Тақырып 15. Білім беру менеджерінің көшбасшылығы және көшбасшылық қасиеті Жоспар Көшбасшылық түсінігі
Білім беру үдерісінде көшбасшылық өнер және шеберлік ретінде
Мектептегі көшбасшылықтың типі және сипаттамасы
Көшбасшылықтың гендерлік мәселелері
Мінез-құлық факторына талдау жасау
Негізгі түсініктер: көшбасшылық және көшбасшылық қасиет, тиімді көшбасшылық, білім беру үдерісінде көшбасшылық, мінез-құлық факторы, басқару мәнері
Көшбасшылар адамзат тарихының барысында барлық мәдениетте орын алған. Египет иероглифінің арқасында «көшбасшыны» білдіретін символдың бес мың жыл бұрын болғанын біле аламыз.
«Көшбасшы» (leader) сөзі ағылшын тілінен аударғанда «жетекші, бірінші, алда жүруші» деген мағынаны білдіреді. Бұл мойындалған үлкен беделге ие және ықпал ете алатын әрекеті басқаруда көрінетін қандай-да бір топтың (ұйымның) бет бейнесі (субъектісі). Бұл маңызды жағдаяттарда жауапты шешім қабылдауға құқығы бар топ мүшесі.
Көшбасшылыққа мыңдаған жылдар бойы тарихшылар мен философтар тарапынан үлкен қызығушылық танытылды. Дегенмен көшбасшылықты терең зерттеу жиырмасыншы ғасырдың басында басталды. Ол әрбір адамның өмірінде маңызды рөлге ие. Адамзат тарихы көрсеткеніндей, дәл осы көшбасшылар адамның әрекеті мен оқиғаларға шешуші ықпал етуге қабілетті, сонымен бірге дәл осы көшбасшылар әлемге түбегейлі ықпал етеді.
Мұғалім-көшбасшы болашақ туралы айқындықты көрсетіп, жаңаға бейімделуге, өзгерісті өтуге көмектесіп, әріптестерін шабыттандырады және оларды құлшындырады. Ол өз мақсатын құруы тиіс және оны сабақ беретін сыныптағы оқушыларымен қарым-қатынасы мен әріптестерімен кәсіби желілік қоғамдастық аясындағы өзара әрекетін өзгерту үшін қолдануы қажет. Мұғалім-көшбасшы өзінің айналасындағы адамдардың қажеттіліктерін ескеріп ұйымдастыра алуы тиіс. Ол оқушыларын, әріптестерін ынталандыра және шабыттандыра отырып, олармен қарым-қатынасты сенімге негіздеп құрады. Мұғалім-көшбасшылардың айрықша қасиеттерінің бірі – олар үнемі мәселені жаңа және бірегей шешудің жолдарын табуға ұмтылады. Бір мәселені шеше салып, жаңа мәселелерді айқындауға көшеді. Мектепті жетілдіру мақсатында жүргізілген зерттеулер көрсеткеніндей, дәл осы тиімді көшбасшылар мектепті жақсарту мен оқушылардың табысты болу мүмкіндіктеріне жанама ықпал еткен.
Білім беруде көшбасшылық маңызды рөл атқарады. Мұнда мұғалімкөшбасшының қабілеті оқушылардың тұлғалық қалыптасуына және әріптестерінің тұлғалық-кәсіби қалыптасуына жағымды ықпал етуін көрсетеді. Мұғалімкөшбасшы ынтымақтастық пен өзара шығармашылықтың жағымды психологиялық ахуалын сақтап, оларды конструктивті іс-әрекетке, міндеттерді өнімді шешуге және мақсатқа жетуге бағыттауға қабілетті.
Көшбасшылық туралы түсініктердің дамуы, осы бағыттағы эксперименттік еңбектер көшбасшылық түсінігінің төрт негізгі тәсілінің туындауына, қалыптасуына ықпалын тигізді. Алдыңғы тұжырымға сүйеніп жасалған еңбектер, алғашқысына қарағанда жетілдіре түсті. Олар келесі тәсілдер:
тұлғалық қасиеттері тарапынан;