§5. КҮЛКІ. КОМЕДИЯЛЫҚ, ИРОНИЯ
Өнер мен әдебиет үшін күлкінің маңыздылығы аса зор. Күлкі адам санасы мен құлығының қыры ретінде, біріншіден, қуанышты, езуге күлкі үйірілген жан көңілділігін, ақжарқын сұхбаттасуды танытудың (толстойлық Николай мен Наташа Ростовтардың ағайларының үйінде саяттан кейін болуын еске түсірейік) бөлінбес бөлшегі болып табылады. Және екіншіден, күлкі дегеніміз – адамдардың өздерін қоршаған ортаның кейбірде өз қабылдануында адамды өзінен үркітетін әлдебір қайшылықты келеңсіз жайттарын тікелей-эмоционалдық қол жеткізім арқылы талқылауының формасы. Осы қырынан күлкі комикалықпен (көне.-гр. "комос" ауыл мерекесі) байланысады. Комикалықтың күлкінің (ең алдымен езу тартқызудың) бастау көзі ретінде оның астарында нормадан ауытқу мен әпенделік жататын; адамға зәбіні тимейтін кеңкелестік; мазмұн мен мәнді ашатын сырттың дүрдигенімен іштің қуыстығы деп танылып көп жазды (Аристотель, Кант, Чернышевский, А. Бергсон).
Адамзат тарихының ертедегі кезеңдерінде күлкі өзін бұқаралық және мерекелік ғұрыптар мен жоралғылар құрамында айшықтай таңбалады. М.М. Бахтиннің жұртқа кең танылған Ф. Рабле туралы кітабындағы карнавалдық (думандық) күлкі түрлі елдер мен дәуірлердің халықтың мәдениетінің бір бөлшегі болып табылады. Ғалым осы күлкі жалпыхалықтық (шадымандық күй кешу аясында барлығының басын бір жерге қосатын сезім) ретінде (өзінің мәңгілік өліп, қайыра тірілуімен, ең алдымен, материалдық-денелік және сонымен бір мезетте мерекелік жағымен әлемге тұтаса бет түзетін) әмбебап және (халықтың түгесілмес әлеуеті мен барша ресми, мемлекеттік, шіркеу билігінің барша тыйым салуын жоққа шығаруының бірлігін құрайтын) амбивалентті, ең бастысы жүрек жұтқандықты танытып, еркіндікті айшықтап, жүзеге асырушы деп сипаттады[211]. Бахтинше, карнавалдық дүниені түйсінуге: көңілді қатыстылық, пафостың ауысуы, әлемнің жаңаруы мен түлеуі тән болып келеді [212]. Бұл арада бахтиндік карнавалдық пен ницшелік дионистіктің арасындағы жақындастық аңғарылады.
Карнавалдық күлкі концепциясы (Рабле туралы кітап 1965 ж. жарық көрісімен) соңғы отыз жылда мәдениеттануға, өнертануға және әдебиеттануға аса зор игі әсерін тигізіп, кейбірде дау да туғызды. Осылайша, Бахтин назарынан тыс қалған карнавалдық "бұғауланудың" қатігездікпен, бұқаралық күлкінің зорлық-зомбылықпен байланысы өзіне зер салғызды[213]. Бахтин кітабына қарсы карнавал күлкісі мен Рабле хикаяттары шайтани деп те сөз етілді[214]. 1930-1940-шы жылдар аралығында өмірге келген Бахтиннің Рабле туралы кітабының қайғылы да, трагедиялық астар мәтіні ғалымның жақында жарияланған қолжазбасында айқын танылады, онда өмір өзінің мәнісі бойынша (барлық уақыт та) қылмыспен басы байлана шырмалған, ондағы "махаббат үнінің" ауызына құлып салынып, тек "уақыты келгенде сатурналий мен карнавалдың азат етуші сөз саптауында жария етілетіндігін" сөз етіледі [ 215].
Тарихи уақыт аясында адам тірлігінің күнделікті өміріне дендеп еніп, адамдар арасындағы жеке өмір салты мен дербес сұхбаттастыққа айналған бұқаралық және жоралғылық мерекеліктің шеңберінен шығып кеткен күлкінің мәдени-көркемдік құны арта түседі. Тіпті алғашқы қауымдық қоғамдағы халықтарда да күлкінің баршаны қамтитын «дасжарлықты» символдандыратыны анықталып отыр[216]. Осындай күлкі (егер оны индивидуалды-бастамашыл деп атайтын болсақ) екі жақты ашық-жарқын әңгімелесіп, сыр ашып сырласумен тығыз байланысты, ең алдымен, Пушкиннің досы П.А. Вяземский "ынтықтырар көңілділік" болып келеді. Ол барша елдер мен халықтардың әдебиетінде кездеседі. Осы ыңғайда Платонның диалогтары (әсіресе, "Федон", онда Сократ өзінің жазаға тартылуы алдында өз шәкірттерімен «күлкімен» арайлана отырып, әңгімелеседі, әрі қалжыңдасады), Жаңа уақыттың Л. Стерннің "Джентльмен Тристам Шендидің өмірі мен ойлары", Пушкиннің "Евгений Онегині", Твардовскийдің "Василий Теркині" сынды туындылардың баяндаушылық тінінде және отандық классиканың кейбір қаһармандарының құлықтарында (мысалға, Пушкин дәріптеген Моцарттың ойнақы әзілге құлықтылығы немесе Достоевскийдің үнемі көтеріңкі көңілмен күлімсіреп жүретін кінәз Мышкинін еске алайық) тамаша ашылып берілген[217].
Индивидуалды-бастамашыл күлкі шеттетушілік-қалжыңдық сипатқа ие болуы да мүмкін. Оның сипаттамасын беруде дәстүрлі түрде ирония термині қолданылады. Қоршаған ортаға, адамдардың тіршілік етуіне, әдет-дағдысына (өзім білемдік, менмендік, көше даңғазасына) қатысты ирониялық ауан көне гректік киниктерде (б.з.д. V-IV ғғ.) тән болып келді[218]. Киниктердегі жаугер бетсіздіктің күлкісі алыстан жаңғырғанымен Ф. Ницшенің ирониялық ауандағы туындыларында қайыра қорытылды. Оның "Заратустра солай деді" поэмасынан: "Мен олардың олардың ұлы ұстаздарына, барша әулие-әмбиелері мен ақындарына етектерін ашып күлуіне бұйрық бердім" дегенін, және философтың өзі туралы: "Менің әулие де, тіптен сайқымазақ та болғым келмейді <...> Мүмкін мен дәп сол сайқымазақтың өзі шығармын" деген жолдарын оқи аламыз[219]. Киниктерден бастау алған күлкінің арқауы біздің ғасырдың басындағы футуристердің құлықтық формаларына ұласып, қазір "қара юмормен" жалғастығын табуда[220].
Жаңа уақыт мәдениеті мен өнеріндегі маңызды құбылыс – романтикалық ирония. Ф. Шлегельдің пікірінше, иронияға бейімділік адамды өмір қарама-қайшылықтарынан, оның ішінде, күнделікті тірліктің «жадағай прозасынан» асқақтады. Өзінің әлем туралы түсінігін Сократқа жапсырған Шлегель "Ирония әлемді мазақ ететінін" аңғарды. Сондай-ақ, ол ирония турасында: "онда бәріде қалжың болуы керек, бірақ бәрі де байыпты, бәрі де ағынан жарылған және де өз тереңіне сыр бүккен", "ирония дегеніміз – мәңгілік қозғалыстағы шексіз хаосқа толы айқын сана",-деп тұжырымдады[221]. Адамға өз бойындағы "құдіретті идеяны" ашуға септігін тигізетін иронияның екі ұдайлығы, сонымен қатар, "өмірге берген сыйын өзінің" құрта алатындығын біршама кейінірек К.-В.-Ф. Зольгер де жазды[222].
Осы тақлеттес әмбебап, кейінірек трагедиялық реңке бөленіп, символистік мәнердегі жазушылардың шығармашылығында (А. Блок, А. Белый) ұшырасады. Біртұтас философиялық күлкінің апологиясы заманалық гуманитарларға, структуралистерге және постструктуралистік бағдарларға да тән. Осылайша, М. Фуко (Франция) өзінің 1966 ж. кітабында бүгінде "бүгінде адамы жоқ, бос кеңістікте ғана ойға бату ғана мүмін", адам жайында ойлау мен сөйлеу қалауы "ойсыздық пен келеңсіздік" рефлексиясы болып табылып, оны "тек философиялық күлкіге ғана қарсы қоя алуымыз мүмкін" деп тұжырымдады[223].
Ғаламға деген ирониялық көзқарас адамды догматтық тар ойлылықтан, біржақтылықтан, ұстамсыздықтан, фанатизмнен, қызу тірліктен аулақ принциптердің жетегінде кетушіліктен азат етуге қабілетті. Осы турасында Т. Манн тынымсыз сөз етті[224]. Сонымен бірге "Шегі жоқ ирония" нигилизмнің, адамсызданудың, тұлғасызданудың тұйықтығына әкеліп соғуы да мүмкін. Осыны Ф. Ницше жан-тәнімен сезінді: "Иронияға дағдылану <...> мінезді құрытып, оған бірте-бірте шайтани нышанның үстемдік құруын енгізеді де <...> сен қабаған итке ұқсап, тісіңді ақсита отырып күлуді үйренесің"[225]. Тұтасқан иронияның кері әлеуеті турасында А Блок өзінің "Ирония" (1908) мақаласында оны дерт, басыбұзарлық, тәрк етушілік, сылқия мас болудың әбігері, адами келбеттен айырылудың нышан-белгісі ретінде сипаттады; 1918 жылы С.Н. Булгаков "Қазір ирония мен сайқалдық үшін ұтымды уақыт болып отыр" деді[226].
Шекараны білмейтін ирония адам бойындағы адамилықты тұтастай жоққа шығару жағына «бұрылуға» қабілетті. И.П. Смирновша, постмодернистік бұтақтағы құнды әдебиет, шынайы адам келбетін құбыжыққа айналдыруды туындату. Бұл жерде авторлар "субъектіні тұжырымдамалауда оны ешкім бақылай алмайтын "қалау машинасына" <...> механикалық-органикалық құбыжыққа" айналдырады[227].
Адам өмірін толық қарпи қамтуға бағытталған әмбебап ирониямен қатар, нақты, локалды байыптай ойлау мен қабылдауды тудыратын және сонымен қатар, бір мезгілде адамдар өмірі мен оның тарихи тірлігінің терең қатпарлы қарама-қайшылығын танытатын (өнер мен әдебиет үшін өте өнімді болып табылатын) ирония бар. Тап осындай ирониялық ауан туындыларда юморлық және сатиралық бой көрсетеді[228].
Достарыңызбен бөлісу: |