Негізгі әдебиеттер
1. Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. –Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. – 448 б.
2. МәшҺүр-Жүсіпов Қ. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. – Павлодар: Павлодар унив-ті басп.. 1999. -384 б.
3. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер. –Қарағанды: Гласир, 2009.-400 б.
4. Нұрғалиев Р. Телағыс. - Алматы: Жазушы, 1986. - 440 б.,
5. Еспембетов А. Уақыт өрнегі. – Алматы: Інжу-маржан, 2005. -515 б.
6. Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. - Алматы: Ғылым, 1982. - 147 б.,
7. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. - Алматы: Ер-Дәулет, 1996. - 252 б.,
8. Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары. Сын-зерттеу. – Астана: Елорда, 2001. – 312 б.
Қосымша әдебиеттер
1. Ысқақбай М. Шығарма шырайы - шындық. Алматы: Рауан, 1994. 240 б.
2. Дәстүр және жаңашылдық. - Алматы: Ғылым, 1980. - 367 б.
3. Тоқбергенов Т. Үш тоғыс. Әдеби сын. - Алматы: Жазушы, 1997. - 196 б.
4. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). - Алматы: Ғылым, 1998. - 394 с.
5. Дәдебаев Ж. Шымырлап бойға жайылған. Алматы: Жазушы, 1988, 189 б.
6. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті: Лекциялар курсы. Алматы, Қазақ университеті, 2002, 311 б.
7 - Дәріс
« Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша
Қазіргі қазақ мемуарлық романы
1. Мемуарлық романдардағы тарихи шындық пен көркемдік шешім
2. Қазақ мемуарлық романдарында замана шындығының суреттелуі
3. Тарихи тұлғалардың бейнеленуі: деректілік және көркемдік шешім
Замана келбетінің жекелеген тарихи тұлғалар арқылы көрінетіндігі де осы жанрдағы романдарға тән болып келеді. Өйткені жалпы мемуар атаулының негізі өмірлік шындық болғаннан кейін автордың жазушылық қиялға орын беруіне мүмкіндік өте өлшеулі. Ондай жағдайда өмір белестерінде кездескен жекелеген фактілер мен деректердің бұрмаланып кетуі шығармадағы шындыққа көлеңке түсірмек. Мемуарлық романдар сондықтан да кейінге оқырманға тарихи шындықты мейлінше дәл жеткізе алуымен қымбат екендігі диссертациялық еңбекте тиісінше дәлелденді деп ойлаймыз.
М.Х.Дулатидың ілгеріде жазылған «Тарих-и Рашиди» атты мемуарлық шығармасында да автордың жеке кесек тұлғасымен бірге өзінің алдындағы және өзі өмір сүрген кезеңдегі замана шындығы да жарқырап көрініп отырады. Туындыда тарихшылар үшін таптырмайтын деректер мен фактілер қатарының молдығын зерттеуші ғалымдар әр кезеңде, әр тұста айтып келе жатыр. Әсіресе М.Х.Дулатидың еңбегін зерттеудің жан-жақты сипат алуына, оның орыс тіліне аударылуына, сонымен бірге қазақша тәржімасының жасалуына байланысты тиянақты пікірлер қатары молая түсуде. Алғашқы зерттеушілер ең алдымен туындының тарихи сипатына мән берсе, соңғы уақыттарда оның әдеби жағы, сонымен бірге мемуарлық болмысы да ішінара айтылып қояды.
Әдебиеттанушы ғалым, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Хайдар мырзаның бір ерекшелігі, ол шындықты ғана жазады. Тарихшы ғалымдардың барлығы да Хайдар мырзаның осы қасиетіне ерекше мән береді.
Ал екінші дәптердің тарихи мемуарлық сипаты бар. Мұнда ол өз өмірбаянын тілге тиек еткен әрі оны бірінші дәптерден бұрын туындатқан. Мұнда автор өзі көріп, куәсі болған, басынан өткен немесе естіген жәйттер мен оқиғаларды қаз-қалпында баяндаған» деген пікірімен ұштасып жатыр.
Бүкіл ел басындағы ірі оқиғалар мен саяси-қоғамдық өзгерістердің, былайша айтқанда, айтулы тарихи аласапырандардың фонында «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романының авторы С.Сейфуллин өзінің қайраткерлік қадамдарына терең талдау жасамайды десе де болғандай. Есесіне қатар жүрген революционер серіктерінің қиын-қыстау сәттерде көрсеткен адами мінездері, тосынан шыға келген қаһармандық қасиеттері, қайтпас қайсарлықтары мен төзімділіктері жазушыны еріксіз тәнті етіп, іштей ризалыққа бөлегендей.
Н.Төреқұлов «Тар жол, тайғақ кешу» жөнінде: «Қайдағы бір Тәтімовтардың, Дүйсекеевтердің, Угарлардың, Мухеевтердің, Шариповтардың және басқалардың ақтармен, алашордамен майдандасқанын айтты. Өзінің төңкеріске қатысқанын, өзінің қыздарды көргенін айтыпты, бір жерлерде қымыз ішкенін айтыпты. Өзін мақтапты. Алашорданың қашқанын мазақтай суреттепті... алашорда министрлерінің қашқанын несіне жазған?» [1] деп мін тағады. Ал одан кейінгі жылдарда, тіпті бүгінгі тәуелсіздік заманында да бұл роман, керісінше, жоғары бағалануда. Мысалы, зерттеуші А.Кәкен: “Тар жол, тайғақ кешу” – деректі шығарма. Мұнда баяндалған оқиғаларды қазіргі зерттеушілердің жазғандарымен байқап көрсеңіз, жазушының тарихи фактілерді сол күйінде қағазға түсіргенін байқайсыз” [2, 3-б.] дейді. Демек, аталған мемуарлық романның деректері тақырыпты зерттеушілер үшін әлі де құнды.
Қаншама ауыр сөздерді естігеніне қарамастан, С.Сейфуллинның соншалықты қарапайым әрі ұстамды болғаны аңғарылады. Автордың кеуде қаққан ешқандай емеуіріні білінбейді. Адами қасиеттер оның өзі жасаған іс-әрекеттері арқылы ғана көрініп отырады. Өзі жайлы айтқан қысқа деректерінде де бас қаһарман ретіндегі бейнесі айшықтала түседі. Қасиетті «Құран Кәрімде» «Адам өзіне жақсылық тілеуден жалықпайды. Ал егер әлдебір жамандық басына түссе, еңселері түсіп, үмітсізденіп кетеді (41-сүре, 49 аят)» [3, 504-б.] деп, жазылған. Ендеше ер басына күн туған қиын жағдайда жұрттың барлығы қаһарман болуы тиіс деген талап қойылса, оның қисынсыз талап болуы мүмкін.
Филология ғылымдарының докторы Қ.Ергөбеков «Өмір мектебі» трилогиясы жайында: «Сәбит Мұқановтың өмірлік басты кітабы – «Өмір мектебі» трилогиясы. Отыз жыл жазылған (1930-1960) шығарма қазақ халқының революцияға дейінгі, кейінгі өмірін тарихи-әлеуметтік болмысымен, барша этнографиялық бояуымен, жанды ұлттық характерімен бейнелейді. «Өмір мектебі» – жазушының суреткерлік зор табысы» [4, 23-б.] деп, тұжырымдайды.
Өз заманындағы саясатқа қатысты біраз шетін мәселелерді қозғап, «Халық жауы» деп танылған кейбір тұлғалар турасында қалам тербегендіктен де болар, осы трилогияның үшінші кітабы «Есею жылдарының» қолжазбасын талқылау кезінде көп сын айтылған. Бұл жөнінде әдебиеттанушы Ә.Нарымбетов жазушының өз аузынан жазып алған сөздерді келтіреді: «Өмір мектебі» романының І, ІІ томдарын жазғанымда, И.В.Сталиннің жеке басына табынудың кесірінен мен білетін көп нәрсе айтылмады.... «Өмір мектебі» романының ІV кітабын кейін жазам. 1937 жылдың оқиғасын жақсы білем. Ол жылы кей жақын жолдастар «коварство» жасады. Қазір жазсам, олар шу ете түседі. Уақыт өтсін, екшесін» … «Көп кісі «Есею жылдары» романы жөнінде Қазақстан Орталық Комитетіне арыз берді. Ол арызда кейбірі жаулықпен, кейбірі достықпен пікір айтты. Партияның Орталық Комитеті сол арыздарды арнайы комиссия құрып, тексерді. Комиссия, әсіресе, Рысқұлов, Садуақасов, т.б. жөнінде менің жазғандарымды мұқият тексеріп, қорытынды шығарды. Комиссияның қорытындысы маған пайдалы болды. Комиссия қорытындысын ескеріп, «Есею жылдарын» түзедім. Пікір айтқан ол жолдастарға өкпелеген жоқпын. «Есею жылдарына» айтылған сол сындар жөнінде «күнделік-записім» бар. Қазір «Өмір мектебі» романының 4-кітабын жазуға материалдар даярлап жүрмін» – деп Сәбең әңгімесін аяқтады» [5, Б.261-262].
Тәуелсіздік деген тәтті ұғымның алғашқы эйфориясы бәсеңсіп, айналамызға сабырмен қарай алатын кезең туғанымен, Кеңес дәуірінде өмірге келген әдебиетті сынайтын ревизиялық сыңайдағы жоққа шығару үрдісі әлі де жалғасуда. Ондай жекелеген сыңаржақ пікірлердің бәрін талдап жату мүмкін емес және қажеті де жоқ. Тек қана осы диссертациялық еңбектің зерттеу нысандарына қатысты ойларға назар аударған қисынды болмақ.
Тағдыры ауыр болған «Өмір мектебі» бұл мемуарлық эпопея жайлы жаңсақ пікір айтушылар әлі де кездесіп қалады. Сондай кері тартып, жоққа шығаруға тырысқан мақалалардың бірі республикалық «Жас қазақ» газетініне 2007 жылдың 10 тамызы күнгі санында жарияланды. «Қадылбековтер әулетінің қасіреті» деп аталатын бұл мақалада (авторы – М.Әбсаттар) өткен ғасырдың отызыншы жылдары жазықсыз репрессияға ұшырап кеткен ағайынды Мірғали және Нұрғали Қадылбековтардың аянышты тағдырлары туралы әңгімеленеді.
«Аталарының қыр соңына түсіп алған екі қазақтың кім екенін сұрағанымызда, Рузима әже: - Өзімізбен бір ауылда тұрған адамдар, Сәбит Мұқановтың жандайшаптары. Сенбесеңіз, «Өмір мектебін» ашып қараңызшы, Сәбит кімнің кім екенін Сталинге тізіп жазып, соларды жазалауды сұраған... Сәбиттің олай еткен себебі, Нұрғалиды құртудың бір ғана жолы оны байдың тұқымы етіп шығару болды» [6].
Рузима әжейдің бұл деректі кітаптың қай жерінен тауып отырғаны түсініксіз. Өйткені нақ осы кезең оқиғалары «Өмір мектебінің» үшінші кітабы «Есею жылдарында» баяндалады. Онда Сәбиттің Сталиннің қабылдауында болып, өзінің кітабын шығаруға көмек сұрағаны айтылған. Екеуара халық жауларына қатысты немесе жазалау жөнінде басқадай тосын әңгімелер қозғалмаған. Ал жазушының Сталинге хат жазуы отызыншы жылдарда Қазақстанда орын алған алапат аштыққа байланысты. Онда да базбіреулерді жазалау жайлы ештеңе делінбеген. Демек, әжейдің «...сенбесеңіз, «Өмір мектебін» ашып қараңызшы” деуі қандай негізге сүйеніп айтылды екен деген сұрақ өзінен өзі туындайды.
Ал осындай қарсы пікірлердің барына қарамастан, бүгінгі таңда С.Мұқанов шығармашылығына деген қызығушылық бәсеңсіп қалды деу асығыстық болар еді. Оған дәлел – кәсіпқой әдебиетшілердің, қалың оқырман мен білім, мәдениет саласындағы түрлі мамандардың пікірлері.
Т.Кәкішев: «Қай ақын-жазушыны, әсіресе Сәбит Мұқановты советтік шындықтан, өзі жасаған қоғамнан бөліп алуға болмайды» [7, 303-б.] деп пайымдайды. Өзі шығармашылық еңбек еткен замананың саясатымен өзара байланыста қараған жағдайда С.Мұқановтың жекелеген позициясын түсінуге жетелейтін пікір.
М.Шындалиева мемуарлық очерктердің мазмұнына қатысты былай деп пікір тиянақтатады: «Мемуарлық очерктер жазу үшін автордың өмірлік тәжірибесі мол, сөз етуге тұрарлық оқиға, құбылыстарды дұрыс таңдап қана қоймай, үлгі-өнеге боларлық тұстарды саралау шеберлігі де болуы шарт» [8, 161-б.]. Мемуарлық романдардың жекелеген бөліктері мемуарлық очерктерден тұратындығын ескерсек, ғалымның айтқан бұл пікірі мемуарлық романдар үшін де маңызды болып табылатыны сөзсіз.
«Мен және менің замандастарым» мемуарлық романының авторы Ә.Нұршайықов өзінің шығармашылық өмірінің жарқын жақтарынан гөрі көлеңкелі тұстарын, ағалары мен әріптестерінен көрген қорлықтары мен қиянаттарын басымырақ суреттеп кеткен. Және осы бағытта айтылатын әңгімелердің оқылуы қызық, автор тарапынан жасалатын тұжырымдар да субьективизм нышандары байқалғанымен, оқырманға ой салып, пікір түйетіндей деңгейде.
Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасының» бас кейіпкері Барсхан – кітаптың соңына қарай он төртке жаңа толған жеткіншек қана. Соған қарамастан, оның моральдық қырының жекелеген сипаттары жақсы ашылған. Жалпы бұл мемуарлық романдар ішінде тек бірыңғай кейіпкердің балалық өмірімен ғана шектелген бірден бір шығарма.
Ал М.Х.Дулати, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин өмірлері қоғамдық өзгерістер мен тарихи қатаклизмдерге сәйкес келді де, аталған қаламгерлер аласапыран оқиғалардың ортасында жүрді. Ол оқиғалар белгілі бір дәрежеде аталған мемуарлық романдарында көрініс тапты. Осыған ұқсас шығармашылық сипат ішінара Қ.Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» мемуарлық романына да тән. Қытай мемлекетіндегі мыңдаған қазақтарды тарихи отанына қайтару үшін жанталасып жүрген уақыттағы бас кейіпкердің белсенділігі мен азаматтық позициясы айқын. Ал елге оралғасын мемуар авторы қатардағы шығармашылық иесі ғана.
2. Кез келген ұлт жазушысы – ең алдымен өз ұлтының үні, оның даму тарихындағы ең маңызды деген мәселелерді оқырман қауымға көркемдік кестесімен өрнектей отырып жеткізетін рухани рупоры. Бұл тарихи-қоғамдық мәселе қазақ мемуарлық романдарында әр түрлі деңгейде көрініс тауып отырған. Егер отаншыл рух, ұлттық көзқарас болмаса, ондай шығарманың әлеуметтік салмағы да азаяр еді.
Тарихи шындықты біршама дәл көрсете алғандығы, туған халқына деген ыстық патриоттық сезімі, ұлт тәуелсіздігін қатысты ұстанымдары айқын болғандықтан да, С.Сейфуллиннің мемуарлық романын коммунистік идеологияға байланыстырмай, одан тыс қарастырудың мәні зор. Шығарманың өн бойында әңгіме болып отырған кезеңнің осы бағыттағы бірсыпыра шындықтары ашылып көрсетілген. Соның бірі – қазақ халқының отарлық қанауда, ұлттық езгіде болып келуін айғақтайтын фактілер. Автордың отаршылдық сананы әшкерелеп, қазақ халқының ұлттық тұрғыдан көрген зорлық-зомбылықтарын дәлелдеп отыратын тұстары баршылық. Осындай ерекшеліктерін саралай келіп, «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарын ұлт патриоттық тұрғыдан жазылған, ұлт тәуелсіздігін көтерген туынды деп пайымдауға толық негіз бар.
«Орыс пен қазақ арасы жаман» [9, 38-б.], «Астыртын жауласу, әсіресе алыс жердегі, көп жерлерде шеткі орыс поселкелері мен қазақ арасында жаман көрінеді» [9, 38-б.], «Мұжықтар маған ала көздерімен қарап қойып, боқтап жатыр» [9, 44б.], «Мұжықтар кәрленіп, қолдарына түкіріп алған көрінді. Қазақпен әбден жауласып алыпты. Қазақ пен орыс ептеп бір-бірінің шетке шыққандарын өлтіре бастаған» [9, 46-б.] деген ақпараттық деңгейдегі хабарлы сөйлемдерден екі ұлт арасындағы қарым-қатынастың қандай болғандығы түсініктемесіз-ақ анық аңғарылып тұр.
Ұлттық тәуелсіздік мәселесіне қатысты эпизодтар мен штрихтар мемуарлық романның әр жерінен-ақ ұшырасып отырады. Қазан төңкерісінен кейін Совет өкіметін құруға қатысып жүріп, алдымен бірыңғай қазақтардан тұратын комитет құрғандары жөнінде де ақпарат бар. Ондағы ойлары ұлт большевиктері азаттықты ең алдымен қазақтарға алып бермек болған екен.
С.Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлық трилогиясында отаршылдардың нақ осындай асқынған қатігездігі көрінбейді. Үш кітаптың өнбойында да қазақтың ескі өмірінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының жекелеген қырларын, қазақ патриархалдық қоғамының жалпы әлеуметтік ұстанымын, ұлт зиялыларының бет-бағдарын сынау, керісінше, орыс мемлекетінің отаршылдық сипаттағы қимыл-әрекеттерін, қазақ қоғамына тән емес, сырттан таңылған жаңашыл қоғамдық психологияны, тосын моральдық көріністерді мақұлдау нышаны айқын.
Айталық, бірінші кітаптың «Жоғалған құлақшын» атты тарауында орыс арасынан келген Ыбыш деген жігіттің орысша киген құлақшынын құртып жіберуге байланысты оқиғаның астарында отаршылдыққа деген қарсылықтың лебі айқын көрініп тұр.
Құлақшынның төбесіндегі айқасқан сызықтар қазақи кісілердің ұғымынша – крестің суреті. Қазіреттің пәтуәсі бойынша: «бұл – білдірмей бастан шоқындырудың әдісі» [10, 88-б.]. Ауыл адамдарының оның Ыбыш ұйықтап жатқанда құлақшынын ұрлап алып, 15 шақырым жердегі Ағатай қазіретке астыртын жөнелтіп жіберуі бір жағы күлкілі де.
«Нұртаза бұл сөзге нанады да, құлақшынды пешке тығып, күйдіріп жібереді» [10, 88-б.]. Ал осындай бір жағы ұсақ, бір жағы күлкілі әрекеттің астарында халықтың азаттығы мен дініне қауіп төндірген орыс отаршылдығына қарсы саналы әрекет жатқаны сөзсіз.
Ұлттық рухтың жекелеген нышан, штрихтары Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» мемуарлық романынан да шаң беріп қалады. Қазақ халқының кеңдігі, дархандығы және сондай кеңпейілділіктен өзінің таяқ та жеп қалатындығы да көрініс тауып жатады. Бұл арада Мұстапа қажының сөзінен тағы бір үзінді келтіре кеткен орынды болар еді: «Келген орыс, ноғай, өзбектер тіпті байып кетті ғой. Бұл жеріміздің ғана байлығы емес, пейіліміздің де кеңдігі» [11, Б.87-88] дейді ол бұл мәселеге қысқаша қорытынды жасап. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жеріне әр тараптан келіп, сіңіскен келімектер қарамы жыл өткен сайын молая бергеніне, бұл құюылыстың тіпті бүгінгі таңда да елеулі әлеуметтік проблемаға айналып отырғанына тарихи деректер куә.
Қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімі, әлеуметтік-тұрмыстық және рухани мәдениеті көрінетін тұстар тағылымды қырларымен бағалы. Суреттеліп отырған уақыт кеңістігі де, қазақ қоғамының түсінік, қалыбы да шамалас, ұқсас болғандықтан, осы кезеңдегі оқиғаларды қамтитын мемуарлық шығармалардағы психологиялық-моральдық параллелизмдердің кездесетіндігіне таң қалуға болмайды. Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» мемуарлық романында Мұстапа қажы өзінің ұлы Сарыбаланы ертіп, орыс тамыры Шодырдың үйіне қонаққа барады. Бірақ дастархан басына келгенде бойы сескеніп, жайылған дәмге күдіктене қарайды. Өйтіп тосылып қалуының себебі – тамаққа шошқа етінен бірдеме қосылып кетпеді ме деген қауіптің әсері.
Нақ осыған ұқсас ситуация Б.Момышұлының «Ұшқан ұясында» да бар. Момыш отағасы баласы Бауыржанды ертіп, тамыры Гончаровтардың үйіне қонаққа келеді. Онда да Момыш қойылған астан ауыз тимей, сескеніп отырады.
«Көз көргендігі» Шодыр да, «Ұшқан ұядағы» Кузьма Гончаров та қазақтардың шошқа етін жемейтіндіктерін жақсы білгендіктен, тамырларына дастарқан жайған кезде сол жағын қатты ескерген.
Ел ішінде етінің тірілігімен аты шыққан Тұрлыбай баласын орыс мектебіне оқуға апара жатады (Ғ.Мұстафин, «Көз көрген»). Сол-ақ екен, жолда кездескен адамдар баласын орысқа шоқындырғалы апара жатыр деген әңгіме шығарады. «Ұшқан ұядағы» Бауыржанның орысша оқуға бармақ ниеті де нақ осындай келеңсіз жағдайға тап болады.
Осы келтірілген мысалдардың бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсас екендігі көрініп тұр. «Оның себебі не?» деген сұрақтың туындауы да табиғи. Екі жазушы да тек өздерінің көргендерін жазған. «Көз көргендегі» аталған оқиғалар жиырмасыншы ғасырдың басында орталық Қазақстанда, Сарыарқа өңірінде өтсе, «Ұшқан ұяда» жиырмасыншы жылдары оңтүстік Қазақстанда, қырғыз елімен жапсарлас өңірде орын алады. Аралары да қашық, рулары, тіпті жүздері де бөлек. Бірақ соған қарамастан қазақтардың таным-түсінігі мен әдет-ғұрпы екі жақта да тұп-тура бірдей. Бұл мысалдардан мемуарлық романдардың қазақ халқының рухани әлемін танытуда елеулі рөл атқаратынын көрсетеді.
Аса күшті болмағанымен, Ш.Мұртазаның романында өз ұлтыңды сүю керектігі, патриоттық сезім күйі жап-жақсы ашылатын тұстар да бар. Өзге жұрт өкілдерінің бәріне өзімсіне қарайтын қазақ байғұстың жерлеріне келіп қоныстанып алған өзге өкілдерінен қиянат көруі бір-екі эпизодпен ғана берілген.
Патриоттық ұстанымы мейілінше айқын болып келетін М.Мағауинның «Мен» атты мемуарлық романында туған ұлтты бағалап, сүйе білу мәселесі екі түрлі арнада көрініс тапқан. Оның біріншісі – ұлттық рухани мұралардың баға жетпес құндылығын дәлелдеу болса, екіншісі – қазақ халқының басқыншы жұрттан көрген зорлық-зомбылығын жалғанның жалпағына шығару, яғни, нақты мысалдармен оқырманға жеткізу.
Сонымен, қазақ мемуарлық романдары белгілі бір дәрежеде оқырманды отаншылдық-патриоттық рухты оятуға, туған халқыңды сүйе білуге, туған жерді қорғауға, ұлттық тәуелсіздік мәселесін ұмытпауға, сонымен бірге басқа жұрттар тарапынан болатын ұлттық езгіге төзімсіздікпен қарауға баулиды. Осы уақытқа дейін езілуші ұлт болып келген қазақ халқынан шыққан қаламгерлердің ортақ көркемдік тұжырымдамасы осыған саяды.
Кеңес өкіметінің дұшпандарын сынау үрдісін ұстана отырып, С.Сейфуллиннің көбінесе ұлт-азаттық қозғалыстың сырт-сипатын, жекелеген себептерін ашып көрсететін деректерге жүгінгенін жоққа шығаруға болмайды. Оған дәлел – шығарманың көптеген беттерінде келтірілетін түрлі құжаттар, дәйекті деректемелер. Жазушы болашақ ұрпақ ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін өздері саралап білсін, түсін деген оймен әдейі келтіріп отыруы да ғажап емес. Мысалы, «Тар жол, тайғақ кешуде» Ә.Бөкейханұлы Семейге келгенде оның алдынан шығып құрметпен сөйлеушілердің тізімі берілген. Олардың ішінде С. Торайғырұлы мен Аймауытұлының есімдері бар. Сұлтанмахмұттың Ә.Бөкейханұлын құрметтеп сөйлеуі – басқа тарихи деректерде ұшыраса қоймайтын, оқырман жұртшылықты елеңдете алатын қызықты факт.
3. Мемуарлық романдардағы тарихи тұлғалардың бейнелердің сомдалуы көркемдіктің өзі алдына елеулі мәселесі. Тіпті С.Сейфуллиннің бір ғана «Тар жол, тайғақ кешуінің» мысалында айтылатын тұлғалар бейнесі арқылы арқылы тарихи шындыққа көз жеткізудің мүмкіндіктері аз емес. Филология ғылымдарының докторы Б.Майтановтың: «Сәкен Сейфуллин азап тұтқынында болған ержүрек большевик-революционерлер бейнесін түрме, айдау секілді қиын сапарлар үстіндегі ерекше төзім, қайтпас қайрат-жігер көрсететін ауыр жағдайларда суреттейді. Осы ыңғайда әділеттілік пен бостандық ұлдарының құрыштай берік нанымын, өршіл, асқақ сезімін сипаттауда топтық портреттер адам бойындағы рухани күш-қуат пен бет-кейіптің өзгерістері сайма-са келе бермейтін шақтарды аңғартуға орамды тәсіл болған» (12, Б.12-13) деген пікірінде осы мәселеге қатысты ойды жинақтап жеткізу үлгісі байқалады.
Кеңес дәуіріндегі мемуарлық шығармалардың ішінен әдебиеттанушы ғалымдар Ф.Гладковтың өмірбаяндық повестерін, солардың ішінде әсіресе «Балалық шақ туралы повесті» бөліп атап, ерекше мақтайды. Бірақ бұл шығарма негізінен баяндаудан тұратынын ескергенде, оған қарағанда сөз болатын дәуірі шамалас С.Мұқановтың «Өмір мектебінің» бірінші кітабындағы оқиғалардың әлдеқайда көркем кестеленгенін, жалаң насихаттан гөрі түпкі идеяны оқиғалар арқылы жеткізілетінін, соның әсерінен қызықты оқылатынын айта кеткен жөн. Шындығына келгенде, «Өмір мектебі» Ф.Гладковтың «Балалық шақ туралы әңгіме» повесіне қарағанда қай жағынан болсын әлдеқайда маңызды әрі көркем.
Мазмұнындағы баяндау үрдісі, жекелеген бейнелердің сомдалу тәсілі, автордың әңгімешілдік таланты, түрлі тартыстар мен мінез-құлықтарды ашып көрсетуге деген ұмтылысы, нақтылықпен қабаттаса жүрген бейнелілік нышандары – кейбір мемуарлық романдардың көркемдік канонының басым екендігін айғақтайтын көркемдік факторлар. Мәселен, С.Мұқановтың «Өмір мектебіндегі» автор ретіндегі басты ұстанымдарының бірі – тарихи тұлғалардың бейнелерін айқын да көркем суреттей білуінде жатыр. Олардың ішкі әлемі, мінез-құлқы мен психологиясының суреттелуінде эстетикалық бояулар айқын. Яғни, автор таза деректілік шеңберінен шығып, көркем мемуардың болмысын ашатын арнаға қарай ішінара батыл түрде ойысатыны көрінеді.
С.Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлық романы үш кітаптан тұратын болса, Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романы көлемі орташа, жалғыз-ақ кітап. Осындай айырмашылығына қарап, алғашқысымен салыстырғанда екінші жазушының өмірлік фактілері, өз куә болған деректері сұйықтау, аздау екен деп болжам жасауға болмайды. Рас, Ғ.Мұстафин өзінің аталған кітабының аяқ жағына «Бірінші кітаптың соңы» деп нақтылаған. Осынау шығармасының жазылу барысы жөнінде жазушының өзі: «Сапарым сәтті шықса, «Көз көрген» үш кітап болады. Бірінші кітап 1925 жылға жетіп тоқталады. Екінші кітап – Ұлы Отан соғысына дейінгі, үшінші кітап одан кейінгі уақыттарды қамтиды. Романдарда материалдарды еркін пайдаланғам. Ал мынада ерік фактіге бағынды, қисайтсаң, қиянат. Кітаптағы қиянат – қиянат атаулының ең ауыры. Сондықтан, шындықты, тек шындықты жаздым» [13, 44-б.] дейді.
Бірақ осы арада «Көз көрген» романында белгілі әдебиетші, қоғам қайраткері Орынбек Бековтің бейнесінің бұрмалануына қатысты айтылған ой-пікірлерді аттап өтуге болмайды. Ғ.Мұстафинның суреттеуінше, бұл кейіпкер әпербақан, зорлықшыл, кембағал кедей жандарға да жаны ашымайтын қатыбас адам.
Өз мемуарлық романдарында С.Сейфуллин де, С.Мұқанов та бұл аталған кісінің әлеуметтік тұрғыдан белсенді жан екендігін, жаңа өкіметті орнатуға қайраткерлікпен кіріскенін атап өтеді.
М.Дүйсенов «Жылдар мен сырлар» [14, Б.185-186] атты күнделіктерден тұратын естелік кітабында бір топ қарағандылық зейнеткерлердің осы мәселеге орай наразы болып жазған хатын келтіреді және О.Бековтің бейнесінің жағымсыз болып көрінуі автор екеуінің жеке қатынастарындағы субьективтік себептерге байланысты болған деп көрсетеді. Ендеше Ғ.Мұстафинның «...тек шындықты жаздым» деуіне күдікпен қарауға тура келеді.
Осы еңбекте зерттеу нысанына айналып отырған С.Көбеевтің, Х.Әдібаевтың, Қ.Жұмаділовтың мемуарлық романдарымен С.Қирабаевтың, әдеби мемуарында ұшырасатын жекелеген ірілі-уақты тарихи деректер қазақ тарихшыларының көңіл бөлуіне олқы соға қоймас еді. Қалам жұмысымен айналысқысы келетін талапкерлер үшін пайдалы кеңестері де едәуір.
«Қазақ әдебиеті тарихы» академиялық басылымының 9-томында айтылған: «Халық басынан кешкен тарихты бейнелеп берудің әдіс-тәсілдері мол. Соның ең өнімдісі, мүмкіндігі мол жолы мемуарлық туындылардан танылады» [5, 167-б.] деген тұжырым мемуарлық романдардағы дәуір келбетінің көрінуіне қатысты келтірілген ойлармен үндес. Егерде жазушы өз туындысында тарихи кезеңдерге қатысты кесек оқиғалар мен жекелеген тұлғалардың бейнелерін жоғары көркемдік деңгейде бейнелеп шықса, ондай мемуарлық романды тарихи романның да жүгін арқалай алары сөзсіз.
Жазушы мемуарлық роман жазуға бел буа отырып, замана шындығының аясында ұлт тағдырына қатысты өзекті мәселені айтуға да тәуекел етуі тиіс. Бұндай талаптар Кеңес дәуірінде қабырғасынан қойылып көрмегенін ескерсек, бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде ұлт пен тіл тағдыры күлбілтелемей ашып айтыла бастағаны байқалады. Осы екініші бөлімде мемуарлық романдардың замана шындығын қалай жеткізе алғандығы жан-жақты талқылана келіп, белгілі бір тұжырымдар жасалды. Қазақ жазушыларының бұл жанрда жазылған шығармаларында ұлттық-патриоттық рух мейлінше айқын болып келетіндігі де бөлімдегі талдаулар арқылы дәлелденді деп санауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |