан
оқыс дауыстап.
Сол-ақ екен, Жантөренің алдына сусыған қыл шылбырлар үйіліп қалды.
Жездем дəл бір жыланның ордасында отырғандай шылбырды жалғастыра
бастады.
— Бол-бол, тезірек қимылда. Ілмек жаса, — деп қасындағы Асқарды
асықтырады.
Бұл кезде апан аузындағы шаң сейіліп, түбі көріне бастаған. Кенет
əлдекімнің даусы үрейлі шықты.
— Ойбай-ау, Көкшолақ жауырынымен жатыр ғой! Төрт аяғы аспанға
қарам тұр.
Жантөре жалма-жан аттың төрт аяғына да тұзақ салып үлгерді:
— Тартыңдар, тек көтеріңдер! — деп дауыстады.
Қалың топ Көкшолақты қаңбақша көтеріп шыққандай болды. Денесін
шаң басып, аузы көбіктеніп, тұяғы дірілдеп, басын көтере алмай, бишара


Көкшол ақ теңкиіп жатты. Үлкен бадырақ көзі төңкеріліп, əлдекімді
іздегендей көрінді.;
— Жарықтық, иесін іздеп жатыр! — деді біреуі.
— Эх-эх-эх-эх! — деп еңіреп жіберді Дембай.
— Ақырын, қарақтарым, абайлаңдар, алтындарым, — деп Жантөренің
даусы төменнен қалтырап шықты.
Қарасам бет-аузы қанға бөккен қыбырсыз Аққұл атамды құшақтап
көтеріп келеді екен. Денем түршігіп кетті. Əлгінде ғана ат үстінде атой
салып жүрген атамды дəл осылай қан жуып, шаңға көміліп жатады деп кім
ойлаған?
— Үймелемей аулақ тұрыңдар. Ауа жұтсын, — деп ақырды Жантөре.
— Ой, ой, айналайын, əкетайым, — деп Жексембай зар еңіреп тұр.
— Мына жерге жайғастырайық. Көкшолақтың қасында болсын, — деді
Жантөре баяу үнмен.
Суға кеткен шапқыншы да ауылдан оралды. Жантөре атамның басын
сүйеп бетіне су бүрікті. Үлкен орамалымен қанын сүртіп, асты-үстіне түсіп
отыр...
Жасыл шалғын үстінде қорқыраған Көкшолақ пен оның иесі Аққұл
екеуі қыбырсыз жатыр. Қалған жұрт жандарын шүберекке түйіп, тілеу
тілеп қалтырап тұр. Іштей жылап тұншығады. Көлбей түскен күн сəулесі
атамның денесінен аққан қанды күлгіндендіріп жібергендей, біртүрлі үрей
тудырады.
Аққұл əлі қыбырсыз. Жантөре басын сүйеп, кеудесіне құлағын тоса
береді. Бетіне суық су бүркіп отыр.
— Аққұл! Аққұл! — дейді қайта-қайта. — Естимісің мені?!
Аққұлда үн жоқ. Осылай өткен үмітсіз көп уақыттың үрейін қуып əлден
соң атамның ерні қыбырлады.


— Ақкұл! Аққұл! Қалайсың! —дейді Жантөре дамылсыз дауыстап.
Аққұлдың кірпігі қимылдап, көзін əзер ашты.
— Сенбісің, шырағым? Қасымдамысың?
— Иə, Аққұл, бəріміз де қасыңдамыз.
— Ри-за-мын, — деп Аққұлдың үні бəсеңдей берді. — Су берші!
Жантөре атамның ерніне мұздай суық бастау суын тосты. Атам
мандытып жұта алған жоқ. Тек көз жасындай мөлдіреген су атамның аппақ
сақалын аралап, омырауына төгіле берді.
Атамның басы былқ-сылқ етіп, икемге келер емес. Күбірлеп əлденені
айтқан болып еді, түсіне алмадық. Жалғыз ғана Жантөре аңғарған екен, тез
əмір берді. Бір жігіт жүгіріп келіп Көкшолақтың ерін алды да, Жантөренің
жанына қойды. Терлігін төсеп, ерін жастық етіп атамды сонда жатқызды.
— Өз-өзіне келгенше орнынан қозғамайық. Ауылға жеткізе алмаспыз,
— деді Жантөре бəсең үнмен.
Бұл кезде күн еңкейіп, Шақпақ жонынан асып барады екен. Айнала
өрттей қызарып, біртүрлі айбарлы алау шашып тұр.
Ымырт үйіріліп, айнала күреңіте бастаған шақта ес жинаған Аққұлды
ауылға жеткізбек боп бəріміз жабырласып едік. Екі атқа керіп тартқан
Көкшолақтың терісіне Аққұл атамды жатқызып лек-легімізбен баяу ғана
ауылға беттедік. Ешкім үн қатқан жоқ, көңілді күлкі де естілмейді. Тек ат
тұяғының тысыры ғана жүрек лүпілін жиілетіп бір түрлі қобалжып келеміз.
Сол түні Аққұл өз шаңырағына түнеп шықты да, таңға жуық жарық
дүниемен қоштасып еді.
* * *
Қолы бос кездерінде əкем өз бетінше оқытып, маған хат таныта
бастады. Арабша еркін оқып, орысша соз басын құрай білетін болдым.
Алайда бұл екі тілдің де мəніне жете түсінбей, мағынасына жете мəн бере
бермейтінмін. Əйтеуір жеңіл-жеңіл есеп шығаруға құмар-ақ едім.
Биыл Гончаровтар бізбен тағы да ортақтасты. Бұл жайлы жыл еді. Ел


аман-есен, малдар күйлі, егін жайлы, жұрт сыйлы еді.
Бір күні Кузьма шал келді. Əкем екеуі жерді аралап шықты. Егінжайға
келгенде ат үстінде тұрып бірнеше масақ жұлып алды да, құс-құс
алақанымен уқалап уатты. Сонан соң сапырылыстырып қауызын ұшырды.
Алақанындағы моншақтай бадана дəнге қарап тұрып таңдана бас шайқады.
— Якши, Момыш, якши, — деді ол қазақша білетін жалғыз сөзінің өзін
жарытып айта алмай.
Əкем Кузьманың егін пісіпті, базар өткен соң, бүкіл үй-ішімізбен келіп,
бидай орамыз дегенін қимылынан түсінді. Уəде бойынша беретін қойыңды
сонан соң ала кетеміз дегенін де аңғартыпты.
Əкем де Кузьмаға жалғыз сөзбен жауап берді.
— Хараша, Козьма, хараша!
Айтқандай-ақ, апта өткен соң, Гончаровтар арба жегіп екі аттық
лобогрейкасын сүйретіп келіп те қалды.
Қыстаудың басынан қырман сайлап, əйелдер шөбін шапты. Сонан соң
су құйып таптады. Біз Василий екеуміз арамшөптерді аулаққа апарып
тастап жүрміз. Гончаровтың ересек ұлдары бұл кезде біреуі тырманы
жөндеп, бірі тасты қашап, енді бірі лобогрейканың жүзін қайрап жатыр еді.
Шалдың өзі көкем екеуі қамыттарды тексерді. Əкем қол тұрманы жөндеді.
Осылайша кешке қарай бүкіл сауыт-сайманымызды əзірлеп үлгердік.
Тишко мен Василь қойларын алып кету үшін бізбен бірге ауылға еріп
жүрді.
Біз келгенде, өрістен малдар да қайтқан екен. Əр үй малдарын бөліп
алып, қораларына қамап жатыр. Көгендегі қозы-лақ, арқандаулы бұзаулар
енелеріне ұмтылып, азан-қазан күйге енген шақта келіппіз.
Мен қой сауған əйелдерге көмектесіп, қозыны алыстым. Василь де
менімен бірге зыр жүгіріп жүр. Енелерінің желінін қақтап емген қозы, лақ,
бұзаулар аздан соң емін-еркін жайылып бара жатты. Ымырт жабылғанда
əкем Тишконы қораға ертіп келіп «таңдаған қойынды ал» деді.
Василь бізбен бірге қалмақ еді, Тишко көнбеді. «Қырман басына барып


жатамыз» деп болмады. Алайда əкем сұраған соң бір түнге қалдырып кетті.
—Ал, Вəсіл, бүгін сенен үлкен қонағымыз жоқ. Төрге шық, — деп əкем
үйге алып кірді. Төрт көзіміз түгел отырып алдымен бауырсақпен қымыз
іштік, сонан соң ет жедік...
Көрші үйдің баласы есіктен бас сұғып мені шақырды. Сөйтсем
«ақсүйек» ойнамақ екен. Əкем «Василийді де апарыңдар» деген соң, бірге
шықтық.
Тып-тынық қараңғы түн екен. Ауылдың балалары түгел жиналыпты. Біз
келген соң, ойын да басталды. Ауылдың ересек кісісі «ақсүйекті»
лақтырып жібергенде, бəріміз қараңғы түнге сүңгіп кеттік. Жер бауырлап
сүйекті тінтіп жүрміз. Кенет бір бала жүгіре жөнелді. «Ақсүйек» сонда
екенін бəріміз де біліп қуа жөнелдік. Жетіп алып үйме-жүйме боп таласып
жатырмыз. Ақыры бір жүйрігіміз мəреге жеттік-ау.
Бұл ойын кейін байқасам, балалардың қараңғы түндегі көкпары сияқты
екен ғой.
Василийге бұл ойын өте ұнады. Тіптен кезекті бір «ақсүйекті» іздеу
кезінде ол ауыл балаларын алдап та үлгерді. Ақсүйекті тапқан болып
Василий зыта жөнеліпті. Өзгелеріміз соңына түстік. Бірінші болып қуып
жеткен бала, біз барғанша, Василиймен жағаласып жатыр екен. Қанша
айтқанмен құрметті қонағымыз ғой. Мен араша түсіп ажыратып алдым.
Сөйтсем, Василий əлгі қуып жеткен баланың қолына «ақсүйектің» орнына
ақ тас ұстата салыпты. Соған ыза болып төбелес шығарған екен. Бəріміз
татуласып, əбден шаршап үйге қайттық.
Василий үйде қонақ болғанын, оны жақсылап күткенімізді, «ақсүйек»
ойнағанын, төбелесте менің араша түсіп болысқанымды үй-ішіне айтса
керек, сол күннен бастап Гончаровтар мені іші тартып еркелете сөйлейтін
болды. Бірақ əрқайсысы əртүрлі атап, атымды бүлдіріп бітті. Бірі — Бажан,
бірі — Бардан, бірі — Буржан немесе Баржан деп тұрғаны. Ал ақкөңіл
кемпір мені тіптен баласындай бауыр тартып, Буроуржан дейтін.
Егін орағы да басталды. Бір шетінен машинамен, екінші жағынан бел
орақпен орып жатырмыз. Өйткені бұрын қол орақпен оратынбыз.
Біз Василий екеуміз əйелдерге қосылып қырманды əзірледік. Алдымен


су сеуіп, сабан төседік. Сонан соң ат жегіп, таспен бастырдық. Əйелдер
соңынан сабанның қалдығын сыпырып тастады да, тағы да су септі.
Қайтадан сабан төсеп, таспен жүргіздік. Түс кезінде орақшылар келіп
көргенде, шынымен-ақ мақтады.
Екі күн қатарынан астықты орып, үшінші күні қырманға тасыдық. Үш
үйме астық жиналыпты.
Бесінші күні қырман бастыруға кірістік. Василий екеуміз ат айдап, тас
бастырдық. Үлкендер сабанын қағып, шетке ысырып жүр. Осылайша
жұмыла еңбектеніп, үш күнде қызыл көтеруге даяр тұрдық. Қырманда тау
боп үйілген алтын дəнге бəріміз де қызыға қараймыз.
— Жиын-терінді көңілді аяқтап, ырысқа кенелгенімізге мал сойып, елге
тараттық. Кешке Гончаровтар мен біздің үй асықпай-саспай, бажылдаспай-
дауласпай емін-еркін отырып, тиесілі астықтарын бөлісіп алды.
Гончаровтар бізді жексенбіге қонаққа шақырып кетті.
Жексенбі күні ертемен Евгеньевка жақтан орыс шіркеуінің қоңырау үні
естілді. Ел базарға жиналып жатыр. Əкем мен көкем базарға мені де
ілестіре кететін болды.
Біздің қыстаудың жанынан өтетін қара жолмен мал айдаған базаршылар
шұбап барады. Біреулер ат жетектеп, біреулер қара мал қосарлап, енді бірі
алдарына аша тұяқ уақ мал салып көңілді кетіп барады. Көкем сондай бір
топқа төрт қой қосты. Біз сатпақпыз.
Базаршылар жарқын амандасып, жақсы тілек айтысады.
— Ассалаумағалейкүм, мал базарлы болсын.
— Алейкүм салам, айтқаның келсін.
— Сауданың сəтін берсін.
— Өзіңе де соны тілеймін.
— Мал пұлы бұйырсын!
— Періштенің құлағына шалынсын.


Осылайша бір-біріне игі тілек арнасып, дабырласып бара жатады.
Ол кезде қазақ үшін базар деген мал алып, мал сататын орын ғана емес,
жүздесіп көрісетін, қол алысып, қошеметке бөленетін, тіптен сағынысып
табысатын салтанат мекені сияқты еді. Тіптен азын-аулақ дау-дамай, ауыл
арасының бітіспей жүрген кірбеңі, келелі мəселелер де осындай бас қосуда
шешілетін.
Жексенбі базары Бурное станциясының орталығында болатын.
Айналасы ат шаптырым үлкен алаңда адам деген құж-құж қайнайды.
Алыстан көз салсаң, ала-құла сансыз доп дөңбекшіп жатқандай сезіледі.
Кейде баяу толқын сияқты дамылсыз жылжып бара жатады. Құлағыңда
ешкім ұғып болмайтын біртүрлі гүжілдеген үн тұрып алады.
Осынау сең ішіне бір шеттен келіп біз де араластық. Базар шеті де
қызық. Əр жерде шоғыр-шоғыр болып тізгін түйістірген аттар үймелейді.
Кей тұста арбалар қаптап тұр. Бір шетте есектер азынайды. Екіншісі бөлек
ауылдай бөлшек-бөлшек тірлік, əйтеуір.
Байқасам, базарға келмейтін жан жоқ екен. Алыс болыстың қазақтары,
ала шапан өзбектер, тақиялы татарлар, күнқағарын басына киген қаба сақал
орыстар, əр түсті əйелдер құмырсқаның илеуіндей құжынайды. Осы
аласапыран, алабажақ, астан-кестен тірліктің ішіне сүңгідік те кеттік. Топ
ішіне кірген соң, бағыт іздеп, басар жерді бағдарлаймын деу бос əурешілік
екен. Сең қалай қозғалса, сен де солай жүре береді екенсің. Əйтеуір бет
алдыңнан бір бұйымның кездесуі анық.
Байқасам, базар аумағының өзі ойдым-ойдым болып бұйымына қарай,
сатар малына қарай жік тауып бөлінеді екен. Бір жерде қаз тізіліп, алдына
бар дүние-мүлкін үйіп қойып өзбектер отыр. Бетіне қарағанның белін
басып көріп, саудаға шақырады. Əлеміш бұйымдарын бұлғақтатып, көзіңді
қызықтырады.
Онан
əріректе
өрік-мейіз,
жаңғақ-жармаларын
сапырыстырған өзбектер жалаңдайды. Бір бүйірде пияз-шөптерін бумалап
орыстар отыр. Тағы бір жерде месті бүлк-бүлк қозғап қойып, қою қымызын
кесеге лықытып қияқ мұрт қазақтар отыр. Сеңмен бірге қозғалып жүре
берсең, алдыңнан əңгелегін аспанға лақтырған қауыншылар шығады.
Астық сатқан адамдар қабының аузын қайырып қойып, таразы мойнын
тартқылайды.


Мал базары бүйірлеу тұста екен. Түліктің түріне орай мұнда да қосақ-
қосақ қой, қатарласқан жылқы, қайқы мүйіз сиырлар бөлек-бөлек. Сатушы
мен алушы алақандарын сарт-сұрт соғып, бастарын дамылсыз шұлғысады.
Араларында дəнекер боп дəм татып жүрген делдалдар қаншама!
Əкем алғашында мені адасып кетпесін деп жетелеп жүрді. Аздан соң
бойым үйренгенін көріп, еркіме жіберді. Қолыма екі-үш күміс теңге де
ұстатты. Тоқайласар жерімізді белгілеп, пысықтап қояды.
Мен өз билігім өзіме тиген соң, əр қатарға түсіп алып, базардың бұрыш-
бұрышына дейін қоймай араладым.
Осылайша
орыстар
отырған
қатарды
аралап
таңырқап
келе
жатқанымда, біреу көзімді баса қойды. Мен бұлқынып босанбақ ем, оған
болмады. Сөйтсем, өзімнің Василий досым екен.
-— Жүр, — дейді ол қолымнан тартып, — анау жерде əкем мен шешем
отыр. Соған барайық.
Сөйтсем, бір шетте арбасын қарбызға толтырып, білек сыбанған
Гончаровтар тұр екен. Сауданың қызғаны сонша — Василийдің шешесі
біздің келгенімізді аңғарған да жоқ. Біз досымыз екеуміз арбаның
көлеңкесіне отырып бір қарбызды жарып жедік. Біздің қарсымызда бір топ
орыс жігіттері тізерлеп отырып алып, арақ ішуге кірісіпті. Одан
шеткеріректе орамалдарын шарт түйінген күлім көз орыс қыздары
сыбырласып күледі. Алдарында бұйра шаш, кестелі көйлегінің қисық
жағасы жайлауға кетіп мəз болған орыс жігіті қобызын созып, əн айтады.
Қыздар қылымсып, тылсым күлкілерімен арбап алғандай, əлгі жігіт
айналсоқтап сол жерден шығар емес. Ақыры қыздарды биге тартып тынды-
ау. Əлгі топ қыз мың құбылып, бірінен соң бірі жер тепкілеп əндетіп билей
жөнелгенде дүйім жұрт көпке дейін қызықтап тұрды. Біз осынау топтың
арасынан əрең сытылып шыға бергенімізде, алдымыздан ұзындығы бір
қарыс тəтті ұстаған өзбек шыға келді. Əлгінде əкем берген тиындар сол
өзбекке бұйырды...
Осылай тəтті сорып, тамаша көріп келе жатқанымызда алдымыздан
Аюбай жездем шықты. Ауылдың амандығын сұрап, əкемнің қай тұста
жүргенін анықтады. Мені ауылына алып кетпек еді, Василий қонаққа
шақырып қойғанын айтты. Сонан соң ол екеумізді ертіп апарып өрік əперді.


Ауылға сəлем айтты да, топ ішіне кіріп сіңіп кетті.
Түс қайта базар тарқай бастайды екен. Жұрт сирепті. Мен Василиймен
қоштасып, əкемдер жаққа бара жатыр едім, таныс дауыс елең еткізді.
Қарасам, сонау жылдары Үбианның бетін ашқан Өтеп ақын екен. Қасында
ерген екі жігіті бар.
Өтеп ат үстінде, тік тұрып жар салып келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет