ББК 74. 2 Б
Д 19
Пікір жазған :
Қ. Ахметова- қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы;
С. Қ. Мырзарахимова- қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
оқытушысы
Даупаев Қ.
Д 19
Тіл мәдениеті және стилистика: Оқу құралы.
- Астана: Фолиант, 2008. – 72 б.
ISBN 9965-35-396-4
Тіл мәдениеті, стилистика бойынша құрастырылған бұл жинақта сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптар, топ ал- дында сөйлеуге әзірлік жұмыстары туралы айтылып, тіл да- мыту жолдары, сөз саптау үшін жүргізілетін жұмыс түрлері нақты тапсырмалар арқылы толық қамтылған. Оқу құралы кәсіптік орта білім беретін мекемелер мен пе- дагогикалық колледж оқытушыларына, мектеп мұғалімде- ріне арналған.
ББК 74. 2 б
© Даупаев Қ., 2008
ISBN 9965-35-396-4 © «Фолиант» баспасы, 2008
1-ТАРАУ
«Тіл мәдениеті» курсының зерттеу объектісі, мақсаты және міндеттері
... Ана тілі - жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына. Сондықтан да біздің ана тіліміз халық болып қалыптасқаннан бері жасап келе жатқан жан дүниеміздің айнасы, өсіп- өніп,түрлене беретін мәңгі құрымайтын бәйтерек болып қалмақ...» Ж.Аймауытов
Шынында да, тіл – адам қоғамы туындылары ішіндегі асылдың асылы, қымбаттың қымбаты, адамды адам еткен ұлы күштердің бірі. Ол қоғам тарихының барлық дәуірінде де оның күресі мен дамуының құралы, рухани өмірінің, бүкіл мәдениетінің тұтқасы болып келеді. Қоғамдық ой-сана, дүниетаным тіл арқылы ғана қалыптасып, жарыққа шығады, басқаларға білінеді. Тіл – адам баласын қазіргі прогреске жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та, тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған. Адамдар өздерінің өмірлік серігі, бүкіл тіршіліктің құралы, рухани өмірінің айнасы – тіліне, оның тағдырына бейтарап қарамаған, оны қызғыштай қорып мәпелеген. Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен, тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу шеберігін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіре беру талабынан басталып отырған. Байырғы замандардан пайда болған алғашқы грамматикалық топшылауларды «өнер табысы», «грамматикалық өнер» деп атау,грамматиканы сөйлеу, жазу өнерін үйрететін ілім деп анықтау, тілді шебер қолдануға, шешендікке үйрететін «реторика», «стилистика» деп аталатын ғылымдардың пайда болуы айтылғандарды дәлелдесе керек. Тіл тазалығына, сөйлеу шеберлігіне қазақ халқы ерекше мән берген. Ғылым-білім дегендерден алыс жүрген замандардың өзінде де тіл өнерін – өнердің өнері, «Өнер алды- қызыл тіл» деп бағалаған. Асылы, жақсы сөзді жанына азық ете білген, атқан оққа тоқталмаса да жүйелі сөзге бас иген, орнын тапқан екі ауыз сөзді ер құнымен теңестірген бір халық болса, ол қазақ халқа болар. Тіл ұстартқан халқымыз тіл өнерін мәпелеп отырып, сол қадірлісінің қадірін түсіретін, оған жауапсыз қарайтын, сөз мәнісін білмейтін көз жұмбайлыққа жирене қарап, солардың атына да ащы, өткір сын айтқан. Мәселен: «Байлауы жоқ шешеннен, Үндемеген есті артық», «Аузына келгенді сөйлеу – ақымақтың ісі, Алдына келгенін жеу – айуанның ісі», «Өсекшінің тілі қышып тұрады», «Іріген ауыздан –шіріген сөз шығады», «Жақсы сөйлесе –аузынан гүл төгіледі, Жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі» -
деген мақалдар осындайларға айтылса керек. Сондықтан да «бауыздамай қан шығаратын», «мірдің оғындай өткір» ащы мысқылдарды тіл бұзушыларға сөз жүйесін білмейтін бәтуәсіз адамдарға айта білген. Халқымыздың бағзы заманнан келе жатқан осындай жақсы дәстүрі бұл күндері қайтадан жалғасын тауып (егеменді ел болғанна кейін), ғылыми негізде дамытылып келеді. Жаңадан «тіл мәдениеті», «сөйлеу мәдениеті» деген күрделі ұғым – түсініктер пайда болды, кейін оның арнасы кеңіп, өзіндік бір мақсаты бар жеке ғылымға айналды. «Сөз мәдениеті» дегеніміз мағыналық өрісі кең дүние. Тіл жеке сөздерден тұрса да, оның әрбір сөзінде тура, ауыспалы, қосымша мағынасы болады (омоним, синоним, метафора). Мысалы: Ақындар «сөз» деп , поэзияны ұғынса, ұлы Абай «... сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, «сөз» деген ұғымды жаңа сападағы поэзияға байланысты қолданады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, жүректен шығатын әрбір ойды бейнелі де көркем, қысқа да нұсқа бір негізі – поэзияда екендігін нақты мысалдармен айқындап береді. «Сөз» деп –жеке адамның ой-пікірін де, сонымен қатар идеясын да айтады. Мысалы: «Ол артында сөз қалдырды» (соңында өшпес мұра қалдырды), «сөзі өтімді» дегенде – «айтқан пікір қонымды , нақты, иненің көзінен де өте алады» дегенді, «ол маған сөз айтты» дегенде – «мені жақсы көретіндігін, сүйетіндігін білдірді» деп айтылғанын түсінеміз. Сөзге байланысты мынандай да тіркестер бар: «отты сөз», «жылы сөз», «жүйелі сөз», «орынсыз сөз», «жаман сөз», т.б. Бұлардың қайсысы болсын, сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесін қандай мақсат пен қозғалысқа түсетіндігінен хабар береді десек, артық айтқандық емес. Қысқасы, санай берсек, сөздің беретін ұғымы өте кең. Сондықтан «сөз мәдениеті» дегенді – «сөйлеу мәдениеті», «тіл мәдениеті» деп те айта береміз. Сөз – тілдің қолданыстағы көрінісі болса, «тіл мәдениеті» тілдің жеке элементтерін, тұлға тәсілдерін, оның тәжірибе елегінен өтіп қалыптасқан, қоғам тарапынан қабылданған заңдылықтарына сәйкес дұрыс пайдалану туралы білім саласы. «Сөз мәдениеті» - тілдің фонетикалық нормаларын бұлжытпай сақтау ғана емес, айтайын деген ойымызды тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген», әсерлі ұғымды дәл жеткізу жайын қамтиды. Халқымыздың қазіргі мәдени-рухани жағдайын, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді байытуға байланысты баспасөз бетінде неше түрлі мәселелер көтеріліп жатады. Сондай мәселелердің бірі – халқымыздың мәдени өмірінің тұтқасы болып келе жатқан мол мұрасы, ел байлығы – тілін байытқан үстіне байыта, толықтыра, көркейте түсу. Ішкі мүмкіншіліктерінімізді аша білгенде ғана мәдениетіміздің өркен жаяры сөзсіз. Сонда «тіл мәдениеті» туралы ішкі ойымызды тағы да жинақтауға болады. «Тіл мәдениеті» дегеніміз – сөздерді дұрыс қолданудың емле мен белгілері ережелерін сақтап, сауатты жазу, оның ғасырлар бойы сұрыпталып келген, сөз зергерлері оюлап берген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану сияқты амал-әрекеттерді қамтиды. Тіл мәдениеті – тілдік нормаларының, тіл тәсілдерінің жетіп, ширап даму дәрежесі. Тіл мәдениеті негізінен сөзді орынды қолдану деген ұғымды білдіреді. Сөйлеу коммуникативтік қызмет атқарумен қатар, адамның ішкі өмірінің рухани байлығын жарыққа шығарып, жан сарайын танытады. Сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, байыптылығын, ақыл-парасатын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу мәдениетіне қай уақытта болса да ерекше мән берген, қай халық болса да қатты бағалаған. Сөйлеу мәдениеті сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесінің тазалығына да, сөз өнеріне де қатысты. Сөзге шешен адам мәдениетті әрі шебер сөйлейді. Мәдениетті, ой-өрісі жоғары, өмірге сенімді, адал адамдардың сөйлеу тілі де жоғары болуға тиісті. Себебі, тіл – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. «Тіл мәдениеті» курсы нені зерттейді, оның алдына қоятын басты мақсаты қандай? 2. Тілді қадірлейтін халқымыз тіл құдіретіне байланысты қандай қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер қолданған? Мұндай қанатты сөздердің ішкі сырына үңіліп көріңдер, оның тәрбиелік мәні, мағынасын қалай түсінесіңдер? Оны өз сөздеріңмен, өз ойларыңмен дәлелдеп көріңдер. 3. «Тіл мәдениеті», «Сөз мәдениеті» деген тіркестердің арасында қандай табиғи байланыс бар, оны басқаша атау мүмкін бе? 4. Тіл мәдениеті дегеніміз не, оны қалай түсіндірер едіңдер? Тіл мәдениеті өз алдына қандай талаптар, міндеттер қояды? 5. Тіл мәдениеті мен мәдениетті, ой-өрісі жоғары, парасатты адамдарды бір-бірінен бөліп алып қарауға болама? Болса оны қалай түсіндірер едіңдер, оған өз орталарыңнан мысалдар келтіріп дәлелдеңдер. 1-тапсырма: Төмендегі тақырыптар бойынша ой толғай отырып, мазмұнды түрде шағын шығарма не мақала жазыңдар. 1. О, қасиетті туған жер! 2. Түнгі серуен. 3. Ұллтық тағамдар. 2-тапсырма: Мына ұлағатты сөздерді өз ойларыңмен, өз стильдеріңмен жазып жалғастырып көріңдер, әдеби шығармалардан, баспасөз беттеріндегі материалдардан үзінділер ойлап байланыстырыңдар. а) Басқа ұлттың баласына бауырмал бол, ол сенің досың әрі көршің, қонағың. Қиналғанда қол ұшын бер, бірақ өзің сұраншақ болма. Көп ұлтты әлеумет ортасында өмір сүре біл... б) Құдайға құлшылық еткен пенденің көңілін кірлетпе. Өз сенімі бар адамды сыйла, ешнәрсеге сенбейтін, ешкімді сыйламайтын кісіден қорық . в) Ұлым, ата-анаңа мейірімді, халыққа қайырымды бол. Қарындасқа «сен» сызданбай, «сіз» деп ілтипат көрсет. «Сіз» деп сөйлеу кішіліктің емес, кісіліктің белгісі.
Достарыңызбен бөлісу: |