Демеулік шылаулардың септеулік пен жалғаулықтан ерекшеленетін тұсы -сөйлемнің барлық тұсынан(басында,ортасында,соңында) еркін орын алатындығы. Сонымен бірге демеулік шылаулардың бір-бірімен қатар қолданыла беруі(тағы, -да, -ма)де оларды шылаудың басқа түрінен оңашалай түседі. Ал екі жалғаулық, екі септеулік бір сөйлемде қайталанғанмен, қатар келмейді. Бірақ септеулік пен жалғаулық қатар қолданылатын тұстар жеткілікті (Іс үстінде білдірмейтіндері болмаса,екеуі содан бері әрі бақас, әрі күндес деуге болады).
Шылауларды оқытудағы тағы бір күрделі мәселе – олардың емлесі. Егер шылаулар өзінің алдындағы негізгі сөз таптарына ешбір жалғаусыз тіркессе, бөлек жазылады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Біздің назарымызды аударатыны - олардың қай кезде бірге жазылатындығы. Бұрыннан жиі айтылатын --ма, ме, -ба ,-бе,-па,-пе демеуліктері жіктік жалғауының алдында -мы, -мі, -бы, -бі, -пы, -пі түрінде бірге жазылатынынан хабардармыз. Әйтсе де, жалғаулық шылаулардың, бірер оқулықта айтылғаны болмаса, жіктік жалғауының алдында бірге жазылатынын оқыту үдерісінде ескере бермейміз: Сен маған бақыттасың,қайғыдасың//Өмірсің,таусылмайтын бай мұрасың. Өлермін сол сезіммен,маған десе//Аспаннан қара жерге ай құласын...Сен маған күлкідесің, ашудасың//Ойым жоқ сенен өңге басымда шын(Ф.Оңғарсынова). Бұл тұста аталған демеуліктер мен жалғаулықтардың бірге жазылуын өздерінен кейін келген жіктік жалғауының әсерінен деп дәлелдейміз. Бұл - барлық уақытта жіктік жалғауының алдында келген шылаулар өзі тіркескен сөздермен бірге жазылады деген сөз емес. Өйткені мен ғанамын, сен ғанасың секілді үлгідегі тіркес сөздердің көмекші сыңарын бірге жаза алмаймыз. Кейде шылаудан кейін қосымша келсе, олар алдындағы сөздермен бірге жазылатыны жайлы пікірлер де кездеседі[1]. Келген бетте, күні бойы, тағы да масы қалай, саған қарағанда сияқты күрделі сөздердің шылаулық сыңарлары түрлі жалғау тұлғасын қабылдағанмен, бөлек жазылатынына күмән тумайды. Бұлармен қатар, дефис арқылы жазылатын демеуліктер де түрленген жағдайда дефисін сақтап қалады: 1.Үлкендердің сөзін тыңдауға әуес-ақпыз (С.Мұратбеков).2. Өзгені қайдам,өз басым осындай ырым-жырымға сенгіш- ақпын. 3. Осының - ақ барыпты - мысы мен келіпті - мысы таусылмайды екен (Қаз.әдебиеті,13.08.2008 ). Дефис арқылы жазылатын демеуліктердің ды,ді,ты,ті түрінен басқалары (ау,ай,ақ,мыс) буын үндестігіне бағынбайтынын да ескерген орынды.