174
зейінді тәрбиелей бермейді. Сондықтан қызыққанға ғана зейін қоюға
баланы әуестендірмеу керек, керісінші қызықтырмайтын жұмысқа
қайрат-күш жұмсап, зейін қоя білуге тәрбиелеген мақұл. Мұғалім мен
тәрбиеші мұны мұқият ескергені жөн. Ырықты зейінді үйреншікті
зейінге тезірек айналдыру үшін, қалтқысыз беріліп жұмыс істеу керек.
Баланың зейіні өмірінің бірінші айларында көрінеді. Әуелі
ырықсыз зейін орнығады. Бөбек әшекейлі нәрсеге көзін, әуезді дыбысқа
құлағын салады. Тәрбиенің ықпалымен, дамып келе жатқан сезімімен,
қызығуымен сабақтасып, ойын іс-әрекетінде жас балаларда ырықты
зейін пайда болады.
Үлкендердің нұсқауымен түйінделетін ырықты зейін 3-5 жас
аралығындағы балаларда болады. 3-7 жас аралығындағы баланың
зейінін дамытуға ойынның ықпалы зор. Бала ойнағанда алдына
мақсат қояды, ойынның айла тәсілін өздері таңдап, қиын әрекетін
өздері ұйымдастырып, біреуі екіншісінің істегенін бақылайды. Бұл
көріністерде ырықсыз да ырықты зейіннің қызметі бар.
Мектеп жасына дейінгі баланың ырықты зейінін дамытуға үй
еңбегіне қатысуының, өзін-өзі күте білуінің пайдасы зор. Ырықты зейін
мектеп жасында едәуір дамиды. Бала жасының толуына қарай зейіннің
жеке-жеке қасиеттері – көлемі, ауысуы, бөлінуі, күші мен тұрақтылығы
дамиды. Жасына толмаған баланың зейін көлемі өте тар болады. Бір
қолына алма ұстап отырған бөбектің екінші қолына ойыншық тәтті
ұстатсаң, алманы тастап жібереді. Өйткені зейінін екі жаққа бірдей
бөле алмайды. Зейіннің бөлінуі баланың ойында, оқу үдерісінде,
еңбекке қатысында үлкендердің басшылығымен жетіледі. Зейіннің
белгілі дәрежедегі күші мен тұрақтылығы оқу оқуға, ақылдың әсіресе
ойлаудың дамуына көмектеседі. Мектепке дейінгі кезеңде зейіннің
күші мен тұрақтылығы баланың сезіміне бағынады. Олардың сезімі
ұзаққа созылмайды, тұрақты емес. Сондықтан баланың зейіні де онша
тұрақты болмайды. Сонда да олар ұзаққа созылмаса да біраз уақытқа
тұрақты болып көрінеді. Мектеп жасындағы балаларда сезімнің
тұрақтылығы арта түседі. Тәрбиеші баланың сезімін оятатын тәсілдер
қолданып, зейіндерінің күші мен тұрақтылығын тәрбиелеп отыруға
тиіс. Зейінді күшті және тұрақты ететін күш – ерік. Зейіннің кейбір
қасиеттері ерікпен бірге дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: