Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы №30 жалпы орта білім беретін мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бекітемін: ДТЖО: Г.Аманжолқызы «31» мамыр 2023,ж. «Ұлттық тәрбие - ұлт болашағы» Сынып жетекшісі: Алпамысқызы А. Сыныбы: 5 «Е» Ақтау - 2023жыл Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, наша қорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз тиіс. Бұл орайда ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету сабақта және сыныптан тыс сабақтарда,тәрбие сағаттарында көрсету үрдіске айналып келеді . Еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын отансүйгіш, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай тер төгіп келеміз.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» болғандықтан әдебиет сабағында оқушыларға тақпақтарды жалаң жаттатып, ертегілерді құр оқытып қана қоймай, оны оқушының санасына сіңіріп, мағынасына терең бойлатуға тырысамын.
.
Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар. Ана сүтін ақтамағанды , ещкім жақтамайды. Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без. Қарағайға қарап тал өсер, қатарына қарап бала өсер. Үйінде ұл-қызы бардың, көгінде сөнбес жұлдызы бар. Бала тәрбиесінде ең алғашқы ұстаз – ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбие жоқ.
Отбасында әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы болса, ана – өмірдің қайнар бастауы. Ана – ақылды тәлімгер. Ана бала бақытының бағбаны.
Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты ұрпақ тәрбиелеу.
Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы.
Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, шешендік сөздер,айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері осы ұлттың мінез-құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып, келеді.
Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру-егеменді мемлекетіміздің әр отбасы мен азаматтарының міндеті.
Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған.
Халық өз ұрпағына қайырымдылықты ес білгеннен үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы оны тұрмыстық салтқа, адамгершілікке, дәстүрге енгізді.