Нарынқолды бұл өлкенің қазақтары, өздерінше, қала санайды. «Қалада не бар екен?» деп жатады. Міне, біз сол қалаға кіріп келе жатармыз. Түзу кең көше, қолдың саласындай боп, тізіліп өскен теректер, шатырлы ағаш үйлер. Бұның бәрі маған үлкен әсер қалдырды.
Арба раймагтың алдына кеп тоқтады. Халықтың мол жері. Бір емес, бірнеше дүкен, асхана. Біреулер шұбап кіріп барады, біреулер шығып келеді. Телеграф бағандарына, теректің көлеңкесіне байлаған шоғыр-шоғыр ерттеулі ат.
Орыс бұл арада көбірек көрінеді. Олар да қатын-балаларын ертіп, шұбап жүр. Сөйлеген сөздерінен дым да түсінбеймін.
Тал түсте ерігіп, мас боп жүргендерді мен бірінші рет осында көрдім. Біреу үсті-басы шаң-шаң боп ластанып, дүкеннің көлеңкесінде ұйықтап жатыр. Бетіне, аузына шыбын қонса, қолын сермеп, үркітіп қояды.
Арбакеш: «Ағаңның үйін іздеп таба аласың ба», – дейді. Адресі қалтамда болса да, мен таба алатын емеспін, жүрексінем. Мына жүрген халықтың маған бәрі жат, бәрі бөтен.
Арбакеш бір әйелдерді тоқтатып, сөйлесіп тұр. Мені шақырды. Келдім. Әйелдердің бірі аға-жеңгемнің қайда тұратынын біледі екен. Жүр, ертіп апарайын деді.
Қаланың қақ ортасымен келе жатырмыз. Маңдайшасына жарнама қағылған үйлерді де тұңғыш көруім. Аудандық әр қилы мекемелер, Оңға қарай бұрылдық. Төбесін қос төбе етіп жапқан биіктеу ағаш үй, қасында және бір ағаш үй. Осы соңғысы біздікі екен. Күлімбала жеңгем ширатылып қарсы алды.
Бала өзіне досты тез табады. Мен ертеңіне-ақ жаңа дос тауып алдым. Аты Жолдыбай.
Қолында мүйізатары бар, дембелше ақ сары бала қасыма келді. Жалаң аяқ, жалаң бас. Үстіндегі боз майканың тозығы баяғыда жеткен, әр-әр жері іріп, ойдым-ойдым тесіліп кеткен. Ол, сірә, бұдан басқа киім кимейтін болуға керек – денесінің ашық жерінің бәрі қоладай қызарып күнге күйген. Ол мені бірден тергеуге ала бастады:
– Кімсің сен?
Мен жөнімді айттым.
– Жүр, шомыламыз!
Мен қуанып, ілесіп бердім.
Болды, бітті. Жолдыбай екеуміз доспыз енді.
Таңертең шайымды ішер-ішпестен Жолдыбай босағадан қарап, келеді де тұрады. Мен ілесіп берем. Қайда барамыз, не істейміз деп, сұрамаймын. Жолдыбайдың түр-түсі оны сұратпайды. Тек оған ілесіп, жолдас болуға жарағаным мен үшін зор мәртебе. Жолдыбай не істеп, не қоюды сарапқа салып жатпайды, тек бастап жөнеледі. Ол келе жатқанда балалар жарылып, жол беріп тұрады. Төртбақ шымыр Жолдыбайда айла да, күш те жетерлік. Төбелес десе, оның көзі жайнап кетуші еді. Жаңа досымның бойындағы осы қасиеттер мені оған бірден табындырды.
Ол менен бір-екі жас ересек еді.
Жолдыбайдың арқасында бас-аяғы бірер күннің ішінде Нарынқолдың ой-шұқырын түгел біліп алдым. Мен бұны қала деп, жүрексініп жүрсем, пішту, түк те емес екен. Қазір маған Қостөбе немесе Сүмбе қандай болса, Нарынқол дәл сондай.
Күндіз, көбінесе, су бойында боламыз, шомыламыз, қармақ саламыз. Кеште клубты торуылдаймыз.
Аудандық клуб бар мұнда. Онда күнде кешкісін кино болып тұрады. Қалтада ақшаң болмаса да, кино көруге әрқашан да құлқың соғып тұратынын жөнді түсінбейтін біреулер, киноға билет алып кіруді шығарған. Бұл біздің кешті көңілді өткізуімізге қиындық келтірмей қоймайды.
Жарайды, қалтамызға бір сом, екі сом ақша түскен екен. Оны әкел бері деп, арбап, тілеп тұратын орын тек кино ғана ма? Клубтың дәл қасындағы, киномен қабаттасып күнде кешқұрым ашылатын кезекті дүкенді қайда қоясың? Онда, негізінен, арақ, кәмпит сатылады. Арағының тұқымы құрысын. Ал неше алуан кәмпитті көре тұрып, қайдары бір киноға бола, қалтада ақша ұстап шыдамайсың.
Әрі кәмпит сорып, әрі киноға билет сатып алып шірену – бұл біз үшін тым жомарт кеткендік болады.
Сонымен, кино болар кезде клубты торуылдап келеміз.
Клуб үйі ескі ағаш үй. Оның жаңа болмай, қаусаған ескі үй болуы және уақтылы жөнделмеуі, шынын айтқанда, біздің бақытымыз. Жай ғана тастан қалай салған фундаменттің әр-әр жері омырылып құлап жатыр. Және бір-екі тас алсаң, қасқырдың апанындай үңірейіп шыға келеді. Содан інге кірген тышқанша зып беріп, кіреміз де кетеміз, Экранның арт жағындағы суфлер отыруға арналған тесіктен бір-ақ шығамыз. Киноны сахнаның теріс жағынан көреміз.
Кейде киноға дейін клубта көркем өнер үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмеге қатысатындар емін-еркін кіріп-шығып жүреді. Сол кезде біз де кіріп, жасырынып қаламыз. О, ескі клубтың ішінде жасырынар жер көп! Қашан киноға халықты жібере бастағанша жатамыз бұғып. Бір сағат өтеді, екі сағат өтеді. Клубтың есігі бір кезде ашылады. Жұрт билеттерін көрсетіп, кіре бастайды. Сол кезде қуыс-қуыстан байқатпай шығамыз да, қалаған жерімізге отырып аламыз.
Орын таңдау жағынан мұнда әркімнін өз еркі. Билетте орын көрсетілмейді, әркім қалаған, жұрттан бұрын басып алған жеріне отырады.
Осының бәріне де мені баулып, көзімді ашушы Жолдыбай еді.
Жолдыбайдың шешесі жесір әйел, бір кеңседе үй сыпырушы болып істейді. Бір әпкесі, бір қарындасы бар, тұрмыстары нашар. Үйлерінде тамақ болса, Жолдыбай ішіп-жейді. Болмаса, қыңқ демейді, өз жанын өзі бағады. Біреулердің үйінің төбесінде өрешеде құрт жаюлы тұрады. Енді біреулер бақшасына капуста, сәбіз егеді. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дейді де, менің досым ебін тауып, соларды бір аралап өтеді. Қай үйдің құрты тәтті, қай үйдің бақшасындағы сәбіз ірі – Жолдыкең бәрін біледі.
Мен шикі капустаны өмірімде жеп көрген емеспін. Жолдыбай рақаттана қарш-қарш шайнайды да:
– Сен білесің бе, капуста адамды тез семіртеді, – дейді.
Олай болса семіріп алайын деймін де, мен де жеймін.
Нарынқолдың тұрған жері әсем – тау баурайы. Бір жағы сарқырап аққан өзен, қалың тоғай. Екінші жағы тау – кәдімгі атақты Тянь-Шань. Жері құйқалы қара топырақ. Ауа райы салқын болғандықтан тек жемісі өспейді, басқаның бәрі өседі. Астығы аттың қапталынан келеді, картобы кеседей-кеседей болады. Таулы жер, шіркін, малдың жері ғой. Сай-саладағы көгал шөпке жаздыгүні шөккен түйе жасырынады. Жайлауында ызың еткен шыбын болмайды. Қыста таудың күнгей бетінде қар және жатпайды. Жылдың он екі айына малды айдап салып, тек қара да отыр. Нарынқолда отын-су қандай ырғын. Таудағы зәулім кебу қарағайдың о жағынан балтамен бір, бұ жағынан және бір шауып, ырғап қалсаң, ажалы жеткен алыптай жерді солқ еткізіп, құлап түседі. Бұтағын аршын, сидамдап, төмен қарай ағызып, айда да жібер. Заулағаннан заулап, есігіңнің алдына бір-ақ келіп тоқтайды...
Қыстақтан жоғары Қайшы дейтін сайдың аузында диірмен бар, су диірмен. Бір күні бір қап бидайды астыма салып алып, ұн тартқызуға соған келдім. Диірмен тұрған жердің, ой, әдемісі-ай! Сынаптай тұнық, күркіреген тау өзені. Бойжеткен қыздай желкілдеген сұлу көкталдар, дәл қасында тау тиіп тұр. Менен бұрын келген бірнеше адам бар екен. Солар тартқызып болғанша менің күте тұруыма тұра келді. Бұл үшін мен оншалық өкінген жоқпын. Табиғаттың маңайдағы сұлулығына ғажап қалып, тамашалаумен болдым.
Бір кезде диірменнің ішіне кірдім. Ешкім жоқ. Терезенің алдында үстіне бір елі боп ұнның тозаңы қонған жұқалтаң кітап жатыр. Алып қарасам, Мұхтар Әуезов, «Қараш-Қараш». Әңгімелер жинағы.
Мұхтар Әуезов дейтін жазушы екенін білем. Әлгі арада тікемнен тік тұрып, кітапты оқи бастадым. Қызығынан бас ала алмаймын, неше түрлі адамдар мен уақиғалар көз алдыма елестеп, қазіргінің бәрін ұмыттым, тамаша бір дүниеге ендім де кеттім.
Әңгіме ұзақ, таусылмайды.
Диірменге кіріп-шыққан жұрт бөгет жасай берген соң сыртқа шықтым. Тоғайдың арасына барып, жайғасып отырып алып, ал кеп оқы! Сіңірі шыққан екі кедей адам – Бақтығұл, Тектіғұлдардың жоқшылық тұрмыстары, тасмейір Сәлмен байдан көрген қорлықтары... Иә, енді не болар екен? Енді не болар екен деумен әңгіменің соңына жеткенше асығудамын. Тектіғұл сойылға жығылар жерде жаным ашығаны соншалық көзімнен жасым шығып кетті. Жауыз Сәлменді атарға оғым жоқ еді.
Оқиға тереңіне тарта берді.
Бақтығұл қашқын. Сәлмен байдың жылқысынан жылқы ұрлап әкелді. Елсіз тауда аш отырған қатын-баласына сойып, азық етпек.
Жас ет қазанда былқып пісіп жатыр, Бақтығұл ет турауға пышағын жанып, дайын отыр. Сілекейін жұтынған шыдамсыз аш балалар. Дәл сол кезде сырттан тысыр естілді. Бұл келген қуғын еді. Ет желінбей қалды. Бақтығұл таяққа жығылды, қатын-бала у-шу болды...
Осының бәр-бәрі маған тым жақын, таныс өмір тәрізді. Бір ысып, бір суымай, толқымай оқу, еш мүмкін емес. Қандай аяныш! Қандай қатігез тірлік! Жазушы бәрінің ізін аңдып, өз көзімен көріп, біліп жазған секілді.
«Қараш-Қараш» атты ұзақ әңгімені аяқтап, есімді бірақ, жиғандай болдым. Қарасам, күн кешкіріп қалған екен. Енді әріптер бұлдырап, көрінбеуге айналған. Оқыған әңгіменің әсері көңілімнен тіпті де суитын емес. Үйге тез барсам, осының бәрін Жолдыбайға айнытпай айтып берсем деймін.
Түн. Диірменнің іші. Сығырайған май шам. Жұқалтаң кітаптан мен әлі көз алмай, қадалып оқудамын. Анда-санда аяғын сылтып басқан ақсақ диірменші шал кіреді. Май шамның түбінде кітапқа үңілген мені көреді.
– Әй, сен мұнда не үшін келдің? Кітап оқығалы келдің бе? Сат ана ұныңды! Қазір сенің бидайың бітеді! – дейді.
Мен бұл кеште өмірдегі қызықтың бәрі де кітапта екен деген қорытындыға келдім. Шіркін, Мұхтар Әуезовті бір көрсем деп, арман еттім.
Ертесінде Жолдыбайға оқыған әңгімелерімнің уақиғасын бірінен соң бірін, майын тамызып айтып бердім. Ең соңында:
– Жолдыбай, қызық кітаптарды қайдан алып оқуға болады? – деп сұрадым.
Өйткені, оның білмейтіні, таппайтыны жоқ.
– Осында кітапхана бар, содан алуға болады. Кітапхана дегенді естігем, бірақ көрген емеспін.
– Мен барсам, бере ме?
– Мүмкін, берер.
Жолдыбай мені селоның орта тұсындағы оқшау бір үйге ертіп келді, Бұл аудандық кітапхана екен. Кең үйдің жарым бөлегі толы кітап, сөре-сөре тізіп жинап тастаған. Дүниеде мұншама мол кітап болатынын, оның бәрі бір арада жинаулы тұратынын тұңғыш рет көріп отырмын. Көзім тұнып, таңырқап қараймын.
Стол үстінде қат-қат боп жиналған газет-журнал қаншама! Мұның бәрін кім оқиды? Қалай оқып тауысады?
Біреулер кітап тапсырып, кітап алып жатыр. Көбі, біз секілді балалар.
Мен де оқуға кітап сұрадым. Кітапханашы әйел кімсің деп сұрап алды да, ауылдық советтен, мектептен әлдеқандай анықтамалар атып кел деп, мен үшін түсініксіздеу бір машақат жұмыс айтты. Онсыз кітап берілмейді.
Мен сыртқа аса жабырқап шықтым. Соншама мол кітаптың біріне де қолым жетпеуі корлық еді. Менің бұл халімді жете түсінген Жолдыбай:
– Сен уайым жеме, бермесе, қойсын. Саған керегі кітап па? Мен табам, – деп, көзін қулана қысып қойды.
– Қайдан, табасың?
– Үндеме, кеш батсын.
Кеш батып, ел орынға отырған кез. Жолдыбай екеуміз кітапхананың тұсында көшеде тұрмыз. Кітапхана қазір жабық, терезелері қараңғы. Төңіректі әбден байқап, қарап алды да Жолдыбай ымдап, бастай жөнелді. Мен одан қалмаймын. Кітапхананы бір айналып, терезелерді, құлыпты Жолдыкең байқап өтті. Дәу қара құлып, Жолдыкең қайқы бас сыммен түрткілеп көріп еді, ашпады.
Терезенің бәрі көше жақта, оншалық биік емес, бой жетер жерде. Жолдыкең бәкімен шұқылай бастап еді, әйнектің біреуісі сыңғыр етіп, босап, оның қолына келді. Терезенің бір көзі үңірейді де қалды.
Қазақтың ет жаятын қоймасының алақандай желдеткіш тесігі болады, ұры мысықтар сол тесіктен артына бір қарап алып, зып ете қалады. Жолдыбай тап сол. Үңірейген кішкентай көзге басын сұғып, тырбаңдап, ары қарай сүңгіп, кіріп, кетіп барады. Мен аяғынан сәл демеп жіберіп едім, қара тесік Жолдыкеңді жұтты
да алды.
Дегбірім қашып, жан-жағыма қараймын. Бір пәлеге ұрынбасақ неғылсын. Сәл сезіктенер жағдай туса, Жолдыбайды қалдырып, безіп жөнелуімде дау жоқ.
– Мә, ал!
Дауыс Жолдыбайдікі. Ар жақтан бір құшақ кітап алып келіп, тесікке тықпалап жатыр. Мен кітаптарды қабылдап ала бастадым. Бір-екі кітап шашылып, жерге түсіп те қалды.
– Жете ме? Тағы әкелейін бе? Жолдыбай кітапхананы көтеріп кетпек.
– Жетеді!
Жолдыкең тесіктен әуелі екі қолын, одан соң басын шығарды. Салбырап түсіп келеді. Өмір бойы терезе көзінен кіріп-шығуды кәсіп етіп алған адамдай-ақ оп-оңай салаң ете қалды.
– Кеттік!
Бір-бір құшақ кітапты бауырымызға қысып алып, көшенің қараңғы шетімен безіп келеміз.
Ертесі. Тағы да босағадан жылтырап қарап, Жолдыбай келіп тұр. Енді оның күнге күйген иығы мен мойны түлеп, жауыр бола бастаған. Мен Жолдыбайдың келуін күтіп отыр едім. Екеуміз көшеге шықтық. Түнде ірі бір жұмыс тындырған адамдармыз, бірімізді біріміз қас-қабағымыздан ұғып, жымың-жымың етеміз. Олжа кітаптардың бәрін де түнде Жолдыбай үйінің тауық қорасындағы жаман-жұман жүктің арасына тығып тастағанбыз. Біздің үйге әкелуге болмайды. Сатылған ағайым көрсе, қайдан алдың дейді.
Күндіз Жолдыбай үйінде адам болмайды.
Міне, біз олжа кітаптарды қарап отырмыз. Жарым-жартысы қазақша, жарым-жартысы орысша. Орысша кітаптардың бізге қажеті шамалы – оқи алмаймыз.
– Қараңғыда қандай кітаптар екенін қайдан білейін, стол үстінен құшақтап алдым да жөнелдім, – дейді Жолдыбай.
Мен, оқитын кітаптарды шетінен бір-бірлеп алып тұрмақшымын.
Ойымызда кітапхана. Онда не боп жатыр екен? Түк білмеген болып, кітапхананы сырттан торып келдік. Терезенің көзін орнына қайтадан салып қойған, тым-тырыс. Біз кітапханаға кірген жоқпыз.
Арада үш-төрт күн етті.
Біздің үймен көрші үй Танабаев дейтіндікі. Күйеуі бір кеңседе бастық, әйелі кербез жас келіншек. Күйеуін қызметке шығарып салады да, ол әдетте, біздікіне келеді. Күлімбала жеңгем екеуі өсек кейтіп уақыт өткізеді.
Сол Танабаевтың әйелі аяғын ширатыла басып, біздің үйге келген. Мен кітап оқып отырмын.
– Бұл не кітап?
Ілияс Жансүгіровтың «Күй» дейтін өлеңдер жинағы еді. Келіншек бірнеше бетін аударып, көз жүгіртті де:
– Берші, мен оқып шығайын, – деді.
– Алыңыз.
Келіншек кітапты алып кетіп қалды. Ертесі. Күндізгі уақыт. Біздің үйге мұрты тікірейген Бүркітбай милиционер келіп тұр.
– Осында пәлен дейтін бала бар ма? – деп, менің атымды атайды, – Бар.
Бүркітбай мені көп сөзге келтірмеді. Жүр деп, айдап алды. Милицияға әкелді. Мен ештеңе түсінетін емеспін. Жан-жағы бітеу қораға, одан бір бөлмеге кіргізді. Портупея тағынып, шпал қадаған әдемі қазақ жігіті отыр. Бүркітбайға бара беріңіз деді, мен қалдым. Оның менімен жөндеп сөйлесетіндей түрі бар. Әуелі аты-жөнімді сұрады, айттым.
– Мына кітапты танисың ба?
Столдың тартпасынан суырып алып көрсеткен әлгі кітап «Күй» еді. Көзіме жылы ұшырай кетті.
– Танимын.
– Сенің кітабың ба?
– ... менікі...
– Қайдан алдың сен мұны?
Не айтарымды білмеймін.
– Айт, қайдан алдың? Үн жоқ.
– Бұл қайтып сенің кітабың болады? Мына мөр не? Арада бір минут өткенде мен тергеушіге барлық шынымды айттым.
Сұрақ бітті. Мені қанаттағы бос бір бөлмеге кіргізді де, қамап қойды. Есікті жауып, сыртынан құлып салып жатуы адамға жаман әсер етеді екен.
Түн болды, жіберген жоқ. Осында түнеп шықтым. Таңертең Күлімбала жеңгем бір шәйнек шай, бір жапырақ нан алып келді. Кәдімгі қамаудағы адам тәріздімін, шайымды жаман бір ескі матрацты төсей салған жер төсектің үстінде отырып іштім.
Кенет, қора жақтан біреулердің шуласқан дауысы естілді. Таныс дауыс. Жолдыбай. Орнымнан ұшып тұрып қарадым. Тағы да сол Бүркітбай, Жолдыбайды айдап алған. Анау жүр деп итермелейді. Жолдыбай итерме, өзім де жүре алам деп, Бүркітбайға ырық бермей, кіжініп тұр.
Түске таман мені де, Жолдыбайды да босатты. Олжа кітаптың бәрі милиция арқылы кітапханаға қайтарылды. «Ұрлық түбі қорлық» болатынын мен тәжірибеде осылайша бір сынап көрдім.