Білім беру мақсаттарының ХХІ ғасыр талаптарына сәйкестігі.
Білім беру саласының алдында күрделі міндет – ақпарат таратудың заманауи құралдары қалыптастырған бытыраңқылықты жою міндеті тұр. Біз жаңа фактілер мен әртүрлі көзқарастар қабылдана бермейтін, таптаурын пікірлер мен бөтен нәрсеге үрке қарайтын ксенофобия үшін қолайлы орын болып табылатын әлеуметтік желілердегі шектеулі ақпараттық ортада көп уақытымызды өткіземіз.
Білім беру жүйелері біздің санамызда ойлау дербестігін және өз бетінше әрекет етуге қабілеттілікті, басқаларға жанашырлық таныту, құрметпен қарау, жұмыста және өмірде өзара ынтымақтастыққа дайын болуға қабілеттілікті тәрбиелеуі тиіс. Болашақтың адамы нақты моральдық бағдарға ие болуы, басқалардың алдындағы өз жауапкершілігін түсінуі және өз мүмкіндіктерінің шегін білуі керек. Ол дамыған мәдени зиятқа ие болуы керек және басқалардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын еркін қабылдауы керек. Ол қоршаған әлемді танып-білудің әртүрлі тәсілдеріне – ғылымға да, өнерге де ашық болуы керек. Болашақта көптеген іс-әрекет түрлері машиналардың орындауына көшеді, яғни адамға, оның дағдылары мен біліктілігіне, жеке тұлғасына қойылатын талаптар арта түсетін болады.
Андреас Шлейхер,
ЭЫДҰ білім және дағдылар жөніндегі директоры
|
Адамзат күн өткен сайын алуан түрлі экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және саяси сын-қатерлерге тап болуда. Демографиялық, геосаяси, технологиялық және экологиялық өзгерістердің жылдамдығы қарқынды артып келе жатқандықтан, адамзат барған сайын күрделі қауіп-қатерлерге тап болуда. Сонымен қатар оның алдынан бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктер де ашылуда.
Қазіргі таңда бізді қоршаған әлем өзара байланыс пен өзара тәуелділіктің жоғары деңгейімен сипатталады.
Қазір біздің әлемді өзгертетін және көптеген секторлардағы институционалдық статус-квоны бұзатын терең және кең ауқымды өзгерістер жағдайында білім беру мақсаттары мен оқушылардың өсіп-өркендеуі үшін қажетті құзыреттіліктерді қайта қараудың қажеттілігі айқын сезілуде. Цифрландыру, климаттың өзгеруі және жасанды интеллект саласындағы прогресс сияқты жаһандық үрдістер мектепте оқыту мақсаттары мен оқыту әдістерінің алдына маңызды проблемаларды қойып отыр.
Мұндай жағдайларда білім берудің мақсаты адамдардың және қоғамдастықтардың жергілікті және жаһандық деңгейдегі өзгерістерге бейімделуіне көмектесу ғана емес, сонымен қатар адамзаттың адамгершілік ізгілікті ұстануы және биофизикалық ортаны сақтауы үшін жастардың өзі өмір сүретін әлемді өзгерту және жақсарту әлеуетін арттыру болып табылады. Бүгінгі таңда көптеген елдер білім беру мақсаттары ретінде келесі мақсаттарды айқындайды: өзгермелі әлемге бейімделе алатын, өзінің кәсіби қызметін жауапкершілікпен және шығармашылықпен атқаратын, икемді, төзімді және ынталы адамдарды оқыту және тәрбиелеу.
Қазіргі уақытта ХХІ ғасырдың талаптарына сай болуға көмектесетін білім беру басымдықтары өзгеріске ұшырауда. Білім беру жастардың әлеммен шығармашылық қарым-қатынаста болуына және өзінің іс-әрекеттері үшін жауап бере білуіне мүмкіндік беруі тиіс. Білім беру тұрақты дамуға ықпал етуі тиіс, бұл үшін оқушыларды салмақты шешімдер қабылдауға және жауапкершілікпен әрекет етуге дағдыландыру қажет. Осының нәтижесінде олар қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, мәдени алуан түрлілікке құрметпен қарай отырып, экономика мен қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады.
Барлық азаматтар үшін жоғары сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету – әлемдік қоғамдастықтың білім беру саясатының маңызды негіздерінің бірі. 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) 2030 жылға дейінгі Тұрақты дамудың күн тәртібін қабылдады. 2016 жылғы 1 қаңтарда БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет қабылдаған тұрақты даму саласындағы (ТДМ) 17 Жаһандық мақсат күшіне енді.
.
Достарыңызбен бөлісу: |