Білім беру бағдарламасы Қарағанды 021 Дәріс «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша



бет5/18
Дата21.09.2023
өлшемі259,72 Kb.
#109607
түріБілім беру бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
қазіргі қазақ тілі дәрістер

Негізгі әдебиеттер
1. Жақсылыков А. Образы, мотивы и идей с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы (типология, эстетика, генезис). – Алматы:Қазақ университеті, 1999. -520 с.
2. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). - Алматы: Ғылым, 1998. - 394 с.
3. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер. –Қарағанды: Гласир, 2009.-400 б.
4. Нұрғалиев Р. Телағыс. - Алматы: Жазушы, 1986. - 440 б.,
5. Еспембетов А. Уақыт өрнегі. – Алматы: Інжу-маржан, 2005. -515 б.
6. Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. - Алматы: Ғылым, 1982. - 147 б.,
7. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. - Алматы: Ер-Дәулет, 1996. - 252 б.,
8. Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары. Сын-зерттеу. – Астана: Елорда, 2001. – 312 б.


Қосымша әдебиеттер
1. Ысқақбай М. Шығарма шырайы - шындық. Алматы: Рауан, 1994. 240 б.
2. Дәстүр және жаңашылдық. - Алматы: Ғылым, 1980. - 367 б.
3. Тоқбергенов Т. Үш тоғыс. Әдеби сын. - Алматы: Жазушы, 1997. - 196 б.
4. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). - Алматы: Ғылым, 1998. - 394 с.
5. Дәдебаев Ж. Шымырлап бойға жайылған. Алматы: Жазушы, 1988, 189 б.
6. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті: Лекциялар курсы. Алматы, Қазақ университеті, 2002, 311 б.


5 дәріс

« Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі модернистік эстетика
1. Қазақ прозасындағы модернизмнің қалыптасуы
2. ХХ ғасыр соңындағы модернистік эстетика және сана ағымы

1. Модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері жөнінде ой сабақтап келе жатқан ғалым Б. Майтанов бұл эстетикалық құбылыстың ұлттық сөз өнеріміздегі белгілерін ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастайды. Ол: «Сәл ертерек дәуірге көз салсақ, модернизм мен постмодернизмге хас мәтін құрамының байлығы мен әркелкілігі М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Бүркіт аңшылығының суреттері», Ж. Аймауытовтың «Елес», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсы», С. Ерубаевтың «Менің Құрдастарым», С. Сейфуллиннің «Біздің тұрмыс» шығармаларынан мол аңғарылады. Аталған туындылардағы интертекст, реминисценция, аллюзия көріністері өмір шындығын қалыптағы реалистік баяндаудан гөрі оны қабылдаушы субъектімен арақатынаста, жан-жақты танытуда зор нарративтік роль атқарды. Модернистік прозада шарықтап дамыған сана ағымын суреттеу өнері М. Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев мәтіндерінде ұлттық дәстүр сілемдерін қалыптастырды, – дей отырып, – Поэзияда символизм мен импрессионизм көріністері, прозада экзистенциализм мен экспрессионизм (фрейдшілдік сарын) эстетикасына тән белгілер күрделі дүниетанымдық, көркемдік ізденістерге мұрындық болғанын жоққа шығару қате», – деген маңызды тұжырым жасайды (Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар //«Қазақ әдебиеті» газеті, 2004. №43. 8-9-бб). Ғалымның ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы әдеби даму ерекшеліктерін модернизммен қиыстыруы – жарқ-жұрқ еткен «измдер терминдеріне» қызығу емес, әдебиеттегі болған нәрсені, ақиқат құбылыстарды нақты дәлелдермен алдыға тартатын, әбден көз жеткізген теориялық толғамдар. Зерттеуші модернизмге тән әдеби-танымдық құбылыстың жалғасын 1960 жылдардан бергі прозаның айтулы ерекшелігі, стильдік доминанты тұрғысында қарастыруының да бұлтарыссыз дәлелдері жеткілікті. Ол «жылымық» жылдары бос қалған рухани кеңістікті толтыруға асыққан О. Бөкей, Р. Тоқтаров, С. Мұратбеков, М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, Ә. Тарази, Қ. Ысқақов, А. Нұрманов, Д. Досжанов, Р. Сейсенбаев, М. Қабанбай т.б. жазушылардың шығармаларындағы жаңа образдар мен өзгеше бейнелеу сипаттарды, жаңаша таным мен бөлекше ойлау жүйелерінің орныққанын саралай келіп, «әлемдік ауқымдағы соңғы мәдени-танымдық, эстетикалық қозғалыстарға үн қату, олармен ортақтасу тілегінен туындап, тебіндеген модернистік поэтика заңдылықтары қазақ прозасында да өзіне тиісті өріс тауып, әдеби-көркемдік, интеллектуалдық даму игіліктерін жаңа құндылықтармен жаңғыртуы заңды», – деп табады (Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар //«Қазақ әдебиеті» газеті, 2004. №43. 9-б).
Модернизмнің қазақ әдебиетінде әр түрлі реңкте, түрлі ағымдар арқылы көрінісін монографиялық тұрғыда зерттеу нысанына айналдырған ғалым Т. Есембеков болатын. Зерттеушінің «Драматизм және қазақ прозасы» (1997) атты еңбегі бұрын біржақты мансұқталып келген модернизмнің ұлттық проза поэтикасынан алатын лайықты орнын айғақтаған алғашқы көлемді еңбек ретінде бағалы. Бұл мәселені әдебиеттанудың драматизм сияқты күрделі категориясы арқылы жан-жақты қарастырған ол ХХ ғасырдың алғашқы бөлігіндегі прозада бедер танытқан экспрессионизм, импрессионизм, экзистенциализм құбылыстарын анықтап берді. Көркем шығармашылықтағы М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтерден тамыр тартқан модернизм үдерісінің ХХ ғасырдың 60-80 жылдар прозасына әкелген ықпалына да қатысты «ХХ ғасырдың катаклизмдерінің ішінде ғұмыр кешкен адамды тұтастық күйінде қарау – драмалық қазақ прозасының соңғы онжылдықтардағы негізгі бағыты. Авторлар мұнда модернистік деп аталатын поэтиканы қолдана бастайды (исповедь, сана ағымы, түс, фантастикалық суреттер мен образдар, бөлшектенген сананың метафорасы ретіндегі қос жарылу)» сипаттағы құнды тұжырымдар жасады (Есембеков Т. Драматизм и казахская проза.– Алматы: Ғылым, 1997. 220-б). Сонымен қатар Т. Есембеков зерттеуінен кейін жыл аралата шыққан А. Исмақованың «Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль» (1998) зерттеу еңбегінде қайта оралған Алаш қаламгерлерінің туындыларындағы экзистенциалистік проблематика, қазіргі қазақ прозасындағы фольклорлық фабулаларды, аңыздық-ертегілік сюжеттердің жаңаша түрлендіру – неомифологизм сияқты модернистік әдебиет принципі жөнінде мәнді байламдар жасады (Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начало ХХ века и современность). – Алматы: Ғылым, 1998. – 394 с.).
Біз де «70-80 жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы» деп аталатын алдыңғы зерттеу еңбегімізде шама-шарқымыз келгенінше қазақ жазушыларының қоғам мен оның субъектісі жеке адам арасындағы күрделі қарым-қатынасқа, кеңістік пен кейіпкер мәселесіне тереңірек үңілуден келіп шыққан экзистенционалды ой ағымдарын ашып көрсетуге тырысқанбыз. Экзистенциалистік таным мен олардың ұстанған концепцияларын, теориялық қырларын қарастыра отырып ұлттық прозаның әлемдік әдеби үдеріспен ортақ арна табатын, үндесетін қырларын тануға талпынған едік. Экзистенциалистердің күрделі тұғырнамаларының бірі – жатсыну мәселесін қазақ прозасы үшін философиялық-эстетикалық тұрғыдан қаншалықты маңызы болғандығын талдау өзегіне айналдырғанбыз. Жатсынуды адамның адамнан жатсыну, адамның өз-өзінен жатсынуы (самоотчуждение), адамның ортадан, қоғамнан жатсынуы сияқты бірнеше ракурстан зерделей отырып, ХХ ғасырдағы дүниежүзілік көркем дамуға модернистік ой-толғамдар қатты ықпал еткендігін, қазақ әдебиеті де одан тысқары тұра алмағандығын негіздеуге ұмтылыс жасап көрген болатынбыз. Алайда ол еңбекте модернизмді кешенді түрде алып қарамай, оның экзистенциализм сияқты жекелік көрінісіне ғана тоқталғанбыз (Жарылғапов Ж. 70-80-жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы. Фил. ғыл. канд. ғылыми дәр. алу үшін дайынд. дисс. Қарағанды, 2000. – 153 б). Біздің жұмысымыздың осы бөлімшесінде қамтылатын модернизм жөніндегі пікірлеріміз сондағы айтылған ғылыми мәселердің жалғасы іспетті. Қайталауларға ұрынбас үшін ұлттық прозада мейлінше анығырақ көзге түсетін экзистенциализм ағымына тиісті жерінде ғана тоқталып, бұрын талданған Д. Исабековтің «Тіршілік», «Сүйекші», Ә. Кекілбаевтың «Шыңырау», Ә. Таразидің «Қорқау жұлдыз», О. Бөкеевтің повестерін айналып өтіп, модернистік принциптер тұрғысынан алдында қарастырылмаған М. Мағауин, Т. Әбдіков, А. Сүлейменов т.б. жазушыларымыздың жекелеген туындыларын сөз етпекпіз.
Модернизм қоғамдағы қайшылықтардың барынша тереңдеген уақытында, рухани-мәдени құлдырау, санадағы дағдарыстар белең алып кеткенде, оған қарсы реакция ретінде жаңа құндылықтар ізденістері кезінде пайда болғанын білеміз. Қазақ прозасында ХХ ғасырдың алғаш кезеңдерінде көрініс беріп, қайтадан үзіліп қалған модернистік поэтика желісі 1960 жылдардан бастап қайта өрістеуінде әлемдік тәжірибелермен аналогиялар байқалмай қоймайды. Дүниежүзілік соғысты адамзаттың ең үлкен дағдарысы, адам баласының рухани-ұждандық тұрғыдан ең ірі құлдырауы деп санаған әлем модернистері көркем ойлауды жаңа көкжиекке бағыттау, түп-тамырымен қайта қалыптау деп білсе, 1960 жылдардан бастап қайта өріс ала бастаған қазақ модернизмі маркстік-лениндік эстетикаға көзсіз берілуден бас тартудан, тоталитарлық сана үстемдігінен арылуды ойлай бастаудан, «жарқын коммунизмге бет алып бара жатқан» өз қоғамдарының болашағына шүбә келтіруден барып күш алды. «Жылымық» кезең рухани кеңістікте біршама еркіндіктер, қоғамдық ойға өзгеше сарындар енгізуі нәтижесінде әдебиеттің де құрсауы босап, идеялық-эстетикалық жаңа сапалар көзге ұра бастады. Көркем әдебиет ендігі кезде адам болмысына деген жаңа көзқарастарға сорап салып, жеке адамның аңсарына, оны рухани-психологиялық феномен биігінен көруге, адамның ақиқат құбылыстармен қатынасын жаңа философиялық критерийлер арқылы бажайлауға ден қойды. Мұндай сапалық өзгешеліктер көркем шығарманың бейнелеу құрылымдарына да әсер етпей қалған жоқ. Мұны ХХ ғасырдың 60-80 жылдар әдебиетін таразылаған көп зерттеушілеріміз айтып келе жатыр. Дәл осы шақта әдебиетке тың серпін ала келген жаңа буынның пайда болуы, олардың дүниетанушылық, стильдік-көркемдік ерекшеліктері туралы біршама зерттеулер жазылды.
2. Сана ағымы (ағылшынша Stream of consciousness) – XX ғасыр әдебиетіндегі модернистік бағыттың бір кең тараған тәсілі. Кейіпкердің рухани әлемін, жан қозғалысын, күйзелісін, кейіпкер характерін ашудағы таптырмайтын әдіс. «Сана ағымы» термині американдық философ-идеалист Уильям Джеймске тиесілі. Ғалым өз еңбегінде: «сознание — это поток, река, в которой мысли, ощущения, воспоминания, внезапные ассоциации постоянно перебивают друг друга и причудливо, «нелогично» переплетаются» (Уильям Джеймс. «Основания психологии», 1890) - деген анықтама береді. Кез келген көркем шығармада адам тұтас бейнеленеді. Көркем әдебиеттегі кейіпкер бар болмысымен, ішкі және сыртқы табиғатымен толық танылуы үшін бейнелеу құралдары тұтас және шебер ұйымдастырылып, қолданылуы тиіс.
Әдебиеттегі жаңалық өзінен бұрынғыны біржолата мансұқтау, біржолата құрту жолымен емес, адамзаттың суреткер өнерін реальді болмыстың барша әрі мен нәрін жеткізе алатын соны түр, соны әдістермен байыту жолымен өрістейді.Ұлы суреткер М.Әуезовтың алғашқы туынды­ла­рының өзімен-ақ бүкіл тіршілігі сөз бағып, сөз өсірумен келе жатқан дала тұрғындарының дара мента­литетін дәл аңдап, айтар ойына ал­тын айдар тағуды машық қылды.
Осыған дейін әдебиетшілер мен зерттеушілер тырнақшаға алып айтып жүрген «сана ағымының» әдебиеттегі көрінісі қандай? Адам бойындағы бұлқыныс-буырқаныстарды, санамыздағы өзімізге де түсініксіз болып келе жатқан қайсыбір психологиялық процестерді тап басып суреттеуде психологиялық талдаудың өзі де жетпей жататын көрінеді. Алғаш психологияға, артынша әдебиетке енген «сана ағымы» ұғымының өмірге келуі де осыған байланысты болса керек. Зерттеушілер «сана тасқыны»(сана ағымы) принципіне құлай берілгендерге алғаш әсер еткен - өлімге өз еркімен бара жататын сәттегі Анна Каренинаның ішкі монологы екенін әлденеше рет ескертеді. Бұл монолог кейіпкердің шектей тартылған ауыр күйін, жан тақсіретіне толы толғаныс тізбектерін, әйелдің сыртқы өмірден жиреніп, оған немкетті көз салуыныңішкі себебін, жүрек құсасынан, азаптан арылудағы жалғыз жол – ажалды соңғы қадам етіп алуға итермелейтін, әрі өкшелеп қалмайтын ғаламат күнәһар қиялдың ұлғаю, даму процесін ерекше нанымдылықпен бейнелейді. Пруст, Джойс, Кафка, Сартр, Камю... Джойстың атышулы «Улиссінде» бір күннің ғана (1904 жылғы 16-маусым) оқиғасы суреттелмеуші ме еді? А.Камюдің «Бөгде» атты романында әдеттегі талаппен түсініп болмайтындай кейіпкер –Мерсо үшін анасының өлімі соншалық қайғы еместей, оны жерлеуге қатысу ауыр жұмыстай. Ешкім ұқпайтын жағдайда, амалсыз, сана сарайына құлып салған шақта кісі өлтіретін, оған аса қынжылмайтын қаһарманның іс-әрекеті, ойы, сөзі жалықтырмайтыны ғажап. Себебі ол шындықпен күш сынасудан қашпаған. Мерсо бұл қылмысына өкінбейді. Ең кереметі – кейіпкер ауыр жаза алдындағы ақтық мезетіне дейін бүкпесіз сырын қалай болса, солай, немқұрайды мәләмдей береді. Оның ажал тапқаны суреттелмеген. Ол тек ажал қақпасын ашып, о дүниеге жүрек дүрсілімен аттап басып бара жатады. Ажал таңы алдында ол өзінің жаратушы әлеммен ұқсастығына көз жеткізіп, жалғыздықтан құтқарар ахуалда жеке басын бақытты санайды. Белль «Лонгреннің ажалында» сандырақтап жатқан бала санасы арқылы оның өмірінде шын болған оқиғаларды, баланың ауыр жараланған кезін (бала көмір ұрлап, жүріп бара жатқан поездан құлайды) сәтті бейнелейді. А.Зегерс атақты «Жетінші кресінде» гестапошылардың Эрнст Валлауды тергеуге алған сәтін көрсетеді. «Сіздің атыңыз Эрнст Валлау ма»? деген сұраққа Валлау іштей: «Осы минуттан бастап бір сұраққа да жауап бермеймін» деп жауап қайтарады. Әрі қарай Валлау тергеушіге тіл қатпайды. Өзінің жауабын өлі адамша іштей ғана айтып отырады. Борхерттың «Ұзақ көше бойында» кітабында аштықтан көзі қарауытып, ілбіп келе жатқан лейтенант Фишер паровоз айғайын естіп, соғыс кезінде жарымжан шалды паравоздан итеріп жібергенін, өткен өмірін еске алады; екі қабат әйелді көріп миллиондаған солдаттардың қаралы басы қалған жесірлерін, алапат соғыстың адам баласына әкелген айтып жеткізгісіз апатын ойлайды; көше әншісін көріп, соғыстан кейінгі Европа министрлерінің көңілді өтер думанды кештерін көз алдыңа әкеледі. Ал, «Абай жолынан» Абайдың боран астынан қатты ауырып келіп, Тоғжан алдына жығылған сәттегі қиналысын немесе «Қан мен тер» трилогиясының соңындағы жас мырза Тәңірбергеннің талай жыл бойы өмір сүрген мекенінен татарға су таппай сенделген шағындағы есеңгіреген, есірік атқан санасының суреттелуін алыңыз. Бұл ситуациялардың бәрінде ішкі монолог ішкі монолог болудан қалып, «сана ағымына» ойыса бастайды және көп жағдайда тән азабын шеккен кейіпкерлер сезімін көрсету мақсатында қолданылып, ой мен сезім, тосын ассоциациялар бір-бірін кимелеп жатады. Демек, бұдан шығатын қорытынды - «сана ағымының» әдеби кейіпкерді тереңірек танытудың, адам бойындағы өзгеше психологиялық құбылыстарды дәл бейнелеудің әдісі ретінде қолданылып келе жатуы. «Аңыздың ақырындағы» Алмас хан зыңданының аузында «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген жазу бар. Осы жазуды кейіпкер қайта-қайта есіне алып отырады автор баяндауларында бірнеше рет кездеседі. Бұл не, символика ма?- деген сұраққа Әбiш Кекiлбаев 1981 жылы «Лениншіл жас» газетiне берген жауабында былай деген: «Алмас ханның кім екені белгілі. Қаталдық орнату, өктемдік ету өмірлік салты болса, мұнысы оның іс-әрекетінде де сайрап жатыр, екі аяқтыдан қарсы келгенді көрге тығуға дайын. Оған ұнамаған жанның, ең алдымен, барар жері - тас зыңдан. Зыңдан аузына әлгідей жазу жазып қойғанда мұнда келіп түсетіндерді келемеждеп, кекетіп тұр. Жердің үстінде де, жердің астында да Алмас ханның мазағынан құтылған пенде жоқ. Әдебиетте реализм және сюреализм бар. Және, орысша айтсақ, «сознание», «подсознание» бар. Іс-әрекетте «сознание» бар да «подсознание» жоқ па екен? Міне, әлгі сөзден Алмас хан әрекетінің бүкіл мәні философиясы аңғарылады». Роман кейіпкері ұлы Әмірші де күні кеше ғана қатардағы қарапайым жан болған. Ол да мына өмірдегі жұмыр бас­ты пенденің бәрі сияқты талай-талай кезең, талай-талай асулардан өткен. Қиналған, құқай көрген, қуғын-сүргінге түскен. Бірақ ол аса айлалы, аса ақылды еді. Содан да ол өзгелерден ақылын да, айласын да асыра білді. Аңдысқан­дардың бәрін торға да түсіре білді, орға да құлата білді. Бәрін жеңді. Ақыры жарты әлемді алдына жығып, аузына қаратқан Әміршіге айналды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын, аузын айға білеген шексіз биліктің делбесін қолына ұстады. Асты, тасыды. Бара-бара ол қол астындағы бүкіл елді өзінің құлақ кесті құлындай көретін болды. Қорқыныштың құшағында, үрейдің құрсауында ұстады. Әділдік деген менің жарлығым, менің үкімім деп білді. Жорықтан жорыққа барып, жеңістен-жеңіске жеткен сайын ол бұрынғыдан да айбарлана, бұрынғыдан да қаһарлана түсті. Қанағат дегенді де, шүкіршілік дегенді де мүлде естен шығарды. Араны барған сайын ашылып, құлқыны тойымсыз құрдымға айналды. Көкірегін менмендік пен такаппар астамшылық жайлады. Әрине, Әбіш өз кейіпкерін тек қана қанқұйлы қаныпезер етіп, оған қара бояуды баттастырып жаға бермейді. Оның да ет пен сүйектен жаралған жан екенін, оның да опық жеп опынып қалатын сәттері болып тұратынын, әрі нақты, әрі нанымды детальдармен сәтті көрсетіп отырады. Оның жаны аса күрделі. Оның кезекті қаһарлы қатігездігі тағы да қандай азап пен сор әкелетінін білмей бір дал болсаңыз, оның зұлымдығы мен қулығының да сондай түпсіз тұңғиық екеніне, оған құрық та, сырық та бой­ламайтынын көріп тағы да таң қаласыз. Бұл дүниенің ұңғыл-шұңғылына әбден қанық, оның түкпір-түкпірін пайымымен адақтап шыққан ол, ненің не екенін біле тұра, мейірімді жан қалауын емес, өктем де қатал билік қалауын жасайды. “Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Сол үшін талай рет ажалдың алдына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін сол есіне түскенде шор боп біткен әлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің бәрі сырқырап қоя береді. Бірақ кіріптар­лықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді”. Оның шын болмыс- бітімі осы жолдардан анық көрініп тұрған жоқ па?! Өзі кіріптарлық пен құлдық табиғатын терең түсіне тұрып, оның қорлық екенін ұға отырып, бірақ басқаларды құл-құтан, кіріптар етіп ұстауды жаны қалайды. Өйткені оның өзі өктем биліктің құлы. Енді Әміршінің шексіз билік құлдығынан құтылуға дәрмені де, пәрмені де жетпейді. Бұл – тағымнан айырылсам бағымнан да, барымнан да айырылам деп ойлайтын бүкіл билікқұмарлардың трагедиясы!
Жарты әлемді жатқызып-өргізіп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған қаһарлы Әмірші ұстасаң үгітіліп кетердей үлбіреген гүлдей әлсіз, тисең үзіліп кетердей дірілдеген тіндей нәзік жас ханымның жүрегіне билігін жүргізе алмай, бір оң жақтан, бір сол жақтан ұйтқып соғатын желдей алағай да бұлағай күй кешеді. Енді ол үшін мына дүние “құлыпсыз түрме, ал өзі сол дүниенің “кісенсіз тұтқыны”. Одан құтылар, одан шығар жол бар ма?.. Әмірші қаншама айлалы, қаншама ақылды, қаншама сұңғыла болғанымен жанын жегідей жеп, жебірдей кемірген дәл осы сұрақтарға жауап таба алмай ойы он саққа, санасы сан саққа жүгіріп сансыраған хал кешеді. Әр қимыл, әр сөзін бағып отырған анталаған көз бен сәл қияс басса қураған қауға тигендей лау еткелі тұрған сөздің алдын алу үшін бас сәулетшіні өзі салған зынданға (одан басқа оның өнер туындысы жоқ) тастап, жас шебердің көзін ойып, тілін қырқады. Санасын сарсылтып, жанын обырдай обып жатқан ойлардан құтылам деп ойлағандықтан осылай істейді. Бірақ құтыла алмайды. Өрмекшінің торындай шым-шытырық өз ойына өзі бұрын­ғыдан бетер шырматыла түседі. Әмірші өзінің күн өткен сайын іргесі қақырап, басынан бағы тайып бара жатқанын сезе тұра, махаббатқа ешқан­дай әмір жүрмейтінін, өнерді қандай бір қатігездік те жеңе алмайтынын ұға алмады.
Әбіш Кекілбайұлының аңыз-әңгімелерге барудағы көп мақсатының бір мақсаты осында жатыр деп білеміз. “Үркер”, “Елең-алаң” романдардағы бір мәтіннен үш мәтін (кеше, бүгін, ер­тең) қатар оқылатынын кезінде айтқан бо­латынбыз. Соны бүгін де қайталап айта­мыз. Оған біздің қосарымыз, жазу­шы­­­ның тағы бір ерекшелігі – тарихи факт арқылы белгілі бір кезеңнің әлеу­меттік болмыс-бітімін, саяси жағдайын, психологиясы мен моралін, трагедиясы мен драмасын жан-жақты көрсетумен бірге, сол белгілі фактінің философиясын ашатындығы, біздің ойымызша, бұл ілуде біреудің ғана қолынан келетін іс. Сондық­тан да бұл шығармаларға пайдаланылған тарихи материалдар – мұрағаттық, кең­селік іс қағаздары, басқа да әртүрлі құ­жат­тар Әбіш қаламы арқылы қанымызға сіңіп, рухани құжаттарымызға айналып кетеді.
«Сана ағымында» бейнелеу құралдарының бірі әдеби түс көру. Көркем шығармада әдеби түс көру кейіпкердің іс-әрекетін психологиялық тұрғыдан нанымды әрі дәл бейнелеу үшін және әр кезеңнің өзіндік дүние танымына орай фантастикалық, мистикалық, лирикалық, комедиялық немесе гротестік эффекті, акцент беру үшін қолданылады.
Суреткер үшін әдеби түс көруді талдау – кейіпкердің құпия қалтарысы мол ішкі жан дүниеге тереңдей еніп, кейіпкердің күрделі де жұмбақ табиғатын ашудағы, оқиға шешімін табудағы, жазушы шеберлігін танытудағы тиімді әрі күрделі бейнелеу құралы.
Әдеби түс көрудің қосалқы көркемдік түрлері – түс жору, сандырақтау, елес, елестету, шатасу, галлюцинация т.б. өң мен түс, өмір мен өлім арасындағы жан азабын, шекаралық шақты бейнелейді.
Өз шығармаларында әдеби түс көруді талдаудың неше түрлі көркемдік көріністерін, үздік үлгілерін, шұрайлы суреттерін, сәтті эпизодтарын, құнды да құнарлы қасиеттерін таныта білген талантты қаламгердің бірі Әбіш Кекілбаев екені белгілі. Оған көз жеткізу үшін жазушы пайдаланған әдеби түс көруді талдау, оның шығармада қолданылу тәжірбиесіне назар салып көрелік. Олар «Үркердегі» Әбілқайыр ханның түс көріп, оны сонша жерге ат арылтып досы Тайланға жорытуы, «Аңыздың ақырындағы» Кіші ханым мен Әміршінің түстері, «Күй» повесіндегі Жөнейттің, «Ханша-дария хикаясындағы» Гүрбелжін ханымның қыз күніндегі мен ерге шыққаннан кейінгі үнемі кіретін бір мазмұндағы түстері т.б. Бұл әдеби түстердің поэтикасын талдау, мағынасын оқып талдау арқылы біз көркем шығарманың шындығын, кейіпкердің бүкіл табиғатын, шын бет пердесін, ішкі ирімдерін, көңіл-сана түпкіріндегі құпия сырды, адам жанының психологиясын терең талдап, оның құпиясына еркін ене аламыз. Біздің ұлттық табиғатымыз бен болмысымызға тән әрі ежелден қалыптасқан түс туралы ұғым мен сенім, дәстүрлі жорыту жолдары Әбіш Кекілбаев шығармаларында соны сүрлеу, жаңаша өң алып, олар үлкен әлуметтік, философиялық, ғибраттық, психологиялық та қызмет атқаратын болды. Тіпті, Ә.Кекілбаев қолданыстағы әдеби түстің адам тағдыран, оның қоғамдағы орны мен ар-абыройын да (Әмірші, Кіші ханым, Гүрбелжін, Әбілқайыр, Жөнейт т.б. түстері) түбегейлі өзгертіп, табиғи жаратылысына өзгеріс ала келетін көркемдік табиғаты тосын техникалық құрал екендігіне көз жеткізе түсеміз.
Жазушы әдеби түсті, одан кейінгі ой-толғаныстарды, сезім мен ой қайшылықтарын, атап айтқанда, ашу-кек, опыну мен ақталу, өзекті өртеген өкініш пен налу, күйзелу мен күйреу т.б. сияқты толып жатқан психологиялық сәттердің бірін де не көзден, не көңілден таса етпей егжей-тегжейлі баяндайды. Және ол баяндауларда үстірт, сырттай бақылаудан туған оқиға тізу емес, әрбір қалт еткен қыбыр-қимыл арқылы ой айту, образ ойнату, адам тағдырының мәңгілік құндылықтарын меңзеу бар.
«Әдебиеттің интелеклектісі, мазмұндық сыпаты алға шыққан кезде жай суреттеу, баяндау тәсілі оқырманның рухани дәрежесіне сай келе бермейді. Феодализм дәуірін суреттегенде адамдардың сөзінен қамшысы бұрын тұрды, қынында қылышы, қолында қамшысы жүрді дедік. Адамдарды тосын қимыл-қозғалысқа, оқыс әркеттерге әлеуметтік өмір итермеледі дедік. Қазір ше? Әдебиетте адамдар өздері жасаған әркетті өздері қалай түсінеді, дұрыс дей ме, бұрыс дей ме, өз ісін өздері қалай бағалайды деген әңгіме басталған. Адам не істеді деген емес, адам санасы не істеп жатыр деген әңгіме басталған. Ендеше бұл процесті суреттегенде оқиғаға, іс-әрекетке қатысқан кейіпкерді сол әркетін өзінің түсінуі, түйсінуі, «жеті сезімнің» жетеуінің де қатысуы арқылы суреттеу керек. Ілгеріректе адам мен адам арасындағы қатынас көбіне тағы да сол қамшының ұшы, білектің күшімен шешілетін болса, қазір адамдар өзара қарым-қатынасын қоғамдық институттар, коллективтер арқылы анықтайды. Демек, мұнда саналылық, ақыл-ой алда тұрады. Адамдарды мұндай жағдайда суреттеу, олардың психологиясын, ішкі ойын талдап беруді талап етеді. Бұл міндет- қиялдай білетін қаламгер атаулыға ортақ міндет», - деп Ә.Кекілбаев айтпақшы бұл мәселе әдебиеттанудағы ең күрделі мәселелрдің бірі («Лениншіл жас» 16.05.1981ж)
Монолог... Алмас ханды ақтара танытқан, жалғыз ол емес соңғы онжылдықтар көлемінде шыққан шабытты шығармалардың қай-қайсысының да бағын көтерген оңтайлы әдіс. «Боран» романындағы Қоспан және Алмас хан. Екеуі екі дәуір өкілі. Алғашқысы қоғам байлығын ойлаған бүгінгі замандас болса, соңғысы жүрген ізінен ажал исі аңқыған қатал хан. Қоспан туысынан жан баласынренжіткен емес. Әмірші үшін көзіңді ойып, тіліңді қырықтырып тастау түк емес. Қоспан қаяулы тағдырына налып-назаланса да ертеңнен үмітін үзбей, қолынан келгенше онымен алысып-арпалысып, таласып-тайталасып, жағаласып келеді. Әмірші болса талай таңды ұйқысыз атырып, әйел затын ұнатуға батылы барған жас шебер мен бас шеберді қалай жазалауды ойлап әуре. Қоспан қайтсе адамдар бір-бірінің тағдырына жауапкершілікпен қарайтын болады деген ұғымдар тұрғысынан ойланар болса, Алмас хан ойы айналасындағыларға деген күндікке толы. Ол ең алдымен былайғы халықтың, «қара тобырдың» сөзіне ілігуден қорқады. Хан сарайы, сарай маңындағылар, тіпті кіші ханшаға дейін ол үшін соншалықты бөтен, соншалықты жат. Ол шексіз жалғыздықта. Өмір, тіршілік әмірші үшін жалған ұғымдар. Сондықтан да ол бұларды шексіз жек көреді. Қоспан тірі қалуы үшін, өмір сүру үшін соңғы қайратын жиып, аш арланың алқымын сығып алысса, әмірші өзіне шапқалы тұрған жолбарысты көре тұра селт етпейді, ажалды аңсайды. Қоспан ақ түтек боран астынан қойларын ілгері жылжытып, аман қалуы үшін қайрат қылса, әмірші қалың қолмен шөлге аттанып, ажалын табады. Қоспан жаны қиналғанда «Дені дұрыс адамның құтылмайтын пәлесі жоқ» деген ескі досының сөзін еске алып, өз-өзін жұбатар болса, өз-өзін іштей жігерлі күреске шақырып, мәңгі жеңілмес рух танытса, жарық жалғанмен қоштасар тұстағы әміршінің ойлағаны-бір кезде тас зыңданға өзі жаздырған «Барар жерің бәрібір жердің асты» жеген жазу. Міне, Т.Ахтанов адам рухының қуатын, жеңілмеуін, тіршілікке ұмтылуын, жеңісті аңсауын бейнелесе, Ә.Кекілбаев тірі сананың тозуын, әлсізденуін, өмірден мән таба алмай күйзелуін көрсетеді. Қоспан монологі еңбек адамының үш күнгі бастан кешкендері арқылы оның бүкіл өмірінен, өткені мен бүгінгісінен мағлұмат беріп, бойыңда үлкен аяныш сезімін оятса, Алмас хан басындағы жай бұдан 600 жыл бұрын өмір сүрген қай-қай өміршінің де бастан кешкен оқиғасы екеніне көз жеткізеді. Қоспанның толғаныстары еріксіз шаруагылық жайын ойлауға жетелеп отырса, «Аңыздың ақырындағы» төрт-бес бетті көктей алып жататын көлемді монологтар сол уақыттағы әлеуметтік орта мен әмірші арасындағы психологиялық конфликтіні, шектен шыққан қаталдықты, бас айналдырар эгоизмді көрсетуге арналды. Терең философия, адам өмірінен еш ләззат таппаған өміршінің ғұмыр бойы өз-өзін алдап өтуі, оның көз алдындағы тіршілік аясына келуі мен кетуі, міне, Ә.Кекілбаев романындағы монологтар осыны бейнелейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет