Мұғалім оқушының таланты мен дарынын қалай анықтайды? Бұл ұғымның мазмұндық жағы әртүрлі болуы мүмкін. Балалар бір ғана пәннен немесе бірнеше пәндерден күтілетін нәтижеден жоғары деңгей көрсетуі мүмкін: мәселен, әртістік, спорттық, музыкалық және басқа таланттарымен танылуы ықтимал. Сонымен қатар, олар бір салада, яғни бір пән бойынша дарынды болса, басқа салада яғни басқа пәндерден қиындыққа тап болуы мүмкін; олар дамудың бір кезеңінде-белгілі бір жас арлығында өте қабілетті болса, келесі кезеңдерінде қабілеттерін танытпауы мүмкін. Баланың дарындылығы мен қабілетін мұғалімдер, ата-аналар, топтың басқа мүшелері немесе балалардың өздері айқындай алады. Баланың қабілетін, біліктілігін, мүмкіндіктерін көрсету үшін оларға жағдай туғызу қажет және де бұл олардың ерте жасында баланың өзі үшін өте қиынға соғуы мүмкін.
Баланың алға басуын академиялық үлгерімнің қорытындысы бойынша, сондай-ақ олардың дарынын бейнелейтін портфолиосы бойынша ресми түрде белгілеуге болады. Бірақ, зияткерлік тұрғыдан дарынды балалардың кейде өздерін көрсете алмайтынына немесе өздерінің ойларын жинақтау үшін әдеттегі уақыттан көбірек уақытты қажет ететініне мысалдар бар. Кейбір балалардың әдеттегі білім алу ортасында, яғни өзінің сыныбында көрсете алмайтын ерекше әлеуметтік дағдылары мен көшбасшылық қасиеттері бар.
Орта мектептің оқушысы бір нақты пән бойынша айрықша дарындылық көрсетіп, басқа пәндер бойынша көзге түспеуі мүмкін. Арнайы пәндер бойынша бірқатар ерекше қабілеттері дамыған болуы мүмкін.
Ғалымдардың жүргізген зерттеулерін пайымдайтын болсақ, талантты және дарынды балаларды анықтау барысында тексеру парақтары мұғалімдерді шатастыратынын байқауға болады. Бірақ, тексеру парағы арқылы зерттеулерге негізделген ең үздік оқушыларды анықтайтын сенімді өлшемдерді тиімді пайдалануға болады. Ол қандай өлшемдер?
· есте сақтау және білім: олардың есте сақтау қабілеттері жоғары; олар ақпаратты біліп қана қоймай, оны пайдалана алады.
· өз білімін жетілдіру: олар оқыту үдерісінің яғни процесінің қалай жүретінін басқалардан гөрі жақсы біліп, өздерінің оқуын реттей алады;
· ойлау қабілетінің жылдамдығы: олар жоспарлауға көп уақыт жұмсауы мүмкін, бірақ жоспардың жүзеге асуына тез жетеді;
· мәселені шешу: олар ақпаратты толықтырып, олардың қайшылықтарын анықтап, мәніне тезірек жетеді;
· икемділік: басқаларға қарағанда олардың ойлау қабілеттері жақсы ұйымдастырылған, дегенмен олар оқуда және проблемаларды шешуде балама шешімдерді көріп, қабылдай алады;
· күрделілікке деген сүйіспеншілік: қызығушылығын арттыру үшін олар күрделі ойын мен тапсырмаларға ұмтылады;
· шоғырлану: ерте жасынан бастап ерекше қабілеттерін ұзақ уақытқа шоғырлау қабілеттері бар;
· ерте символдық белсенділік: олар ерте жасынан сөйлей оқи және жаза бастайды.
Осы белгілерді анықтау оқу үдерісінің барысында оқушыларды мұқият бақылауға алуды талап етеді және олар жоғарыда айтылған зерттеулердің мысалдарымен тығыз байланысты.
Өзінің оқуында осы қасиеттерді пайдаланатын балалар құрдастарының тапсырмаларынан өзгеше тапсырмаларды қажет етеді. Бұл дегеніміз-«ынталандыратын» немесе «күрделі тапсырмалардың болуын көздейді. Міндет қоя отырып жұмыс істеу оқушыларды жайлылық аймағынан аздап шығатын деңгейде жұмыс істеуге міндеттейді. Ғалымдар тым күрделі жұмыс балаларға орындалмайтын, ынтасын жоятын жұмыс болып көрінетіндіктен олардың өзекті қабілеттерінің деңгейлерін бағалаудың тиімді екендігін баса айтады.
Қазақстан мемлекетінің алдында қазіргі кезде дамыған 30 елдің құрамына кіру мақсаты тұр. Осы ретте жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеуде мектеп мұғалімдері мен тәрбиешілерінің алдында атқарылар қыруар жұмыс тұрғаны белгілі.