-и жұрнағының өрісін кеңейтуге ниет қылған сәттері байқала-
ды. Көркем дүниелер тілі үшін мұның қаншалықты зәрулігі
болар екен деген ой туады, өйткені өзге тілдік -и жұрнағының
қазақ тілінде, әсіресе қазақ сөздеріне жалғанғанда, біздіңше,
оның негізгі грамматикалық қызмет атқаруынан гөрі, қосарға
алыну сипаты күштірек: ол қазақша -лық жұрнағының жүгін
бірен-саран сөзде болса да жеңілдету талабынан туған шара
деуге болады (әдеби, тарихи, саяси т.б.). Және бұл амалға
жүгінетін көбінесе публицистикалық стиль екенін де ескере
жүрсек.
Көркем әдебиет – ауызекі сөйлеу элементтері араласа
алатын стиль. Әсіресе олар кейіпкерлер тілінде келсе, тіпті
оңтайлы. Оралхан пошым, толайым, әгәрәкім, шуап (шұбап),
суап (сауап дегеннің орнына), еме-жем, оқшасу, ұқшасатын
сияқты ауызекі сөздерді кейіпкерлерінің аузына да салады, өз
аузына да алады. Алдыңғысы жөн болса, соңғысын құптауға
болмайды. Әдеби норма бойынша, шұбау, сауап, егер, түгел,
жеме-жем, ұқсау сөздері тұрғанда ешбір стильдік жүк артпай,
шуау, суап, әгәрәки, толайым дублеттерін автор тілінде (баян-
дауда) қолдану – нормадан жөнсіз ауытқу болмақ.
Қысқасы, жалпыхалықтық тілдің, ауызекі сөйлеу тілінің,
ертеректегі қазақ әдеби мұрасының сөз байлығын, бейнелеуіш
құралдарын жақсы білетін жазушы – О.Бөкеев оларды орай-
ын тауып, көркем әдебиет тіліне қосуды көздеген және мұны
саналы түрде істеген. Әрине, әдеби дүниенің бір шарты –
қалың оқушы қауымға түсініктілігі болса, кейде жоғарыдағы
162
әрекеттің осы шартқа қайшы келер тұстары туып қалады.
Сондықтан осыны сезген шебер қаламгер бейтаныс сөздердің
мән-мағынасын контекст арқылы немесе өзге бір жолдармен
білдіріп отыруды қадағалайды. Көп ретте Оралханда бұл шара
жүзеге асырылған. Мысалы, «Мұзтау» повесіндегі: «Әбден
қартайып, лақса болған Шағырқасқа... сал бөксе аяңдап келеді
(15) неме се Өзімді лақса кәрі сезінетінім неліктен (50) деген
сөйлемдерден бейтаныстау лақса сөзінің мағынасын контекст
арқылы ажыратуға болады: осы сөйлемдердегі әбден қартайып
және кәрі сөздері лақса сөзін «ортаға алып», жаттығын
сездіртпей тұр. Бейтанысты көзтаныспен қосарлап келтіру
арқылы оның мағынасын ашып беретін тәсіл де, мынадай сөз
мынадай заттың, не құбылыстың атауы деген түсіндірулер
де жазушы қаламына тән. Мысалы: Сенің күнің не болды-ей,
құн-бодаусыз кеттің емес пе? (32). Күдір деген киелі тышқан
(42). Ал кейде түсініксіздеу сөзді жал пы сөйлем мағынасынан,
контекстен айыруға әбден бола тын етіп ұсынады. Мысалы:
жентек-жентек болып ботырып жатқан (48), атып тұрып
адағайлап, әр тұсқа көз жүгіртіп еді (60), атының басын
оқыс бұрды да құйын-перен шаба жөнелді (75).
Өз тілдеріне бейтаныс сөздерді молырақ енгізіп жүрген
өзге қаламгерлермен салыстырғанда, Оралхан бұл әдістерді
әлдеқайда кеңірек пайдаланады, сондықтан оның тіліндегі
мән-мағынасы күңгірттеу сөздерді зерделі оқырман, жал пы
оқушы қауым тіксінбей қабылдайтын тәрізді.
Қорыта келгенде, осы айтылғандармен жеке бір жазу-
шының өзі қалап қолданған сөз өрнегін, тілдік тұлға-
тәсілдерді пайдалану мәнерін және сол өрнектің шығарманың
түріне, баяндау стиліне қаншалықты сай түсетінін танытудың
шағын этюдын жасадық. Әрине, бұл талдау – қаламгер
қолтаңбасын білдіретін жан-жақты толық зерт теу емес.
Зерттеу материалдарының сыр-сипатын біртіндеп ашып алу
үстіндегі азын-аулақ үлгілер ғана. Осындай таным-талдау-
ларды Оралханнан өзге оның бір алуан тұрғыластарының
(әрине, жазушылардың) тіліне жасауға әбден болады және
жасалуға тиіс.
163
СЕЙДАХМЕТ БЕРДІҚҰЛОВ
«Үшінші подъезд»
Келесі назарымызды Сейдахмет Бердіқұловтың қаламына
аударалық. Тұжырымымызды сөз басында айтып алатын
болсақ, Сейдахмет – жазғандарын көпшілік қауым, оның ішінде
сөз қадірін білетін оқырмандар қызыға, сүйсіне қабылдайтын
жазушы. Қызықтыратын да, сүйсіндіретін де – оның айтпақ
ойларының салмақтылығы, тақырыптарының бүгінгі өмірмен,
өздеріміздің ой-армандарымызбен қабысып жатқандығы,
конфликтілер нанымдығы, шығарманың композициялық
құрылымның сәттілігі т.т. ғана емес, тілі де. Тілде көрінер
өрнектер де. Қысқасы, С.Бердіқұлов – көркем дүние ұсынуда
өз мәнерлері, өз айшықтары айқынырақ көрінетін, сол көрініс
арқылы мазмұн мен түрдің (жанр мен тілдің) гармониясы
жақсы сезілетін жоғары сауатты әдебиетімізді танытатын
қалам иелерінің бірі, бірегейі.
Сейдахмет Бердіқұловтың тіліне мұндай баға бергізетін
белгі-сипаттарының ішіндегі екі-үшеуіне ғана тоқталалық. Ең
алдымен, жазушының шығарма жанрына орай стильдік-тілдік
құралдарды дұрыс таңдай білуі, екіншіден, ұтымды теңеу-
образдарды ұсынуға шеберлігі.
С. Бердіқұловтың біраз шығармаларының, оның ішінде біз
сөз еткелі отырған «Үшінші подъезд» кітабының тақырыбы –
спорт пен спортшылар. Көбіне-көп әңгіме өзегі – бүгінгі спорт
жайында. Оның да дені – бұрын қазақ қауымы білмеген,
ойнамаған спорт түрлері туралы. Кейіпкерлері – сол бүгінгі
спортқа араласқан қазақ жастары мен осы күнгі жұртшылық.
Бұлардағы спорт тақырыбы автордан бастап, оның 35.001-кө-
рермен-жанкүйер болып стадионға кел ген нағашысына
дейінгілердің көзімен, күйініш- сүйінішімен беріледі. Демек,
осыны қалай, қай тонда, қай стильде бермек керек? «Аспан-
нан шұға жауған күн» сияқты көркем повесть пен очерк-
репортаждарының оқиғаны баяндау стилі, кейіпкерлердің
мінездемесі (яғни мінездейтін сөз-образдары) бірдей болу ке-
рек пе әлде айырымы болу керек пе? Міне, осы сауалдарға жа-
зушы «дұрыс жауап берген».
164
Аталған повесте велоспортты тамашалаймыз. Бас кейіпкері
– қазақ жігіті. Баяндау автор атынан берілгенмен, мұнда сезіну,
ойлау, күйіну, сүйіну – баршасы бас кейіпкер призмасынан
өткізілгені жақсы байқалады. Бұл повесте велоспортқа қатысы
бар барлық қимыл, іс-әрекет, сын-сапа қазақ образдарымен,
қазақ түсінігімен, бір сөзбен айтқанда, «қазақы» сөздермен ба-
яндалады: Велосипедшілер құйысқан тістесті («Үшінші подъ-
езд», Алматы, 1980, 87-бет, мысал-фактілер осы кітаптан алын-
ды, сондықтан әрі қарай кітаптың тек беті көрсетіліп отырды).
Пакистан командасы үзеңгі қағысты, қытай велосипедшілері
құлақ шайнасты (105). Тәуекел құйысқанын көтере қашты
(106). Арттағы қалың топ та (велосипедшілер тобы) қамшыны
басып келеді (106). Жарысқа түскен велосипедшілердің өздері
велошабандоздар, қасқа азбан, велосипедтің ақперені, желта-
бан, арғымақтар деп бейнеленеді, Футболшыларды да жазу-
шы жасыл алаң көкпаршылары, додаға түскен тұлпарлар деп,
Португалия командасын шымқай қара арғымақ деп образдап,
ауыстырып атап отырады. Тілдің осы «қазақылығын» суреткер
әдейі таңдап алған. Автор бұл жерде қазақтың байырғы спорт
әлемінің сөздері мен образдарына орынды қызмет атқартқан.
Қазақ қауымы да сан заманнан бері спорт түрлерін білген,
біліп келген. «Ай астынан айқабақ атып», садақ тартып, «адыр-
насын ала өгіздей мөңіретіп» мергендік таластырған, додаға
түсіп, көкпар тартысқан, айдарынан жел есіп, ат шабысқа
қатысқан, балуандар күресіп, күш сынасқан, «қыз қуып»
бақ сынасқан т.т. осындай спорт түрлерін біліп келген қазақ
жұртында бұл салаға тән сөздер, фразалар, небір теңеулер мен
эпитеттер неге болмасын?! Бар болған! Соны жазушы жақсы
түсініп, жарата білген.
Бүгінгі спорт туралы әңгімені баяғы «спорттық» сөздері-
мізбен, образдарымызбен беру – бірден-бір ұтымды, әсерлі
амал болып шыққан. Және бір тамашасы – қазақтың спорт
сөздері жай баяндау, сипаттау қызметін ғана атқарып қой-
майды, образ жасайды. «Күшті командалар (футболшылар
туралы) жеңіліп қалды» деудің орнына «жалы қарағайдай
болған 6 команда іріктеу жарыстарында омақаса құлап
қалды» (179) деп беру – әрі образды, әрі әсерлі. Сірә, әңгіме
спорт командалары жайында болмай, шаруашылықтың бір са-
165
ласынан жарысқа түскендер туралы болғанда, дәл осылайша:
күштілерді жалы қарағайдай деп, жеңіліп қалғанды омақаса
құлады деп суреттеуге болмас еді. Тіпті бұл «қазақы» образ-
ды спорт жөніндегі ресми материалдарда қолдану сәтті болмас
еді. Ат құлағында ойнап, спорттың осы түрімен ауылдан ауыз-
данып келген Тұйғын велосипедші үшін де, оның жыршысы
– автор үшін де, ат бәйгесі мен балуан күресіндей, жамбы ату
мен көкпар тартудай спорттың «көкелерін» білетін қазақтың
қалың оқырманы үшін де осы салаға қатысты байырғы сөздер,
тіпті көне образдар әлдеқайда ұтымды, түсінікті, әсерлі. Олар
стиль үдесінен шығып, шығарманың мазмұны (тақырыбы)
мен тілін қиюластырып жіберген. Бұл амалдың туындының
өн бойына тарағаны сондай, тек спорт пен спортшылар емес,
өзге дүние, құбылыс, іс-әрекеттер де «қазақы шапан бүркеніп»
шыға келген. Мысалы: салпы қарын қара жал самолет (13), әуе
кемесі сар желіп келеді (16), жолаушылар визаның құдіретімең
шідерлеулі (13) т. б.
Эпитеттер мен қимыл-сын атаулары да көбінесе жылқы
баласының «меншігіндегі» қазынадан алынған: көсем же-
гер, бос тартар, қос дөңгелекті тұлпарлар (велосипед ту-
ралы) (72), жабы машина (104), атжалман двигатель (104),
өзімен үзеңгі қағыстыра қоятын қауқары жоқ команда (104),
велосипедшілер бұйда бойы алда келеді (88), төрт жапон руль-
ге жарбиып, еңіретіп барады (105), Бельгия футболшылары...
Брюссельде 2:1 есебімен ұтып, Еуропаның жан жуытпас
көкжалдарының бірінен төрт ұпайдың үшеуін бітеу сойып
алды (172), Венгрия командасы Уэльсті бой-бойымен сөгіп
шығатынына ешкімнің шүбәсі жоқ еді ( 175). Сезілер-сезілмес
юмормен қоса берілген неткен образды баяндаулар!
Осы бір стильдік үн қазіргі электрлі-техникалы заманы-
мыздың кейбір заттарын да қазақша ататтырып жіберген:
«Аспаннан шұға жауған күн» повесінде кнопканы (тере-
зе перделерін ашып-жауып тұруға лайықталған) түйме деп,
қол кептіретін автоматты қобдиша деп, ұшу жолыңда ұшақ
тоқтап аялдайтын Тегеран қаласын бекет деп, спорт сумкасын
қоржын деп қазақылап жіберу осы шығарманың тұтас стиль
тактісіне билеп тұрғандықтан, жасанды болып көрінбейді,
керісінше, стильдік жалпы фонды қоюлата түседі.
166
Мүмкін, осы кітапта тренердің бапкер, пьедесталдың
тұғыр, судьяның қазы, фиништің көмбе, старттың мәре, матч-
тың дода болып, бірде интернационалдық терминдермен, бір-
де қазақша варианттармен берілуі стиль мүддесінен ғана
тумаған болар. Сірә, бұған осы қатардағы бір алуан сөздердің
баспасөзде де, ауызекі сөйлеу тәжірибесінде де, радио-теледи-
дарда да екі түрлі қолданылып келе жатқаны да себепші болған
болар. Спорт терминдері түп-түгел қалыптасып бітті деуге
болмас. Вариант проблемасы – әдеби нормалардың орнығу ба-
рысында қай тілде болса да басынан кешетін құбылысы.
Бірақ қайткенде де спортқа қатысты қазақша сөздердің
еркін қолданылуы С.Бердіқұловтың өз қолтаңбасын танытады.
Әрине, бұл айтқанымызға қарап, автор спорт терминдерінің
бәрін қазақшалай берген екен деген ой тумасқа керек. Әсіресе
очерктерінде, тіпті көркем шығармасының өзінде спортқа
қатысты көптеген атаулар, терминдер қалыптасқан тіркестер
осы күнгі қазақ әдеби тіліндегі дағдылы түрінде келтірілген: ли-
дер, команда, веложарыс, номер (жарысқа түскен спортшының
номері), спортшы, велосипедші, футболшы, матч, чемпионат,
ойын тактикасы т.т.
Арнайы ескере кететін жайт, ол – С.Бердіқұловтың функцио-
налдық стильдердің айырмашылықтарын жақсы аңғаратын-
дығы. Айталық, очерктері мен жолжазбаларының сөз таңдау,
баяндау мәнері мен көркем шығармасының тілдік тұлға-
тәсілдері бірдей емес. Сөз жоқ, қаламгердің спорт тақырыбына
жазған очерктерін жай очерк деуден гөрі, көркем шығарма
стиліне жуық тұрған дүниелер дер едік. Сөйтсе де бұларда
термин таңдауда, баяндау мәнерінде әлдеқайда дәлдік,
бірыңғайлық байқалады.
Екінші көңіл аударатын нәрсе – ол Сейдахметтің қиыннан
қиыстырып, айшықты фраза құрастыра қоятын қабілеті. Бұл
кітапта біз бұрын-соңды көп кездестірмеген «құм санап оты-
рып, қойтас қылғытатын кейбіреулер» (44), «үпілмәлік майын
зорлап ішердей» (45), [күшті команда] «електің түбінде кебек
болып қалды» (175), «футбол кіндігін кескен ел» (Англия тура-
лы) (1986), «шеберлігі ояз, алабы таудай» Корей футболшыла-
ры (138) деген сияқты образды фразаларды едәуір ұшыратамыз.
Және олардың шығарма өрнегіне жатық түскендігі сондай, не
мағыналарын, не сонылығын жатырқамайсың.
167
Сейдахмет Бердіқұлов өмір құбылыстары мен адам қы-
лықтарын өзгелерге ұқсатып, теңеп, балап суреттеуге шебер.
Және бұл ұқсатулар қажет жерінде тағы да қазақ психологиясы
мен дүниетанымынан шығарылып беріледі. Енді бір сәттерде
суреттеліп отырған жердің, жағдайдың адамдардың ыңғайына
жығыла келтіріледі. Мысалы, жасы келген американдық жо-
лаушыларды «бет-ауыздарының әжімдері ошарлы ауыл сы-
ятын сай-сала, аумағы ат шаптырым езулеріне қолағаштай
трубка қыстырған» деп суреттейді. Бұл гротескілеу теңеуде
сырттай кереғарлық болғанмен (американдықтардың әжімдері
– қазақтың ошарлы ауылы), іштей тап басып, табылған об-
раздар бо лып шыққан. Сол сияқты жазушы түнгі Лондон-
ды ағылшындардың атадан балаға мирас болып келе жатқан
каминіне ұқсатады (135), Бангкок аэропортының бетон
жолының кеңдігін (әлде беріктігін бе?) «бір үйір піл биле-
се бұйым көрмейтін» деп теңеуі, керісінше, қазақ таны-
мы мен түсінігіне емес, камині мирас болып келе жатқан
ағылшындарша және жерінде пілі бар Оңтүстік-Шығыс Азия
халықтарынша, солардың призмасынан өткізіліп берілген.
Бұл да – орынды: Бангкок аэропортына бір келе түйе аунатып
қойса, бір үйір піл аунатқандай сенімді шықпас еді. Дегенмен
көбіне-көп қазақ танымынан алынған теңеулер басым түсіп
жатады. Айталық, шет ел аэропорттарындағы ашылмалы-жа-
былмалы, домалап ала жөнелетін траптарды сары ала қоңызға,
визасы жоқ жолаушыларды кең шабындыққа шідерлеп жібер-
ген аттың күйіне (11), төбедегі зыр айналып тұратын винтиля-
торларды қанаттары қалбалақтаған соқыр көбелекке (13) бала-
уы қазақша шыққан.
Жалпы Сейдахмет тілінің өзіне хас бір белгісі – онда ұқ-
сатулардың молдығы. Бұл – жазушының байқағыштығы мен
сол байқағанын табан аузында образдап айтып беретін қабі-
летінің күштілігін танытады. Мысалы, асуға тартып бара
жатқан веложарыстың жолы «шаңыраққа өрмелеген киіз үйдің
желбауындай» (125), түн кескінінде қоңырқай бояу болмайтын
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде «аспан мен жердің кенересі
қақ бөліп, қайта жымдастырған асқабақтың жігіндей» (97),
архитектор Тұйғынның көзі түсіп, таңдаған үй үлгісі «сан-
дал сері ақ бөкен арасындағы құрамыс теке сияқты» болып
168
жүрмесе» (98) деген теңеу-балаулары өте бір образды, дәл,
әсерлі шыққан. Мұндай ұқсатулардың мысалдарын молы-
нан табуға болады. Және бір біздің байқағанымыз – осындай
ұқсатулардың көбінде зілсіз әжуа, жеңіл юмор жатады.
Ең соңғы айтпағымыз – жазушының сөз қоры жайында.
С. Бердіқұлов – жалпыхалықтық тілдің сөз қазынасына құлағы
түрік жазушы. Оның тілінен кейбір диалектизмдер де, мағынасы
күңгірт тартқан сирек сөздер де, тіпті жазушы өзі жасаған не-
ологизмдер де табылады. Оларды біз шартты түрде «тосын
сөздер» деп атасақ дейміз (әрине, тосындық – жалпы тіл үшін
емес, бүгінгі әдеби тіліміздің нормасы тұрғысынан, көпшілік
оқырман қауымға бірдей түсініктілік талабы тұрғысынан
қарағандағы баға бойынша).
С.Бердіқұлов тіліндегі бірқатар сөздердің тосындығы,
әсіресе тіркес құрамында көзге түседі. Мысалы: керсамал
қонақ үй (10), шамдағай қимыл (10), қаланың сақина жолы
(19), қойтан жыл (35), кейқуат секіру (49), тотанақ мезгіл
(51), желтең әзіл (55), ұшқыр жиналыс (82). Бұл жердегі айы-
рып көрсетілген сөздердің бірқатарын, сірә, автор өзі жасаған
болу керек (немесе өзінен бұрын жасағандардан алған болар).
Айталық, Мехико сияқты үлкен қаладағы қонақүйді (кондици-
онер арқылы іші қоңыр салқын бо лып тұратын) керсамал деп
сипаттау – тың, сол сияқты, сақина жол (кольцовая трасса горо-
да), желтең әзіл (юмор?) дегендегі анықтауыштар да – қолдан
жасалғандар және көбі сәтті шыққан деуге болады. Осындай
элементтердің қатарынан табылатын ұшқыр жиналыс (пяти-
минутка), айбаспа науқас (лунатизм), майкөлшік (Темза сияқты
өндірісті, қалалы жерлерден ағатын өзендердің бетінде қалқып
жүрген мұнай т.б. ластар) тәрізді атауларды жаңа сөз, тіпті
термин ретінде әдеби тілге ұсынуға болатын сәтті эквивалент-
тер деуге болады. Жалғыз бұлар емес, жазушы қазақ жерінде
ұшыраспайтын кейбір жан-жануарлардың аттарын да қазақша
беруге бейім тұрады. Мысалы, крокодилді қолтырау, носо-
рогты керік деп атайды. Рас, бұл атауларды ав тор өзі жасаған
жоқ, олар – халық тілінде бар, бір кездерде солай қолданылған
сөздер. Шығарма тілінің жалпы «қазақы» үнінен болу керек,
осы қазақшаланған атаулар контексте жат көрінбейді (өйткені
оқулықтарда, баспасөз беттерінде көбінесе бұлардың орысша
терминдері қолданылып жүргені мәлім).
169
Енді бір алуан сөздер (шамдағай, қойтан, оңаза, құяпырыс,
тотанақ т.б.) – бұл күнде аса сирек кездесетін, мән-мағынасын
екінің бірі түсіне бермейтін тұлғалар. Сөйлем ішіндегі
мағыналас өзге сөздер арқылы түсіндіріп отырмағанмен,
бұлардың да жалпы семантикасын контекстен аңғаруға әбден
болады, әйтсе де мұндай тосындардың саны көбірек болып
кетсе, көркем дүние тілінің жалпыға түсініктілігіне ақау түсуі
мүмкін. Сондықтан бейтаныс сөздердің қолданылу мотиві
күшті болу керек те автор оларды барынша түсіндіріп беруді
көздеуі абзал.
Сейдахмет халық тілінде бар, бірақ қолдану аумағы
шектеулі бөкес (орылған немесе шабылған шөп, орысша покос
дегеннен), бұлың, тектұр, кеңкелес, жамбақы, қышқыру деген
сияқты сөздерді де кәдеге асырады. Бұлардың біразы жергілікті
болғанмен, белгілі бір мағыналы реңк үстеп, стильдік жүк ар-
тып, әдеби айналымға түсіруге бо латын элементтер деп таба-
мыз. Сонымен қатар осы автордың біз тілін талдап отырған
кітабында әдіре қал, ұқым-тұқымында, кәтәміс, туып-тумы-
сында сияқты кәнігі нормадан өзгеше тұлғада келген сөздердің
авторлық баяндауда қолданылуын құптамасақ керек. Мүмкін,
бұлардың ішінде ұқым-тұқымында, туып-тумысында, мон-
танай тәрізділердің азын-аулақ мағыналық бояулары да жоқ
болмас, бірақ осы бояудың дәл сол сөздердің қолданылған
жерінде қажеттігі сезілмейді, демек, олар әдеби нормадан
өзгеше тұлғада стильдік мақсатпен қолданылып тұрған жоқ,
автор тілінің үйреншікті дағдысы бойынша орын алған.
Қорыта келгенде, біз қарастырған шығармаларында
С.Бердіқұлов мазмұн мен түр, яғни жанр мен тіл үйлесімін
іздестірген және тапқан. Оның спорт тақырыбын қазақтың
бағзы спорт түрлеріне сай ұғымдардан, түсінік-танымдардан,
сөз-атаулардан, образ-теңеулерден шығарып әңгімелеуі – бір
жағынан, өте дұрыс табылған көркемдік-стильдік тәсіл бол-
са, екіншіден, қазақ оқырмандарының жүрегіне жол таба-
тын құрал болған, үшіншіден, осы шығармалар өзге тілдерге
аударылғанда, қазақ халқының психологиясын, дүние танудағы
образдар арсеналын жақсы көрсететін суреткерлік шешім бо-
лып шыққан. Бұл – жа зушы шеберлігінің, тілдік сөз өрнегінің
бірер қырын танытатын көп белгінің бірі ғана.
170
АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ
«Бесін»
Алдымен, халқымыздың көркем әдебиет сияқты ғаламат
қазынасынаң сусындайтын қатардағы оқырман ретінде, со-
дан соң тіл зерттеуші маман ретінде, назарымды Асқар
Сүлейменовтің әңгіме, повесть, пьесалары бірден аударды.
Әсіресе, бұдан ширек ғасырдай бұрын «Қазақ әдебиетінде»
Ғабит Мүсіреповтің «Кітап аты – «Бесін», авторы – «Асқар»
деген атпен жарияланған үлкен мақаласын оқығанда, «әр
сөзін салмақтай барып айтатын Ғабең сияқты үлкен зергердің
қырағы көзі Асқарға бекер түспеген-ді» деп ойладым. Мақала
атының өзі бұл шағын кітаптың қазақ әдебиеті көкжиегінде
жарқ етіп туған жұлдыздардың бірі екенін, авторынан өз орнын
алатын қалам иесі шығатынын сыншыл да талапшыл ағаның,
жазушылар ағасының бірден байқағанын паш етіп тұр деп,
мақала аты – «Бесін» мен авторы Асқарды өзгелерден айырып,
ерекше атап тұр деп түсіндік.
Қарт қыран балапан құстың алғаш жайған қанаты алысқа
самғайтынын байқағанындай, ұлы жазушы Асқардың сурет-
керлік қарымын көріп, жоғары бағасын берді. Ал бұл кітаптың,
оның авторының тақырып таңдауы мен оны көркемдік көзінен
өткізуіндегі шеберлігінен басқа және бір елең еткізер тұсы бар.
Бұл сипат, әсіресе көркем шығарманың поэтикалық тілі деген-
ге назар аударатын мамандардың көзіне бірден шалынады.
«Бесіндегі» ой-сана тартысы – зиялылардың өзара пікір
таласы емес, ұлттық намыс пен империялық өктемдік ара-
сындағы арпалыс. Демек, бұл шығарманың тіліне оқиғаны жай
баяндау стилі – қол емес. Өзгеше мәнер керек. Жа зушы осы
өзгеше қолтаңбаны іздеген, іздеген де тапқан-ау дейміз, яғни
шығарманың өн бойына тән көріктеудің ерекше жүйесін
ұсынған.
Әңгімені баяндаушы автордың өзі болғанымен, оның бо-
яуы кейіпкерлердің көзімен түскен. Сондықтан кара тель от-
рядты бастап келе жатып, Иноземцев офицердің ойламаған
жерден қазақтардың қолына түскенін суреттеген жерінде автор
171
қазақтарды «шапандар» деп атайды: «Бұл (яғни Иноземцев)
жақындаған сайын жарты шеңберді бүтін шеңбер ғып жазып
ап, мұны қоршалап келген он шапанға алайда дым тауып айта
алмады... Шапандар тарапынан тілге келген ешкім болған
жоқ» (9-бет). Осы қазақтар енді бір жерде «көлеңке» болып та
танылады: Тау суы [Иноземцевтің] сүйек-сүйегіне өтіп кетіпті.
Ағараңдап кел ген көлеңке киіз бергенше тісі тісіне тимей
қойды». Бұл – Иноземцев офицердің таным елегінен өткізілген
атаулар болса, ақ патшаның екінші офицері – Крейгельді
әңгімелеген тұста да автор қазақтарды өз атымен атамайды:
«Дегенде ат таниды өздері... Міне, бұлардың жері – осы...
Крейгель осылардың әйтеуір марғасқа болмысын... осылардың
әлгіндей мақалкештігін жаратпайды...» Қысқасы, екі офицер
де қазақты қазақ деп әспеттеп атауға жоқ. Олар үшін қазақтар
шапандар, бұлар, осылар, өздері, түйе жүн шекпендер болып
қана көрінеді. Крейгельге Сәруар – баранчук, Сәруардың әкесі
Төрехан – «подлец шал». Демек, бұл атаулар – автордың қолы
емес, Иноземцев пен Крейгельдің «көзі». Бұл – жазушының
жеке сөздерге стильдік жүк артқанының бір көрінісі.
Повестің композициясы өте қызық: шығарманың әр бөлігі
кейіпкерлердің атымен аталады да орта тұсындағы «Сәруар»
(75-бет) және ең соңғы «Сәруар, 1916 жыл, 8-июль, бесін» (93-
бет) деген екі бөлігінен басқасы автор атынан әңгімеленеді.
Көрсетілген екі бөлік Сәруар атынан беріледі. Бірақ барлығы
да аталған кейіпкерлердің ойымен баяндалған.
Ал ой дегеніміз емсе жайдақ болмайды, күрделі, түс сияқты
шытырманды, арман сияқты бейнелі (образды) бо лып келеді
ғой. Сондықтан жазушы Асқар бір нәрсені: затты, құбылысты,
адамды сипаттағанда дәл келсе де нақты анықтауыштарды
қолдана салмайды, бейнелі, астарлы, тосын эпитеттерді
таңдайды. Асқардың суреттеген сәскесі сары, бесіні қоңыр,
құптаны қара, сәресі құлан иек болып келеді. Мұндайда,
әрине, мағынасы жағынан қиюласпайтын сөздерді тіркестіріп,
жаңа сөз-образ жасаудың Абай өрбіткен үлгісін Асқар ұтымды
келтірген. Бас асау ашу, қыл бұрау түскен намыс, шалқалап
шыңғырған мінез деген тіркестердегі эпитеттер – әдетте мал
мен адамға хас сипаттар, оларды ашу, намыс, мінез сияқты
172
дерексіз (абстракт) ұғым атауларына телу – стильдік мақсат
көздеу.
Әдетте мұндай сөз-образдар өлең тіліне тән сөз айшықтары
болмақ. Бірақ кейбір прозалық шығармалардың поэтикалық
үніне сай бейнелі, тың фразеологизмдерді суреткер жақсы пай-
далана алады. Бұл жағынан Асқардың «Бесатары» поэтизмдер-
ге, поэтикалық сөз-образдарға толы екенін баса айтуға болады.
Бір үйір ұлпа сөз, өркеш-өркеш сөз, қос уыс сөз, алтын қоңыр
балдай сырбаз ағатын қазақы сөз, қызыл көбік сауал, ішкі есеп
ышқыр жорамал, күшікей үміт сияқты тіркестер – әрине, кәнігі
тілдік емес, авторлық дүниелер.
Жазушының бұл реттегі кейбір эпитет-анықтауыштары
мүлде тосын. Мысалы, «сексеуіл буын қырыстық», «бала құлаш
жер», «тепсініп келген кекесін», «бәтуасы бәкене әңгіме»,
«білем-білем ашу», «қол басындай айғай» дегендері – контек-
ске тігісі жатық түскен, эмоциялық әсері күшті экспрессоидтер
болып шыққан.
Жаңа тіркестер жасауда Асқар кәнігі эпитеттердің мағы-
насын өзге тұлғамен ауыстырып бере қояды. Олар да то-
сын, соны болып шығады. Мысалы, көкке өрлеген, жоғары
шаншылған таулар дегенді «аспаншыл биіктер» дейді. Бір
қарағанда жадағайлау, жасандылау көрінгенмен, бұл эпитет екі
түрлі жүк арқалай келген: бірі – тым биіктігі (аспан сияқты)
білдірсе, сол биіктің өзін аспанға «құмар» етіп «жан бітірген».
Сірә, бір сөзге қосымша мағыналық реңктер (ғылымда
оларды «сема» дейді) үстеп қолдану – көркем шығармаға тән
тәсіл, ұтықты тәсіл. Айталық, Сүлейменов тізешіл ұлық деген
тіркесті жасағанда, тізешіл сөзіне әрі «күш көрсету» («тізе ба-
тыру»), әрі «әрдайым күш көрсетіп отыратын», «күш көрсетуге
бейім тұратын» деген сияқты семаларды үстемелеген. Сол
тәрізді малдасшыл төре деп Крейгельді сипаттағанда, оның,
бір жағынан, қазақтың тілін, салтын жақсы білетіндігін көр-
сетсе, екіншіден, сол білгендерін өз пайдасына жаратуға
тырысатындығын (қазақтарша малдас құрып отырғыштығын)
танытады. Қазақсырап тұрған түрме деген де осындай көп
мәнді (реңкті) эпитетпен ұсынылған.
Эпитеттерді қолдануға келгенде, Асқардың тіліне, де мек,
қолтаңбасына тән тағы бір амал – етістікті тіркеспен келген
173
анықтауыштық сөздерді жасап алуы. Мысалы, жал пы тілге
тән ер қашты болу, етек басты болу сияқты сындық мәнді
тіркестердің моделімен бет-аузы ұйқы қақты болу, тас кешті
заман, ұйқы қуды қағажу, мұң сіңді қоңыр дауыс, ішек үзді
күлкі, қымыз сіңді ауа деген тіркестерді жасайды. Бұл
эпитеттерді бір сөзбен алмастыру қиын. Берілген анықтауыш
эпитеттер – дәл осы қолданыстарында семантикалық (мағы-
налық) ауқымы кең (сыйымды) және ықшам түзілістер. Егер
автор олардың мағынасын басқа сөздермен білдірер бол-
са, жүзінен ұйқысы қанбай жүргені білініп тұрған, үнінен
әрдайым мұңы бары сезілетін, шек-сілесі қатқанша күлетін
деген сияқты әрі көп сөзді, әрі «бояусыз» қолданыстарға барған
болар еді.
Поэтикалық құралдардың ішінде экспрессиясы күштілері-
нің бірі – «перифраздар» деп аталатын тіркестер. Перифраз
дегеніміз – бір нәрсені немесе құбылысты, іс-әрекетті олардың
бір белгісін, бір қасиетін көрсетіп, ауыстырып атау. Мысалы,
Абай надандықты «қараңғылық пердесі» деп атаса, мұнда
надандықтың белгісі – бір нәрсені көре алмау, біле алмау, осы
белгіні ақын «перде» сөзімен ауыстырып атайды (перде – өзінің
сыртындағыны қалқалап көрсетпейтін зат), ал қараңғылық
– надандық сөзінің контекстік синонимі. Міне, осы тәсілді
Асқар да жақсы қолданады. Мына сөйлем, сырт қарағанда,
жай бір қызыл сөз болып көрінуі мүмкін: «Әкесі қаптатып
айдаған бір үйір қыраулы сөздің сызы табанынан өткенде, егіз
жолдың маңыраған сыңарын ғана көрді» (18-бет). Әңгіме бұл
жерде Сәруардың ақылды, ақылшы әкесі – Төреханның: «Ақ
патшаның төресіне құрақ ұшар жайым жоқ, қазақты тірілей
тандырға жығып, отқа лақтырып, бір оқпен қаншасын өлтіруге
болады деп бес-бестен қатарлап тізіп қойып атқан Иноземцевті
қолға түскен жерінен құтқарып, өз басымның амандығын
сақтап қалар жайым жоқ. Жағдай тауып, шыға қояр ұшпағың
болса, сен-ақ шық. Біздей шобырдан гөрі сендей жалғыз ішек
оқымыштың, оқыған арғымақтың жаны тәтті келеді ғой», – де-
ген сөзі Сәруар үшін ауыр еді. Осы ауырлықты «қыраулы сөз»
дегенмен астарлап, ал әкесінің бар ойын ашық бірден айтқан
сөзін «қаптатып айдаған бір үйір сөз» деп ауыстырып атауы
174
– перифраздың ең бір жақсы үлгісі. Әкесі айтқан сөздің ауыр
тигенін қыраулы сөздің сызы табанынан өткенде деуі де –
бейнелеп атау. Бұл сөйлемде және бір перифраздық қолданыс
бар, ол – егіз жолдың маңыраеан сыңары. «Жетім қозы тас
бауыр» деп басталатын мәтелдің екінші компонентін (бөлігін)
автор осылай атайды. Бұл жерде маңыраған сөзі Сәруардың
есіне түспей тұрған компонентті енесін іздеп маңыраған қозы
деп астарлап атауы да – перифраздық тәсіл.
Оқырман сезіміне әсер ететін эмоциялы-экспрессивті бұл
амалды «Бесіннің» өн бойынан жиі кездестіреміз. Әңгіме
мұндай тұспалды атаулардың текст ішінде әйтеуір кездесе-
тіндігінде емес, олардың осы шығарманың жалпы поэтикалық
үніне сай түсетіндігінде және көбінің күтпеген жерден жасал-
ған сонылығында: бұқпаторғайлыққа қоңсы қонып алу
(«тайсақтау, батылсыздану»), көмейіндегі қомдаған сөзді ұшы-
ра алмай... кәрі жүрегінің жыртық жабығынан сығалағыш
болып алды... үрей қанатын жайып қабынып барады... Сәруар
бір зерен уды осы ойдың ауылынан төңкеріп алғаны да рас...
Міне, бұлардың әрқайсысы авторлық перифраздар болып
келеді де шығарма тілінің бояуын түрлендіре, құбылта түседі.
Теңеулер де – көріктеу құралы. Көркем шығарма тілі тең-
еусіз болмайды, бірақ теңеулердің де теңеулері бар: кәнігі
(үйреншікті, дағдылы, жалпытілдік) теңеулер, бейнелі (образ-
ды) теңеулер, астарлы, екітанымды теңеулер, әжуа-сықақпен
келген теңеулер т.т. Осылардың үстіне біз кейбір жазушылардың
күтпеген тосын теңеулерді іздеп тапқандарын қосамыз. Сондай
теңеулер Асқардан да едәуір табылады. «Бесіннің» тексінен
-дай/-дей жұрнақтарымен келген немесе секілді, сияқты,
тәрізді деген сөздермен жетектелген теңеулермен қатар,
сыртқы белгісі жоқ, іштей (мағыналық жағынан) танылатын
теңеулердің небір түрін кездестіреміз:
Қоя тастап жай тапқан кәрі қабылан – әкесімен қабақ
астынан қарасқан да жоқ. Бұл жердегі көрсетілген теңеулік
тіркес синтаксистік құрылымы жағынан таза теңеуден гөрі
айқындауыш мүшеге жуық, бірақ мағынасында теңестіру бар:
әкесі – кері қабылан.
175
Келесі мысал: «Бұтынан бұзау өткендей ұзын сирақ офи-
цер» деген сөйлемдегі теңеу қазақы таныммен астарласып жа-
тыр. Әдетте аяқтары қысқалау келетін қазақтар үшін сирағы
ұзын орыс адамының «бұтының арасынан бұзау өткендей» бо-
лып салыстырылуы – заңды.
Бұрын-соңды қазақ көп теңемейтін ұғымдарды да жа зушы
сәтті тауып алған: ұйғырдың қамырындай заң-закүн... Бұл –
ұйғыр, қытай т.б. халықтар дайындайтын лағман де ген тағамға
созылатын қамырға өзгеріп, бұлтарта беретін заң-закүнді
теңестіргені. Елдің жілік майы дерліктей азаматы деген де –
күтпеген салыстыру.
Теңеу – таным нәтижесі. Сондықтан теңеулердің дені этно-
графиялық, ұлттық сипатта болады. Мысалы, Төрехан өз жа-
сын саба түбі сарқындыға теңесе, орыс империя сының төресін
ширатылған су сінді қыл шылбырға балайды, автор Төреханды
тай сабаға, баласы – Сәруарды құла қайың тегенеге теңестіреді.
Бұл теңеулердің барлығы да қазақ өмірінен, қазақ танымы-
нан алынған. Асқарда жа санды әлеміш теңеулер жоқ. Демек,
халқы үшін жан пида етіп отырған әке мен баланың көзімен
баяндалған әңгімеде теңеу, салыстыру, дүниетаным дегендер
нағыз ұлттық, нағыз қазақтық болып ұсынылған.
Қазақ тілі ұйқасты, ырғақты, айшықты сөз орамдарын жасауға
келгенде, дәстүрі мол, аса бір икемді тіл екендігі мәлім. Ол
байлықты мақал, мәтел, нақыл сөз сияқты халықтық қазынадан
да таба аламыз, жеке қаламгерлердің жасампаздығынан да
көре аламыз. Әрине, бұл кез келген жазушыға, оның кез кел-
ген шығармасына тән болмауы да мүмкін. Айшықты, бейнелі
сөз орамдары шығарманың жанрлық ерекшеліктеріне, жалпы
интонациясына (баяндау мәнеріне) байланысты орын алса,
құба-құп. Ол – автордың табысы болмақ. Бұл реттен алғанда,
Асқар Сүлейменов сөз шеберлерінің қатарын құрайды. Шағын
ғана «Бесін» повесінен көрікті сөздермен көмкерілген ондаған
ұтымды конструкцияны табамыз. Мысалы: Күн тұтылды,
ай қаштының ар жақ-бер жағынан ойнап табылатын, қазып
ойласаң отырғызам деп қазыққа, оқастырам деп орға
сүйрейтін алапат бір жағдайға келгендей (18-бет). Әбестік
болмағанның өзінде қарашаның аспанындай қалың қабақ бұл
176
өмірде қилы-қырлы пенделермен – кейде оларға ділгір боп,
кейде шарды ділгір қып кездесіп, керісіп, аймаласып жүргенде
әркімнің өзіне лайық тіл мен ыңғай, қыр мен қып табуға ке-
рек (23-бет). Соңғы сөйлемнен көріктеу амалдарының бірнеше
тұсын кездестіреміз: қарашаның аспанын дай қалың қабақ
өмір – мағынасы жағынан бір-бірімен тіркеспеуге тиіс сөздер,
өйткені қалың қабақ – адамға тән сипат, ал өмір – абстракт
ұғым; қарашаның аспанындай қабақ деген де – соны теңеу.
Кереғар полюсті параллельдер де – көркем тіл құралы.
«Бесінде» бұлар да баршылық. Мысалы, кейде оларға ділгір
боп, кейде оларды ділгір қып немесе тіл мен ыңғай, қыр мен
қып деп жұптасқан сөздер, дәлірек айтсақ, сөз тіркестері –
мағыналары жағынан бірыңғай мүшелер емес, әсіресе шыла-
уымен қосақталған сөздер семантикалық іргелес (мағыналас,
реңктес) болса керек еді, ал тіл мен ыңғай, қыр мен қып де-
гендерде мұндай жақындық жоқ, бірақ осы кон тексте олардың
алогизмі көзге ұрмайды, керісінше, бұл текстер тың ассоциация
(қабылдау, сезіну) туғызып, эмо циялық әсер беретін дүниелер
болып тұр.
Көркем әдебиет стилінде жеке сөздерге қосалқы мағыналық
реңк үстеп қолдану – әбден танылған сәтті амал. Асқардың
табиғат берген суреткерлік таланты мен оқып білген теориялық
танымдары бұл тәсілді де оңтайлы қолдануға мүмкіндік бер-
ген. Мысалы:
Олар (ел қазақтары) мұның (оқыған жігіттің) қалада де-
ген атына, шенеунік деген еніне мәз. Шенеунік дегенді «ла уа-
зым, қызмет» демей, ені дегенінде бұл сөзге стильдік жүк
арқалатқан. Үстіміздегі ғасырдың бас кезінде қалада орысша
оқып көріне бастаған қазақ зиялыларының өз халқына қызмет
етпей, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «байға мал, оқығанға
шен мақсат» болғанын, олардың ішінде қазақ жұртының
қамын ойлайтындары аз екендігін, Абай айтқандай, «ойында
жоқ бірінің Салтыков пен Толстой, Я тілмаш, я адвокат болсам
деген бәрінде ой» деген идеяны Сүлейменов жазушы шенеунік
деген ен деп бір ғана сөзбен білдіреді. Демек, бұл қолданыстағы
ен сөзінде өзінің номинативтік (тілдегі тура) мағынасы емес,
сол мағынаға үстелген қосымша мағына «қазақ қауымы разы
177
емес лауазым, қазаққа пайдасы жоқ қызмет» дегенді білдіруге
жұмсаған.
Жеке сөздің қосалқы мағыналық реңкін пайдаланудың
өзге де сәттерін көрсетуге болады. Айталық, «[Сәруардың] кө-
мейін біраздан бері қайта-қайта лықылдап, тұтқын деген сөз
ұрып еді» (19-бет) деген сөйлемде күрделі етістік сөз келіп еді,
сөз тығылып еді дегендер сияқты болып келсе керек еді. Жа-
зушы көмейді сөзге ұрғызады: ұру – жай келу, тақалу, тығылу
емес, қатты тиетін, күрт орындалатын қимыл. Әкесіне «тұтқын-
быз, одан құтылудың қамын іздеу керек» дегенді айтқысы
келеді, бірақ бұл сөзге намысы жібермейтінін, әкесі көнбейті-
нін білетін Сәруар айтпақ сөзінің қатты екенін тағы сезеді.
Сондықтан бұл сөз ойына жай келе салмайды, көмейіне жай
тығылмайды – ұрады.Бұл жерде ұру етістігінің қосалқы реңкі
кәдеге асырылып тұр.
Бұл шығармасында жазушының ең жиі қолданғаны – етістік
мағыналы образды тіркестер. Олардың жасалуын ғылымда
(фразеология теориясында) «синкреттік амал» деп атайды.
Бұл амал бойынша мағыналары бір-біріне жуыспайтын сөздер
тіркестіріледі. Мысалы, нақты зат атауы мен абстракт есімдер
(Абайдың көңілдің жайлауы, өмірдің тоны дегендері сияқты)
немесе адамға, малға тән іс-әрекет атаулары абстракт есім-
дерге телінеді (Абайдың көңілге қалың беру, қайғы шығып
иыққа дегендері тәрізді). Бұл тәсілді институт, университет-
терде оқып, әдебиет теориясымен жақсы қаруланған қазіргі
ақын-жазушылар өте шебер пайдаланады. Бұдан Асқар да құр
алақан емес. Шағын бір повестің тексінен сауалды жоғалтып
алу, сауал жастану, малдасын шашып жіберу, ойды ұмар-
жұмар басып қалу, пікірдің оталып қалуы, менмендіктің
салмағын үш сөздің арқасына артып жіберу, көңілі мәйектеніп
қалу, жердің арқасын қасу, сауал ату, жауап лақтыру, күдікті
суыған шаймен бірге төңкеріп тастау сияқты ондаған
тіркестің табылуы – осыған дәлел. Бұлардың барлығында да
семантикалық, (мағыналық) өрісі жағынан бір-бірінен алшақ
сөздердің «қақтығысуынан» экспрессиясы күшті жаңа қоспа
шыққан.
Жоғарғы айтқанымыз түсініктірек болуы үшін бір-екі мы-
сал келтірелік: Менің сауал атып, оның жауап лақтырғанын...
178
Шалқалаған сәт жарау тереге қоям деген сауалымды жоғал-
тып алған екем, қанша сорғығанмен түлкі сауал жота-
сын көрсетпеді (96-бет). Бұл сөйлемдер Сәруардың ойша
толғаған монологінен. Әрине, адам, әсіресе басын оққа тігіп,
ажал сағатын күтіп келе жатқан жас жігіт дәл осылайша об-
раздап ойламауы да мүмкін, оны бұлайша сөйлеткен – автор.
Бұл жерде авторға керегі – оқиғаның фотосуреті емес, көркем
суреті. Ар-ұжданы биік, сезімтал, жаны жұмсақ, тіпті роман-
тик Сәруардың жан даусы осылайша естілуге тиіс: бейнелі (об-
разды), эмоциялы, қазақы болып шығуға тиіс.
Сірә, бұл повестің тілі – толғаныс тілі. Толғаныс стилі – ба-
яндау (констатация) немесе хабарлау (информация) мәнерінен
өзгеше берілуі керек екенін қолына суреткер қаламын тұңғыш
ұстаған жас жазушы (70-жылғы Асқар Сүлейменов) жақсы сез-
ген, шығарманың тілдік-композициялық кілтін дұрыс тапқан.
Жоғарыдағы талданған сәттер осыны дәлелдейді.
Әр суреткердің шығармасында ұсынған сөз-образдары:
эпитеттері, теңеулері, метафоралары, кейіптеулері, әсірелеу-
лері оның дүниетанымын, дүниеге көзқарасын, әр нәрсеге
беретін бағасын танытады, бұларды сол шығармада айтпақ
идеясына қызмет еттіреді. Ол үшін дайын штамптарға, жа-
уыр болған көріктеу элементтеріне көп жүгінбейді. Жаңаша
құруды көздейді, ізденеді. Асқардың көзіне шоқша сақал
бөдене құйрықтатып күзеп тастаған сақал болып көрінеді,
ақ шалған самайды атағанда ақ қырау басқан деген сияқты
үйреншікті суретті алмай, самайына сынап тұнған деп береді,
аш қарын да жазушыға уілдеген қарын болып танылады. Кел-
те сөз, қысқа сөз дегендер тым жұпыны көрінгендіктен,
Асқар бұл ұғымды кеттім-бардым екі-үш ауыз сөз деп береді.
«Мән-жайды сұрамайтын жағдай» деудің орнына жағдаят
сұрамайтын жағдай десе, бір сөздің бір жерде екі рет
қолданылуы әдеттегідей стильдің шырқын бұзып тұрған жоқ,
керісінше, дағдыдан тыс соны қолданыс болып тұр.
Бір сөзді шағын контексте немесе бір сөйлемде қайталай
бермеу де – шеберлік үдесінен шығатын амал. Бұл жазушының
тілге деген ұқыптылығын талап етеді. Осы талаптан болар, по-
весте: Сонда да ат үсті қарекет демесең, басқадай әрекетке
ықыласы жоқ жүз қаралы жігіт... (46- бет). Мәмледен тосы-
179
лып, уәжден жығылар болса... (62-бет). Тәтесінің сақалына
жармасқандай бейжосық, беймүмкін әрекет деп таныды...
(67-бет). Соңғы сөйлемде, беймүмкін тұлғасы өте сыйымды
сөз болып шыққан: «істеуге болмайтын, істеуге мүмкін емес»
деген ұғым атауын бір сөзбен беймүмкін деп беру – дәл осы
жерде ұтымды, бұл тұлға өзімен ыңғайлас бейжосық сөзін де
ілестіріп алған.
Қазіргі қазақ әдеби тілінде аса «жүрдек емес» (актив
қолданылмайтын) тұлғалардың арагідік кездесуі де орынды:
Айттым-ау деген айбарлы сөз, сүздім-ау деген сырқынды
ойларын мынасы дұрыс, мынасы надұрыс деп саралай алма-
сын біледі екен (68-бет). Көптен ат көрмей тақым тағыланып
қалғасын... ба, кешегі аз жолдың өзінде шаршап қаппын (78-
бет). Бөкселі келетін орыс әйелдерін «байтал бөксе Машка»
деуі де – сирек қолданыс.
Қысқасы, тілі талданып отырған повесть – «Бесін» де-
ген символдық атынан бастап тұнып тұрған поэтизмдердің
қазынасы.
Поэтизм дегеніміз – бейнелі, көркем, әсерлі сөз. Поэтизм-
дердің шоғырланып жұмсалуы шығарма жанрына қатысты.
Әдетте поэтикалық сөздер мен тіркестер, яғни сөз-образдар
өлең тіліне көбірек тән болады. Ал прозалық шығармаларда
да аз ба, көп пе орын алады. Бірақ бұл шығарманың тілін
бастан-аяқ поэтикалық сипатта ұсыну – сол шығармаға белгілі
бір стильдік үн (тон) беру үдесінен шығуы керек. «Бесін»,
автордың өз тілімен айтсақ, «бір жағы қансырап ап, елдің
қолына карап қалған өкімет пен майдан (Ресей империясы мен
1-дүниежүзілік соғыс – Р.С), бір жағы тұнығы шайқалып, на-
мысын жыртып, шықшыты қарысқан елдің (қазақ қауымының
– Р. С.) – екі ұдай, екі бірдей қаракезік от шоғырдың» бір қыры
туралы поэма деуге болар. Ол қыр – қару асынып тірескен екі
жақтың ұрыс майданы емес, ар-ұжданның, ұлттық сезім мен
ұлттық намыстың, империялық өктемдік пен әскери борыштың
араларындағы тартыс, арпалыс. Бұл тартысты баяндаудың
стильдік-көркемдік кілті атты, шапты, жосылды, шайқалды
деген сияқты нақты суреттерді атауда емес екендігін жақсы
білген жазушы адамдардың ішкі сезім дүниесін сезімтал тілмен
– лиризмге толы поэтикалық стильмен ұсынған деп танимыз.
180
ТАХАУИ АХТАНОВ
Достарыңызбен бөлісу: |