Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет1/38
Дата29.01.2017
өлшемі3,48 Mb.
#2937
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38

УДК 821.512.122.0

ББК 83.3 (5 Қаз)

С 94 

Қазақстан Республикасы 

Мәдениет және спорт министрлігі

Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің 

тапсырысы бойынша 

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың

2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» 

аясында шығарылды

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Жауапты шығарушы: филология ғылымдарының докторы О.Жұбаева

 

Сыздықова Рәбиға

С 94 

Сөздер  сөйлейді  (сөздердің  қолданылу  тарихынан). 

Көптомдық 

шығармалар  жинағы  /  Рәбиға  Сыздықова  /  –  Алматы:  «Ел-шежіре», 

2014. 


ISBN 978-601-7317-88-1

Т. 4: – 412 бет.



ISBN 978-601-7317-92-8

Жұртшылық сүйіп оқитын батырлар жыры мен ғашықтық жырлар-

да (лиро-эпоста) ХV-ХІХ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың 

шығармаларында,  мақал-мәтелдерде,  тұрақты  тіркестер  құрамында 

мағынасы күңгірт тартқан немесе архаизмге айналған сөздер кездеседі. 

Қазір  қолданылып  жүрген  сөздердің  ішінде  мағынасы  бұлыңғыр 

келетіндері тағы бар. Бұл еңбекте осындай сөздердің әуелгі мағынасы 

ашылып,  олардың  мағыналық  өзгерістері  талданады,  қолданылу 

уәждері дәлелденеді. 

Кітап жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің сту- 

денттеріне, мектеп мұғалімдеріне және көпшілік оқырманға арналған.

 

УДК 821.512.122.0



ББК 83.3 (5 Қаз)

ISBN 978-601-7317-92-8 (Т.4)                                   © Сыздықова Р. , 2014

ISBN 978-601-7317-88-1                                            © «Ел-шежіре» ҚҚ., 2014

3

СӨЗДЕР СӨЙЛЕЙДІ

Сөздердің қолданылу тарихынан

4

Бұл еңбегімді әкем Сәтіғали Құтқожин мен 

анам Жеміс Қалуқызының рухтарына арнаймын.

Автор

АЛҒЫ СӨЗ

Қалың жұртшылық, оның ішінде жастар мен мектеп оқушылары 

сүйіп  оқитын  батырлар  жырлары  мен  лирикалық  эпостарда,  XV-

XIX  ғасырларда  өмір  сүрген  қазақтың  ақынжырауларының  өлең-

толғауларында,  бағзы  заманнан  келе  жатқан  мақал-мәтелдерде, 

сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында 

бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан не-

месе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар қазірде 

жиі айтылатын актив сөз болғанымен, жырлар мен ертеректегі өлең-

толғауларда беретін мағынасы бұл күнгіден басқаша келетіндері тағы 

бар. Мысалы, батырлар жырларында жиі кездесетін:

Мінгенде аты ала-ды, 

Қылшық жүнді қара-ды, – 

деген жолдардағы ала сөзі – қазіргі «шұбар» деген түсті білдіретін 

сөз емес, «жылқы», оның ішінде «азбан» деген мағынадағы сөз (ала 

~ алаша ~ алаша ат: орыстың лошадь дегені осы тіркестен шыққан 

деген пікірлер бар).

Немесе  XV-XVI  ғасырларда  өмір  кешкен  Шалкиіз  (Шәлгез), 

Қазтуған, Доспамбет жырауларда:

Толғамалы ала балта қолға алып, 

Топ бастадым, өкінбен... 



Ала балта суырысып, 

Тепсінісіп келгенде...– 

деген  тармақтар  бар. Мұндағы ала  сөзі де түске  қатысты емес  деп 

ойлаймыз, бұл – «ұрыс балтасы» деген мәнде, яғни «өлтіру, қырып-

жою» мағынасындағы сөз. Бұдан басқа да ала сөзі қатысқан «ұрыс, 

соғыс, қырып-жою, бүліншілік» деген ұғымдағы туынды сөздер мен 

тіркестер  тілімізде  едәуір:  алапат,  алау,  алаулау,  ала  сүргін,  ала 

қырғын т.т.Мысалы, қазіргі тілімізде алаулау сөзінің «соғысу, шабу-

ылдасу» мағынасы ұмыт болған, ал Махамбет ақында (XIX ғ.):

Алты күндей алаулап

Он екі күндей ой ойлап – 

деген  жолдардағы  алаулау  етістігі  көрсетілген  көне  мағынасында 

қолданылып тұр.



5

Ала  сөзінің  ертеректегі  берген  мағыналары  әлдеқайда  көбірек 

болған. Мысалы, ала топалаң, алай-түлей, ала сапыран, алас-қапас 

дегендердегі  ала  сөзінде  «бейберекет,  тәртіпсіз,  ретсіз,  анық  емес» 

деген мән бар. Осы мән ауа райына, табиғат құбылыстарына қатысты 

айтылатын ала құйын, ала көлеңке, алағаншық боран, ала таң, елең-

алаң сияқты сөздерде де байқалады.

Эпостық  жырлар  мен  ертеректегі  ақын-жыраулар  мұраларында 

ғана емес, өлеңдері көкейімізге ұялап, сүйіп оқитын, көп жерін жатқа 

білетін  күні  кешегі  Махамбет  өлеңдерінде  де  арнайы  түсіндіруді 

қажет  ететін  сөздер  мен  сөз  тіркестері  кездеседі.  Мысалы,  атақты 

«Ереуіл атқа ер салмай» деп басталатын өлеңіндегі ереуіл – монғол 

тілінің «тың, мықты» деген ұғымды білдіретін эруул сөзінің қазақша 

тұлғасы болу керек.

Кейбір жеке сөздер мен қалыптасқан тіркестердің де бұл күндегі 

қолданылуы,  яғни  беретін  мағынасы  мен  ертеректегі  қолданысы 

бірдей  еместігі  байқалады.  Мысалы,  ауыр  сөзін  қазір  біз  салмаққа 

байланысты ұғымда (ауыр жүк) немесе осы ұғымнан шыққан ауы-

спалы мәнде ауыр сөз, ауыр тиді, жумыстың ауыры деген сияқты 

тұстарда  айтамыз.  Ал  бұрын  бұл  сөз  ауыр  жұрт,  ауыр  қол  деген 

тіркестерде де келіп, «көп, сансыз» деген ұғымды да білдірген.

Көне  өлең-жырларда  кездесетін,  қазіргі  көпшілік  оқырманға 

түсініксіз бірқатар бейтаныс сөздер, оның ішінде, әсіресе араб-пар-

сы сөздері мен көне түркі сөздері: қару-жарақ, киім-кешек атаулары 

бірқатар кітаптар мен оқулықтарда, хрестоматиялар мен жинақтарда 

мүмкіндігінше  түсіндіріліп  отырған.  Бірақ  кей  сәттерде  қате 

түсіндірілгендері де аз емес.

Сондай-ақ контекске қарап ұғуға болатын көбеген, кебенек, жо-



сынтүлей (Түлкі жортпас түлейден), барым (Талауға салды барым-

ды),  кіреуке  (Кіреуке  тонды  жамылып),  сана  (Қайда  барып  төгемін 

ішімдегі сананы), үдере, үдеру (Үдере көшіп барады немесе: Кей жер-

де жаяу үдеріп...), кен (Әзіреті Қаратау Әулиенің кені еді), сан (он сан 

ноғай, алты сан қазақ) сияқты сөздердің де сол контекстегі мағынасын, 

түптөркінін  ашып  берудің  артықтығы  болмайды.  Бұлардың  сырын, 

тегін, мән-мағынасын біле жүру, бір жағынан, қалың көпшілік үшін 

қызғылықты болса, екінші жағынан, ана тіліміздің байлығын игере 

түсулеріне, мұндай сөздерді орнымен қолдана білулеріне көмектеседі.

Әрине, ертегі-жырлардағы, бұрын өткен ақын-жыраулар шығар- 

маларындағы  сөздердің  басым  көпшілігі  –  бұл  күнде  де  қалың 

оқырманға  әбден  таныс,  мән-мағынасы  түсінікті  сөздер.  Баса  айта 

кететін нәрсе – қазақтың бай ауыз әдебиеті мен өткен ғасырларда өмір 



6

сүрген ақын-жырауларының тілі қазіргі көпшілікке де өте түсінікті, 

анық болып келеді, өйткені бұлар – қазақтың жалпыхалықтық сөйлеу 

тілінің негізінде жырланған мұралар. Бірақ сонымен қатар бұларда 

жырланған тақырыпқа, көнеден келе жатқан образдарды пайдалануға, 

ескі  тұрмыс-салтқа  байланысты  бұл  күнде  ұмыт  бола  бастаған  не-

месе  мүлде  ұмытылған  я  болмаса  мағынасы  өзгерген  сөздер  мен 

тіркестердің  кездесуі  –  табиғи  да  заңды.  Сондай  сөздердің  сырын 

біліп, қолданылған жеріндегі мағынасын түсіну, олардың түптөркінін 

танып отыру өте қажет деп білеміз. Әсіресе бұл – мектеп оқушылары 

мен студенттерге, атап айтқанда, болашақ мұғалім, филолог-ғалым, 

журналист, жазушы, ақындарға өте-мөте қажет болмақ. Жалпы бұлар 

ғана емес, кім-кімге де ана тілінің сөз сырына үңілу артық болмайды. 

Ұлы Абай айтқандай, «пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде 

ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін 

іздеген кезі өмірінің ең бір қызықты уақыты болып ойында қалады». 

Ал  ана  тілінің  бары  мен  бояуын,  сөздерінің  нәрі  мен  нақышын 

қызықты  құбылыс  деп,  оны  білмекке  ұмтылу  да  бір  ғанибет  болар 

деп ойлаймыз. Әсіресе бүгінгідей ана тіліміз – қазақ тілінің дәрежесі 

көтеріліп, әлеуметтік жүгі артқан кезде, осы тілдің барша байлығын 

игеру, тарихын білу – рухани парызымыз болмақ.

Бұл  еңбек  –  тіл  мамандарының  аз  ғана  тобына  арналған  таза 

лингвистикалық талдау емес. Мұндағы көздеген негізгі мақсатымыз 

белгілі бір сөздің не сөз тіркесінің бұрынғы және қазіргі қолданысына, 

яғни  сөз  мағынасының  өзгерісіне,  дамуына  (эволюциясына)  назар  

аудару.  Сонымен  қатар  талдаған  бірсыпыра  сөздердің  түптөркінін, 

яғни қай тілдікі екенін, көне-жаңа сөз екенін де ашьш беруді көздедік. 

Бұл  әрекетіміз  көбінесе  сөздің  көне  түркілік  немесе  монғол,  араб, 

парсы тілдеріне тән сипатын айқындау түрінде жүргізілді.

Өткен  дәуірлердегі  өлең-жырларда,  мақал-мәтелдер  мен  қалып- 

тасқан  тіркестерде  кездесетін  бейтаныс,  көне,  кірме  сөздерді  түгел 

теріп талдауды мақсат еткеніміз жоқ. Бұл – әзірге мүмкін емес шаруа. 

Біз  бұл  еңбекте  әзірге  өзіміз  іздеп  тапқан  материалдарды  (сөз  тал-

дауларын) ғана ұсынып отырмыз. Сондықтан осы ретпен зерттеуді, 

талдауды қажет ететін сөздер мен тіркестер әлі де баршылық екенін 

ескертеміз.

Біз бұл кітапта жеке сөздер мен тіркестердің он томдық «Қазақ 

тілінің  түсіндірме  сөздігінде»,  этимологиялық,  диалектологиялық 

сөздіктерінде  көрсетілмеген  мағыналарын  ашуға  ұмтылдық. 

Сөздіктер мен жеке еңбектерде берілген кейбір жаңсақ түсіндірмелер 

мен талдауларды сөз етіп, өз анықтамаларымыз бен болжамдарымыз-


7

ды ұсындық. Әрине, кейбір сөздердің көне түркі тілдерінде немесе 

монғол, парсы, араб тілдерінде, сондай-ақ орта ғасырлар мен қазіргі 

түркі тілдерінде берген мағынасын, тұлғасын көрсете талдаған кейбір 

сәттеріміз  тіл  зерттеуші  түрколог  мамандар  үшін  жаңалық  болмас, 

бірақ қарапайым оқырман жұртшылығына қызғылықты болар деген 

ойдамыз.

Ең  соңғы  ескертеріміз  –  біздің  барлық  пікіріміз  (талдаулары-

мыз) бастан-аяқ дұп-дұрыс, ешбір талассыз деуден аулақпыз. Кейбір 

ізденістеріміз  әрі  қарай  қарастыра  түсуді,  ғылыми  дәлелдерді 

көбірек қамтуды керек ететінін сеземіз. Сөйте тұра ұсыну себебіміз 

–  өзге  зерттеушілерге  ой  салуды  көздеуімізге,  ана  тіліміздің  барша 

байлығын айқындай түсуге жол ашуды ниет етуімізге байланысты.

Сөйтіп, ертедегі ұшан-теңіз әдеби мұрамыз бен сөйлеу тілімізде 

кездесетін  бұл  күнде  не  мүлде  түсініксіз  немесе  мән-мағынасы 

өзгеше түсетін бір алуан сөздердің сырын ашу үшін олардың өздерін 

«сөйлеттік». Бұл сөздер тек өз табиғатын таныту үшін ғана сөйлеп 

қоймайды, халқымыздың өткендегі тарих көшінен де хабар береді.



Кітаптың  құрылымы  жайында.  Бұл  кітапта  әңгіме  болатын 

сөздер  мен  тіркестер  оқырманның  тез  тауып  алуы  үшін,  алфавит 

тәртібімен берілді. Кей сәттерде сөзтізбеге (реестрге) жеке сөз емес, 

сөз тіркесі алынды. Сондай-ақ енді бір тұстарда алфавит жағынан әр 

жерде тұруға тиіс екі-үш сөз бір реестрде берілді. Мысалы, бұлан, 

құлан немесе: азамат, шора/шорыжолдас дегендер бірінші сөздің 

алфавиттегі орнымен берілді. Мағынасы жағынан біртектес (мысалы, 

жабайы жан-жануарлардың атауы) немесе синоним сөздер көбінесе 

осылайша қосақталып ұсынылды.

Бірқатар  сөздердің  екі-үш  түрлі  жазылып  жүргендері  кездеседі, 

оларды ортасына тік сызықша қойып, қатар бердік. Мысалы: күдері/



кедіре/күдіре/көдіре;  қазына/қазине  т.т.  Баяндау  мүмкіндігінше 

көпшілік  қауымға  түсінікті  стильде  (мәнерде)  жүргізілді,  дегенмен 

барлық талдау ғылыми негізге сүйенгендіктен, кейбір лингвистикалық 

терминдер қолданылып отырды. Оның үстіне ғылыми ақпарат, яғни 

мәлімет  алынған  көздер  (сөздіктер,  кітаптар,  зерттеулер,  жинақтар 

т.б.) көрсетіліп отырды.

Осы еңбектің 1980 жылғы басылымында екі тілдік сөздіктерден 

алынған  материалдар  (аудармалар,  түсініктемелер)  және  орыс 

тілінде  жазылған  кітаптардан  келтірілген  дәйексөз  (цитаттар)  ау-

дарылмай,  түпнұсқаша  орысша  берілген  болатын.  Ол  кезде  біздің 

кітаптарымызды оқитындар тек Қазақстанды, одан қалды бұрынғы 

Одақты мекендеген қазақтар ғана болатын, ал олардың орыс тілін де 



8

қоса  білетіндігі  аян.  Енді  қазақ  тіліндегі  кітаптарды  шет  елдердегі 

қандас  бауырларымыз  да,  түркі  тілдес  шетелдік  өзге  туыстар 

да  оқитын  күн  туған  қазіргі  кезеңде  оларға  орыс  тіліндегі  текст 

дәйексөздерін түсінулері қиынға соғатынын ескеріп, орысша аудар-

малар  мен  түсіндірмелерді,  дәйексөздерді  қазақша  аударып  беріп 

отырдық, бірақ ғылыми дәлдік үшін материал алынған көздер жақша 

ішінде  көрсетіліп  отырылды.  Олар  қысқартылып  берілді.  Мұндай 

кітаптардың аталуы, шыққан жері, жылы толық жазылған тізім осы 

еңбектің  соңында  берілді.  Сөздіктердің  сілтемесі  де  жақша  ішінде 

мейлінше  қысқартылды.  Мысалы,  (Будагов,  I,  752)  деген  сілтеме  

Л. Будаговтың 1869, 1871 жылдары I, II том болып Санкт-Петербуртте 

шыққан  «Сравнительный  словарь  турецко-татарских  наречий»  де-

ген  сөздігінің  I  томының  752-беті  дегенді  білдіреді.  Немесе  ДС, 

573  деген  жақша  ішіндегі  қысқартулар  «Древнетюркский  словарь» 

(Ленинград,  1969)  деген  кітаптың  573-беті  дегенге  сілтейді.  Жеке 

авторлардың еңбектеріне жасалған сілтемелер де жақша ішіне қысқа 

түрде көрсетілді, олардың да толық аты-жөнін кітап соңынан табуға 

болады.

Көпшілік оқырманға таныс болмағандықтан, кейбір кітаптар мен 



сөздіктерден  алынған  материалдар  латын  немесе  араб  әріптерімен 

жазылған түрінен өзгертіліп, қазіргі жазуымызбен берілді.

Бұл  кітапта  кейбір  сөздердің  осы  күнгі  қазақ  емлесі  бойынша 

дұрыс жазылған түрлерімен қатар, өзгешелеу тұлғада жазылған жары-

спа қатары да (варианттары, дублеттері де) бар. Олар мысал алынған 

басылымда  солайша  жазылуына  немесе  сөз  түбірінің  о  бастағы 

тұлғалануына байланысты келтірілді. Мысалы, абжылан/әбжылан

алапа/алафақарашы/қараша т.б. Бұл – әрине, осы сөздерді осылай-

ша екі-үш түрлі етіп жазу керек деген сөз емес.

Келесі бір ескертетін нәрсе – жырлардан, ақын-жыраулар мұра- 

ларынан  алынған  мысалдардың  қай  жылғы  басылымнан  келтіріл- 

гендігі, беті көрсетілмеді. Бір жырдың екі-үш не одан да көп басылы-

мы болды, сол сияқты Махамбет ақынның соңғы үш-төрт басылымы 

бар. Біз өлең жолдарын солардың барлығынан да алдық. Сондықтан 

кейде белгілі жырдың немесе өлеңнің бірер сөзі не әрпі оқырманның 

қолында бар басылымдағыдан басқаша болып тұрса, оны ұсынылып 

отырған  кітапта  кеткен  қате  не  салақтық  деп  емес,  сол  мысалдың  

өзге басылымнан алынғандығының нәтижесі деп тану керек. Өйткені 

бір  жырдың  әртүрлі  басылымында  азды-көпті  айырмашылықтары 

бар екендігі аян.


9

Кітап  соңында  осында  талданған  сөздердің  тізімі  алфавит 

тәртібімен берілді. Олардың ішінде сөзтізбеге кірмей, жол-жөнекей, 

яғни өзге сөздерді талдау үстінде әңгіме объектісі болғандар да бар.

Университеттер  мен  педагогикалық  институттардың  филология 

факультеттерінде қазақ әдеби тілінің тарихымен қатар, қазақ тілінің 

тарихи фонетикасы, тарихи морфологиясы, тарихи лексикасы деген 

пән  салалары  оқытылады.  Тарихи  фонетика  мен  тарихи  граммати-

кадан оқулықтар мен оқу құралдары біршама бар деуге болады. Ал 

қазақ тілі бойынша тарихи лексиокология саласына арнайы жазылған 

да, қосымша материал ретінде ұсынылған да еңбектер жоқтың қасы. 

Сондықтан  осы  сөздікте  қазіргі  қазақ  тіліндегі  кейбір  сөздердің 

қолданылу тарихын, яғни мағыналық қозғалыс-өзгерістерін талдаған 

негізгі материал бойынша тарихи лексикология курсының бірқатар 

мәселелерін кітап соңында қысқаша баяндап, қосымша құрал ретінде 

ұсынып отырмыз.



10

СӨЗДЕР СӨЙЛЕЙДІ

АБЖЫЛАНДАЙ  ТОЛҒАНУ.  Қазақтың  эпостық  жырларынан 

абжыландай толғанып деген сөздерді кездестіреміз. Мысалы, «Қыз 

Жібек» жырында Төлеген мен Қаршығаға Жібектің көшін тапқанға 

дейін кездесетін, бірінен бірі асып түскен сұлу қыздардың біреуі:

Алтынды қамшы қолға алып, 



Абжыландай толғанып

Бұралып кетіп барады, 

деп суреттеледі. Немесе «Алпамыс» жырында батырдың қарындасы 

балғын жас Қарлығаш та:

Алтыннан кемер байланып, 

Абжыландай толғанып, –

келе жатады. Бір ғажабы – бұл теңеу-образ сұлу қызды не батырды 

суреттегенде айтылады. Мысалы, жас батыр Алпамыс:

Саймандарын сайланып,

Алтыннан кемер байланып,



Абжыландай толғанып

Қызыл найза қолға алып

Шұбарға қарғып мінеді.

Осы  жырдың  1961  жылғы  басылымындағы  (Алматы,  «Ғылым» 

баспасы) ғылыми түсіндірмеде бұл тіркеске: «су жылан сияқты деген 

сөз, ол шапшаңдық пен тездіктің символы» деп анықтама берген.



Абжыландай  толғанып  деген  теңеуді  әдебиеттанушылардың 

көбі  шапшаңдықты  білдіретін  немесе  сұлу  қыздың  жүрісінде  тал 

шыбықтай  бұралған  түрін  суреттейтін  образ  деп  таниды.  Оған 

жыланның су ішіндегі тез қимылы, ирелеңдеген көрінісі негіз болып 

тұр деп біледі. Бұл – бір жағынан, абжылан дегенді сужылан (аб – 

парсыша «су») деп танудан шыққан түсінік. Сөздің бұл этимология-

сын (төркінін) бір кездерде тіл мамандары ұсынған болатын. Тіркестің 

ненің образы үшін қолданылғаны дұрыс көрсетілген, ал образға негіз 

болған нәрсе сужылан деп тану – жаңсақтық. Абжыланды сужылан 

деп ұққаннан кейін сужыланның «жүріс-тұрысын», «кескін-кейпін» 

іздеп, оның «тал бойынан» табылған қасиеттерін сұлу қыз бен батыр 

жігітті суреттейтін образды тіркеске икемдестіреді.

Ең  алдымен,  абжылан  –  сужылан  ба?  Жоқ.  Ол  жөнінде  алғаш 

пікірді  А.Махмұтов  айты  да  осы  сөздің  төркінін  жаңаша  «төрітті» 

(тудырды). Зерттеуші мұндағы аб бөлігі парсы сөзі емес, кейбір түркі 

тілдеріндегі  аба,  ап  сөзі  дейді,  якутша:  аба,  ап  –  «ащы  дәм,  суда 

өсетін  улы  шөптің  тамыры»  және  «сиқыр,  арбау,  жадылау»,  алтай-


11

ша: «екі жүзділік» деп келтіреді де, абжылан – «арбайтын, сиқырлы 

жылан», мұның ең бастапқы мәні – «улы жылан» деген этимология 

ұсынады (Этимол. сөздік, 17). Шынында да, якут тіліңдегі «сиқырлау, 

арбау, қызықтыру, магия» деген ұғымды білдіретін ап сөзінің төркіні 

– осы мәндегі монғолдық аб, һаб сөзі.

Егер абжылан дегеннің бірінші сыңары «сиқыр, арбау» мәніндегі 

сөз  деп  тапсақ,  әрине,  аб  сөзі  қазақ  тіліне  якут  тілінен  енді  деуге 

болмайды. Ол – сірә, ежелгі түркі-монғолға ортақ сөздердің бірі бо-

лар. Бұл жорамалға саятын және бір дәлелді осы тіркестің толғану 

сөзімен келуінен іздеуге болады. Толғану сөзі қазірде негізінен «ой-

лану,  терең  ойға  бату»  деген  ұғымда  қолданылады.  Ал  бұл  сөздің 

«жиырылу,  оралу,  бір  нәрсені  айналу,  төңкерілу»  деген  мағынасы 

бұл  күнде  қазақ  тілінде  ұмытылған.  Л.  Будагов  толғамақ  (толғау

сөзінің  өткен  ғасырдағы  қазақ  тілінде  «бір  нәрсені  орау,  айналды-

ру» мағынасы бар екенін көрсетеді (Будагов, I, 752). Шағатай тілінде 



толғаштырмақ сөзінің ауыспалы мағынасының бірі «алдап соғу, ал-

дап түсіру» екенін тағы да осы Будагов сөздігі білдіреді.



Толға етістігінің ертедегі түркі тілдеріндегі бір мағынасы «орау» 

екендігін XI ғасырдағы Махмұт Қашқари сөздігі танытады. Ол өзіне 



жіп  орап  алды  дегенді  сол  кездегі  түркі  тайпаларының  бірқатары: 

ол  өзүне  йуң  толғанды  деп  айтатындарын  мысалға  келтіреді  (ДС, 

573). Сонда абжыландай толғану дегендегі толғану сөзі «ирелеңдеп 

жылжыған»  немесе  «шиырылып  оралған»  деген  ұғымды,  одан  ба-

рып «арбаған, қызықтырған» деген ауыспалы мәнді білдіреді. Сірә, 

бүл тіркестің образдық қызметі жыланның әйтеуір жылжуына теңеу 

емес, оның адамды арбайтындай, қызықтыратындай көрінісіне теңеу 

болса керек.

Толғау  (толғану)  сөзі  ауыспалы  мәнде  «қызықтыру»  дегенді 

білдірер болса, абжыландай толғану деген тіркестің екі сөзінде де 

адамды өзіне тарту, қызықтыру ұғымын табамыз.

Абжылан  (әбжылан)  сөзін  «арбаушы,  сиқырлаушы,  қызықты- 

рушы»  деген  образ  ретінде  қолдану  тек  жырда  ғана  емес,  ақын-

жырауларда да кездеседі. Мысалы, Бұхар жырау (XVIII ғ.):

Ұрғашының жақсысы



Әбжыландай сумаңдап

Боз жорғадай бұлғады, – 

дейді. Немесе Жамбыл осы образды айдаһарға қатыстырып айтады. 

«Өтеген батыр» жырында айдаһар (қазақ ұғымында ол да – жылан):

Жүз құбылып толғанып, 

Өтегенді шақырды, – 



12

деп келеді. Тек қана абжылан емес, жалпы жылан атаулыны арбаушы, 

сиқырлаушы  образында  ұсыну  қазірге  дейін  жоқ  емес.  Мысалы, 

жазушы  Ғабит  Мүсірепов  «Оянған  өлке»  романында  Игілік  бидің 

қонақ  күтіп  жүрген  сылаң  тоқалы  Айғаншаны  «қысыр  жыландай 

жүйткіп жүр» деп суреттейді (Ғ. Мүсірепов. Таңд. шығ. 1955, II том, 

10).

Сөйтіп, бір кездерде абжыландай толғану деген тіркес образды 



білдіруге  жұмсалған.  Келе-келе  жылан  сөзінің  көбінесе  жағымсыз 

образға  қатысты  айтылатыны  себеп  болып,  адамның  жағымсыз 

іс-әрекетін  бейнелеуге  қолданылатын  болған.  Мысалы,  Ілияс 

Жансүгіровтің мына өлеңінде:

Албасты Арқадағы аб(ы)жылан

Молда отыр ысқырынып, оқып Құран. 

Атты арбап, атан жұтып жатыр молда

Құранмен жем түсіріп жуан-жуан, –

деп ысқырынған абжыланды жағымсыз жемқор молданың образын 

беруге  жұмсаған.  Жамбыл  да  бір  өлеңінде  жыланды  арбаушы, 

сиқырлаушы образ ретінде алса, келесі бір өлеңінде бұл атауды мүлде 

жағымсыз образды беруге қолданады:

Ысқырынып өрмелеген тау мен тасты

Мен көргем абжыланды сұры қашқан.

Бұл жолдарға қарағанда, ақын абжыланды сужылан деп түсінбеген: 

сужылан тау мен тасқа өрмелемейді ғой.

Тіпті  қазіргі  сөздіктер  абжыландай  толғанды  деген  тіркесті  

«айбат шекті, буырқанды» деп түсіндіреді (Кеңесбаев, 9). Бұл түсін- 

дірме, әрине, біржақты, ол – талданып отырған фразеологизмнің осы 

күнгі  қолданысына  қарай  берілген  анықтама.  Бұл  сияқты  әрқилы 

танымдар − абжылан тіркесіндегі аб сөзінің «сиқыршы, арбаушы» 

мәнінің  мүлде  көмескіленуінен  туған  жайт,  яғни  соңғы  дәуірлерде 



абжылан  сөзі  жалпы  жыланның,  тіпті  улы  жыланның  синонимі 

ретінде  таныла  бастағаны  байқалады.  Өйткені  қазіргі  қазақ  тілінің 

толық түсіндірме сөздігі абжылан сөзін: 1) үлкен жылан, 2) ауыспа-

лы мағынасы «жауыз, қанішер» деп көрсетеді (ҚТТС, 1974, I, 35).

Сөйтіп, осы талдаулардан кейбір сөздердің образдар жүйесі заман 

өткен сайын өзгеріп отырғаны көрінеді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет