Әдебиеттер тізімі:
Қалижанов У. Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы.– Алматы: Әлем әдебиеті, 2013. – 500 б.
Ердембеков Б. Абайтану: Оқу құралы.– Астана: Фолиант, 2012. – 432 б.
Есім Ғ. Хакім Абай. – Астана: Фолиант, 2012. – 400 б.
Молдаханов А. Абай, Шәкәрім, Әуезов дәрістері: оқулық. – Алматы: Дәуір, 2011. – 192 б.
Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 9 том. – Алматы: Ел-шежіре, 2011. – 384 б.
№6 Лекция
ТАҚЫРЫП: Абайдың эстетикалық тағылымы
1. Эстетика туралы жалпы ұғым. Қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармалары философиялық терең де тұжырымды ой-пікірлерге, даналық сөздерге бай. Адам баласының жан-дүниесін жетік білген Абай өз шығармаларында өсер ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән берген. Ақын өлеңдері мен қара сөздеріне адам мінезінің ерекшеліктері жасына, ортасына, заманына сай сан қырынан асқан шеберлікпен суреттелген.
Абай Құнанбаевтың арнайы эстетикалық трактаттар жазбағаны белгілі. Әйтсе де, данышпан ақын-композитордың шығармаларынан әсемдікке, сұлулыққа деген эстетикалық талап-талғамын айқын аңғарамыз. Өйткені, елінің, халқының қамын жеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өткен ақынның өскен ортасынан, туған жерінен, жер, ел тағдырынан, салт-дәстүрінен, тарихынан, өнері мен мәдениетінен сырт, жақсысына сүйінбей, жаманына күйінбей өмір сүруі мүмкін емес. Сонымен өмір эстетикасы, тарихи дәстүр мен мәдени мұра, ғылым мен философия жетістіктері -осының бәрін қорытып, бұған нәзік жаны мен терең ойын қосып, данышпан Абай қазақ халқының эстетикасын жасап шықты.
2. Абайдың эстетикалық көзқарастары. Оның қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары.
Бұл жайында Абайда жүйеге келтіруге жарайтын түсініктер жеткілікті. Ол, ең алдымен эстетикалық сезім мен қабылдаудың негізіне жататын адамның бес түйсігіне тоқталады. Адамды жаратушы бізге 5 сезім (физиологиямен таныстығы) бергені жайында 27-қара сөзінде былай дейді: «Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззат алар едік? Құлақ болмаса, не қаңғыр, не күңгір дауыс, жақсы үн, күй, ән ешбірінен ләззат ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе...?» Ләззат деген сөзді Абай көбіне эстетикалық мағынада қолданады. Ләззат - сезім арқылы туғызатын заттардың, құбылыстардың эстетикалық қасиеттері. Бірақ, бұлар әлі жеткіліксіз. Бір нәрсені эстетикалық түсінікпен қабылдап, одан ләззат алу үшін адамның өзі оған дайын болуы тиіс, сонда ғана «әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық сөз суретімен ішке жайғастырып алады...» (32-қара сөз). Эстетикалық түйсікпен толық қабылдау дегеніміз сыртқы заттың өз суретімен адамның ішкі рухани сарайына жайғасу болып табылады. Абайдың бұл ұғымын өте терең және аса маңызды тұжырым деп тануымыз керек. Эстетикалық қасиеттер деген атауды Абай пайдаланбайды, бірақ, соны сипаттайтын көптеген қазақтың төл сөздерін қолданады. Көрікті, сұлу, әсем, әдемі, сүйкімді, сымбат, сән, ажарлы, нұрлы -міне, осындай қазақтың қарапайым сөздерін Абай өз өлеңдерінде көп пайдаланады, сонымен қатар бұлардың әрқайсысын орынды қолданады. Қорыта келсек, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен эстетикалық қасиеттің түрлері, эстетикалық сезім, эстетикалық ләззат, эстетикалық қабылдау – міне, осындай және кейбір басқа да ұғымдар туралы түсінік алуға болады, былайша айтқанда, эстетика ілімінің басты түбірлі мәселелері жайында ақынның анық көзқарасы болған.
Достарыңызбен бөлісу: |