Сурет 3 - Оқу танымдық іс-әрекетті жүзеге асырудағы оқу әдістерінің классификациясы
А.В.Смирнов: «Қабылдаудың тууының негізгі шарты – сезім ағзаларына сыртқы дүниенің әсер етуі. Кез келген таным процесінің, оның ішінде қабылдаудың да алғашқы пункті және нәтижесі дүниенің образы болып табылады. Дүние образы адамның дүние жайлы, өзі жайлы басқа адамдар жайлы жинақтаған және реттелінген білімдер жүйесі ретінде сипатталады, ол кез-келген сыртқы әсер арқылы жанастырады және өзінше ұйғарады»,-деп жазды [82].
Қабылдау – заттың бүтіндей бейнесін береді. Түйсік пен қабылдаудың ұзақ қайталануы нәтижесінде, үлкен ми қабығында уақытша нерв байланысы пайда болады. Нәтижесінде түйсік пен қабылдау арқылы алынған бейнелер адам есінде ұғым ретінде сақталады.
Мұғалім сабақты жүйелі түрде жүргізуі оқушының қабылдауымен тығыз байланысты. Оқушылардың жаңа сабақ материалын қабылдауына негіз болатындай, мұғалім даярлық жұмыстарын жүргізеді. Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекеті дұрыс әрі нақты қызметтер негізінде іске асады. Оқушының өзіндік сезімдік танымы (қалауы, ынтасы, құштарлығы, әсерленуі) негізінде қабылданған білім, дағды, ептілік нәтижесі оқу-танымдық белсенділік болады.
Р.С.Омарова танымдық белсенділіктің үш дәрежесін көрсетеді [61, 17 б.]:
1-дәреже – жаңғыртушы белсенділік – шәкірттің материалды жадылап, қайта жаңғыртуға, оны үлгі бойынша қолдануға, меңгеруге ұмтылысымен сипатталады. Белсенділіктің 1-дәрежесіне тән көрсеткіш – оқушының бойында білімін тереңдетуге деген ұмтылыстың болмауы.
2-дәреже – түсіндіруші белсенділік – оқушының оқығанын зерделеуге, оны өзіне белгілі ұғымдармен байланыстыруға, білімін жаңа жағдайларда пайдалану жолдарын меңгеруге ұмтылысынан көрінеді. 2-дәрежеге тән көрсеткіш – оқушының бастаған істі аяғына дейін жеткізуге ұмтылуынан, қиындыққа тап болғанда оны жеңудің жолдарын қарастыруынан байқалатын үлкен дербестігі.
3-дәреже – белсенділіктің шығармашылық дәрежесі – оқушының тапсырманы (мәселені) шешудің тың жолдарын іздестіруге деген ұмтылысымен сипатталады. Бұл дәреженің ерекшелігі – мақсатқа жетудегі табандылық, танымдық ынтаның тұрақтылығы және әр алуандығы.
Сөйтіп, оқудағы белсенділік – оқушының іс-қимыл жағдайы ғана емес, осы іс-қимылдық сапасы, онда оқушының қызмет мазмұны мен сипатына қатынасымен, өзінің рухани-ерік, күш-жігерін, оқу-танымдық мақсаттарға жетуге жұмылдыруға деген ұмтылысымен айқындалатын тұлғасы көрінеді.
Жеке адамның белсенділігі педагогикалық мәселе ретінде В.И.Лозоваяның докторлық диссертациясында зерделенеді. Автор жеке тұлғаның мәні мен осы ұғымның әрекет ұғымына қатынасын ашуда түрлі көзқарастың орын алып отырғандығын атап өтеді:
1. Белсенділік тірі жүйелердің ерекше қасиеті ретіндегі жалпы категория түрінде қарастырылады. Әрекет әлеуметтік нысан үшін айрықша белсенділік ретінде көрініс табады.
2. Белсенділік пен әрекет ұғымдары теңестіріледі.
3. Белсенділік әрекеттің сапалық сипаттамасы деген анықтама беріледі.
4. Белсенділік дегеніміз – жеке адамның сипаты, оның қасиеті [83, 67 21 б.].
В.И.Лозовая әрбір көзқарасты қарастыра келе, оларға жасалған талдау белсенділікті жеке тұлғаның сипаты деп айқындауға негіз беретінін атап өтеді, ол адамның әрекетінен көрініс табады, бұл әрекет етуге дайын болушылық, ұмтылушылық, оны жүзеге асыру сапасы, алға қойылған мақсаттарға жету үшін оңтайлы жолдарды таңдау. Т.И.Шамова мен В.И.Лозоваяның белсенділіктің мәніне көзқарастарында ортақ пікірлердің көп екенін анықтау қиын емес.
Соңғы уақытта жеке адамның белсенділігі мен ізденімпаздығы мәселелері жөнінде бірқатар зерттеулер жүргізілді. Оларға белсенділік пен ізденімпаздық ұғымдарының ара жігін ажыратушылық байқалады. Авторлар белсенділік пен ізденімпаздық тұжырымдамаларын жасай отырып, оларды жүйелі ұсынуды басшылыққа алады, мұнда осы білімдердің жеке басқа тән белгісі бірінші орынға қойылады. Белсенділік адамның әрекетке қатынасынан өз бетінше әрекет етуге дайын болудан, ұмтылыстан, алға қойылған мақсаттарға жету үшін оңтайлы жолдарды таңдай білуден көрініс табатын жеке тұлғаның сипаты ретінде айқындалады.
Ізденімпаздық әрекетке өздігінен икемделудің сапалық көрінісі мен мотивті және ізденімпаздық қылықтың оқушыға тән арнаулы нысандары мен тәсілдерін синтездеумен: өмір шындығының белгілі бір жақтарына оқушының тұрлаулы, мінез-құлықта тиянақталған қатынасымен сипатталатын жүйелі білім алу ретінде қарастырылады [37, 14 б.].
Белсенділік пен ізденімпаздық ұқсас категориялар болмағанымен, бұл ұғымдардың ортақ белгілері де бар: ол өз бетінше жаңаны игеруге ұмтылушылық, ынтызарлық, білікке құмарлық, т.б., ол ізденімпаздық, белсенділік белгілерінен құралады, өйткені өмір шындығының белгілі бір жақтары қатынаспен сипатталады.
И.Я.Лернер: «Танымдық ізденімпаздықтың айқын көрініс беруі шығармашылық әрекетке байланысты. Ол алған білім мен дағды шығармашылық әрекет тәжірибесінің, сондай-ақ таным мотивтердің өзара байланысына негізделеді. Осы тәжірибелердің өзара байланысы нәтижесінде оқушылар білім, дағды және жаңа шығармашылық тәжірибені игереді», - дейді
[53, 17 б.].
Т.И.Шамова танымдық ізденімпаздықты жеке адамның білім мен іс-әрекет тәсілдерін бөгде біреудің көмегінсіз игеруге, қоршаған өмір шындығын одан әрі өзгерту және жетілдіру мақсатымен танымдық міндеттерді шешуге ұмтылысымен және бейімділігімен сипатталатын қасиеті ретінде қарастырады [50, 17 б.].
Н.В.Бочкина жеке тұлғаның белсенділігін жүйе ретінде қарастырады, мұның өзі ізденімпаздықтың сапалық жаңа түсінігін береді. Жеке тұлғаның белсенділігі белгілі бір мағынада алғанда әрекеттің белгілі бір түрі тұрғысынан, оқушының қарым-қатынасы аймағы тұрғысынан, тіршілік әрекетінің белгілі бір саласы тұрғысынан алғанда, «өздігінше жүзеге асырудың» жүйелі процестерінің белгілеріне ие болады деген қорытындыға келеді [84].
Сонымен, танымдық белсенділік – жеке тұлғаның сан түрлі білім алуы, бұл білім алу танымдық әрекетке сезім, таным мен ерік процесінің нәтижесі болып табылатын өзін-өзі икемдеу көрінісімен: танымдық мотив пен ізденімпаздық мінез-құлық тәсілдерінің синтезімен; оқушының мінез-құлқындағы танымға деген тұрақты көзқараспен тұрақталады деп қарастыруға болады.
Жеке тұлғаның өзіндік қасиетіне қарап баға беру үшін үш психологиялық мінездемеге (сипатқа) сүйенеміз:
1. Тұрақтылық – негізгі сапалары тұрақты, аз өзгереді, өзіне қалай ұстауын анықтауға болатын сипат.
2) Бірлікте болу – жай-күйінің, қасиеттерінің өзара байланыс, тәуелділігі, психикалық процестердің бірлік сипаты.
3) Белсенділік - өзінің ортасында тәуелді бола тұрып, оны өзгертуге, дамытуға ықпал ету сипаты.
Психологияда «жеке тұлға» ұғымына әртүрлі ең басты белгісі – оның әлеуметтік мәнінің болуы мен әлеуметтік функцияларды атқаруымен түсіндіріледі.
Жеке тұлға – бұл интергативті жүйе, әлдебір ыдырамайтын тұтастық. Алайда, жеке тұлғаны зерттеумен айналысатын ғалымдар бұл тұтастықтың «өзегі» бар деп мойындайды, олар оны «Мен-жүйе» немесе жай ғана «Мен» деп белгілейді. Жоғарыда келтірілген жеке тұлға туралы түсінік жалпылама ұғым болып табылады.
Жеке тұлғаның ең басты белгілері – оның саналылығы, белсенділігі, жауапкершілігі, бостандығы, қадір-қасиеті, даралығы. Жеке тұлғаның маңыздылығы оның қасиеттері мен іс-әрекеттерінде қоғамдық прогрестің тенденцияларының әлеуметтік белгілер мен қасиеттердің айқын және спецификалық көрініс табуы арқылы, оның іс-әрекетіндегі шығармашылық қасиетінің деңгейі арқылы анықталады. Бұл орайда «адам», «жеке тұлға» деген ұғымдардың қатары «даралық» деген ұғыммен толықтырылуы қажет.
Даралық бір адамның басқа бір адамнан, бір тұлғаның басқа бір тұлғадан айырмашылығын, оның ешкімге ұқсамайтынын, өзіне тән ерекшелігі бар екенін сипаттайды. Даралық, әдетте, адамның мінезі мен темпераментінің ерекше белгілері (мысалы, салмақты - жігерлі және мақсатты адам), шығармашылық қызмет-әрекеті мен қабілетінің өзгешелігі арқылы ерекшеленеді. Осылайша, мұғалімнің даралығы оның терең білімдарлығы, педагогикалық көзқарастарының ауқымдылығы, балаларға деген ерекше қатынасы, жұмыстағы шығармашылық ниеті, т.б. арқылы көрінеді. «Даралық» ұғымы бір адамды басқа бір адамнан, бір тұлғаны басқа бір тұлғадан ажыратып, оған өзіне тән сұлулық пен қайталанбас қасиет беретін жалпы мен жекеден тұрады.
М.Г.Гарунов: «Жеке тұлға әлеуметтік құндылықтарды мұра етіп алу мен көбейтудің әлеуметтік механизмі арқылы қалыптасады деп есептейді. Оның пікірінше, әлеуметтік құндылықтар – алдыңғы ұрпақтың іс-тәжірибесімен табылған өмір шындықтары. Мұндай құндылықтар білім, идеал, адамдар арасындағы тәртіп пен қарым-қатынас нормасы, адамның тыныс-тіршілігі және т.б. түрінде өмір сүреді»,-дейді [85].
Жеке адамның білімді игеруі дүниені түсінудің түрлі тәсілдерінің, бір санадағы ойлаудың түрлі тұрпаттарының қақтығысын туғызады. Көп мәдениеттің диалогтық жағдайында ой елегінен өткізілетін әрбір қылық әр адамның ізденімпаздықпен ойлану белсенділігін талап етеді.
Оқу-танымдық іс-әрекетті белсендіру ұғымы оқушылардың өзіндік жұмысы барысында ашыла түседі. Осы ұғымдардың мазмұнын әдебиеттерге шолу жасай отырып қарастырайық. Төменде қарастырылған түрлі пікірлер құбылыстың күделілігін, диалектикалық сипатын көрсетеді. Авторлар оқушылардың өзіндік ерекшелігін ашып, оның ішкі және сыртқы қырларын анықтауға бағытталған.
Б.П.Есипов: «Оқушылардың өзіндік жұмысы мұғалімнің тікелей қатысуымен емес, бірақ оның белгілі уақыт мөлшеріне есептелген тапсырмасы бойынша орындалатын жұмыс, бұл кезде оқушылар өздерінің ой-өрістерін және іс-әрекеттерін қорытындылай отырып, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылады» [55, 17 б.].
В.П.Беспалько «өзіндік жұмыс» ұғымын адамның белгілі бір жұмысты өз бетімен, ешкімнің көмегінсіз орындауы деп біледі [86].
С.С.Смаиловтың пікірінше, өзіндік жұмыс оқытуды ұйымдастыру формасы да, әдіс-тәсілі де емес, өзіндік жұмыс – алдын-ала берілген бағдарлама немесе нұсқау арқылы оқытушының қатысуымен орындалатын танымдық әрекет [87].
П.И.Пидкасистый өзіндік жұмысты оқушыны танымды ізденімпаздығын арттыратын құрал ретінде қарастырады [70, 22 б.].
Н.Г.Морозова: «Өзіндік жұмыс, бұрыннан белгілі болғандай, мектепте, жоғары оқу орнында оқытудың маңызды және кеңінен талқыланатын проблемаларының бірі болып табылады. Мектепте және жоғары оқу орынында оқытудың қазіргі күні әдістемелерінде, ол міндетті түрде оқытушының ұйымдастырушы рөлімен теңестіріледі. Дидактикада өзіндік жұмыс деп оқушылардың сыныптағы және сыныптан тыс немесе мұғалімнің қатысуынсыз, бірақ оның тапсырмалары бойынша, даралық және ұжымдық іс-әрекеттердің алуан түрлері деп түсіндіріледі»,-деп жазды [88].
Оқыту процесі екі жақты процесс болғандықтан, оқушылардың өзіндік жұмысы міндетті түрде мұғалімнің басшылығымен, сонымен қатар оқушылардың дербестігін, олардың қызығып, өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты оқушылардың өзіндік жұмыстарының ерекшелігі – олардың ықыласы және өз еркімен әрекет жасауына байланысты болады.
Жоғарыдағы авторлардың пікірінше, оқушылардың өзіндік жұмысына, мұғалімнің тапсырмасы бойынша, олардың өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстары жатады. Сонымен қатар оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары формасына олардың өз еркімен жаңа амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстарын жатқызады.
Бұдан шығатын қорытынды: мұғалім оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыруда өзінің басшылық әрекетін олардың талап-тілектеріне сәйкес ойдағыдай ұштастыра білуі қажет. Сонда мұғалімнің басшылық әрекеті кемімейді, қайта күрделеніп, арта түседі және мұғалімнен шығармашылық еңбек пен педагогикалық шеберлікті талап етеді.
Оқушылардың өзіндік жұмысының маңызын толығырақ түсіну үшін, оның атқаратын функциясы мен міндеттерін атап өткен жөн. Олар:
1. Оқушылардың белсенділік, дербестік қасиетін мейлінше арттыру.
2. Олардың алған білімінің саналылығы мен беріктігін қамтамасыз ету.
3. Оқушыларды оқуға қажетті біліктер мен дағдыларды қалыптастыру.
4. Оқушылардың таным, ақыл-ой қабілеттерін дамыту.
5. Оқушыларды кластан тыс және мектептен тыс дербес білім алуға әзірлеу.
6. Оқушылардың оқуға ынтасын арттырып, үлгермеушілікті болдырмауға әсер ету.
Демек, оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде өзіндік жұмыстың маңызы зор.
И.А.Зимняя өзіндік жұмысқа төмендегідей анықтама берді [89]:
Біріншіден, мектеп оқушысының өзіндік жұмысы оның сабақ үстінде оқу іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыруының салдары болады, оның өзі оны өз бетінше кеңейтуді, тереңдетуді және бос уақытта жалғастыруды мотивтендіреді. Осыған сәйкес мұғалім ұйымдастыратын және басқаратын оқушының оқу жұмысы (мұғалім тапсырмасы бойынша сыныптық және сыныптан тыс) оқу пәнін игеру бойынша өзіне берілген, өз бетінше іс-әрекетінің бағдарламасы болуы керек. Бұл мұғалім үшін өзінің оқу әрекеттерінің жоспарын айқын саналау ғана емес, сондай-ақ оқушыларда оқу пәнін, жаңа оқу тапсырмаларын орындау барысында игерудің кейбір схемасы ретінде қалыптасуын саналы түрде ұғынуды білдіреді.
Екіншіден, берілген түсініктемеде өзіндік жұмыс – үй жұмысына қарағанда, неғұрлым кең түсінік, яғни мұғалімнің келесі сабаққа дайындалуы; сыныпта үйге берген тапсырмаларды орындауы. Өзіндік жұмыс оқушының мұғалім қандай да бір формада берген, сабақтан тыс жұмысын қамти алады. Бірақ тұтастай, бұл оқушының қандай да бір материалды меңгерудің дайын немесе өз бағдарламасынан таңдап алып, қатар шұғылдануы.
Үшіншіден, өзіндік жұмыс үйренушінің оқу іс-әрекетінің өзгеше түрі ретінде қарастырылуы тиіс, ал оның жоғарыда аталған барлық ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл оның оқу іс-әрекетінің жоғары формасы, оның сыныптағы жұмысымен байланысты, өз-өзіне білім беру формасы.
Сонымен, оқушыларда өзіндік жұмыс істеу шеберлігі мен дағдылары өздігінен пайда болмайды, ол мақсатты оқу қызметінің нәтижесі және де шығармашылық және практикалық сипаттағы әртүрлі тапсырмаларды орындау процесінде қалыптасады, осы айтылғандардың бәрі өзіндік жұмыстың мазмұнын, оның қызметтерінің ерекшеліктерін танытады.
Оқушының танымдық шығармашылығын арттыруда оларды өздігінен жұмыс істей білуге белсендіруді мынадай жүйемен жүргізуге болады:
1. Тапсырманы талдау.
2. Орындалу жоспарын жасау.
3. Берілген анықтама, ережені өзінше қорыта және оны баяндай білу (мысалмен дәлелдеу).
4. Тапсырманы мұғалімнің түсіндіру ретімен немесе нұсқау карточкада көрсетілген ретпен жасау.
5. Тапсырманы орындаудың жеңіл, конструктивтік шешімдерін табуды іздестіру (неден кейін нені табу керек).
6. Тапсырманы орындаудың тиімді жолдарын табу және дәлелдеу.
7. Оқушылардың жұмысқа жауапкершілігін арттыруда олардың орындаған тапсырмасына сын көзімен қарауға дағдыландыру, қатесін өзіне тексерту.
8. Мұғалімге, я болмаса, мұғалім тапсырған озат оқушыларға тексерту.
9. Рефлексия. Ой қорыту.
Қажымас ерік-жігер – танымдық белсенділіктің маңызды бөлігі болып табылады. Өзіне деген сенім оқушыны іс-әрекетке итермелейді, білім теориялық санамен шектеліп қана қоймайды, ол тәжірибеде сана мен жігерді іс-әрекетпен біріктіреді.
Танымдық шығармашылықтың элементі ретінде теориялық ойлау - деген оқушының алған білімдерді, болмыстың құбылыстарын шығармашылық түрде түсініп-ұғыну, шығармашылық қабілетін жетілдіру, ерік-жігерді, сенімді іске асыруға бағыттаудың қабілеттілігі.
Оқу-танымдық іс-әрекетті белсендіру – оқушылардың ғылыми білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудегі, шығармашылық қабілеттілігінің дүниетанымы мен адамгершілік-эстетикалық көзқарастарының дамуындағы белсенді оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру мен ынталандырудың мақсатты педагогикалық процесі. Оқыту, адамның іс-әрекетін белгілі бір білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудің саналы мақсаты билеген кезде қызмет-әрекет ретінде жүзеге асады. Түсініктерді, ұғымдарды, заңдарды оқушылардың басына жаттанды түрде сіңіруге болмайды. Оларды оқушының өзі, мұғалімнің басшылығымен, көмегімен қалыптастыру қажет. Түсініктердің пайда болуы, заңдарды жете түсіну – оқушының ойлау мен іс-әрекетінің белсенді процесі деп тұжырымдаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |