Септеулік шылаулар бағыныңқы қатынастағы сөздерді де, сөйлемдерді де байланыстырады. Бұл туралы негізгі оқулықтарда ортақ пікір қалыптасқан. Алайда кейбір септеуліктердің (тәрізді,сияқты,секілді) басыңқы сөйлемнің баяндауышы болып келетіндігін ескере бермейміз: ...Сол абыройдың түсіп біткенін, ендігі жерде оны қайта көтеруге Абылайдың кәрі аруағының да септігі тие қоюы екіталай екенін сұлтан сезетін секілді. Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды, әлгі сыбыс шындыққа саятын сияқты (З.Шүкіров). Септеулік шылаулардың белгілі септік жалғаулы(атау,барыс,шығыс, көмектес) сөздерден кейін келетіндігі күмән тудырмайды. Сондықтан сөз тіркесінің байланысу тәсіліне септеулік шылауды ғана жатқызғанымыз жөн.
Ал жалғаулық шылау туралы ереже олардың қолданыстағы қызметіне сай келе бермейді. Өйткені ереже: жалғаулықтар тиянақты формада келіп, өзара тең тұрған сөздерді,сөйлемдерді (яғни бірыңғай мүшелерді,салалас сөйлемдерді) байланыстырады, солардың арасындағы грамматикалық қатынасты білдіреді[1],...Жалғаулық шылаулар сөз бен сөзді,сөйлем мен сөйлемді салаластыра (тең дәрежеде) байланыстырады. Жалғаулықтар бірыңғай мүшелердің немесе салалас құрмаластың сыңарларын әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстырады[2],- дейді. Соңғы жылдары мектеп оқушыларының оқу құралына айналған «Қазақ тілінде»(шың –кітап)[4] жалғаулықтардың сөз тіркесін де байланыстыра алатындығын атайды да, мысал келтіре алмайды. Осыдан болар, салалас құрмаластардың жалғаулықты түрі бар да, сабақтастың жалғаулықты түрі ешбір зерттеу еңбектері мен оқулықтарда аталмайды. Бірақ шартты мәндегі егер, онда жалғаулықтарымен,шартты рай формасынан кейін келетін да, де шылауларымен салалас құрмалас сөйлемді қалай құрастыратынын ойласақ, жалғаулық шылаулар қызметінің күрделене түсетінін мойындаймыз: Егер күндердің күнінде сен душар болатын қылбұрау мойынға түспесе, аты жақсы алланың жарылқағаны да (О.Бөкей). Кешегі күні қызылдардың бекінісін бұза алмаса да, олардан бұратала беті қайтпағаны белгілі(Ә.Нұрпейісов). Келтірілген сабақтас құрмалас сөйлемнің сыңарлары жалғаулық шылаумен байланысқанын көріп отырмыз. Сондықтан жалғаулықтар туралы ережені салалас құрмаластарды ғана байланыстыруымен шектеуге болмайды. Жалғаулық шылаулар бірыңғай мүшелерді -байланыстырғанымен, сөз тіркесін байланыстыра алмайды. Септеулік пен жалғаулықтарды салыстырмалы түрде оқыта келіп, олардың сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыруын - ұқсастығы, біреуінің сөз тіркесін, екіншісінің бірыңғай мүшені байланыстыруын - айырмашылығы ретінде алсақ, шылаудың бұл екі түрін түсіндіру қиындық туғызбайды.
Шылаудың үшінші түрі - демеулік шылаудың басты ерекшелігі- реңктік мән беруінде. Олардың сөзді де, сөйлемді де байланыстыру қабілеті жоқ. Сөзге де,сөйлемге де экспрессивті мән беруіне қатысты түрленуі демеуліктердің бір-бірімен қатар қолдана беруінен-ақ байқалады. Яғни бір сөйлемге бірнеше эмоциялық мән бере алады деген сөз: 1.Кәзір түгіл ол кезде де Аралдың жынды желінде мәлім жоқ – ты. 2.Күндердің күнінде халық шеккен қасіретке ескерткіш қойылатын болса,келешек ұрпақ тек аралдықтарға ғана қояр – ау!(Ә.Нұрпейісов). 3.Бұл өмір солай өзгермейтін шаттық, шадыман күлкі деп қана ойладық- ау(Т.Нұрмағамбетов). 4.Өмір бақи денесіне таяқ тиіп көрмеген ол осынау ер азамат атаулының жұдырығын керексінгендей де ме... 5.Әкесінің ұлым деген сөзін...мүмкін, естігені де жақсы ма еді-ау... өмір қадірін түсінер ме еді! (О.Бөкей). Бірінші және екінші сөйлемдерде шектік, көңіл-күй,шақтық мәндегі үш демеулік берілген. Әсіресе даралау мәніндегі(шектеу) екі демеулік(тек, ғана) бір сөздің екі жағынан келіп, сол сөзге ғана ерекше оқшаулау мәнін беріп тұр. Қатар келген демеуліктер өздерінің бастапқы берер мәнін өзгертіп,құбыла түседі. Төртінші мен бесінші сөйлемдердегі сұрау мәніндегі демеулік болжалдық мағына үстемелеп, сөйлемдердің эмоциялық бояуын қоюландыра түскендей. Шақтық мән беретін -ды,-ді шылаулары барлық уақытта еді көмекші етістігінің қызметін атқарады да, барлық уақытта өткен шақ формасын иеленеді.Бұл шылаулардың жалпы қолданыстағы үлгісі есімшенің –атын, -етін формасындағы баяндауыштан кейін дефис арқылы жазылу болатын(баратын –ды, келетін-ді). Кейін есімшенің өткен шақ формасынан соң да, модаль сөздерден соң да келетін тұстары көрініс берді. Бұрын тек үшінші жақтан кейін қолданылса, енді екінші жақтан кейінгі нұсқасы пайда болды. Қолданылу аясының кеңеюіне орай -ты,-ті демеуліктері қатарға қосылды. Бұндай құбылыстардың бәрі төмендегі мысалдардан айқын көрінеді: 1.Өзің де не боп, не қойғанын біліп жатқан жоқсың – ды. 2.Талқыдай аяғындағы тозуға қараған кенеп ботинканың жер шұқылап кеткен ақ жем тұмсығынан көз алмай, дымың құрып тұратынсың-ды. 3.Кәзір түгіл ол кезде де Аралдың жынды желінде мәлім жоқ-ты. 4...Қалақ бет қараның алдында бұнан бұрын да болғаны бар-ды(Ә.Нұрпейісов). 5.Торығамын деп ойлаған да жоқ-ты (Т.Нұрмағамбетов).
Достарыңызбен бөлісу: |