5.1.2.2. Фосфор тыңайтқыштары, оларды алу жолдары, құрамы мен қасиеттері және қолдану ерекшеліктері Фосфор тыңайтқыштарын құрамында фосфор элементі кездесетін кендерден өндіреді. Фосфор кендері құрамындағы фосфор мөлшеріне қарай: өте жоғары (35 % P2O5), жоғары (28-35%P2O5), орташа (18-28% P2O5), кедей (10-18% P2O5), өте кедей (5-10% P2O5), фосфорлы тау жыныстары (0,5-5% P2O5) болып бөлінеді.
Фосфат кендері шығу тегіне қарай апатит және фосфорит деп ажыратылады.
Апатит - түссіз, жасыл немесе сары-жасыл түсті минерал. Фосфорит-кальций фосфаттарына аса бай шөгінді көне тау жынысы. Аморфты немесе криталды болып келеді.
Фосфорит құрамына қоспа ретінде кварц, халцедон, кальцит, доломит, глаукомит және органикалық заттар кіреді. Фосфориттің ірі кендері Жамбыл-Қаратауда, Ақтөбе облысында тараған. Фосфорит фосфор тыңайтқыштарын, фосфор қышқылы мен оның тұздарын өндіруде пайдаланылады.
Фосфор тыңайтқыштары әртүрлі еріткіштерде еру дәрежесіне қарай үш топқа жіктеледі (5-сурет):
• Суда еритін фосфор тыңайтқыштары (жай суперфосфат, қос суперфосфат, байытылған суперфосфат, суперфос).
• Суда ерімейтін бірақ әлсіз қышқылдарда еритін фосфор тыңайтқыштары (преципитат, фторсызданған фосфат, томасшлак, балқытылған магний фосфаты, фосфатшлак, термофосфаттар).
• Әлсіз қышқылда нашар еритін фосфор тыңайтқыштары (фосфорит ұны).
5-сурет. ФОСФОР ТЫҢАЙТҚЫШТАРЫН ЖІКТЕУ.
5.1.3. КАЛИЙ ТЫҢАЙТҚЫШТАРЫ 5.1.3.1. Өсімдік үшін калийдің маңызы Калий-өсімдіктер тіршілігіне қажетті элементтердің бірі. Орыс ғалымы К.А.Тимирязев: “Өсімдікке калий қажет, ол калийсіз тіршілік ете алмайды” деген болатын. Калий өсімдікте ион түрінде, цитоплазма коллоидтарында, ал негізінен (80-пайыз шамасында) клетка шырынында тұздар түрінде кездеседі. Ол органикалық қосылыстар құрамында болмайды. Калий өсімдіктің жас мүшелерінде көбірек болады. Көпшілік өсімдік күлінде оның мөлшері едәуір, ал картоп түйнегінде барлық күл мөлшерінің 50-пайыздан астамы калий үлесіне тиеді. Егер азот, фосфор дәнде көп болса, калий дәнді дақылдардың сабанында көбірек кездеседі. Калий өсімдіктердің бір мүшесінен екіншісіне тез еніп, түнде оның біразы өсімдіктен топыраққа бөлінеді. Көне жапырақтағы осы элементтің біраз бөлігін жаңбыр суы шаяды. Оны өсімдік қайтадан қабылдайды. Бұл құбылысты реутилизация деп атайды. Өсімдік тіршілігінде калий көптеген физиологиялық үрдістерге қатысады. Ол қарапайым және күрделі көмірсулардың синтезделуіне ықпал етіп, жапырақтағы көмірсулардың тамырға жылжуына себепші болады. Сөйтіп қант қызылшасының тамырында қанттың, картоп түйнегінде крахмалдың молаюына көмектеседі. Фотосинтез және тыныс алу үрдістері өсімдіктің калиймен қоректену деңгейіне байланысты.
Калий өсімдік организмдегі кейбір ферменттердің қызметіне әсер етеді. Мысалы, амилаза, инвертаза сияқты ферменттердің белсенділігін арттырады.
Өсімдікте кейбір витаминдердің түзілуі калий элементінің қатысында өтеді. Мысалы, аммиактан азотты органикалық заттардың пайда болуына әсер ететін тиамин витамині калий қатысында түзіледі. Калий жетіспесе плазма коллоидтарының суды ұстап тұру қабілеті төмендейді, өсімдік сола бастайды. Калий ауыл шаруашылық дақылдарының суыққа және түрлі ауруларға төзімділігін күшейтеді.
Калий өсімдік клеткаларының толысуына, бүршіктердің неғұрлым қаулап жетілуіне үлкен әсер етеді.
Д.Н.Сабинин калий, натрий, кальций өсімдіктердің цитоплаз-
ма құрылымын жақсартатын ролін көрсетті.
Ауыл шаруашылығы дақылдары вегетациялық дәуірінде калийді түрліше дәрежеде пайдаланады. Мысалы, көкөніс, қант қызылшасы, картоп, қарақұмық, темекі сияқты дақылдар астық дақылдарына қарағанда калийді молырақ қабылдайды. Дақылдардың негізгі және қосымша өнімдерінде калий мөлшері бірдей болмайды. Мысалы, пайдаланатын бүкіл калийдің 15 пайызы дәнді дақылдардың өнімінде, 85 пайызы сабанда, ал картоп түйнегінде 95 пайызы жинақталады. Кейбір дәнді бұршақ тұқымдастардың дәнінде калий көп болады. Сондықтан ауыл шаруашылық дақылдарын тыңайтуда калий элементінің рөлін білудің маңызы зор.