Когнитология (когнитивтік ғылым) (лат. cognitio — таным + грек. logos — ілім) — таным теориясын, когнитивтік психологияны, нейрофизиологияны, когнитивтік лингвистика мен жасанды интеллект теориясын біріктіретін пәнаралық ғылыми бағыт.
Когнитологияда жасанды интеллект теориясынан алынған компьютерлік модельдер психология мен жоғары жүйке қызметі физиологиясынан алынған эксперименталды әдістер адам миының жұмысы жөніндегі дәл ілімдерді дайындау (жасау) үшін бірге қолданылады.
Когнитологияның пайда болуына ноосфера жөніндегі ілімсебеп болған деп есептеледі. Когнитологияның қалыптасуына мүмкіндік туғызған негізгі техникалық жетістігі миды сканерлеудің/тексерудің жаңа әдістері болатын. Томография және басқа да әдістер алғаш рет адам миына іш жағынан үңілуге, оның жұмысына назар аударып, қандай тетіктер арқылы әрекет ететінін анықтауға тікелей жол ашты. Бұрынғыдан едәуір жетілдірілген аса қуатты компьютерлер де үлкен роль атқарды.
Когнитивизм – бұл адамның сана, зердесін, ойлау қабілетін және ментальді әрекеттері мен оның жай-күйін зерттейтін ғылыми бағыт. Бұл – адам болмысындағы білімі мен танымы туралы, дүниені қабылдау және тануы туралы ғылым.
Когнитивтік лингвистиканың қызметі – тілдегі бейнеленген мазмұнның санада қандай ақпараттар негізінде қалыптасқанын, қандай ғылыми шеңберінде, қандай психикалық қабілет негізінде қабылданғанын анықтау. Яғни, қызметі — дүниенің бейнесін белгілі бір жүйеде репрезентациялау. Бұл дегеніміз – алғашқы түсініктен бастап, дамыған бай концептілік жүйедегі түсінікке дейінгі санадағы білімнің көрінісі.
Когнитивтік лингвистиканың зерттеу нысаны ретінде бүкіл концептуалдық жүйені құруда айрықша мәнге ие болатын, әсіресе, концептуалдық кеңістікті ұйымдастырып, оны жіктеудің негізгі бастаушысы болып табылатын концепт болып есептеледі. Яғни, зерттеу нысаны – санада бейнеленген ақпараттар мен білім.
Г.ГИЗДАТОВ: “Когнитивтік бағыттың басты мәселесі – санадағы білімді жүйелеу. Когнитивтік бағыттың негізгі қызметі– санада әмбебап модель қалыптастыру”,- деп жүйелеген.
Э.СҮЛЕЙМЕНОВА: “Тілдің когнитивтік аспектіде көрінуі ондағы мазмұнның жан-жақты танылуы мен дүниені бүтіндей меңгеруден байқалады. Бірақ, тіл жеке тұрып ақиқат дүниені бүтіндей таныта алмайды”, -деп қорытындылаған.