2-тарау. Қамқоршылық кеңесті сайлау тәртібі 4. Қамқоршылық кеңесті білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган құратын комиссия (бұдан әрі – Комиссия) сайлайды. Қамқоршылық кеңестің өкілеттік мерзімі 3 (үш) жылды құрайды. 5. Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрайды, кемінде 7 (жеті) адам, оның ішінде мемлекеттік органдар өкілдерінің саны Қамқоршылық кеңес мүшелерінің жалпы санының 2/3 (үштен екісінен) аспайды. Комиссия құрамына жергілікті өкілді, атқарушы және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. 6. Комиссия төрағасы комиссия мүшелерінің арасынан оның бірінші отырысында сайланады, ол туралы хаттамалық шешім шығарылады. Комиссия хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның қызметкері Комиссияның хатшысы болып табылады. 7. Комиссияның жалпы құрамының кемінде 2/3 (үштен екісі) қатысқан жағдайда Комиссияның отырысы өткізілген және оның шешімі заңды болып есептеледі. Комиссия шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының дауыстар басымдылығымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссияның барлық шешімдері хаттама түрінде рәсімделеді, оған төраға, отырысқа қатысқан комиссия мүшелері және хатшы қол қояды. 8. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган күнтізбелік жылдың 1 мен 10 қыркүйек аралығындағы кезеңде (Қамқоршылық кеңестің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде) Қамқоршылық кеңестің сайлануы жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарландыруды, оның атауын, сапалық құрамын, сондай-ақ Қағиданың 9-тармағына сәйкес құжаттар мен мәліметтер жіберілетін почта және электрондық мекенжайларды көрсете отырып, өзінің интернет-ресурсында және/немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды. Құжаттарды қабылдау хабарландыру орналастырылған күннен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн өткен соң аяқталады. 9. Үміткерлер Қамқоршылық кеңесті сайлау және оның құрамы бойынша ұсыныстарды қабылдау туралы хабарламада көрсетілген мерзімде Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады: 1) өтінім (еркін түрде); 2) үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 3) қазақ немесе орыс тілдеріндегі түйіндеме; 4) білімі бар екендігі туралы құжаттың көшірмесі (бар болса); 5) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық бөлімшелері берген соттылығының және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жоқтығын растайтын құжаттар. Үміткерлер өздерінің кәсіби (немесе) қоғамдық қызметі туралы қосымша мәліметтер ұсынады. 10. Қамқоршылық кеңестің құрамына мыналар кіреді: 1) білім беру ұйымының әкімшілік аумағында орналасқан қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері-1 адам; 2) үкіметтік емес (коммерциялық емес) ұйымдардың өкілдері - кемінде 3 адам. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қамқоршылық кеңеске бір ғана өкіл сайлана алады; 3) жергілікті өкілдік органдарының өкілдері – 1 адам; 4) мемлекеттік органдардың өкілдері – 1 адам; 5) құқық қорғау органдарының өкілдері – 1 адам; 6) бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл (бар болса) – 1 адам; 7) республикалық немесе жергілікті қоғамдық кеңестің өкілі-1 адам; 8) Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы (бар болса) – 1 адам; 9) қайырымдылық жасаушылар және / немесе меценаттар (бар болса) – 1-2 адам; 10) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі (бар болса) – 1-2 адам; 11) тәрбиеленушілердің өзін – өзі басқару органдарының өкілдері – 1 адам. 11. Қамқоршылық кеңес мүшелігіне үміткерлерді педагогикалық кеңесте іріктеуден өткен білім беру ұйымдары ұсынады. Үміткерлердің тізімі білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттармен бірге жіберіледі. 12. Комиссия өтініштерді беру мерзімі аяқталған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде үміткерлер ұсынған құжаттарды қарайды, үміткердің осы Қағидалардың 9, 10, және 11-тармақтарына сәйкестігін бағалауды жүргізеді. Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша Комиссия 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың талаптарына сәйкес үміткерлерді іріктеуді жүргізеді. Барлық қажетті рәсімдерді ескере отырып, Қамқоршылық кеңесті сайлау күнтізбелік жылдың 30 қазаннан кешіктірілмей аяқталады. 13. Қамқоршылық кеңестің сайланған құрамы тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган Комиссия хаттамалық шешім шығарған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде бекітеді, сайланған құрамның тізімі олардың ресми интернет-ресурсында және мектептен тыс ұйымында орналастырылады.