Бердібек соқПАҚбаев



бет39/51
Дата06.06.2023
өлшемі280,24 Kb.
#99012
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   51
Байланысты:
Balalyk\' shak\'k\'a saiakhat - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

Көне заттар музейі




Төртінші оқымаққа тағы да Сүмбеге келдім.
Нағашым үйі бұрынғы тамда емес. Ол арадан көшіп, басқа тамға кірген. Бүлкең-бүлкең еткен көп қара көк қоян бар емес пе? Ескі үйдің түбіне солар жеткен екен. Іргеден үңгіп қазып алған қалың іннің бірінен бір күні түн ішінде сарқырап су кіре бастайды. Төр алдында жат­қандар дүркіреп, шошып оянады. Шам жағып қарайды. Сөйтсе, коянекең інді қаза-қаза, үйдің сыртындағы су ағып жатқан арыққа жеткен екен. Арықтағы су үйге қарай лап қойған.
Онсыз да асты шылқып жатқан су там енді тұруға жарамсыз боп қалған.
Осыдан соң атам қоян атаулының бәрінің басын кесіпті. Енді қоян асырасам, екі көзім желкеме бітсін деп, ант ішіп отыр.
Нағашымдар отырған қазіргі үй де бұрынғы үй секілді үш бұлың қоржынға ұқсас. Бір бөлмеде өздері тұрады, ортаңғы бөлмеде ас дайындалады. Кітап бе­тіндей ғана ойық терезесі бар соған жалғас үшінші бөл­ме – қойма. Онда әр алуан зат сақталады.
О, бұл бөлмеде жоқ нәрсе жоқ!
Қап-қап арпа, бидай, қыста жағатын отын (қурай, тезек) сонау көшпенділік заманда баспана еткен киіз үйдің уық, керегелері, киіздері. Ескі ер-тұрман, т.т. Қыс­қасы, бұл бөлмеде не зат бар екенін түгел санап шығу мүмкін емес.
Одан да сіз кіріңіз де, өз көзіңізбен көріңіз.
Мынау үңірейген үлкен қуыс – есік. Төбеңізді соғып алмай, еңкейіп, байқап өтіңіз. Жарық бұл бөлмеге кітап бетіндей ойық терезеден емес, негізінде, осы есік­тен түседі. Сыртқы есік жабық болса, бұнда тас қараңғы. Сырт есік ашық болса, осындай алакеугім.
Қапа болмай, аз ғана сабыр етіңіз. Кім де болса, көзі үйреніп болғанша өстеді – ештеңе байқай алмайды. Әне, енді көріне бастады. Анау бұрыштағы текшелеп жинал­ған зат – тезек. Оған қатарлас қаттап тізіп тастаған қалың бау – ши-қурай. Бұның бәрі Бөпке апамның қыста жағу үшін тасып жинай берген отын қоры. Анау үйіліп жатқандар әлгі айтқан киіз үйдің ағаш, киіз­дері. Мынау үлкен фанера жәшікте ұн сақталады. Анау кішірек жәшікте кебек, кебектің іші толы жұмыртқа.
Тоқтаңыз! Төбе жақты байқап алмай, ілгері қарай баспаңыз. Ондай ағаттық істесеңіз, өкінесіз. Кәне, жоғарыға қараңызшы! Белағаштың қуыс-қуысына, төбені жапқан сырғауыл мен талға жыпырлатып іліп тастаған, сүмеленіп шаң басқан мынау нәрселердің бәрі-бәрі де қа­жет заттар. Қажет болмаса да атам қажет деп, тастамай іліп қойған. Ескі бесік, ескі ердің күмістеген жүген-құйысқаны, аузы салпиған ескі бәтеңке, ескі пиманың қонышы, тот басқан көсеу темір, сынық шалғы, сапсыз орақ...
Жоқ, бұл бөлме қойма ғана емес. Сембай әулетінің бәз заманнан бері пайдаланған көне заттарын сақтайтын музей тәрізді. Осындағы әр бұйым – әр заманның куәсі, көзі есепті.
– Ата, анау бесік қашан жасалған? – деп, сұраңызшы.­
– Әкемнен қалған бесік, – деп жауап береді Сембай атам.
Сонда бұл бесікте, ең бері болғанда, үш ұрпақтың бала-шағасы тербеліп өскен.
– Ал мынау қамшы ше?
– Жігіт кезімде Бөпкені аларда осы қамшыны ұстап барған едім.
– Ал мынау ескі күміс белбеу?
– Бұл әкемнің әкесінің белбеуі екен. Қайын атасы зергер адам болып, оған оны сол сыйласа керек.
Қаңсыған көне заттардың әрқайсысының осындай әріге кетіп жатқан тарихы бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   51




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет