2.3 Мультимедиалық проектор
Бүгінгі таңда оқыту процесінде проекциялық құрылғылардың атқаратын қызметіне байланысты бірнеше түрлері қолданылуда.
Бейнеқұрылғыларды пайдалану арқылы бейнелiк ақпараттармен жұмыс iстесе, мұндай проекторлар бейнепроекторлар деп аталады. Қарапайым пленкадағы кескiнмен және LCD –панельдегi компьютерлiк ақпаратпен жұмыс iстеуге арналған проекторлар оверхед-проекторлар немесе мәлiметтiк проекторлар (data-projector) деп, ал, бейнелiк және компьютерлiк ақпаратпен жұмыс iстеуге арналған проекторларды мультимедиалық проекторлар деп атайды.
Осы проекциялық құрылғылардың iшiндегi жан-жақты мүмкiндiгi қамтылған түрi - мультимедиалық проекторлар. Мультимедиалық проекторлар қазiргi таңда қарқынды дамып отырған жаңа құрылғылар болып саналады.
Мультимедиалық проекторлардың ең басты артықшылығы - оларды кез келген жаңа технологиялармен бiрлесе пайдалануға болады. Ол компьютерден, бейнемагнитофоннан, бейнекамерадан, теледидардан, DVD-дискiлерден т.б. алынған ақпаратты үлкен көлемдi экранға шығаруға арналған жаңа техникалық құрал. Мұндай проекторлардың шыға бастауы микроэлектрониканың, оптиканың, электротехниканың жетiстiгiне байланысты. Мультимедиалық проекторлар өлшемi үлкен экранда әртүрлi ақпарат түрлерiн көрсете алу нәтижесiнде ақпарат ұсынуда айтарлықтай төңкерiс жасады деп айтуға болады. Қолдануға және тасымалдауға жеңiл, техникалық тұрғыдан басқару тетiктерi қарапайым мультимедиалық проекторлар:
конференцияларда, презентацияларда иллюстрациялық мәлiметтердi демонстрациялау үшiн;
көрмелер ұйымдастыруда;
жарнамалық агенттiктерде;
әртүрлi нысандарды басқару орталығында диспетчерлiк пульттер жұмыстарында т.б. салаларда кең қолданыла бастады.
Проекторлардың қолданылу облысына қарай олардың модельдерi әртүрлi болып келедi. Осыған байланысты мультимедиалық проекторлар құрылымын мынадай категорияларға жiктеуге болады.
мобильдi презентациялық проекторлар;
офистiк инсталляциялық проекторлар;
үй кинотеатрында қолданылатын проекторлар.
Мультимедиалық проекторлардың оқыту процесiндегi дидактикалық мүмкiндiктерiн қарастырайық:
бейнекамераға жалғанған мультимедиалық проектор арқылы экранға көлемдi объектiлердi, фотосуреттердi, кiтап бетiндегi мәтiн үзiндiлерiн, тiптi, түтiкшедегi жүрiп жатқан химиялық реакцияларды да демонстрациялап көрсетуге болады;
бейнетаспаға жазылып алынған лекцияларды үлкен аудиторияда сабақ барысында пайдалану үшiн бейнемагнитофонға жалғанған проекторды қолдануға болады;
интернет жүйесiне қосылған компьютердi проекторға жалғау арқылы желiде коллективтiк экскурсия жасауға болады;
- компьютерлiк кластарда мультимедиалық проекторды пайдаланудың өзiндiк ерекшелiктерi бар: оқытушы өз компьютерiнде қажеттi бағдарламамен жұмыс iстей бастайды, ал оқытушының компьютерiне жалғанған проектор арқылы пайдаланушылар орындалған iс-әрекеттi үлкен көлемдi экраннан көрiп, оны өз компьютерлерiнде орындай алады. Бұл әсiресе, информатика сабағында тиiмдi.
Жоғарыда келтiрiлген ерекшелiктерiмен қатар, мультимедиалық проекторларға қосымша компьютерлiк бағдарламалық жабдықтарды пайдалануға болады. Мысалы, Microsoft PowerPoint бағдарламасы берiлетiн кез келген ақпараттар ағынын көрнекi түрде бейнелеуге және оларды жылдам әрi оңай құруға мүмкiндiк бередi. Бұл жағдайда ескеретiн жайт, презентация мазмұнына қатысы аз эффектiлердi көп пайдалануға болмайды. Ол тыңдаушының қажеттi мәлiметтi дұрыс қабылдауына керi әсерiн тигiзедi. Ал, Project Station бағдарламасы бiр презентациялық мәлiметтен екiншiсiне оңай ауысуға, компьютер арқылы проекторды басқаруға мүмкiндiк бередi. Network Manageable, Light Port бағдарламалары тораптық желiге қосылған кез келген компьютер арқылы проектордың жұмысын басқаруға негiзделген. Бұл кезде проекцияланған кескiндi кез келген пайдаланушы өз компьютерiнiң монитор экранынан көре алады.
Мультимедиалық проекторлардың мүмкiндiгi орасан деп айтуға болады. Оларды тек бiлiм беру салаларында ғана емес, iрi көлемдегi мәдени iс-шараларда, өнеркәсiп салаларында пайдалану да қолға алынуда. Мысалы, DeLight компаниясы Ресейдiң Едiл өзенiнiң бойындағы электр стансаларында диспетчерлiк басқару пульттерiн бейнепроекциялық құрылғылармен жабдықтау жобасын ұсынған. Бұл жоба бойынша аймақтағы барлық атом, жылу, су электр стансаларының жұмысын тәулiк бойы проекциялық аппараттар бақылайды.
Мiне, осындай мол мүмкiндiктi мультимедиалық проекторларды оқыту процесiнде жаңа техникалық оқыту құралдары ретiнде қолдану, қазiргi таңда оқытудың жаңа инновациялық әдiстерiнiң бiр көрiнiсi бола алады. Себебi, мультимедиалық проекторлар жоғарыда атап көрсетiлгендей ақпарат таратушы кез келген техникалық құралдарға сәйкестендiрiлiп жасалынған.
Достарыңызбен бөлісу: |