4 - тарау. Қамқоршылық кеңес жұмысын ұйымдастыру тәртібі 16. Қамқоршылық кеңестің отырыстары тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Қамқоршылық кеңестің отырыстарын бейнеконференцбайланыс режимінде өткізуге жол беріледі. 17. Отырысты өткізу туралы ақпаратты Қамқоршылық кеңестің хатшысы Қамқоршылық кеңестің барлық мүшелерін хабардар ете отырып, білім беру ұйымының интернет-ресурсында орналастырады. Интернет-ресурстағы ақпаратта отырыстың өткізу күні, уақыты және орны көрсетіледі. 18. Отырыстарға азаматтық қоғамның бақылаушылары қатысады. 19. Осы білім беру ұйымның Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің арасынан Қамқоршылық кеңестің отырысында көпшілік дауспен ашық дауыс беру жолымен сайланатын оның төрағасы Қамқоршылық кеңестің басшысы болып табылады. 20. Төраға Қамқоршылық кеңестің атынан әрекет етеді және оның қызметін осы Қағидаларға сәйкес қамтамасыз етеді. Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын қамқоршылық кеңестің құрамына кіретін жергілікті өкілді, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерін қоспағанда, Қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша Қамқоршылық кеңес мүшелерінің бірі жүзеге асырады. 21. Білім беру ұйым қызметкерлерінің немесе тәуелсіз тұлғалардың арасынан сайланатын және Қамқоршылық кеңестің мүшесі болып табылмайтын Қамқоршылық кеңестің хатшысы Қамқоршылық кеңес отырыстарының материалдары мен хаттамаларын дайындауды, өткізуді, ресімдеуді қамтамасыз етеді. 22. Егер отырысқа оның мүшелерінің жалпы санының кемінде 2/3 (үштен екісі) қатысса, Қамқоршылық кеңестің отырысы заңды болып табылады. Қамқоршылық кеңес мүшесінің өз дауысын Қамқоршылық кеңестің басқа мүшесіне не адамға сенімхат бойынша беруіне жол берілмейді. 23. Қамқоршылық кеңестің шешімі оған қатысқан мүшелердің көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, хаттамамен ресімделеді және оған Қамқоршылық кеңестің төрағасы қол қояды. Дауыстар тең болған жағдайда Қамқоршылық кеңестің төрағасы не Қамқоршылық кеңес төрағасының функцияларын жүзеге асыратын адам дауыс берген шешім қабылданады. 24. Қамқоршылық кеңестің шешімдерін білім беру ұйымының әкімшілігі заңда белгіленген мерзімде тиісті шешімдер қабылдай отырып қарайды. 25. Қамқоршылық кеңестің шешімі хаттамамен ресімделеді, оған Қамқоршылық кеңестің төрағасы мен барлық қатысып отырған мүшелері қол қояды және мектептен тыс ұйымның басшысына келісуге енгізіледі. 26. Білім беру ұйымының басшысы Қамқоршылық кеңестің шешімімен келіспеген кезде келіспеушіліктер оларды еңсеру үшін қамқоршылық кеңестен және мектепке дейінгі ұйымнан қатысушылардың тең саны қатысатын комиссия (бұдан әрі – келісу комиссиясы) құрылатын келісу рәсімдері арқылы шешіледі. Келісу комиссиясының мүшелері өз құрамынан келісу комиссиясы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен төрағаны сайлайды. Келісім комиссиясы келіспеушіліктер туындаған шешімнің ережелерін қарайды. Келісім комиссиясы шешімді ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Келісу комиссиясының шешімдері оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. "Қолдаймын" немесе "қарсымын" дауыстар саны тең болған кезде келісу комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып есептеледі. 27. Қамқоршылық кеңестің шешімдерін кеңестің хатшысы білім беру ұйымның интернет-ресурсында орналастырады. 28. Білім беру ұйымға қайырымдылық көмек ерікті түрде өтеусіз негізде көрсетіледі және Қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша ғана жұмсалады. 29. Білім беру ұйымға қабылданған қайырымдылық көмектен түсетін түсімдер: 1) мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған білім беру ұйымдары үшін - Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде ашылған қайырымдылық көмекке арналған қолма-қол ақшаны бақылау шотына; 2) өзге ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған білім беру ұйымы үшін-екінші деңгейдегі банкте ашылған шотына аударылады. 30. Қайырымдылық көмектен түсетін түсімдер мына мақсаттарға: 1) білім беру ұйымның тәрбиеленушілеріне әлеуметтік қолдау; 2) білім беру ұйымның материалдық-техникалық базасын жетілдіру; 3) дарынды балаларды қолдау; 4) пәндік-кеңістіктік дамытушы ортаны ұйымдастыруға жұмсалады. 31. Білім беру ұйымы жыл сайын қаржы жылының қорытындылары бойынша осы білім беру ұйымының интернет-ресурсында тиісті есепті орналастыру арқылы ата-аналар қоғамдастығын өз қызметінің нәтижелері туралы хабарлайды. 32. Қамқоршылық кеңестің мүшесі осы кеңестің қызметі шеңберінде жеке деректерді қорғау, мемлекеттік және қызметтік құпия, коммерциялық құпия туралы қолданыстағы заңнамамен қорғалатын мәліметтерді үшінші тұлғаларға жария етуге болмайды.