Жаңа дүние, жаңа тұрмыс, жаңа жан,
Жаңа бағыт, жаңа иман, жаңа заң,
Қашан, қайда болды ескілік-есте жоқ,
Бәрінде де жаратылыс жаңадан*
«Не істер ем?». Эпитеттер ақын шығармаларында үш түрлі жолмен жасалады:
Сын есімдер ешбір жұрнақсыз түбір күйінде тұрып, зат есімнің сипатын, сынын айқындайды. Мысалы: қалың ағаш, жарық жұлдыз, жас ақын, ақ қағаз, көркем көз, т.с.с.;
Зат есімнен сын есім тудыратын жұрнақтар арқылы. Мысалы: жаз-ғы таң, қыс-қы боран, айбар-лы азамат, аршын төс-ті ел, бу-лы арал, т.с.с.;
Заттың не құбылыстың айрықша белгісін көрсететін сөздер ретінде етістіктер де қолданылады. Мысалы: қиқулаған қаз, жүгірген аң, майысқан гүл, т.с.с.
Теңеу сөздер де Б.Күлеев шығармалары тіліндегі ең актив қолданылған лексикалық бірліктер қатарынан орын алады. Эпитет сөздерді қолдануда экспрессивтілік айқын көріне бермейді. Себебі, біріншіден, сөз тура мағынасында тұрғанда экспрессияға бейімдік таныта қоймайды. Ал теңеулерде түсінік ассоциациясы семантикалық жағынан алғанда басқа сөздің тіркесінен барып қалыптасады да, теңеулердің лексика-семантикалық структурасында экспрессоидық қуат жатады. Сондықтан да теңеу сөздерде стильдік реңк эпитеттерге қарағанда айқынырақ байқалады. Теңеулер Бернияздың әр жылдары жазылған әр алуан тақырыптағы өлеңдері мен поэмаларында кездесе береді. Ақын қолданған теңеулерді сипатына қарай авторлық теңеулер және бұрынғы әдебиетте бар дәстүрлі теңеулер деп екіге бөлудің жөні бар сияқты.
Автордың дара шығармашылық қолтаңбасынан шыққан теңеулерінде екі сөзден жасалған теңеулердің саны көбірек. Мәселен,
Қаптаған қап тауындай қалың күшпен,
Аямай салдың маған салмағыңды
«А, жалған білім жаңа алдарыңда»
Ақ сұңқардай айналаға көз салып,
Жастық алтын тұрған кезде бабында
«Қайтер едің?».
Байырғы теңеулер авторлық теңеулерге қарағанда көбірек қолданылған. Бұлар — халық ауыз әдебиеті үлгілерінде, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жырауларда, Махамбетте, Абайда, одан беріде Мағжанда қолданылған теңеулер. Мысалы: селдей, моншақтай, қызғалдақтай, айдаһардай, арыстандай, жолбарыстай, найзадай, алдаспандай, қырмызыдай, таудай, жіптіктей, судай, дариядай т.с.с. Ауыз әдебиеті шығармаларында теңеу сөздер сын есім тудыратын -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы да, секілді, сияқты, тәрізді, бейне, сықылды деген септеуліктер арқылы да жасалған. Жалпы қазақ тіліндегі теңеулерді Т.Қоңыров жасалу жолдарына қарай он топқа бөлгендігі белгілі [3, 11]. Ал теңеулердің синтаксистік құрылысына келгенде, ғалым оларды жалаң теңеулер, күрделі теңеулер, бірыңғай теңеулер, толымды теңеулер, толымсыз теңеулер, болымсыз теңеулер деп алтыға бөліп қарастырады [3, 22-40]. Бернияз Күлеев шығармаларының тілінде синтаксистік құрылымына қарай жіктеліске түскен теңеулердің бұл алты түрі де ұшырасады.
Жалаң теңеулер — теңеудің байырғы түрлерінің бірі. Т.Қоңыровтың айтуынша, теңеудің бұл түрінде сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері толық болмайды немесе кейбірі түсіріліп айтылады. Ондай теңеулер, синтаксистік тұрғыдан келгенде, жалаң сөйлемге ұқсайды. Т.Қоңыровтың жалаң теңеулер деуі де осыдан туындаса керек.
Қайрат қызса, құмды судай сапырдық,
Таудай істі түк көрместен жапырдық.
Аламыз деп алтын айды аспаннан
Арыстандай айбат шегіп атылдық — деген төрт өлең жолынан тұратын үзіндіде судай, таудай, арыстандай деген үш теңеу бар десек, сөйлемдердің морфологиялық тұлғасына= көрініп тұрғандай «сен» деген қимылды атқарушы, істі жүзеге асырушы субъект жасырын тұр. Сонымен бірге бұл екі сөйлемде тұрлаусыз мүшелер де толық емес. Мұндай жалаң теңеулер Бернияздың өлеңдері мен поэмаларында көптеп кездеседі, сол себепті де теңеудің өзге түріне қарағанда осы жалаң теңеулер ең көп қолданылған деуге негіз бар.
Өзінің құрылысы жағынан күрделі теңеу — жалаң теңеуге қарама-қарсы құбылыс. «Мұнда не образ, (көбіне образ) не предмет немесе екеуі де өздеріне бүтіндей күрделі ұғымды негіз етіп алады да, соның нәтижесінде күрделі ойға негізделген, шытырман суретке құрылған, эмоциялық-экспрессивтік әсері күшті теңеулік образдар жасалады», — дейді Т.Қоңыров [3, 23]. Теңеудің осындай күрделі түрі Б.Күлеев поэзиясында да көрініс тапқан. Негізінен, мұндай екі немесе одан да көп тілдік компоненттерден жасалатын теңеулер адамның не құбылыстың кейпін беруде қолданылып, суреттеліп отырған объектіге мейлінше бейнелілік үстемелейді. Айталық: шын сұлудай, ақ сұңқардай, алтын қияқты найзадай, айбатпен аузын ашқан айдаһардай, жас жігіттей көңілі шағылмаған, зіл тастай момын көңіл т.с.с. Бұл теңеулердің қай-қайсысында да жалаң теңеулерге қарағанда, образ айқын, автордың айтпақ ойы, поэтикалық идеясы бүтін берілген.
Теңеу сөздердің келесі бір түрі — бірыңғай теңеулер. Бірыңғай теңеулер конструкцияға құрылған. Бұл теңеулердің өзге теңеулерден басты айырмашылығы — олар бірдей морфологиялық тұлғада тұрып, бірыңғай синтаксистік қызметте болады. Ең бастысы бірыңғай теңеулер арқылы автордың айтпақ ойы бір-бірімен толықтырылып, үдемелі ыңғайластық қатынаста болады. Мәселен, Бернияздың «Іңкәр жүрек» поэмасында: