Махамбеттің:
Тар қолтықтан оқ тисе,
Тарыққанда қайрылар
Қарындасым менде жоқ,-
дегенінде ол әйел жынысты жақын туысын емес, өзінің соңына еретін, өзіне демеу болатын жақынды, руластарды айтып отыр, яғни өзі бастаған көтеріліс ісі үшін «жолы жіңішке» әйел туыстарының емес, өзінің қостайтын қалың ағайын туыстарын іздеп отыр. Абай да бұл сөзді бірнеше рет жалпы ағайын, туыс рулас, тіпті ұлттас мәнінде қолданады: Қарындас қара жерге шыға алмай жүр (Абай І, 34). Осы қуанышы бәрі де қазақ қарындастың ортасында» (Абай ҮІ, 180).
«Қарындас» сөзінің осы көне мағынасын қазіргі жазушыларымыз ертеректе өткен тарихи оқиғаларды суреттеген шығармаларында, эпостық негізде жазылған пьесаларында пайдаланады. Мысалы: М.Әуезовтың «Қара Қыпшақ Қобыланды» драмасында, «Еңлік-Кебектегі» билер айтысында, Т.Ахтановтың «Ант» драмасында «қарындас» сөзі «ағайын, туысқан, бір бауырдың адамы» деген ұғымда орынды қолданылған.
Тілдің лексикалық байлығы тек атауыш сөздермен шектелмейді. Ана тіліміздегі сөздердің енді бір қатары халықтың таным-білігі, зерттелуі, ой қорытуына байланысты пайда болған. Ондай сөздердің номенациялық ерекшелігінен гөрі ұғымдық қасиеті басым болады. «Мал» сөзінің ұғымы – жылқы, сиыр, қой, ешкі т.б. атауларды қамтитыны белгілі. Кейбір деректерге қарағанда, қазақтың мал шаруашылығы екі түрге бөлінген: біреуі – ақ мал (жылқы), екіншісі – қара мал, яғни, қыста қораға қамайтын мал деген ұғымдарды білдірген. Күйіс малы «қара мал» деп аталса, қыста қорада бағылмай, далада жайылатын жылқы баласы «ақ мал» делінген. Ал, «аяқты мал» түлкінің тебіндеп жайылатын түрін айтады. Оған: жылқы, қой, ешкі жатады.
«Жылқы» сөзі – төрт түліктің бір түрінің атауы. Шаруа адамы жалпы қыл құйрықты «жылқы» деп аталғанмен, олардың қадір-қасиетін ажыратып отырған. Жылқыны алдымен «қазанат» және «жабы» деп үлкен екі топқа бөлген. «Қазанатқа» - бәйге аттары, жауынгерлікте мінетін аттар жатқызылып, олар өлең-жырларда «сәйгүлік, арғымақ, тұлпар, қазмойын» деп дәріптеліп отырған. Мысалы:
Арғымақтан туған қазанат,
Шабуыл салса нанқызат,
Қазанаттан туған қазмойын,
Күніне көз көрініп жер шалғысыз» (М.Ө).
Ал «жабы» сөзі нашар, жарамсыз жылқы деген сөздердің орнына жұмсалады. Бірақ бұлай деу – жабыны қазанатпен салыстырғанда қолданатын бағалау. Әйтпесе, жабы – еті, сүті мол шаруа малы. Жылқы малына байланысты «керік» «керен» деген сөздер батырлар жырында жиі кездеседі. «Керик» сөзі қырғыз эпостарында да кездеседі. Бұл – носароктың атауы. Қазақ тілінде де «керік» - носарок. Керік сияқты айбарлы жануар аузын ашқанда соншама қорқынышты болатындығы мәлім. «Керік» сөзі эпостарда «ат, батырдың, палуанның мінген аты» деген мағынада қолданылады.
Мысалы:
Сол уақытта бір палуан,
Келе жатыр ұмтылып,
Аяғын жерге сүйретіп,
Мінген керкін үйретіп...
(«Алпамыс батыр» жырынан).
Бұл жердегі «керік» – «ат» сөзінің синонимі бірақ жағымсыз кейіпкерге байланысты айтылады. Сонда керік мінген қалмақтың ханы, нышаны болып келеді. Соған қарағанда, «керік» деп жалпы атты емес, бойы аласа деген сияқты жылқының белгілі бір тұқымын атаса керек.
Сөз байлығының бір саласы – жер-су атаулары (топонимдер) мен кісі есімдері (ономастикалық) атаулар.
Жер-су атауларында көптеген ашылмаған сыр, шешілмеген жұмбақтар болады. Өзен-су, қыр-қырат атаулары жердің табиғи көрінісіне жаратылыс ыңғайына, жан-жануарларына қарай да атала беретіндігі белгілі. Мысалы: Қарағанды, Мойылты, Шілікті, Ашарлы топонимдері сол жердің қазба байлығы мен өсімдік атауларына байланысты болса (фауна) Текелі, Жыланды, Арқалы атаулары осы жерді мекендеген жабайы аңдармен мақұлықтардың көптігіне байланысты болса керек.
Батыс Қазақстан облысында «Жайық», «Қалдығайты» деп аталатын өзен таулары бар. «Жайық» сөзінің төркіні жөнінде пікір жазғандар оны «жайылған», «жайылқы», «жайлану», «жайласу» дегендермен таныстырады. «Жайықпен» тұлғалас сөзді қазіргі кездегі Алтай төңірегін мекендеген халықтардың тілінен табуыңызға болады. Алтай төңірегіндегі «Йайық» қалпында айтылатын сөз, қазақтар түсінігінедегі «су тасу», «сел», «тасқын» дегендермен сәйкес. «Тасқын» мағынасын беретін сөз чуваш тілінде өте ықшам қалпында – «Яю» болып айтылады. Дәл осы мағыналы сөз сәл ғана дыбыстық өзгерістермен тува тілінде – «дажыл» түрінде кездеседі.
«Қалдығайты» - Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының жерін басып өтетін өзен. «Қалдығайты» өзені атауының шыққан төркінін монғол тіліндегі «Бұлан» мағынасын беретін «Хандыгай» сөзімен ұштастыра қарау лазым. Бұл жерде қазақ тіліне ежелден жат «х» дыбысын «қ» алмастыра, монғол тіліндегі «н» дыбысы орнына жергілікті тұрғындар «л» дыбысын қолданған. Ал «д» мен «г» дыбыстары ортасына қысаң «ы» -ның қыстырылуымен «г»-ның «ғ»-ға ауысуы да қазақ тіліндегі заңдылықтан шет кетпеген. Осыдан келіп «қалдығайты» пайда болып, дәл қазақша мағынасы – «бұланды» дегенді аңғартады. Бұған қарағанда өте ерте заманда өзен бойын бұландар жайласа керек. Дәл осындай жолмен пайда болған Қазақтан жерінде «Қандағатай», «Қандағайты» деп аталатын атаулары да бар. Бұлардың да пайда болуы «бұғы» «хандыгай» сөзі негіз болатын.
Ана тіліміздегі сөздердің тағы бір ерекше тобы бар. Бұл топқа жататын сөздердің халықтың байырғы өткен өміріне, салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр, билік жүргізу т.б. әрқилы қоғамдық қатынастарға байланысты. Зерттеушілер кейбір археологиялық деректер арқылы қоғамдық институттардың принциптері мен заңдарын ашады. Ал, тарихта археологиялық деректен үнсіз қалған тұста ше? Онда сөздер сөйлейді. Сондай сөз тізбектерінің бірі – «тәу ету», «тауап қылу».
«Алпамыс батыр» жырында Байбөрі байдың қуанышын:
Тілекті алма берді деп,
Бабаларым келді деп,
Тәу етті барып айналып, -
деп суреттейді.
Мағынасы «бас иді, тағзым етті». Бұл тіркес о баста ислам дінін қабылдағанға дейінгі көзқарасқа байланысты пайда болған. М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» пьесасында екі-үш жерде «Ай көргендей тәу еткен» деген сияқты фразаларды қолданған.
«Тәу ету» нақтылы бір нәрсеге (малға, айға) бас июде айтылады. Қазақ тілінде «тәу ету» деген сөз тізбектерімен қатар «тауап ету» фразасы да бар. «Тауап ету» тіркесі көбінесе «қағбаны тауап ету» түрінде кездеседі. «Қағба» - Меккедегі діни орталықтың, яғни құлшылық үйінің аты. Мұның бір қабырғасына аспанға ілініп тұрған атақты қара тас қойылған Меккеге барушылардың барлығы осы тасқа қолдарын тигізбей кетпейтін болған.
«Тауап» - араб тілінде «бір нәрсені айналу» дегендерді білдіреді. «Қағбаны тауап ету» - мешітті айналып жүру, яғни Меккеге барғандықтың белгісі. Кейбір ескі жырларда «тәу ету» мен «тауап ету» тіркестерінің арасында ұқсастығы мен мағынасы жағынан «бас ию» мәнінде жұмсауға себепкер болатын мынандай жолдарды кездестіруге болады. Мысалы: ХІХ ғасырдағы Нұрым жыраудың «Әтембетке айтқаны» деген толғауында:
Сондықтан сізге келгенім,
Қағбаға тауап еткендей,
Иіліп сәлем бергенім, - дейді.
Мұнда жырау «тауап ету» дегенді «бас ию - иіліп сәлем берумен» шендестіреді. Сонымен қатар, тілімізде «қыналы» деген сөз бар. Қырғыз тілдерінің оңтүстік говорында «қына» сөзінің мағынасы – аттың құйрығына тағатын әшекейлі бұйымның атын білдіреді. Мысалы: Жиенбет жыраудың бір өлеңінде кездесетін: «Қыналы бозға мінген ер, қыз қалмақты құшқан ер» деген жолдардағы «қыналы» сөзі осындай ұғымға байланысты айтылса керек. Сәндікті, барлықты, байлықты білдіру үшін астына мінген атының жал-құйрығын әшекейлеу дәстүрі бар.
Ал, Бұқар жырауда кездесетін: «Он саусағы қыналы, омырауы жұпарлы» дегендегі «қына» сөзі бұдан басқа. Мағынасы – «жіңішке талма бел, құмырсқа бел» деген мағынаны білдіретін фразеологизм. Сол сияқты «қыналы саусақ та», «жіңішке тартқан, сымдай саусақ» болуы әбден ықтимал. Бұл – дәстүрлі, бейнелі тіркес, сондықтан тіркес ішіндегі жеке сөздердің мағынасы көмескіленіп, бұл күнде еркін тіркес құрамайтын сөзге айналған деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |