Байланысты: Мүмкіндігі шектеулі балаларға дене тәрбиесі сабағын өткізу ерекшеліктері
Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың ерекшелігі Сөйлеу тіліндегі мүкістердің патологиялық дәрежелеріне, белгілі бір мүшелерінің атқаратын қызметтерінің бұзылуына, зақымдануының уақытына, басты кемістіктердің ықпалынан пайда болатын екінші бір ақаулықтардың көрінуіне байланысты олардың бір-бірінен айырмашылықтары да әр алуан болып келеді. Олар әрқайсысының өзіне тән симптоматикалық және динамикалық ерекшеліктеріне қарай әр түрлі салаға бөлінеді. Мұндай салаға дауыстың бірқалыптылығының бұзылуы, сөйлеу тіліндегі дауыс ырғағының бұзылуы, тұтықпа, дислалия, ринолалия, дизартрия, алалия, афазия, жазу тілі мен оқу тілінің бұзылуы жатады.
Тіл бұзылуының себептері органикалық және функциональдық болып бөлінеді.
Органикалық – түрлі зақымдардың нәтижесінде тіл аппараты мен жүйке жүйесінің бөлімдерінің бұзылуы.
Функциональдық – мұнда органикалық зақымдану болмайды, тек сөйлеу механизмдерінің функциясы бұзылады.
Тілдің бұзылуы түрлі жаста, әсіресе жас балаларда көп кездеседі.
Енді сөйлеу тілі мүкістеріне жеке-жеке тоқталып, олардың ерекшеліктерін сипаттайық.
Дислалия – сөйлеу тілі мүшелерінің анатомиялық кемістіктерінен дыбыстардың бұзылып айтылуын сипаттайды. Дислалия сөйлеу тіліндегі ең көп тараған мүкістіктер.Пайда болу себептеріне қарай дислалия механикалық және функционалдық болып бөлінеді.
Органикалық дислалияға сөйлеу тілі аппаратының сыртқы сүйек құрылысының және бұлшық ет түзілісінің органикалық кемістігінен дыбыстардың бұзылып айтылуы жатады. Органикалық дислалияның ерекшеліктері: тіл асты желбезегінің тым қысқа болып бітуінен, тілдің ұшы жоғары қарай емін еркін көтеріліп қимылдай алмайды да, таңдай арқылы айтылатын дыбыстар бұзылады. Сонымен қатар тілдің ауыздың ішіне зорға сиып тұратын өте етжеңді үлкен немесе өте кішкентай жіңішке болуы да дыбыстардың дұрыс айтылуын қиындатады.
Соныменен, органикалық дислалия бұл перифериялық аппараттың сүйегі мен бұлшық етіне зақым келуінен дыбыстардың дұрыс айтылмауы.
Перифериялық сөйлеу аппаратының бұзылуы туа пайда және жүре пайда болуы мүмкін.
Туа пайда болатын кемістікке жататындар:
прогнатия -жоғары жақ төменгі жақтан алға шығып тұрады;
прогения – төменгі жақтың алға шығуы;
тістердің дұрыс орналаспауы;
еріннің түрлі кемістіктері;
таңдай параличі;
Жүре пайда болатын кемістікке жататындар:
сүйектер мен бұлшық еттердің зақымдалуының нәтижесінде артикуляциялық аппаратта пайда болатын түрлі кемістіктер.
Алалия грек сөзі, «қолдануға жарамайтын болымсыз тіл» деген мағынаны білдіреді. Демек алалия деген ұғымға баланың құрсақтағы немесе тілі шыққан нәрестелік даму кезеңінде бас миы қабыршағының сөйлеу тілін қалыптастырып жетілдіретін аймағының органикалық зақымдануынан сөйлеу тілінің жүйелі түрде дамымауы немесе мүлде болмауы жатады. Сөйлеу тілінің мұншалықты бұзылуына негізінен орталық жүйке жүйесінің зақымдануы себеп болады. Органикалық зақымдануға мидың қабынып ісінуі, сырттан болатын қатты соққыдан зақымдануы, босанған кезде миға қан кетуі және нәрестенің құрсақтағы дамуы кезеңінде және толғақ кезінде, сондай-ақ дүниеге келгеннен кейінгі бір айлығынан бір жас аралығындағы дамуында ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуы жатады. Сонымен қатар, алалияның пайда болуына менинго-энцефалит, рахит және қызылшаның асқынған түрі тыныс алу жолдарының қатты сырқаттануы және нәрестенің алғашқы айларындағы ұйқысы мен тәбетінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бас миының үлкен сыңарының сөйлеу тілі аймағындағы жинақталған зақымдардың өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты алалия моторлы және сенсорлы болып бөлінеді.
Моторлы алалияда сөйлеу тілін қимылдатып қозғалысқа келтіріп тұратын анализатордың қызметі бұзылады. Моторлы алалик балаларда назар аудару, көңіл қою, зер салу, ықыласпен қарау немесе бір нәрсені елеу, ілтипатқа алу, ескеру және есінде сақтау сияқты жоғарғы психикалық функциясының даму деңгейінің төмен екендігі байқалады. Баланың психофизикалық жағдайының әлсіздігінен оның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді және болдырып тез шаршайды. Сонымен қатар мұндай балалардың дене түзілістері және соған орай олардың қимыл-қозғалыстары да бұзылған. Олар ебетейсіз жүреді және жиі-жиі сүрініп кетіп құлай береді, музыканың ырғағымен қимыл жасап жүруді білмейді. Артикуляциялық аппаратының қимыл-қозғалыстарының дамуы айтарлықтай дәрежеде жетілмеген. Мысалы, бала тілін жоғары көтеріп және сол қалпында ұстап тұру, үстіңгі ернін жағалата жалау, таңдайын тақылдатып қағу, тілін екі жағынан қусырып сүйірлеу және т.б. сияқты артикуляциялық аппараттың қарапайым қимылдарын орындай алмайды. Моторлы алалияға шалдыққан балалардың өздеріне қарасты қарап айтылған сөздерді түсінуі біршама сақталған. Олар ересек адамдардың сөйлеген сөздерін ықыласпен тыңдай алады, қарапайым жай тапсырмаларды, өтініштерді орындайды. Қорыта келгенде, олар сөздерді жақсы түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. [13]
Сенсорлы алалия. Сөйлеу тілін түсініп ұғынудың және сезіп түсінуінің бұзылуы сенсорлы алалияның ең басты сипаты болып саналады. Алайда сенсорлы алалияда есту қабілеті толық сақталады. Демек, сенсорлы алалия бас миының сол жақ жарты шарының самай аймағының зақымдануынан пайда болады. Мұндай балалар өздеріне қарата айтылған сөздерді мүлде түсінбейді немесе өте нашар түсінеді. Олар дыбыстардың ерекшеліктерін ажырата алмайды, яғни оларға айналасындағы құбылыстардың қимыл қозғалыстарынан шығып жататын әр түрлі дыбыстардың барлығы да бірдей сияқты болып көрінеді.
Тұтығу – ауыр кесел. Оның себептері:
Қорқу;
Баланың түрлі инфекциялық аурулармен жиі ауруы;
Ата-анасының тұтығуы;
Шамадан тыс жазалау әдістерін қолдану.
Бұл әдетте, 2-5 жас арасында кездесетін құбылыс. Алдын-ала оларға шара қолданбаса, ол асқынып, кей уақытта бой бермей кетуі мүмкін. Тұтығудың пайда болу себептері көп. Кейде олар жұқпалы аурулардан кейін, дене әбден әлсірегенде пайда болады. Баланың қоршаған ортаның оған көзқарасы, ол туралы әділетсіз баға да, жалтақ сөйлеуге, қорқып сөйлеуге әкеп соғады. Осындай фактілердің жиіленіп қайталануы – баланың тұтығуына әкеп соғады.
Мысалы, кейбір ата-аналар балаларының қабілетін жұртқа мақтаныш ретінде көрсеткісі келгендей, миы әлі қатып үлгермеген жас балаға көлемді өлең, тақпақтар, ертегілер, өлеңдер оқытқызады. Осының өзі баланың орталық нерв жүйесін шаршатып, тілдік сөйлеу анализаторын бұзып, тұтығуға жол береді.
Жасы жетпеген балаға кітапты көп оқуға болмайды. Әсіресе түнге қарай қорқынышты ертегілерді оқу зиянды. Өйткені бала қатты қорқып, түсінде түрлі қорқынышты нәрселерді көруі мүмкін. Бала түсінде қорқып, шошып оянады, ал бұл, орталық нерв жүйесіне әсер етеді, осының өзі тұтығуға әкеледі.
Баланы жазалау мақсатында қорқыту әдісі де көп қолданылады. Бірақ, қорқытудың да жөні бар. Шамадан тыс қорқыту, үйде жалғыз қалдырып кету, осының бәрі баланың үрейленгіш болып өсуіне септігін тигізеді. [14]
Тұтығатын бала күдікшіл болады, өзінің құрдастарының алдында сөйлеуге ұялады. Тұтыққан баланы өзге балалардың мазақтауынан сақтау керек. Мүмкіндігінше, дұрыс күтім жасап, баланың ойнауына, оқуына ыңғайлы жағдай туғызу керек.
Тұтығу асқынбастан арнайы мамандарға көрсетіп, уақытылы кеңесіп отыруы қажет, ал оның зардабынан дауыстың реңі мен әуезділігі және дыбыстардың айтылуы бұзылуы мүмкін.
Дисфония – дауыс шығаратын аппараттың патологиялық кінәратқа шалдығуынан дыбыстың мүлдем болмай қалуын немесе әуезділік үннің бұзылуын сипаттайды.
Брадилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің қимыл-қозғалыстарының патологиялық сылбырынан дыбыстар созылып шұбалаңқы айтылады.
Тахилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің бірқалыпты жылдамдық қимылдарының патологиялық ауытқуынан дыбыстардың қарқындық ырғағы бұзылып, быдықтанып айтылуы.
Афазия – мидың белгілі бір жерінің жинақталып зақымдануынан бұған дейін қалыптасып, дұрыс жетіліп келе жатқан сөйлеу тілінің толық немесе ішін-ара жойылып кетуін сипаттайды. Афазия көбінесе ересек адамдарда кездеседі.
Афазия екіге бөлінеді: моторлы және сенсорлы.
Моторлы афазия – ауру тек қана ымдау арқылы түсінеді. Кейде, бұндай ауруларда 1-2 сөз қалып, осы арқылы қарым-қатынас жасайды. Жеңіл түрінде ауруда 10 шақты сөз қалып, сол арқылы қысқа сөйлемдер құрайды. Сөйлемде сөздердің не әріптердің түсіп қалуы мүмкін немесе орындарын ауыстырып айтуы мүмкін (қала – лақа, стол – скол) . Сөйлемдері телеграфтық стилде болады, тек қана зат есім мен етістіктен тұрады. (Мысалы, Папа барды завод). Оқыған кезде, сөйлемдері түсініксіз, түрлі қателер кездеседі.
Сенсорлық афазия – біреудің айтқанын түсінбейді. Есту органы қалпында. Айтқанды естісе де, оны дұрыс орындамайды. Мысалы, «Орындықты алып, бері әкел, сөйтіп үстелге отырып, оң қолыңды көтер» деген тапсырманы алып, оның тек кейбіреуін ғана түсінеді. Ал, кейбіреуін түсінбей бірден екі қолын көтеріп тұра береді. Өздерінің айтқан сөздерін- де, сөйлемдерінде де түрлі кемістіктер болады. Контаминация – екі сөзді біріктіріп, бір сөз етіп оқу (мысалы, мектепке бару – мекбар).
Дислексия – оқу процесінің ішін-ара бұзылуының өзіне тән ерекшелігін сипаттайды.
Дисграфия – жазу процесінің ішін-ара бұзылуының өзіне тән ерекшелігін сипаттайды. [15]