Бердібек соқПАҚбаев "менің атым қожа"



Pdf көрінісі
бет28/29
Дата15.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#138631
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
(pdf) Менің атым Қожа (Бердібек Соқпақбаев)

ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Құпия кеңес жайы сөз болады, повесть осымен
аяқталады
Кешкі астан кейін төр үйге кіріп, стол шамды жақтым да, сырттан ештеңе
көрінбестей етіп, терезе перделерін түсірдім. Бұрышта кісі бойы үлкен айна
тұр. Столымды соның дəл алдына тақап қойдым да, дүниені тулатып,
сойқандап жүрген қылмыскер Қожамен бетпе-бет келіп отырдым.
– Қадыров Қожаның жеке бас құпия кеңесі ашық деп жариялаймын. Күн
тəртібінде бір-ақ мəселе – тəртіпті, үлгілі оқушы болу үшін мен бұдан
былай не істеуім керек?
Күн тəртібін протоколға мəнерлеп жаздым да, қылмыскердің жүзіне
қарадым:
– Ал сөйле, батырым?
Ол арсыз бұның бəрін қалжың деп ойлайтын болу керек, күледі маған
қарап. Көзін бағжитып, ернін шығарып, аузын қисайтып, келекелейді
өзімді. Оның бұл қылығына менің ызам келіп, ашуым қайнап кетті.
Қабағымды қарс түйіп, Ахметовке еліктеп, столды тарс еткізіп қойып
қалдым:
– Түрегел!
Батырыңа жан керек, ұшып түрегелді.
– Отыр! Қайта отырды.
– Неге шақырдың, Қожатай? – деп əжем кіріп келе жатыр.
– Шақырғам жоқ, ары барыңыз.
– Дауыстағандай болдың ғой?


– Сізге емес... жайша. Мұнда құпия кеңес өтіп жатыр. Бөгет жасамаңыз.
– Кеңесі несі?
– Кеңес дегеннің не екенін түсінбейсіз бе? Жиылыс, жиылыс өтіп жатыр.
Əжем бір сəтке аңырып, үрке қарап қалды.
– Əкем-ау, мынау не айтады? Жиылысы несі? Столды айнаның алдына неге
қойдың?
– Ту, жарықтық-ай – деп, кейідім мен, – өзіңізге тиісті емес нəрседе не
шаруаңыз бар. Мен құпия кеңес өткізіп жатырмын. Өзім, өзім туралы
мəселе қарап жатырмын. Сізге қатынасуға болмайды.
Əжем менің қасыма келді. Шарасы қызғылттанып, жасаураған қоңыр
көздері өңменімнен өтіп барады.
– Қожатай, шыбыным... сен... бисмилла деші. Бисмилла деші, шыбыным...
Түнде де ұйықтап жатып, жиылыс ашық, талқылаймын деп, бірдеңелерді
айтып шығып едің, шошымалданып жүрсің ғой деймін. Бисмилла деші...
Ыза болғаным соншалық.
– Бисмилла! Бисмилла! Бисмилла! – деп, нығарлап үш рет айттым. – Болды
ма? Жоқ тағы айтайын ба?
– Шыбыным... жалғыздан жалғыз отырып та адам жиналыс еткізе ме екен?
Түн болса, сарылып көп оқисың. Осы сенің ұйқың қанбай жүр ғой деймін?
Мен орнымнан ұшып түрегелдім.
– Айналайын əжетай, барыңызшы. Бөгет жасамаңызшы.
Тартыншақтағанына болмай əжемді шығарып жібердім де, есікті іліп
алдым.
... Құпия кеңес бір сағаттай уақытқа созылды. Ақыры төмендегідей
тұжырымға кеп, бір ауыздан қаулы қабылданды.
ҚАУЛЫ. Қадыров Қожаның жеке бас тəртібіне байланысты мəселені


талқылай кеп, құпия кеңес мынадай Қаулы алады:
«БІРІНШІ. Тəртіпсіздік кісіні жексұрын көрсетіп бітеді екен. Оған көзім
əбден жетті. Əрі бұл адамның келешегі үшін зиян. Тəртіпсіз болсаң,
комсомолға да алмай қоюы мүмкін. Сондықтан қалай еткенде де тəртіпті
болуым керек. Ол үшін:
а) Бұдан былай ешкімге тиіспей жайыма жүремін. Досым болсын, қасым
болсын, бейбіт қатар өмір сүруге тырысамын.
ЕСКЕРТУ! Егер тиісуші мен болмай, басқа болса, оған: «Аулақ жүр,
жақсылық көрмейсің» деген тəрізді ескертпелер жасауым керек. Онда да
тыңдамай баса-көктеп келе жатса, мұндай жағдайда, қажет деп тапсам, қол
да жұмсау арқылы қорғануға еріктімін деп санаймын.
б) Осыдан осылай ешқандай тəртіпсіз, тұрпайы сөзді аузыма алмаймын.
Үлкенді аға, кішіні іні деп тұрам.
ЕКІНШІ. Əрбір тəртіпсіздік қылығым үшін дер кезінде аяусыз жазаланып
тұруым тиіс. Жазаның түрі төмендегіше болады:
а) Егер біреуге өзім тигісіп, шатақтассам, ол күні бір мезгіл ас ішпеймін.
б) Біреуді жазықсыз тілдейтін болсам, кезекті демалысымда ешқайда қия
басып шықпаймын, үйде отырам. Яғни өзімді үйге қамаймын деген сөз.
в) Сабақ үстінде тыныш отырмағандықтан мұғалімнен ескерту еститін
болсам, ол жолғы үзілісте тысқа шықпай, орнымда отырамын.
г) Егер біреу-міреудің лақ-қозысы, тауық, қазы, иті біздің үйдің маңына
жолап кетсе, аямай ұрып қуалайтын жыным бар. Алмастың қызыл қоразын
сөйтіп өлтіріп қойдым. Бұным да жарамайды, жай айдап жіберуіме де
болушы еді ғой. Ендігəрі бұндай қылықтарым қайталанса, жоғарғы тауық
базға демалмастан екі рет жүгіріп барып келем.
ҮШІНШІ. Сұлтанмен жолдастық қарым-қатынасым бұдан былай үзіледі.
Ол екеуіміздің сертіміз бүгіннен бастап күшін жояды. О дүниедегі қызыл
ошақ жайына келетін болсақ, мен құдайға сенбеймін, сондықтан мені дозақ
оты сескендіре алмайды.


ТӨРТІНШІ. Сабақты жақсы оқу – үлгілі оқушының бірінші белгісі. Мен
осы тоқсанның ішінде қалай еткенде де озат оқушылардың қатарына
қосылуым керек. Ол үшін:
а) Сабақтан бір сағат та себепсіз қалмаймын.
б) Үйге берілген тапсырманы мезгілінде орындап отырам.
БЕСІНШІ. Жоғарыда қабылданған міндеметтемелердің мүлтіксіз
орындалуын қамтамасыз ету үшін күн сайын ұйықтар алдында өзіме-өзім
есеп беріп, жақсы, жаман қылықтарымды осы дəптерге тізіп жазып -
отырамын.
Осы айтылғандарды жүзеге асыру мен үшін ұлы сын.
Егер осы сыннан өте алмайтын болсам, онда маған бұдан былай оқу оқып
қажеті жоқ. Анам байғұсқа күйігімді тартқыза бермей адам болатын басқа
бір жолды іздеп жоғалуым керек».
Қаулы бір ауыздан қабылданды.
Осы кезде ауыз үйден тысырлаған аяқ сыбысы, біреулердің сөздері естілді.
Есікті тартқылап қаға бастады.
– Қожатай, аша ғой, шыбыным...
Түрегеліп барып есікті аштым. Əжем мен Əубəкір шал тұр. Көзқарастары
бір түрлі үрейлі, жұмбақ.
– Салаумəлейком, қария.
– Саламат бол, балам. Сен немене, жападан-жалғыз есікті іліп алып
отырғаның?
– Жайша... Сабақ оқып отырғаным ғой.
– Қожатай, мына атаңа тамырыңды ұстатшы, шыбыным, – дейді əжем.
Шошып қалдым.
– Неге? Не бопты?!


– Түнде ұйқысырап, сөйлеп шығып едің. Кім біледі... Мына атаң ұстап
көрсін тамырыңды. Өңің де бір түрлі балбырап тұрған тəрізді.
Мен еріксізден күліп жібердім.
– Əй, əжем, қараңғы əжем, мені ауру ғой деп тұрмысың? Ауру түгіл
дəнеңем де жоқ. Сап-саумын.
Əжемнің əжімді маңдайынан шөп еткізіп, бір сүйдім де, жүгіріп тысқа
шығып кеттім. Шіркін, бүгінгі кеш қандай əсем еді. Ай жарық. Аспанның
тұп-тұнық көк жібек шатыры бар жиһазын тағынып мөлдіреп тұр. Клуб
жақтан гармонь үні, балалардың шуылдап ойнаған дауыстары естіледі.
Бойымда керемет бір жігер оты лапылдап, солай қарай бет алдым. Ай
нұрынан орнаған күміс көпір белдеулеп бет алдымда, ауылдың дəл ірге-
сінде өзен жатыр жарқырап. Мөп-мөлдір мына ғажап дүние... «Ұш!
Самға!» деп, Қолтығымнан қанат бітіретін, арман нысанасына қарай алып
ұшатын тəрізді. Лаула! Лаула жігер оты! Самға қиял Құсы! Асығатыным да,
аңсайтыным да ертеңгі болашағым.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет