форматика, ішінара космология салаларына қатыстылары болып
384
келеді: аудиожазбалар, посткеңестік (посткеңестік кеңістікте болып
жатқан оқиғалар), экожүйе т.б.
Көркем әдебиетте бұл күнде де әдеттегідей (қай кезеңде болса
да) жаңа қолданыстар орын алып жатады. Олардың дүниеге келу
уәжі, әрине, жоғарыда аталған әр алуан атауыштық (номинативтік)
терминдік мәндегі неологизмдерден өзгеше де болып келеді.
Көркем әдебиет, оның ішінде поэзия жанры да өзінің сұранысына
(қажеттілігіне) қарай жаңа тұлғаларды баспасөз беттерінен де,
ғылыми, әлеуметтік әдебиеттерден де, ауызекі сөйлеу тілінен де алып
қолдана береді. Егер белгілі бір ақын не жазушы суреттеп отырған
құбылыс, зат, іс-әрекетке қатысты бірді-екілі жаңалықты қажет деп
тапса, оны өзі жасауы да мүмкін (мысалы, Ғабит Мүсіреповтың
«Оянған өлкесінде» шлак дегенге боқат деген қазақша балама бергені
сияқты) немесе стильдік мақсат көздеп, әсерлі, экспрессиялық бояуы
қанық сөз деп кейбір архаистік тұлғаларды, не жергілікті сөздерді, не
өзге тілдік сөздерді де лексикалық жаңалық ретінде ұсынуы ықтимал.
Қысқасы, бүгінгі таңда сөздік қазынаның жаңалықтарын негізінен
публицистикалық стильден, яғни бұқаралық ақпарат құралдары:
баспасөз, радио, теледидар тілінен іздеу керектігі анық.
Соңғы кезеңдердегі лексикалық жаңалықтарды пайда болатын
және еркін (жиі) жұмсалатын орындарына қарай шамамен бес-алты
топқа бөліп талдауға болады: 1) бұқаралық ақпарат құралдарында; 2)
ғылыми әдебиеттерде; 3) көркем әдебиетте; 4) ауызекі сөйлеу тілінде;
5) мемлекеттік ресми және бейресми іс-қағаздарда; 6) ойын-сауық,
спорт әлеміне қатысты хабарлар мен жазбаларда орын алатын сөздер
мен лексикалық тіркестерде.
Әрине, бұлар – бір-бірімен ұштасып жатқан дүниелер, сондықтан
бірінде кездесетін жаңа сөздер екінші, үшінші топтарға көшіп,
қолданысқа түсіп жүре берулері мүмкін. Әсіресе көркем әдебиет
ауызекі сөйлеу тіліндегі, баспасөз беттерінде кездесетін кейбір
жаңа тұлғаларды, теледидар мен радиодан құлағы шалған тосын
(жаңа) сөздерді әр алуан стильдік мақсатпен жұмсауға бейім тұрады.
Өзге топтағылар да – осындай. Бірақ осы топтардың ішінде ең
«жаңашылы» – газет-журналдар беттері мен радио, телехабарлар.
Оның үстіне негізінен баспасөз беттерінде ғана жұмсалатын,
күнделікті сөйлеу тілінде де, әдеби тілдің өзге стильдерінің
үлгілерінде де қолданылмайтын стереотип неологизмдер бар
екенін баса айтуға болады. Мысалы, ақпараттық кеңістік, рухани
кеңістік, саяси ойын, орынтақ, дискредитация (беделін түсіру деп
қазақшаланып та жүр), ынталы топ, әкімқаралар, іскер топтар,
кәсіби деңгей, басымдықтар сияқты жеке сөздер мен лексикалық
тіркестер негізінен баспасөз беттерінде қолданылады. Әрине, оларды
мұқият іріктеп жинап алып, сөз ету – алдағы ізденістеріміздің бірі
болмақ.
385
Жаңа сөздердің тақырыптық топтары
Мұны сөз еткенде, бүгінде ең жиі қолданылатындарына назар
аударсақ, жоғарыда көрсетілгендей, жаңа сөздер көбінесе білім-
ғылым салаларына жататын терминдер болып келеді. Олардың
ішінде нақты зат, құбылыс атаулары да, дерексіз (абстракт) ұғым
атаулары да бар. Нақты зат атаулары көбінесе бұрын орыс сөзімен
айтылып келген тұрмыстық лексика бірліктері, екінші топта мек-
теп пен жоғары оқу орындары оқулықтары және өзге де әдебиет
үлгілеріндегі терминдер, олардың қазақша баламалары мен адамзат
өміріне енді келе бастаған ғылым мен техника жаңалықтарын
атайтын интертерминдер болып келеді (лазер, компьютер, интер-
нет, сайт, космогония т.б).
Соңғы 10-15 жылдың ішінде көрінген жаңа сөздердің қазақша-
лары да, интертерминдер де экономикаға, финанс қатынастарына
жататын тақырыптық топ құрайды. Қазақ баспасөзі мен ресми
ісқағаздары тілінде бұл тақырыптағы жаңа қолданыстардың басым
көпшілігі интертерминдер (бюджет, тендер, холдинг, маркетинг,
менеджер, фирма, депозит, биржа, акциз, компания т.б) екендігі
байқалады. Әрине, мағынасы дәл келіп жатса, бұл салада қазақша
баламасы ұсынылған сөздер де жоқ емес. Мысалы, финанс сөзін
көбінесе қаржы деп, финансист – қаржыгер, приватизация терминін
жекешелендіру, спонсор-ды демеуші деп атау жиірек кездеседі. Жал-
пы қай тақырыпқа қатысты болса да, -изация аффиксімен келген
сөздердің қазақша баламасын ұсынушылық бар. Бұл жұрнақпен кел-
ген сөздер дерексіз ұғым атауы болғанмен, олар белгілі бір қарекетті,
іс-қимылды білдіреді, ал адам баласына қатысты іс-әрекетті білдіру-
дің қай тілде болса да мүмкіндігі бар. Сондықтан жекешелендіру
(приватизация), ғаламдану, жаһандану, тұсаукесер (презентация)
деген необірліктердің жаттығы да, жасандылығы да сезілмейді.
Жаңа сөздерді қолданылатын орындарына қарай қалың көпші-
лік қолданатын және бұқаралық ақпарат құралдары жиі пай-
даланатын сөздер деп топтастыруға да болады. Олардың топтары:
1) күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздер: күнделікті тұрмыстық
лексика (зат, бұйым, қарапайым құрал-жабдықтар, тағам, киім-кешек
т.т. атаулары); 2) экономика, қаржыға қатысты жаңа, байырғы ұғым
атаулары; 3) әлеумет өміріне қатысты сөздер; 4) әдебиет пен өнер
саласындағы жаңа ағымдарды, ұғымдарды атайтын сөздер мен бұрын
өзге тілдік сөздермен, яғни «орысша» айтылып жүрген бірқатар
терминдердің қазақша баламалары; 5) бүгінгі спорт, ойын, саяхат
түрлеріне қатысты сөздер; 6) экологияға, айналадағы табиғатқа,
оның ішінде шетжұрттық мекендердің табиғатына қатысты атау-
386
лар; 7) медицина мен фармакологияға қатысты: дәрі-дәрмек аттары,
бұл саладағы соңғы кезеңдегі дүниежүзілік жаңалықтар атаулары,
мысалы, клон, клондау сияқты, сондай-ақ қазақтың халықтық медиц-
инасының кейбір тұстарының жандануына қатысты амал-тәсіл,
іс-әрекеттердің атаулары; 8) информатика, кибернетика, компьютер-
лендіру салаларының терминдері мен іс-әрекет атаулары; 9) ғылым-
ның күнделікті өмірге қатысты жиірек қолданылатын салаларындағы
термин және термин емес сөздер.
Осы жерде алдағы жұмыстың бір қажетті түрін атауға болады:
жоғарыда аталған топтарға жататын жаңа сөздердің, тіпті кейбір
жаңа қолданыстардың, яғни әдеби нормаға еніп орнықпағандарының
да толығырақ сөздігін түзіп, «Бүгінгі жаңа сөздер мен жаңа қол-
даныстар» деген атпен көпшілікке ұсынылса және мұнда олардың
қысқаша түсіндірмесі, кейбіреулерінде жақша ішінде орысша бала-
масы көрсетілгені жөн. Мүмкін мұндай сөздіктер келе-келе екі түрлі
сипатта түзілер: бірі – жаңа сөздерді тіркеуші сөздік («фиксирую-
щее издание», қазақша «Жаңа қолданыстар»), екіншісі – бүгінгі
әдеби тілге енген, нормаға айналған жаңа бірліктердің сөздігі,
«нормативный словарь», қазақша «Жаңа сөздер»). Әзірге біздің
түзіп, жариялап жүрген басылымдарымыз – лексикалық жаңалық-
тарды тіркеуші сөздіктер, енді осындағы неологизмдердің нормаға
кіргендерін іріктеп, жеке сөздік етіп (мүмкін, шағындау болар)
ұсынуымыз керек және бұнда тек қазақша неологизмдер емес, өзге
тілдер арқылы (мысалы, орыс тілі, ал орыс тілінің өзіне ағылшын,
неміс, француз т.б. тілдерден енген) келген интерсөздерді де қосу
керек. Қазіргі «Жаңа қолданыстар» сөздігінде тек екінші компо-
ненті бөгде тілдік болып келген астам держава, аудиовизуалдық
құрылғы, бейнесалон, даңқ мемориалы сияқты тіркестер мен авто,
авиа, аэро, кино сияқты «жарты сөздер» орын алғандарында ғана
«орыс» немесе «интер» сөздер бар, ал толық сөз түріндегі жиі қолда-
нылатын бөгде тілдік неологизмдерді де «Жаңа сөздер» сөздігінде
беру қажет.
Жаңа сөздердің бұқаралық ақпарат құралдарындағы,
оның ішінде күнделікті газет беттеріндегі көрінісі
Кейбір газет редакциялары әдеби тіл нормасында едәуір орнық-
қан кірме сөздердің де көбін қазақшалап беруге кей-кейде бой ұрып
отырады. Мысалы: «Ана тілі» газеті біраз уақыт редактор сөзін
сарашы деп жазып келді. Сондай-ақ газет беттерінен әулетесім
(фамилия), үнқағаз (газет), үналғы (магнитофон), төлқұжат (па-
спорт), жеңіскер (чемпион) деген сөздерді қолдануға ұмтылып келді.
Кейбіреулер съезд/ сиез дегенді құрал, резиденция дегенді тұғыр,
387
проблема дегенді тауқымет, догма-ны сіреспе, спрос дегенді әжет,
гардероб-ты адалбақан, тіпті дивизия, полк, офицер сияқты әскери
атауларды да қазақтың байырғы әскери лексикасымен ауыстырсақ
деген ұсыныстарын да баспасөз беттерінде білдіріп келді. Әрине,
әрекеттің өзін жазғыруға мүлде болмайды, жаңа сөздерді ұсыну-
шылардың пейілі дұрыс, әңгіме – тек қазақша баламалардың қазақ
тілінің құрылымдық жүйесіне олардың мағыналық-тұлғалық тұр-
ғыдан сай келмей жататындығында. Сол себептен де көптеген
ұсыныстар тәжірибеде жүзеге аспай жатады. Тілдің өзі де, оны пай-
даланушылар да тым талғампаз: басы артық әлементтерді де, уәжсіз
қосамжарлықты да, семантикалық кереғарлықты да көтермейді. Тіл
де өзінің ішкі табиғи заңдылықтарын бұзбауға күш салады. Мысалы,
гуманитарлық пәндер дегенді ізгілік пәндері немесе қайырымдылық,
мархабаттылық пәндері деген ұсыныстар болғанмен, оны гума-
нитарлық пәндер деп қалдырған-ды, дипломатиялық қарым-қаты-
настар дегенді мәмлегерлік қарым-қатынастар деп аударып,
«қазақшалау» дұрыс емес дегенді зерделі, тәжірибелі аудармашы,
жазушы Кеңес Юсупов баспасөз бетінде (Егемен Қазақстан, 2001, 3
мамыр) дұрыс көрсеткен болатын. Мұнда сауатты уәжді пікірлерде
газет беттері мен конференция-жиындарда батыл айтылып келеді.
Өйткені тілді жаңа сөздермен байытуға күш салатын да, қолайсыз, жа-
рамсыз тұлғаларды қолданып қателіктер жіберетіндер де – күнделікті
баспасөз орындары. Неологизмдердің бұл каналындағы жарамды-
жарамсыз қолданыстарды қадағалап отыру – тек тіл мамандарының
ғана емес, ана тілінің бары мен барысына, бүгінгісі мен болашағына
немқұрайды қарай алмайтын әркімнің де борышы екендігі даусыз.
Бұл күндерде, әділін айтсақ, басты-басты республикалық, облыс-
тық газеттер жариялап жатқан материалдарының тілін түсінікті,
әсерлі, қалыпты етіп ұсынады (баспасөз стилінің міндеті де – осы), ал
кейбір «беделді» деген газет-журналдардың неологизмдерді ұсынуға
келгенде шектен тыс кететіндіктері, әрбір редакция мүшелері мен
мақала авторларының «шығармашылық» таланты өршіп кететіндігі
де айтарлықтай байқалады. Бұлардың ниеттері түзу болғанмен, «тіл»
деген ғаламда норма, дәстүр, шек, саты, сөз мәдениеті дегендердің
бар екендігін де естен шығармау керек.
Бүгінгі неологизмдердің көп және жиі қолданылатын орнына
қарай екінші тобы деп таза ғылым мен техникаға қатысты әде-
биет саласын атау керек. Бұл саладағы жаңа сөздер ғылыми еңбек-
терде, жоғары оқу орындарына арналған әдебиеттерде, ғылымның
әр саласының терминологиялық сөздіктерінде беріледі. Алдыңғы
аталған салалардағы неологиялық бірліктер көпшілікқолды болса,
соңғы топтағылар қолданылу аясы шектеулі арнаулы болып келеді.
388
Алдыңғы топта қазақша жаңа сөздер көбірек орын алса, соңғы
топтағы жаңалықтар белгілі бір ғылым саласында пайда болған
интернационалдық сөздер болып келеді.
Бұл – көпшілікке түсінікті түрде көп сөз болып келе жатқан
әңгіме. Тек бүгінгі қазақ тілінде ғана емес, көптеген тілдерге ортақ
құбылыс. Мысалы, орыс тілінде таза ғылыми терминдердің 70-80
пайызы интерсөздер екен.
Тілдегі жаңалықтардың жасалу жолдары
Неологиялық бірліктердің тұлғалық көріністерін сөз еткен еңбек-
тер баршылық. Бұл тақырып тек неологизмдерге ғана қатысты
емес, жалпы тіл білімінің, «сөзжасам» тармағы бойынша тіл-тілдің
қай-қайсысында кеңінен зерттеліп келе жатқаны мәлім. Жаңа
қолданыстар, жаңа сөздер туралы таным-білімнің, жоғарыда ай-
тылды, бір ұшы «сөзжасамға», екінші қыры «номинация» тараула-
рына қатысты болғандықтан, неологизмдердің морфологиялық түр-
тұрпаты, яғни жасалу жолдары – қазақ тіл білімінде де әбден тал-
данып зерттелген сала. Сондықтан бұл жұмыста соңғы 10-15 жыл
барысындағы лексикалық жаңалықтардың жасалуында активтенген
ең өнімді тәсілдер мен енді тұрақтана бастаған жаңа амал-тәсілдер
сөз болады.
Әрине, сөзжасам саласында едәуір тұрақты (барлық кезеңде орын
алған), көптеген тілдерге тән (ортақ) универсал болатындығына
қарамастан, бұл салада да әр тілдің даму барысында және оның әр
кезеңінде жаңалықтар, өзгерістер болып жататынын жоққа шығар-
майды. Бұл орайда экстралингвистикалық фактор да (әлеуметтік
сұраныс, өзге тілдердің әсері, аударма ісі) орын алады.
Жаңа бірліктердің жасалу тәсілдерін, тұлғалық бітімі морфоло-
гиялық тұрпатын сөз етуге көшпес бұрын бұл фактілерді талдаудың
мынадай тұстарына көңіл аудару керек болады: 1) қолданыста
жүрген байырғы сөздердің мағынасын ауыстырып (кеңейтіп неме-
се қосымша жаңа мағына үстеп), неологиялық бірлік жасау үшін
ол сөздің семантикалық кеңістігіне қатты назар аудару керек; 2)
жаңа сөз жасауда кейбір жұрнақтардың, бірді-екілі тұста көптік
жалғауының қызметі активтенетіні көрсетілуі тиіс; 3) лексикалық,
кейде фразеологиялық тіркес құрайтын екі сөздің бірігуі, қосарлануы,
бірнеше сөздің қысқарып (ықшамдалып) бір тұтастық жасауы; 4)
неологиялық бірліктердің аналитикалық тәсілмен жасалған түрлері
– сөз тіркестері; 5) кірме сөздердің тілдегі неологизмдер болып сана-
латын топтарының тұлғалық көрінісі; 6) экспрессия уәжімен пайда
болатын неологиялық бірліктердің жасалу амалдары.
389
Қазақ тілінің соңғы 10-15 жыл барысындағы жаңа бірліктермен
толығу процесін талдағанда көзге түсетін құбылыс – ол неологизм-
дердің жеке сөздердің семантикалық трансформациялануы арқылы
көбірек жасалғандығы, яғни қолданыста бар сөздердің мағына үстеуі
(мағына кеңейтуі не тарылтуы), жаңа мағыналық реңктер (сема-
лар) қосуы бұл күнде біршама өнімді амалдардың қатарында тұр.
Әрине, бұл тәсіл қазіргіден көп бұрын жанданғаны мәлім. Әсіресе
XX ғасырдың басынан бастап қоғам өмірінің көптеген саяси, мәдени,
рухани, әкімшілік, тіпті экономикалық тұрмыс-тіршілігіне қатысты
жаңа ұғым, кейбір жаңа зат атаулары сауатсыздықты жою үшін осы
тәсілмен дүниеге келді. Күрес (тап күресі), тартыс (тап тартысы),
жарыс (социалистік жарыс) дегендерден бастап, мыңдаған байырғы
сөз бұрынғы мағынасында да, жаңа семантикалық реңктермен де
қолданылып кетті.
Тіл дамуының бүгінгі заман кезеңі – жаңа технологияның, мол
информатиканың, адамзат ақыл-ойы жеткізген ғылым салаларының
ерекше дамып отырған шағы. Сондықтан тек жаңа зат атаулары
ғана емес, жаңа ұғым атаулары да тіл-тілдің қай-қайсысында да мо-
лынан пайда болып жатқаны – мыңдаған жаңа тілдік бірліктің де
дүниеге келуіне себептер болды. Бұлардың көбі сөздің семантикалық
қозғалысын, яғни семантикалық компрессия – мағынасының та-
рылуы, метонимиялық өзгерісі т.т. сияқты семантикалық дерива-
ция құбылыстарын күшейтті. Мысалы, бұл күнде жиі қолданылып
жүрген дара (особь), обыр, пәле (рак), сауал (запрос), үрдіс (процесс,
тенденция), кежеуіл (телохранитель), әлеует (потенциал), нысан
(объект), бопса (шантаж), сұхбат (интервью) сияқты неологизмдерді
жеке-жеке талдап түсіндірсек. Соңғы кезеңдерде жиі сөз болып
жүрген аса қатерлі аурудың орысша рак деп жүрген жалпы атауы
бұрын қазақша жоқ болатын. Оның қылтамақ сияқты жеке бір түрі
ғана аталатын. Ал рак кеселі тек ас қорыту жолдарында ғана емес,
адам ағзасының барлық мүшесінде орын алады, демек, қазақша жал-
пы атау керек. Сондықтан оны бірде обыр деп, келесі бір сөздіктерде
пәле деп жеке тұлғалармен атаса, енді бір қолданыстарда қатерлі ісік
деген тіркеспен атап келеді. Мағына жағынан келгенде, қатерлі ісік
деген аналитикалық амалдың семантикалық үйлесімділігі ұтымды,
яғни ауру түрін дәлірек атайды, бірақ әрбір затты, құбылысты,
қимылды бір сөзбен (тұлғамен) беру – терминжасамның басты
шарттарының бірі. Демек, бұрынғы обыр, пәле деген жалпы ұғымды
білдіретін жай сөздерді медициналық термин ретінде ұсыну үшін
бұларды семантикалық құбылысқа түсіру қажет болып тұр. Обыр
мен пәле сөздері де термин ретінде әлі әбден орныққан жоқ. Обыр
сөзінің осы көзге дейінгі сөздіктерде көрсетілген мағынасы «көзі
390
тоймайтын ашқарақ, қомағай, жебір» дегенді білдіреді екен. Сөздің
семантикалық өрісіндегі «жапырып жалмай беретін» деген семасын
(мағыналық реңкін) пайдаланып, адам ағзасын бүлдіруде «қомағай,
жалмап жұтатын» (өлімге ұшырататын) аурудың аты ретінде
жұмсалғанда семантикалық трансформация құбылысы жүзеге асып
тұр. Ал пәле атауы нақты терминдік атаудан гөрі экспрессивтік атауға
жақын («пәле болып жабысқан науқас»), бұл сөздің мағыналық күші
әлдеқайда әлсіз.
Тағы бір-екі талдау жасасақ. Бұл күндерде парламент отырыста-
рында депутаттардың үкіметке немесе жеке министрлерге, жауапты
адамдарға белгілі бір проблемалар жөнінде сұрақтар қойып, жауап
қайтаруды, мәселенің мән-жайын түсіндіруді талап етеді. Демек,
бұл қойылатын сұрақтардың ресми термині – атауы болу керек.
Мұндай атауға қазақтың бір сөзі сұрау дегеннің синонимі – сауал сөзі
алынған. Сауал сөзінің кәнігі семантикалық ауқымы сәл кеңейтіліп,
ресми саяси реңк үстеліп, неологиялық бірлік жасалып тұр. Дәл
осындай семантикалық-неологиялық трансформация сұхбат сөзінде
көрінеді. «Әңгіме-дүкен құрған жай отырыс, жиын» мағынасында
ғана жұмсалатын сұқбат/сұхбат сөзін «баспасөзде, радио мен теле-
видениеде хабарлау үшін сұрақ-жауап түрінде жүргізілген әңгіме»
деген мағына беретін орыс тіліне ағылшын тілінен алынғап интер-
вью терминінің баламасы ретінде ұсынылып жүр. Бұл сөз бұдан
20-30 жыл бұрынғы неологизм деуге де болады, бірақ жиірек
қолданылып, ресми термин ретінде тұрақталған кезең – соңғы 15-20
жыл деп айтуға болады. Өйткені соңғы онжылдықтарда ресми әңгіме-
дүкеннің жиірек орын алуы қоғам өмірінде ауызша тілдің әлеуметтік
қызметінің арта түсуіне де байланысты деуге болады.
Сөйтіп, аса жиі болмағанмен, сөз мағынасының семантикалық
ауқымынан жаңа бірліктер жасаудың ретін табу – бүгінгі неологияның
қажетті амалдарының бірінен көрінеді.
Екінші кезекте тұрған деп аффиксация амалын атау қажет.
Әрине, бұл деривациялық құбылыс – жаңа лексикалық бірліктер
жасауда қашанда да көрнекті орында. Бірақ әр кезеңде белгілі бір
жұрнақтардың қызметі артады, кейбірі өте сирек көрінеді.
Бұл жерде сөз болып отырған кезеңде жаңа бірліктер жасауда
кездесетін барлық жұрнақтарды түгендеп шықпай, аса жиі қолда-
нылғандарын атауға болады. Олар: -ым/-ім (оқылым, қойылым); -ма/-
ме, -па/-пе) ( сынама – проба, тежеме – тормоз, нұсқама – стрелка),
-гер ( баспагер, бітімгерлер, мерейгер) жұрнақтары.
-ым/-ім жұрнағы – етістіктен есім тудыратын аффикс, ал оның
жандануына қимыл атауынан есім атауын жасау қажеттігі себепкер
болды. Айталық, оқылу сөзі қимылды атайды, ал есім оқылым – осы
391
қимылдың субстантивтенуі, әрекеттің заттық атауы, бұл неологизм
парламент сияқты ресми орындарда белгілі бір заңның жобасын
қабылдау үшін оның мәтіні оқылады, осы іс-әрекеттің заттық аталуы
оқылым болмақ. Бұрын мұндай морфологиялық трансформацияны
тұйық етістік тұлғасы – -у жұрнақты пайдаланылушы еді. Бұл тұлғада
да қимыл мағынасы (семасы) сақталатындықтан, енді номинация
заңы бойынша әрбір зат, қимыл, сын өз атымен бөлек аталу талабы
туып отыр, сондықтан «пәлен деген заң жобасы бірінші оқылуында
қабылданды» демей, «бірінші оқылымда қабылданды» деп мәлімдеу
ресми-кеңсе тілі стилін (нормасын) сақтау болмақ.
Осы үлгіде соңғы жылдарда баспасөз беттерінде орын алған
жөнелтім –«тауарды бір жерден, айталық, зауыттан немесе басқа бір
елден екінші жерге жөнелту» деген жұмыстың (актінің) атауы (орыс-
ша – отправка); ұшырылым (орысша – запуск ракеты), өтінім – за-
явка, түсім – поступление, тіркелім – прописка, ауысым – смена,
шығарылым – выпуск, сайланым – созыв (парламент сайланымы),
өткізілім – реализация, тізілім – реестр, қойылым – постановка.
Жаңа сөз жасауда көбірек қолданылып жүрген жұрнақтардың
тағы біреуі – -ма/-ме,-па/-пе жұрнағы. Бұл да етістіктерге жалғанып,
қимылдың есімге айналған мағынасын білдіреді: сараптама – экспер-
тиза, іріктеме – сорт, тізімдеме – опись, тәртіптеме – распорядок,
хаттама – протокол, түйіндеме – резюме, ермектеме – сканворд,
сынама – проба, тежеме – тормоз т.б. Соңғы көрсетілген жұрнақ зат
есімнен -та/-те жұрнағы арқылы жасалған етістіктерден қайтадан зат
есім жасайды (сарап+та+ма, тізім+де+ме). Қайыра жасалған сөзде
алғашқы түбірдің семантикалық мәні сақталады, бірақ заттық атауы
өзге болады.
Кейбір техникалық құрал-сайман, әртүрлі зат атаулары үшін
күні бүгінге дейін енжарлау (пассив) жұмсалып келген кейбір
жұрнақтарды жалғап, жаңа номинативтік бірлік жасау әрекеті көріне
бастады. Мысалы, көбінесе орысша болт деп аталып жүрген зат-
ты бұран деп ұсыну, броня дегенді берен деп, қазақша атауды жөн
көру етістіктен есім тудыратын байырғы -ын/ -ін жұрнағын іске қосу
болып табылады. Сол сияқты воронка, вставка деген техникалық
атауларға құйғы, салғы деген жаңа сөздерді телуде де етістіктен (құй,
сал) зат есім, яғни құрал-жабдықтың немесе олардың бөліктерінің
атына неологизмдер берілсе, бұл жерде осы қызметті атқарып келген
(шалғы, үзеңгі) байырғы -ғы/ -гі жұрнағы алға тартылған. Ал бұл ата-
улар үшін жаңа тұлғалардың қажеттігі – оларды білдіретін заттардың
бұрын қазақ тіршілігінде болмағандығы, жаңа шаруашылық түрлері,
жаңа құрал-жабдықтар, құрал-саймандар немесе олардың жеке де-
тальдары пайда болып, атаулары орыс тілі арқылы танылғандығында,
392
демек, бұл жерде бүгінгі қазақ тілінің неологиялық дүниесінде бөгде
тілдің белгілі бір орны болғандығы көрінеді.
Адамның кәсібін, сипатын білдіретін жұрнақтардың ішінде -гер,-
Достарыңызбен бөлісу: |