5-тарау. Қамқоршылық кеңестің жұмысын тоқтату 33. Қамқоршылық кеңестің жұмысын тоқтату: 1) тиісті саланың уәкілетті органының немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша; 2) ТжКБ ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған кезде; 3) осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген Қамқоршылық кеңестің өкілеттік мерзімі өткеннен кейін; 4) Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда жүзеге асырылады. 34. Қамқоршылық кеңестің мүшесі Қамқоршылық кеңестің құрамынан: 1) жеке бастамасы бойынша (Кеңес төрағасының атына еркін түрдегі жазбаша өтініш негізінде); 2) кеңес отырыстарында дәлелсіз себептермен жыл ішінде үш реттен артық болмау себебінен шығарылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 355 бұйрығына 4-қосымша
Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары және оны сайлау тәртібі Ескерту. Бұйрық 4-қосымшамен толықтырылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 01.03.2023 № 56 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен. 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары және оны сайлау тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және Қамқоршылық кеңестің (бұдан әрі –Қамқоршылық кеңес) қызметін ұйымдастыру және оны сайлау тәртібін айқындайды. 2. Қамқоршылық кеңес балаларға арналған мектептен тыс қосымша білім беру ұйымын (бұдан әрі – Мектептен тыс ұйым) басқарудың алқалы органы ретінде оның дамуына жәрдемдесетін және мектептен тыс ұйымның қызметіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін өз қызметін мына қағидаттар негізінде жүзеге асырады: 1) тәуелсіздік; 2) оның мүшелерінің өтеусіз негіздегі қызметі; 3) еріктілік; 4) ашықтық; 5) жариялылық пен шынайылық. 3. Қамқоршылық кеңестің мүшелері өз қызметінде: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Қағидалардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға; 2) өз қызметін мектептен тыс ұйымымен, жұртшылықпен, жергілікті атқарушы және өкілді органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және өзге де жеке және/немесе заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асыруға міндетті.