Күнде кешқұрым, өрістен мал қайтатын кезде, бала-шаға табынның алдынан шығамыз. Жан сақтап отырған бір-бір сиырымызды тосып алып, үйге айдап келеміз. Әдетте, ала сиырды қарсы алуға Рамазан екеуміз шығатын едік. Бір күні, Рамазан сырқаттанып қалды ма, есімде жоқ, қолыма жіңішке бір шыбықты ұстай салып, дағды болған қызметіме мен жалғыз кеттім.
Табын Сүмбенің сайының ішіне жайылады. Қарындары шеңбірек атып тойынған мама сиырлар қара жолдың бойымен шұбап келе жатыр. Бұзауын сағынған кейбір шыдамсыз құнажындар жіңішке даусымен өңешін соза мөңіреп, мен келе жатырмын деп, хабар беріп қояды.
Біздің жасамыс ала сиыр өзін маңғаз ұстайды, жөн-жосықсыз мөңіремейді. Әне, ол екеуміз бірімізді-біріміз алыстан таныдық. Маған келе жатырсың-ау дегендей ала сиыр алдыма түсіп, айдалуға бейімделе берді.
Жалаңаш аяғыммен жолдың май шаңын бұрқ-бұрқ кешіп, қаннен-қаперсіз сиырдың соңында келе жатырмын. Қай жермен қалай жүріп отыруды ала сиыр өзі біледі.
Жолда колхоздың ат қорасы бар. Сол араға келгенде, кенет, ағаштан мылтық, қылыш асынып, жасанып алған үш бала жау көргендей еліріп, қалқадан уралап шыға келді. Үшеудің бірі менің ескі жауым Баймырза. Бұлар мені анадайдан көріп, бұғынып тосып тұрған.
Қарақшылар жолымды бөгеп, қоршап алды. Кеуделерімен қағып, қылыштарын көтере ұстап, қоқаң-қоқаң етеді. Баймырза бұйырып:
– Қайт кейін, – деді.
– Неге?
– Біздің көшемен неге жүресің? Ана өз көшеңмен жүр.
Шатақ іздеген Баймырзаға бұл тек сылтау ғана. Жігітті намыс өлтіреді. Жалғыз бола тұрсам да айбарымды сақтауға тырысамын:
– Сенің әкең салған көше ме?
– Қайт деген соң қайт!
– Қайтпаймын!
Баймырза мен оның нөкерлері енді сөзден іске көшті. Көкірегімнен итеріп, тықсырып, күш көрсете бастады. Баймырза кеудемнен бір түйіп қалса, мен де бір түйіп қалам. Ол екі түйсе, мен де екі түйем. Түйген олай емес, бұлай деп, есемді жібермеуге тырысам.
Жерде жұдырықтай тас жатыр екен. Соны тез еңкейіп, іліп алдым. Ал бәлем, енді мен-дағы құр қол емеспін. Аналар қылыштарымен ұратын болса, мен бас, көз демей таспен ұруға дайынмын.
– Ал ұра ғой, – деп, Баймырза кеудесін алдыма тосып, қасқая қарайды.
– Сен ұр!
– Жоқ, сен ұр!
– Сен ұрсаң, мен де ұрам!
Төбелесқой Баймырзада өткірлік те, шапшаңдық та бар еді. Тас ұстаған қолымнан қалай шап бергенін байқамай да қалдым. Екеуміз алысып жатырмыз. Баймырза маған қарағанда сүйектілеу, әрі күштілеу. Айт десе, шап беруге дайын тұрған екі көмекшісі тағы бар. Мен лезде-ақ үшеуінің астында қалдым. Бір аяғымнан басып, атаманның өзі өр кеудеме атша мініп алды.
Менің ашуым шегіне жеткен. Беріспеудің бар әрекетін істеп бағам. Бұлқынып, тыпырлаймын. Баймырзаны желкеден теппек болам. Аузыма іліккен жерін бөксеріп, тістеп те алмақпын.
Бірақ үшеудің аты үшеу, әлімді келтірмейді. Баймырза кеудемді одан бетер жаншып, екі қолымды екі жаққа тарбита жерге тіреп, ұстап алған.
– Ағатай де. Жалын. Жалынсаң тұрам, – дейді. Басымды кесіп алып жатса, жалынармын. Жалынбақ түгіл, жеті ата, жеті бабасынан тартып, тілімнің жеткенінше тұздықтап тұрып боқтаймын. Құдай күшті мол етіп бермесе де, қалақайдай ащы тіл берген. Баймырза мен оның серіктерінің ар-ожданын пышақша тілгілейтін небір аяусыз уыт сөздерді тауып айтам. Өлген-қатқан, тірі жүргендерінен бір де біреуін құр тастамаймын.
Баймырза мен оның нөкерлері одан бетер егесе түседі.
– Бір жіп тауып әкеліңдер! Иттің баласының аяқ-қолын байлап, шұңқырға тастайық!
Нөкерлерінің бірі қораға кіріп кетті де, жіп тауып әкелді. Үшеулеп, қолымды артыма қайырып байлап жатыр.
– Байла! Байла, әкеңнің аузын... Бәрібір, түбінде өшімді бір аламын.
Ат қораның төңірегінде бір кезде балшық жасағаннан қалған терең апан шұңқырлар. Мені соның біреуіне тастап жібермекке үшеулеп сүйреп әкеле жатыр.
Ала сиыр әлгінде артына бірер қарап, бөгелгендей болып еді, енді ол да көрінбейді. – Тастаңдар! Тастап көріңдер! – деймін сес қылып. – Шұңқырға тастамай-ақ, өзін мына жәшікпен бастырып тастасақ қайтеді?
– Дұрыс!
– Бері тарт! Бастырып тастайық. Шыға алмай жатсын, бәлем!
Ат қораның алдында астық таситын үлкен арбаның қалың тақтайдан істелген зілдей ауыр қорабы жатқан. Мені соған бастырмақ.
– Бастыр! Бастыр әкеңнің...
– Ағатай де! Ағатай десең, бастырмаймыз? Өліп кетсем де, дегенімнен қайтатын мен емеспін. Қораптың дәл қасына мені етпетімнен сұлатып жықты да, Баймырза тізесімен мықшыңдай басып тұрды. Ана екеуі қорапты оп-оңай аунатып, үстімнен көміп тастады. Табытқа салынған адам тәрізденіп, ауыр қораптың астында қалдым. Тек тұмсығыммен жер сүзіп жатырмын.
Жеңуші әрқашан да мәз. Жеңілуші қор. Үш қарақшы қораптың үстіне шығып, тасырлатып би билейді. Табандарының астында жатқан мені мазақ етеді. Кенет тысырлап өткінші жауын жауа бастады. Үш қарақшы мені тастап, кетіп қалды. Бірдеңе етіп қолдарымды босатып алсам, қорапты қалай да көтеріп, шығар едім. Иттің ғана күшігі Баймырза, бір білегімді бір білегіне қабыстырып, аямай, қатты байлаған. Қанша жұлқысам да шешілмейді, кендір жіп екі білезігімді қиып, ауыртып барады.
Жауын бір мезетте сатырлап күшейіп кетті. Тақтайдың жарығынан үстіме тамшы тама бастады. Тамшыдан қашып, қораптың бір қапталына тақалып, енді бір қырыммен жатырмын. Бұлай жату кішкене жайлырақ көрінеді.
Тірі болсам Баймырзадан, қалай да, өш алатыным даусыз. Оның мына көрсеткен қорлығы есімнен, сірә, кете қоймас.
Жауын басылды. Қарақшылар тобынан хабар жоқ. Сиыр айдаған бала-шаға мана-ақ кетіп қалған. Төңірек енді тым-тырыс. Айқай салып, бақырғанмен ешкім ести қоймайды. Жақын маңда тұрғын үй де жоқ.
Ат қора қазір иесіз. Колхоз мұнда жұмыс көлігін тек қыста ұстайды. Баймырзалар өздері келіп босатқанша, шыдап жатқаннан басқа лаж жоқ.
Ал олар келмесе ше? Ертең таңертең үй іші мені қайда жоғалып кетті деп, іздей бастағанда бір-ақ келсе ше?
Мен өзімді батыр болуға дайындап жүрген адаммын. Егер патша кезінде әділсіздік заманда тусам, онда революционер болар едім деп ойлаймын. Революционерлер оттан, судан қорықпайды. Айлар, жылдар бойына қол-аяғы кісенделіп түрмеде жатады. Аш-жалаңаш болады, неше түрлі қинау көреді. Сонда да дұшпандарының алдында тізе бүгуді, жалынуды білмейді. Өз дегендерінен қайтпайды. Өлімді қасқайып, бетіне түкіріп қарсы алады.
Сол үшін де революционерлердің аттары тарихта мәңгі қалады.
Иә, мен патша кезінде тумағаныма өкінемін. Ол кезде тусам, қазір атым тарихта жүреді. Балалар мен туралы оқып, менің ерлік істеріме таңырқасады.
– Неткен батыр адам! – деп, бас шайқасады.
– Неткен қайсар!
– Неткен төзімді!
– Мен, құдай ақында, мұнша азапқа төзбес едім. Шынымды айтқан болар едім, – дейді кейбір жаны тәттілер.
Менің рухым, менің әруағым бүгінгі жас ұрпақтын арасында қызу талас туғызады. Мен оларға кітап бетінен тек күлімсіреп қарағанды білем.
Осы кезде біздің Атымтаев дейтін аға пионер вожатыйымыз бар, қалтаңдаған тарамыс арық қара жігіт. Өз жұмысына жанын салады. Сабақтан тыс уақытта бізге маза тапқызбайды. Күнде таңертең мектепке сабақ басталардан жарты сағат бұрын келеміз. Атымтаев таң асып шыққан атша бізді сылаң ұрып қарсы алады. Мектептің алдындағы ашық алаңға тізіп тұрғызады да, дене шынықтыру жаттығуларын жасатады. Жүгіртеді. Кешігіп қалсаң, немесе келмесең, о, онда ол әкеңді танытады. Мәселеңді пионер жиынында қарайды.
Атымтаев саясатсыз бір ауыз да сөз сөйлемейді.
Пионер жиынында не мәселе қаралмасын, Атымтаев әңгімені І917 жылдан бастайды. Тап тартысы. Ленин, Октябрь революциясы. Барлық сөздің түйіні міне, осыған келіп саяды.
– Патша заманы болса, сен оқу оқымақ түгіл, қой бағып, құл боп жүрер едің. Осыны неге түсінбейсің? Физзарядкаға неге кешігесің? Ұйықтап қаппын деген де сөз бола ма екен? Бұрынғы заман болса, бай сені таң бозарып атысымен оятып, малға қуар еді. Ұйқы қанбау дегеннің не екенін сонда анық, білер едің! – дейді Атымтаев. Енді аз жылда бізден басқа елдерде де революция болады. Капитализм жер бетінен мүлдем құриды деп. Атымтаев күн демей, түн демей құлағымызға сіңірумен болатын еді. Яғни, революция әлі біткен жоқ.
Революцияның көкесі әлі алда! Ол дүние жүзілік пролетариат революциясы. Мен, тым құрыса, соған қатыссам деп армандаймын. Осыған іштей дайындалып жүрген адаммын.
Қораптың астында жатып, өзімді өзім сынаймын. Қиыншылыққа төзе алам ба, төзе аямаймын ба? Мына тар қуыс патшаның түрмесі болсын.
Мен батыр революционермін. Ал, Баймырзалар мені азаптаушы жендеттер.
Мен оларға ешуақытта да жалынбақшы емеспін. Өздері босатпаса, қыңқ деместен жата берем.
Бір күн түгіл, бір ай жатсам да шыдаймын.
Қайта олар келмесе екен, босатпаса екен деп ті-
леймін. Өйткені талайдан көксеген арманына жеткен адаммын.
Күн кешкіріп, қараңғы тартып барады.
Бір кезде біреудің келе жатқан дыбысы естіледі. Сөйтсем, Қасымқан екен. Менің қамауға түсіп қалғанымды жендеттер өздері айтқан.
Қасымқан оларды боқтай жүріп, мені түрмеден босатып алды. Өзімді өзім ақырына дейін сынап көруге мүмкіндік болмай қалды.