Сонымен қатар Кеңес Одағы əр түрлі дипломатиялық қадамдар жасап, 1932 ж. Франциямен, ал 1933 ж. Италиямен шабуыл жасаспау туралы шарттарға қол қойды. 1932 ж. Халықаралық конференцияда КСРО жаппай жəне толық қарусыздандыру туралы ұсыныстар жасады. Əрине, бұл ұсыныстар Кеңес мемлекетінің халықаралық аренада бейбітшіл держава ретінде көрсету үшін қолданған саяси насихатқа ұқсады. Өйткені осы кезде кеңестік экономикада милитаризациялау кең түрде жүргізіліп жатқан еді.
Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс ірі державалардағы саяси жағдайға өзгерістер енгізді. Англия мен Францияда билікті демократиялық күштер сақтап қалса, Италияда 1922 ж., ал Германияда 1933 ж. билікке фашистік партия келді. Енді Еуропада Италия, Германия, ал Азияда Жапония сияқты гегемонистік саясат жүргізетін державалар соғыс қауіпін төндіретін халықаралық күштерге айналды.
Осындай қиын жағдайда кеңестік дипломатия бірқатар сəтті шараларды іске асырды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы 1933 ж. Америка Құрама Штаттарымен дипломатиялық жəне экономикалық қатынастар туралы шартқа қол қою еді. Сөйтіп, 16 жылдан кейін осы кезде билікте болған Ф.Рузвельт үкіметі КСРО-ны тануға мəжбүр болды [1].
Осы жылы Кеңес Одағы халықаралық конференцияда агрессорды анықтау туралы декларация ұсынды. Бірақ ол қабылданбауына байланысты КСРО агрессорды анықтау конвенциясына Польша, Румыния, Түркия, Иран, Ауғанстан, Эстония, Латвия, Литва сияқты мемлекеттермен қол қойды. 1934 ж. қыркүйек айында Кеңес Одағы 30 мемлекеттің ұсынысы бойынша Ұлттар Лигасына қабылданып, оның Кеңесінің тұрақты мүшесі болып сайланды [2]. Аз уақыттан кейін 1935 ж. Еуропадағы агрессияға қарсы бағытталған өте маңызды Кеңес-француз жəне Кеңес-чех өзара көмектесу туралы шарттарға қол қойылды.
1936 ж. Испаниядағы сайлауда Халықтық майданы жеңіп, өзінің үкіметін құрды. Бірақ бұларға қарсы бүлік басталып, оны генерал Ф.Франко басқарды. Осы кезден бастап Испаниядағы оқиғалар «коммунистік революцияға» апаруы мүмкін деген Германия мен Италия бүлікшілерге ашық материалдық жəне əскери көмек көрсете бастады. Ал АҚШ, Англия жəне Франция бейтараптылықты ұстанатыны туралы мəлімдеме жасады. Осындай жағдайда Испанияда коммунистерді билікке əкелуді үміттенген КСРО Халықтық майдан үкіметіне көмекке келді. 1936–1938 жж. Кеңес үкіметі Испанияға 648 ұшақ, 347 танк, 120 бронеавтомобиль, 1118 зеңбіректер, 20 мың пулемет, 500 мың винтовка жіберді. Сонымен қатар Испаниядағы азамат соғысына КСРО-дан 584 əскери кеңесшілер, мыңдаған «еріктілер» қатысты [3]. Бірақ Испаниядағы оқиғалар 1939 ж. франкистердің жеңісімен аяқталды.
30 жж. орта кезінде халықаралық жағдай шиеленісе түсті. Оған Еуропадағы Германия пен Италияның, Азиядағы Жапонияның экспансиялық саясаты ерекше əсер етті. Германия 1933 ж. Ұлттар Лигасынан шығып, алдағы уақытта халықаралық шарттармен есептеспей, өзінің потенциалын күшейтетіні туралы ашық айта бастады. Гитлер жəне оның үкіметі геосаясат негізінде неміс халқының Еуропа ортасында сыймай тұншығып отырғанын сөз қылып, Германияның территориясын кеңейту керектігін дəлелдеуге тырысты. 1936 ж. наурызында герман əскерлері бір кездегі Версаль жəне Локарно шарттары бойынша демилитаризация жүргізілген Рейн аймағына кіргізілді. Осындай саясатты сынағанның орнына ағылшын үкіметінің өкілі лорд Галифакс Гитлерге оның «өз елінде коммунизмді жойып, оның Батыс Еуропаға жолын бөгегенін, сондықтан Германия заңды түрде Батыстың большевиктерге қарсы бастионы ретінде есептеледі» деп қолдау көрсетуі Англияның екіжүзді саясатын анық дəлелдейді [4].
1935–1936 жж. Италия Эфиопия мемлекетін басып алып, өзінің агрессиялық пиғылын ашық көрсете бастады. Бұдан бұрын 1931 ж. Жапония Қытайдың солтүстік-шығыс аймақтарын басып алып, 1937 ж. осы мемлекетке қарсы соғыс қимылдарын бастады. Дəл осы кезде Рим-Берлин-Токио билеушілері ұйымдастырған «Антикоминтерн пакті» қалыптасып, оның басты мақсаты Кеңес Одағына қарсы күрес жүргізу деп белгіленді [5]. Бұл кезде Австрияда «Бір тіл, бір империя, бір фюрер» деген ұрандармен Зейсс-Инкварт басқарған фашистік ұйымдар бұл мемлекеттің Германияға қосылуын қолдайды. Осы жағдайды пайдаланып, неміс армиясы 1938 ж. наурызда Австрияны толық басып алды. Осыдан кейін Германия Чехословакиядағы немістер тұратын Судет аймағы проблемасын көтерді. Ақырында Германияны тыныштандыру үшін Англия мен Франция басшылары Н.Чемберлен мен Э.Даладье 1938 ж. 30 қыркүйегінде А.Гитлер жəне Б.Муссолинимен Мюнхенде кездесіп, Судет аймағын Германияға беру туралы келісімге келді. Кеңес Одағының əскери көмек көрсету туралы ұсынысын Чехословакия президенті Э.Бенеш қабылдамады. Соңында 1939 ж. наурыз айында Германия Чехословакияны толық басып алды. Сөйтіп, Германия өзінің агрессиялық қадамдарының арқасында Австрия мен Чехословакияны қосып алып, əскери-экономикалық əлеуетін əлдеқайда күшейтті [6].
Осы кезеңде Қиыр Шығыста Жапония Қытайдың бірқатар жерін басып алып, КСРО-ның шекарасын Хасан көлінің қасында бұзып өтпекші болды. Бірақ 1938 ж. шілдесінде Қызыл Армия жапон əскерлеріне соққы беріп, оларды шекарадан ығыстырып тастады. 1939 ж. жазында Жапония өз қарулы күштерін Монғол Халық Рспубликасына кіргізді. Шарт бойынша бұл мемлекетке көмекке келген КСРО-ң əскерлері Халкин-Гол өзенінің бойында монғол бөлімшелерімен бірігіп, жапон басқыншыларын жеңіліске ұшыратты.
1937–1938 жж. Германиямен бірнеше рет келіссөздер жүргізген Англия мен Франция өздерінің қауіпсіздігін сақтап қалу үшін «Антикоминтерн пактіндегі» Германия жəне Жапонияның агрессиясын Кеңес Одағына қарсы бағыттау саясатын жүргізді. Мұндай жағдайда КСРО-ға қарсы империалистік державалардан құрылған блок пайда болуы мүмкін еді.
Дегенмен осы кезеңдегі Кеңес Одағының да сыртқы саясаты өзінің екіжүзділігімен айқындалды. Өйткені дипломатиялық келіссөздер ашық жəне жасырын түрлерін де Англия, Франция, Германия жəне Жапониямен жүргізіліп жатты. Олардың мақсаты капиталистік державалардың арасындағы қайшылықтарды ұтымды пайдалану еді. 1939 ж. 11 сəуірінде Гитлер «Қарулы күштердің 1939–1940 жылдардағы соғысқа дайындығы» туралы Директиваны бекітті. Осы құжат бойынша герман əскерлері Англия, Францияға қарсы соғысқа, кейін «Шығыс жорығына» бағытталды [7].
Осындай жағдайда Англия, Франция жəне Кеңес Одағы бір-бірімен жақындасу саясатын жүргізуге мəжбүр болды. 1939 ж. 17 сəуірінде Кеңес үкіметі Англия жəне Францияға өзара көмектесу, сонымен қатар Балтық жəне Қара теңіздер арасындағы мемлекеттерге кепілдік беру туралы шартты қабылдауды ұсынады. Дəл осы күні Берлиндегі кеңес елшісі КСРО-ның Германиямен «өте жақсы» қатынастарды дамытуға дайын екенін хабарлайды.
1939 ж. көктемінде КСРО, Англия жəне Франция арасында басталған келіссөздер созыла түсті де, нақты нəтижелер бермеді. Өйткені қатысушы-державалар өздерінің позицияларынан қайтпады жəне бір-біріне сенімсіздікпен қарады. Көктемгі келіссөздер сəтсіз аяқталды. Бірақ тамыз айында қайтадан басталды да, оған КСРО, Англия мен Францияның əскери миссиялары қатысты. Мұндағы басты мəселе Еуропадағы агрессияға қарсы қадамдарда Қызыл Армияның Польша территориясынан өтуі болды. Бірақ поляктар бұған қарсы болды. Мəскеу келіссөздері сылбыр, нəтижесіз жүріп жатқан кезде оған қатысушылар өздеріне ыңғайлы жол іздей бастады.
Шынында да Мəскеу келіссөздері жүріп жатқан кезде осыдан бұрын Кеңес үкіметімен жасырын бірқатар мəселелерді шешкен Германияның сыртқы істер министрі И.Риббентроп Мəскеуге келді. Дəл осы күні Кеңес үкіметі Англия жəне Франция делегацияларымен келіссөздерді доғарып, Германиямен шабуыл жасаспау туралы 10 жылдық пактіге қол қойды [8]. Дүние жүзін таңқалдырған бұл шарттың «құпия хаттамасы» болған. Ол бойынша Эстония, Латвия, Литва, Финляндия, Бессарабия жəне Польшаның шығыс аймақтары Кеңес Одағының ықпалына көшетін болды. Сөйтіп осы шарт негізінде КСРО мен Германия Шығыс жəне Батыс Еуропаны өздерінің экспансиялық пиғылдарына қарай бөліске салған. 1939 ж. 23 тамызындағы кеңес-герман пакті сол күні күшіне енді. Осыған байланысты Мəскеудегі кеңес-ағылшын-француз келіссөздері мағынасын жоғалтып, нəтижесіз аяқталды. Осындай КСРО-ның екіжүзділік саясатына байланысты Еуропадағы коллективтік қауіпсіздік жүйесін құру үшін жүргізілген жұмыстар сəтсіздікке ұшырады.
Кеңес-герман шартынан кейін 1939 ж. 1 қыркүйекте Германия Польшаға шабуыл жасауына байланысты Польшамен өзара көмектесу жөнінде шарты бар Англия мен Франция Германияға қарсы соғыс жариялады. Бұл оқиғалар Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы еді [9]. Əрине, оның басталуы кеңес-герман шартының құпия хаттамаларындағы келісімдерімен тікелей байланысты болғаны қазіргі уақытта толық дəлелденді.
Англия мен Франциядан нақты көмек алмаған поляк армиясы, қанша ерлік көрсетсе де, шегінуге мəжбүр болып, Польшаның бірқатар жерін немістер басып алды. Дəл осы уақытта «бауырлас украин жəне белорус халықтарына көмек көрсету керек» деген сылтаумен 17 қыркүйекте Қызыл Армия Польша жеріне кіріп, Батыс Украина жəне Батыс Белоруссияны басып алды [10]. Кеңес əскерлеріне қарсылық көрсетпей, өз еркімен берілген поляк армиясының 450 мың адамының көпшілігі концлагерлерге қамалды. Олардың ішінен іріктеліп алынған 21 мың офицерлер 1940 ж. арнайы шешіммен атып өлтірілді [11].
Осылай Польшаны екіге бөліп басып алған КСРО мен Германия 1939 ж. 28 қыркүйегінде «Достық жəне шекара туралы шартқа» қол қойды. Ол бойынша Батыс Украина мен Батыс Белоруссия Кеңес Одағының құрамына кіретін болды. Енді құпия хаттаманың ерекшеліктеріне сəйкес Кеңес Одағы Балтық жағалауындағы мемлекеттерге саяси қысым көрсете бастады. Нəтижесінде КСРО Эстония, Латвия жəне Литваны өзара көмектесу туралы шарттарға қол қоюға мəжбүр етуіне байланысты, бұл мемлекеттердің территориясына Қызыл Армия енгізілді. Енді онымен еріп келген кеңес агентурасының адамдарымен бірге жергілікті коммунистер ерекше белсенділік көрсете бастады [12].
1939 ж. жазы мен күзінде кеңестік ақпарат құралдары Финляндия жағынан КСРО-ға қауіп төніп келе жатыр деген хабарды көп бере бастады. Ал өнеркəсіп орындарында мекемелерде «Финляндияны жазалау керек» деген ұрандармен көптеген митингтер өткізілді. Бұл шаралар Финляндияға қарсы агрессия ұйымдастырудың саяси-идеологиялық негіздері еді. Мақсаттары осы мемлекетті талқандап, онда билікке коммунистерді əкелу еді.
1939 ж. 31 қазанында КСРО басшылары Финляндия үкіметіне шекараны фин жағына 70–80 км жылжыту жəне шекараны демилитаризациялау туралы қатал талап қойды. Əрине, бұл талаптарды Финляндия үкіметі орындамады. Осыдан кейін «финдер жағынан шекарада арандатушылық болды» деген сылтаумен Кеңес үкіметі 30 қарашада Финляндияға қарсы соғыс ашты. Ертеңіне кеңестік газеттер «Финляндияда еңбекшілердің көтерілісі басталып, О.Куусинен басқарған халық үкіметі құрылды» деген жалған материалдарды басып шығарды.
Батыста КСРО-ның бұл соғысты бастағаны ерекше наразылық туғызды. 1939 ж. 14 желтоқсанында көрші мемлекетке агрессия жасағаны үшін Ұлттар Лигасы Кеңес Одағын өзінің қатарынан шығарды. Кеңес-фин соғысының басында Қызыл Армия финдердің шекарада салған «Маннергейм бекініс линиясын» ала алмай көптеген шығынға ұшырады. 1940 ж. 12 ақпанында басталған кеңес əскерлерінің екінші шабуылы кезінде ғана аталған бекініс линиясы алынды. Бірақ Батыстағы наразылықты жəне фин үкіметінің ұсыныстарын есептеп, Кеңес үкіметі 1940 жылдың 12 наурызында Финляндиямен бейбітшілік шартына қол қойды. Ол бойынша Карелияның бір бөлігі жəне бірнеше аралдар КСРО жағына берілді. Дегенмен 105 күнге созылған соғыста Қызыл Армияның қабілетінің төмендігі байқалды. Оның жалпы адам шығыны орасан зор болып 333 мыңға жетті. Оның ішінде 65 мыңы қаза тауып, 20 мыңы тұтқынға түсіп, 200 мыңнан астамы жараланды [13]. Əрине, бұл соғыста Кеңес Одағы өзін нағыз агрессияшыл мемлекет ретінде көрсетті. Шартқа қол қойылса да, Финляндия КСРО-ға сенбеушілікпен қарады. Сондықтан финдердің 1941 ж. Германияны жақтап шығуы ешкімді таң қалдырмады.
Бұл кезде Балтық жағалауындағы мемлекеттердегі саяси жағдай күрделене түсті. Өйткені КСРО басшылары бұл территорияда «революциялық ахуал қалыптасты» деген желеумен жергілікті коммунистерді қолдап, оларды заңды үкіметтерге қарсы айдап салды. Ең соңында 1940 ж. маусым айында Қызыл Армияға сүйенген жергілікті коммунистік партиялар Эстония, Латвия жəне Литвадағы заңды үкіметтерді құлатып, өздерінің «халық үкіметтерін» құрды. Коммунистер жəне кеңес агенттері ұйымдастырған сайлауда Литва мен Латвияның Сеймдері жəне Эстонияның Мемлекеттік думасы сайланып, олар осында Кеңес үкіметін жариялап, КСРО құрамына кіру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, КСРО осы мемлекеттерді 1940 ж. тамыз айында одақтас республикалар ретінде өзіне қосып алды.
Осыдан кейін Кеңес Одағының шекарасы тағы өзгертілді. 1940 ж. маусым айында КСРО үкіметі Румынияға Бессарабия мен Солтүстік Буковинаны КСРО құрамына беру туралы ультиматум жолдады. Осындай қысымның нəтижесінде шілде айының басында Бессарабия Кеңестік Молдавияның, ал Солтүстік Буковина Кеңестік Украинаның құрамына біріктірілді [14].
Сөйтіп, 1939–1940 жж. экспансиялық саясат негізінде Кеңес Одағы өзінің құрамына Эстония, Латвия, Литва, Бессарабия, Солтүстік Буковина жəне Финляндияның бір бөлігін қосып алды. Осының негізінде КСРО-да жаңа Молдаван жəне Карел-Фин одақтас республикалары құрылды. Жаңа территориялардағы миллиондаған адамдар «ұлтшылдар», «буржуазиялық интеллигенция» деген желеумен КСРО-ның шығыс аймақтарына депортацияланды. Осыдан кейін бұл жерлерде «кеңестік социализм» моделі құрыла бастады. Əрине, жергілікті халықтың пікірімен ешкім есептескен жоқ. Осыған байланысты Батыс Украина мен Литвада Кеңес үкіметіне қарсы қарулы күрестің басталуы заңды құбылыс еді.
1939 ж. тамыз шартынан кейін кеңес-герман қатынастары ерекше дамып, екі тоталитарлық мемлекет бір-біріне түсіністікпен қарай бастады. Осы жылдың желтоқсан айында өзін 60 жылдығымен құттықтаған герман үкіметіне жауап ретінде Сталин «қанмен бекіген Германия Кеңес Одағы халықтарының достығы ұзақ болуына барлық негіз бар» деп айтуы таңғалдырарлық болса да, мойындайтын дəлел сияқты. Ал кеңестік ақпарат құралдары Германия француз жəне ағылшын агрессорларына қарсы күрес жүргізіп жатқан «ұлы бейбітшілік держава» ретінде көрсетіп жатты. КСРО мен Германия 1940 ж. 11 ақпанында экономикалық қатынастар туралы келісімге қол қойды. Жалпы 1939–1940 жж. Германиядан Кеңес Одағына 462 млн марка тұратын техникалық жəне əскери құралдар келсе, КСРОдан Германияға 1 млрд маркаға əр түрлі шикізат жіберілді [15].
Кеңес Одағы өзінің экспансиялық саясатын іске асырып жатқан кезде Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатты. Польшаны КСРО мен бөлісіп алған Германия 1940 ж. көктемінде Данияны, Норвегияны, Бельгияны, Голландияны жəне Люксембургті басып алды. Ал маусым айында Францияны талқандап, Компьенде Петен үкіметін капитуляцияға қол қоюға мəжбүр етті. Сонымен қатар соғыс Солтүстік Африкада жалғасын тапты. Ал герман авиациясы Англия территориясын кең түрде бомбалауға кірісті.
1940 жылдың 27 қыркүйегінде Берлинде Германия, Италия жəне Жапония кірген əскери блок құру туралы шешім қабылдады. Осы үштік одақ негізінде Германия мен Италия Еуропада, Таяу Шығыста жəне Африкада «жаңа тəртіпті» орнатуды, ал Жапония Азияда өз үстемдігін қалыптастыруды жоспарларды.
Осы жылдың қараша айының 12–14 арасында В.Молотов КСРО-ның үштік одаққа кіруі туралы Берлинде келіссөздер жүргізді. Соның нəтижесінде Кеңес үкіметі өзінің меморандумында одақтастардың алдында мынандай талаптарды орындауды талап етті:
Парсы шығанағына дейінгі жерлер КСРО ықпалында болуы.
Неміс əскерлерінің Финляндиядан кетуі.
Болгарияның КСРО протекторатына көшуі.
Жапонияның Сахалиннен бас тартуы.
Осы ұсыныстарды орындаған жағдайда ғана Кеңес Одағы блокқа кіретіндігін анық байқатты.
Бірақ КСРО-ның бұл империялық талаптары жауапсыз қалды [16].
Осы кезден бастап кеңес-герман қатынастарында қайшылықтар байқала бастады. Олар Швецияның бейтараптылығы, Болгарияға неміс əскерлерінің кіргізілуі, 1941 ж. көктемінде Германияның Югославия мен Грецияны оккупациялауы т.б. проблемаларға байланысты болды. Енді 1939 ж. шарттың «құпия хаттамаларының» бірқатарын іске асырған КСРО мен Германияның арасындағы қайшылықтар күшейе түсті. Дүние жүзіне өздерінің үстемдіктерін орнатқысы келген екі тоталитарлық держава алдағы соғысқа дайындықтарын жедел жүргізе бастады.
1940 ж. 18 желтоқсанында Гитлер № 21 директиваға қол қойды. Бұл Кеңес Одағына қарсы басталатын соғыстың «Барбаросса» атты жоспары еді. Германия жағынан соғыс қаупінің төнгенін байқаған Кеңес үкіметі бірқатар келіссөзден кейін 1941 ж. сəуір айында Жапониямен шабуыл жасаспау туралы шартқа қол қойды [17]. Осы оқиғаны кеңес дипломатиясының белгілі жетістігі ретінде қарауға болады.