3. Орташа – оқу-танымдық әрекет деңгейін өз бетінше таңдайды, білімі мен іс-әрекет тәсілдерін қолданады. Ынталылық пен бейімділіктің өзара байланысы толық емес, білімді меңгеруде, проблеманы шешуді үлгіге қарау арқылы немесе мұғалімнің көмегімен орындайды.
4. Төмен – оқушы оқу-танымдық тапсырмаларды өз бетінше орындай алмайды, оқу үрдісінде мұғалімнің көмегін қажетсінеді. Танымдық тапсырмаларды үлгі бойынша баяу орындап, кейін нәтижесін талдайды. Танымдық әрекеттің қандай да бір түріне ынтасы қалыптаспаған, оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылығы толымсыз.
Қазіргі ауыл мектебінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылықтары мен ынта-ықыластарын қалыптастыру арқылы олардың белсенділігін арттыру маңызды. Мәселен Л.С.Выготский былай деген: “Ең алымен баланы бір-іс-әрекетке тарту үшін, сен оны қызықтыр, оның бұл іс-әрекетке дайын екенін білу үшін қамқорлық жаса. Осыны іске асыру үшін барлық күш жігерін салатынын және бала өзі қимылдайтынын, ал оқытушы болса тек сол іс-әрекетті басқарып, бағыттап отыруы керек. Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылығы ынта-ықыласы олардың білім сапасы мен даму деңгейіне байланысты, ойлау іс-әрекетінің әдістерінің қалыптасуына тәуелді” [93, 43 б.].
Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылықтары мен ынта-ықыластары олардың білімдерінің деңгейі мен сапасына, ойлау іс-әрекеті әдіс-тәсілдерінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылықтары мен ынта-ықыластары мұғалімге де байланысты болады. Неғұрлым мұғалім әсерлі сюжет, оқиғаның оқыс күтілмеген бағыт ұстануы, мәселелік жағдай сияқты тәсілдерді пайдалану арқылы оқушылардың әуестігін оятуға күш салса, онда олар ынта-ықыластарымен белсене оқыр еді. Ал оқыту әдістері неғұрлым белсенді болса, соғұрлым оқушылардың қызықтыру жеңіл.
Қазіргі ауыл мектебінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіру мақсатында оқу-танымдық іс-әрекетке ынта-ықыласын ояту қажеттігі туындайды.
Оқу-танымдық іс-әрекетке деген ынта-ықыласты оятуда келесі қызметтердің маңызы зор: оқудағы жетістікті қамтамасыз ету; оқушылардың артта қалуының алдын алу; “қауіп-қатер балалардың” диагностикасы; үлгермеушілікті болдырмау; оқу материалының мазмұны (тарихи сапарлар, өмір тәжірибесінен мысалдар, мемлекет стандарт шегінен асу т.б.); білім берудің әртүрлі формалары мен әдістері, жаңа педагогикалық технологияларды қолдану; мұғалімнің оқушыларға қатынасы; балалар ұжымының қоғамдық пікірі; ақыл-ой қабілеттілігі мен жалпы оқу біліктерін дамыту.
Оқу процесі - өте күрделі жүйе, оның ішкі психологиялық сыры күннен күнге күрделене түсуде. Қазіргі таңда ауыл мектебінің алдына қойған мақсаттары мен міндеттері оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіру, осыған орай мұғалімнің өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі бейімдеу, оқыту шеберлігін дамытуды талап етеді.
К.Д.Ушинский дәл [36, 13 б.] көрсеткендей, мұғалім оқу үстінде болса ғана өмір сүреді, ол қалай оқуды тоқтатса, оның бойынан мұғалімдік өледі – деген. Сондықтан да мұғалім үнемі ізденісте, қозғалыста, даму үстіндегі дербсе, еркін жасампаз тұлға болуы керек. Осыған орай П.Ф.Каптерев былай деген: “Объективті сипаттағы бірінші қасиет мұғалімнің өзі оқытып отырған пәнін білу дәрежесінде, берілген мамандық бойынша, туыстас пәндер, кең білімдегі ғылыми даярлық дәрежесінде жатыр: содан кейін – пән әдіснамасымен, жалпы дидактикалық принциптермен таныстықта және ең соңында, мұғалім жұмыс істеуіне тура келетін балалар жаратылысының қасиеттерін білуде жатыр: субъективті сипаттың екінші қасиеті – оқытушылық өнерде, жеке педагогикалық талант пен шығармашылықта жатыр” [37, 14-б.].
Қазіргі кезде отандық педагогикалық психологиядағы зерттеулерде (С.Қ.Мұхамбетова) ұстаздық шеберлік компоненттерін былай деп атап көрсеткен:
- Психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімдарлығы, өз пәнін еркін, терең игеруі.
- Мұғалім мамандығына бейімділігі, педагогикалық қабілеттілігі.
- Кәсіптік көрегендігі.
- Педагогикалық сүйіспеншілік пен балаларға деген сенімділігі.
- Ұйымдастырушылық шеберлігі.
- Оқу-тәрбие процесінде кездесетін қиындықтарды жеңе білуі, шешімді дұрыс әрі уақытылы қабылдай алуы.
- Ұстаздық сезімталдығы, үлкен жүректілігі.
- Педагогикалық техника: - тіл мәдениеттілігі, сөзді орынды пайдалана білуі, сөйлеу шеберлігі.
Ұстаздық сырт бейнесі: киім кию, өзін-өзі ұстау мәдениеті.
Бет құбылысы, ишара, ыммен, қимыл-қозғалыстар арқылы өзінің сезімін, қатынасын көрсете білу.
- Ішкі жай-күйін, сезімдік көңіл күйін, мінез-құлқын игере білуі, өзін тежей алуы, қажетті жерінде педагогикалық ашу-ызаны пайдалана білуі.
Қарым-қатыныс жасай білу қабілеттілігі.
- Оқушылардың іс-әрекетін, қызметін, ұжымдық шығармашылық ізденісін ұйымдастыруы.
- Ұстаздық сезімталдық интуиция, шығармашылық өрлеу, батылдығы, сергектігі.
Оқушылардың белсенділігін арттырудың жаңа формаларын епті пайдалана отырып, жаңашыл ұстаз белсендіру әсерін жүзеге асырады, онда оқушылар: өз пікірінде тұра алуы; пікірталастар мен талқылауларға қатысуы; өз жолдастарына және мұғалімдеріне сұрақ қоя алуы; жолдастарының жауаптарын түзету; жолдастарының жауаптары мен жазба жұмыстарын бағалай білу; артта қалған оқушыларды оқытуы; үлгерімі нашар оқушыларға түсініксіз жерлерді түсіндіруі; өз бетінше шамасы келетін тапсырмаларды таңдауы; танымдық міндетті (мәселені) шешудің бірнеше түрін табуы; өзін-өзі тексеру үшін, өзіндік танымдық және тәжірибелік әрекеттерін талдау үшін жағдайлар ойластыруы; танымдық міндеттерді шешімнің өзіне белгілі тәсілдерін жинақтап қолдануы.
Оқу-танымдық белсенділік пен жалпы танымдық іс-әрекет проблемасына арналған көптеген еңбектерді зерттеу мынадай қорытынды жасауға әкелді. Оқу-танымдық ізденімпаздық пен белсенділік жеке тұлғаның алуан қырлы болмыс-бітімі болып табылады, ол сезімталдық, танымдық және еріктік үрдіс нәтижесі, танымдық мотив пен өзбеттілік әрекет тәсілдерінің жиынтығы, танымға деген тұрақты құлшыныс болып табылатын оқу-танымдық әрекетке бейімделуімен сипатталады.
Оқу-танымдық белсенділіктің өзін-өзі бақылау, бағалау, іс-әрекетке ие болу сияқты іс-әрекеттерді қамтитын бағалау-нәтижелік компонентінің қалыптасуының нәтижесінде оқушының оқу-танымдық әрекеті нысаналы, шығармашылық сипатта және мазмұнды, нәтижелі болады.
Оқушының өзін-өзі бақылай алуы, басқара алуы, бұл өз кезегінде игерілуге тиіс білімдерді терең меңгергенін, іс-әрекетті жетілдіруге қажет дағдыларды үйренгенін көрсетеді. Өзін-өзі бақылау ақыл-ой және дене
іс-әрекеттерінде болатын түрлі үрдістерді үйлестіре отырып, оқушының білім алудағы, практикалық, кәсіптік дағдыларды меңгерудегі ізденімпаздығы, белсенділігі, табандылығы сияқты қасиеттерінің көрінісі түрінде байқалады.
Оқушылардың оқу үрдісінде оқу-танымдық белсенділігін, әрекетін анықтау мақсатында әдіс-тәсілдер қолданылады (үлгілерін тексеру, бақылау, өзіндік бақылау, әңгімелесу, сауалнама алу).
Көптеген зерттеушілердің пікірінше, өз бетінше үздіксіз білім алудың қажетті жағдайы ретінде оқу-танымдық белсенділікті қалыптастыру болып табылады. Алайда, мектептерде оқушының осы қасиеттерін дамытуға байланысты бағытталған оқушылардың өзіндік жұмысының жүйесі әзірге қалыптасқан жоқ.
Өзіндік жұмысты ұйымдастыру мәселесі мен жоғары сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде оқыту үрдісінде түбірлі өзгеріс қажеттігі туындап отыр.
Сондықтан, оқу үрдісінде мынадай өзгерістер қажет:
- оқушының оқу-танымдық белсенділігін қалыптастыруға бағытталған жұмыс көлемін арттыру;
- оқу-бағдарламалық материалды ұйымдастыруда құрылымдық әдісті табу;
- мұғалімнің бақылаушы, бағалау-реттеуші қызметін қайта қарау;
- оқу пәндерінде мазмұнды-операциялық білім мен оқу-танымдық дағдыларды енгізу жолдарын табу.
Белсенді оқу-танымдық іс-әрекет оқушылардың ой еңбегі мен практикалық әрекетінің қызметін болжайды. Яғни, білім мен білік тек белгілі бір әрекеттерін орындаған кезде ғана толық, әрі саналы меңгеріледі және де бұл әрекеттерді оқушының өз бетінше орындағаны дұрыс. Тәжірибеден өз бетінше ізденуді, оқушылардың өзіндік жұмысын ебін тауып ұйымдастыра алатын, керек кезінде проблемалық жағдайлар туғызып, олардың назарын басты мәселелерді өз бетінше шешуге құштарландыра алатын мұғалімнің оқытуда ең жақсы нәтижеге жететіндігін көруге болады.
Қазіргі кезде мұғалімге қойылатын басты талап – оқушылардың белсенді іс-әрекетін, сезімін оята отырып, оларды басқара білу. Ол, біріншіден, тек дайын ақпаратты фактілер, заңдар, ережелер күйінде ғана беріп қоймай, оқушыларды өз бетінше іздендіретін, одан жаңа ақпарат алатындай оқу материалын берудің құрылымын қайта құруды талап етеді. Екіншіден, оқушылардың іс-әрекетіне деген мұғалімнің көзқарасын өзгертуді талап етеді. Яғни, мұғалім оқушылардың өзі белсенді жасампаз күш болатын, оқытудың ұйымдастырушы және басқарушысы болуы қажет. Ол оқытудың әр кезеңдерінде: үй жұмысын тексерген кезде, оқушылардың жаңа білімді енгізіп, оны тұжырымдаған және оларға сүйенген кезде, алынған білімді қорытып, бір жүйеге келтірген кезде де көрініп отыруы керек.
Оқу тәжірибесінде жиі кездесіп жүргендей, белсенді жұмысқа жеке емес, барлық оқушыларды қатыстыруды, яғни оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін басқаруды, сабақтың бос кезінде дидактикалық ойындардың көмегімен, үй жұмысының орындалуын мұғалімнің ұсынған үлгісімен салыстыру, түсінік беру, өзіндік жұмыстар арқылы жүзеге асыруға болады.
Жаңа білімді енгізу кезеңінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіру анықтамаларды, ережелерді, заңдарды, тұжырымның айқындығын дәлелдейтін шығармашылық тапсырмалар арқылы жүзеге асырылады.
Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетінің нәтижесі – олардың алынған білімді өз бетінше талдап және бір жүйеге келтіретін шығармашылық тапсырмаларды орындауы болып табылады.
Дидактикалық тұрғыдан алғанда, оқу-танымдық белсенділік сұрақ, тапсырма, көрнекілік, ой қорытындысын жасату, т.б. арқылы туындайды. Мұнда зейін, ерік тәрбиеленеді, шығармашылық ойлау қабілеттері дамиды.
Оқу-танымдық белсенділік оқушының жетілуі үшін аса маңызды. Белсенділіктің арқасында ғана оқушылар іс-әрекеттің ересектер таңдап алған неғұрлым нәтижелі және тиімді әдістер мен тәсілдерін меңгереді. Мұндай әрекеттерді бірнеше рет қайталау арқылы оқушы тиісті дағдыларды игереді. Алайда, инициативті, шығармашылықпен жұмыс істейтін, ескімен үйренген нәрсеге жаңаша көзқараспен қарай білетін, қандай да болмасын жаңа тапсырманы өз бетінше шеше білетін немесе бұрын бар тәсілді жаңа, анағұрлым тиімді жолмен шеше алатын жеке тұлғаны дайындау үшін, оқушының инициативті белсенділігі немесе шығармашылық белсенділігін әрқашан көтермелеп және дамытып отыру керек.
Инициативті, шығармашылық белсенділік әртүрлі дәрежеде көрінуі мүмкін. Алғашқы кезеңде бұл оқушының белгілі ережелерді өз бетінше орындауынан ғана көрінеді. Оқушының жетілуіне қарай ересектердің ешқандай ескертуінсіз, көмегінсіз өзіне белгілі ережелерді, жаңа есептерді шығару тәсілдерін анағұрлым икемді етіп қолдана бастайды. Мұғалім оқушылардың белсенділігін бағыттап отырады, алға қойған мақсаттарға жету үшін анағұрлым тиімді жолдарын іздеуге бағдарлайды, оқушының өзінің әрекеттеріне және оның нәтижелеріне сын көзбен қарауға түрткі болады.
Қазіргі кезде ақпаратты технологияның жедел дамуына байланысты оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіретін педагогикалық шарттың бірі – осы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге, өмірге бейімдеу болып табылады. Оны оқу үрдісінде қамтамасыз ету үшін оқыту формаларын ұйымдастыруға болады.
Жаңа технология, дәстүрлі емес әдіс-тәсілдердің маңызы жоғары, бірақ, көп жағдайда, әсіресе, ауыл мектептерінде бүгінгі күні әлі де болса, өз мәнін жоймаған, оқу үрдісінде пайдаланып жүрген, қазіргі қалыптасқан оқыту жағдайында жеке оқыту, ұжымдық сабақтар, жеке-ұжымдық жұмыстар арқылы, оқушылардың өзіндік жұмыстарын, т.б. оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде жаңа әдіс-тәсілдермен сабақтастыру оң нәтиже берері сөзсіз.
Сонымен, қорытындысоңында беріледі білім беру мен оқыту теориясы оқушыларды оқыту барысындағы, олардың саналылығы, белсенділігі, білімі мен біліктерінің беріктілігін, шығармашылық ізденістерін дамыту талаптарын қамтитындығын анықтадық. Оқу-танымдық іс-әрекеттегі белсенділік білімнің қоғамдық мәнін ұғыну, оны терең меңгере отырып, өзгермелі өмір жағдайында білім мен біліктерін шығармашылық тұрғыда қолдана алуымен сипатталады.
Ауыл мектептерінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіру мұғалім тарапынан басшылық пен ұйымдастырушылық және оқушылардың оқу үрдісінде танымдық ынтасына, қажетсінуіне, танымдық қызығушылығына тікелей байланысты.
Философиялық, психологиялық, педагогикалық ғылыми әдебиеттерді және оқу-әдістемелік құралдар мен ғылыми педагогикалық зерттеулерді теориялық талдауларымыз оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде маңызды болып табылатын «танымдық белсенділік», «танымдық іс-әрекет», «оқу әрекеті», «ауыл мектептеріндегі оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетті белсендіру» ұғымдарының мәні мен мазмұныны анықтауға мүмкіндік беріп, зерттеу мәселесіне байланысты жаңа анықтаманы пайда етті.
Теориялық талдаулар мен қазіргі ауыл мектеп практикасындағы нақты жағдайлар мен мүмкіндіктерді сараптау нәтижесінде арнайы анықтама бердік: Сонымен қатар теориялық зерттеулер мен ауыл мектептерінде жүргізілген педагогикалық эксперименттеріміз жоғары сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекетін белсендірудің құрылымдық-мазмұндық нобайын жасауға мүмкіндік берді.
Жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған және оқытудың дидактикалық жүйелік қағидасымен сәйкес құрылған теориялық модель: мотивациялық, мазмұндық және процессуалдық компоненттерді қамтиды. Көрсетілген компоненттер негізінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендірудің өлшемдері анықталып, көрсеткіштері нақтыланды. Осының негізінде ауыл мектебі жоғары сынып оқушыларының оқу-танымдық белсенділігінің төрт деңгейі (жоғары, жеткілікті, орташа, төмен) анықталды.
Ауыл мектептерінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіру жолдары ретінде:
● оқушыларды оқыту мен дамыту міндеттерін жүйелеу және кешенді жоспарлау;
● оқыту міндеттерінің маңызды мәселелерді негіздеуге сәйкестігі;
● педагогикалық әдіс-тәсіл мен сабақ құрылымын оңтайлы таңдау;
● оқу-танымдық міндеттерді шешу үшін оқушылардың қызығушылықтары мен танымдық қажетсінуін ескеру;
● оқыту үрдісінде озат іс-тәжірибелер мен жаңа педагогикалық технологиялары қалыптасқан дәстүрлі әдістермен ішкі сабақтастықта оңтайлы пайдалану;
● оқушылардың дара ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, тапсырмалар жүйесін жасау.
Жоғары сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекетін белсендендірудің негізгі факторлары ретінде: оқушылардың өз мүмкіндігін сезіну; олардың өз таңдауымен, қалауымен жұмыс істеуі; оқу үрдісінде оқушылардың өз іс-әрекетінен қанағаттануы; мұғалім тарапынан қойылатын талап пен оқушы мүмкіндігінің сәйкес болуы; мұғалімнің өзіндік танымдық іс-әрекетті оңтайлы ұйымдастыруы және оқушының қызығушылығы т.б. жатады. Бұл факторлар оқу мотивтерінің өрісін кеңейтіп, оқушылардың дербес шығармашылық әрекетке ұмтылысының пайда болуына негіз болады.
Оқу-танымдық іс-әрекетті белсендіру оқушының өзіндік танымдық әрекетіне тікелей байланысты қарастыру керек. Сонымен қатар бұл әрекетке неғұрлым жаңашылдық элемент, шығармашылық ізденіс тұрғыда қарау оқушылардың танымдық белсенділінің қалыптасуы мен дамуы көрінеді.
Сонымен, оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіру – оқыту үрдісін жетілдірудің басты шарты және жеке тұлғаны қоғам талабына сай қалыптастырудың мүмкіндігі ретінде қарастыруға болады деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |