Байланысты: 488c3181-b8df-11e5-bf37-f6d299da70eeTy 1187 ayt 1179 yshtardy paydalanu 3 kitap 2012
5.1.4. МИКРОТЫҢАЙТҚЫШТАР 5.1.4.1. Өсімдік үшін микроэлементтердің маңызы Өсімдіктің қоректенуі мен өнімінің қалыптасуына және оның сапасының жақсаруына бор, марганец, молибден, мырыш, мыс, кобальт өте маңызды рөл атқарады. Микроэлементтер көптеген физиологиялық және биохимиялық процестерге қатысады. Олар ферменттердің, витаминдердің және микробиологиялық құбылыстарға қатысатын энзимдердің құрамдас бөлігі болады. Микроэлементтер өсімдіктің даму, ұрықтану, жеміс салу процестерін және ақуыз, көмірсу, май заттарының синтезделуін тездетеді. Мысалы, ақуыз құрамындағы 1 мг темір 10 тонна минералдық темірдің әрекетіндей әсер етеді. Өсімдіктің қоректенуіне микроэлементтердің жетіспеуі түрлі ауруларға төзімділігін төмендетеді.
Кейбір микроэлементтердің өсімдік үшін нақты маңызын қарастырайық.
Борөсімдіктің жеміс салу, клеткалардың бөліну процесінде маңызды орын алады. Бор жетіспесе өсімдіктің жеміс салатын мүшелерінің саны кемиді, крахмал мен қант заттары жапырақтарына жиналады, олардың тамырға және генеративтік мүшелеріне жылжуы бұзылады. Мұның өзі бор көмірсулардың синтезделуі мен алмасуына өте қажет екенін көрсетеді. Бор кейбір ферменттердің белсенділігіне әсер етеді, өсімдіктің катиондарды сіңіруін күшейтеді. Өсімдіктер борды қайта пайдалана алмайды.
Өсімдіктердің құрғақ затында бордың мөлшері бірдей болмайды. Астық тұқымдас дақылдарының 1кг құрғақ дәнінде 4,7мг, сабанында 8,5мг, қант қызылшасының тамырында 14,6 мг, жапырағында 45,9 мг бор болады (М.В.Каталымов).
Борды техникалық дақылдар көп, астық тұқымдастар аз пайдаланады.
Марганец фотосинтез, тыныс алу, хлорофилл пигментінің пайда болуына, өсімдіктің молекулалық азотты және нитратты азотты сіңіру процестерінде аса маңызды рөл атқарады. Марганец аскорбин қышқылының, қанттың және ақуыздың синтезделуіне әсер етеді. Өсімдіктің бір гектар өніміндегі марганец мөлшері 100-700 г шамасында болады. Ол техникалық дақылдардың өнімінде көп, астық өнімінде аз болады (34-кесте).
Молибден өсімдік тіршілігінде жан-жақты рөл атқарады. Ол түйнек бактерияларының атмосферадағы азотты байланыстыру процесін күшейтеді. Молибден жетіспеген жағдайда, бұршақ тұқымдас өсімдіктердің тамырлары түйнек түзбейді және азот жинай алмайды. Молибден нитратредуктаза ферменттінің құрамына еніп, нитраттарды аммиакка дейін тотықсыздандыру процесіне қатысатын. Өсімдіктің қоректенуінде молибденнің жетіспеушілігінен аланин, аспарагин, глютамин, пролин және аргинин сияқты амин қышқылдарының мөлшері кемиді. Ал амин қышқылдарының жетіспеушілігі ақуыздың азаюына әкеп соғады. Молибден өсімдіктің фосфорды тиімді пайдалануына әсер етеді. Егер молибден жетіспесе өсімдікте фосфордың минералдық қосылыстары көп, ал органикалық түрлері аз жиналады. Сонымен қант қызылшасы, капуста сияқты дақылдарда аскорбин қышқылының синтезделуі де молибденнің қатысында өтеді.
Өсімдіктің құрғақ затында молибден мөлшері өте аз болады. Мысалы, қант қызылшасы тамырының бір кг құрғақ затында 0,16 мг, жапырағында - 0,60 мг, бидай мен сұлы дәнінде - 0,16-0,19 мг болады.
Мырыш өсімдіктегі физиологиялық және биохимиялық процестерге қатысады. Ақуыз, май, көмірсулар, фосфор, қосылыстарының синтезделуі мырыштың қатысында өтеді. Мырыш әсерінен өсімдіктерде С витамині, каротин көбейеді. Ол өсімдіктің суыққа, құрғақшылыққа төзімділігін күшейтеді. Мырыш жетіспесе өсімдіктің өсуіне дем беретін ауксин тезірек бұзылады, судың мөлшері азаяды, осмос қысымы артады. Бұл элементтің жетіспеуі жапырақтар мен жемістердің ұсақ болуына себебші болады. Өсімдіктің 1 кг құрғақ затында шамамен 15-22 мг мырыш болады. Мырыш тапшылығын карбонатты топырақта өсірілетін - көкөніс, жүгері, жеміс ағаштары күшті сезінеді. Өйткені бұл топырақта мырыштың жылжымалы түрі аз болады (34-кесте).
Мыс өсімдіктің тыныс алуына, фотосинтезге, азотты заттардың алмасуына, хлорофилдің синтезделуіне әсер етеді. Өсімдіктерде кең таралған полифенолоксидаза, аскорбатоксидаза ферменттерінің құрамында мыс бар. Бұл элементтің жетіспеушілігінен әсіресе астық дақылдары көп зардап шегеді. М.В.Каталымов мәліметі бойынша өсімдіктің бір кг құрғақ затында 1,5-8,1 мг мыс болады (34-кесте).
Кобальт ақуыз бен нуклеин қышқылдарының түзілуіне әсер ететін В12 витаминінің құрамында кездеседі. Ол түйнек бактерияларының жұмысын күшейтеді. Кобальт дегидрогеназа, нитратредуктаза, гидрогеназа сияқты ферменттердің белсенділігін жоғарлатады. Кобальт өсімдіктің құрғақшылыққа төзімділігін күшейте түседі. Өсімдік түрі мен даму ерекшіліктеріне байланысты кобальт әртүрлі мөлшерде кездеседі. Орта есеппен өсімдіктің бір кг құрғақ затында 0,2-0,6 мг кобальт болады (34-кесте). Өсімдіктердің жақсы өсіп жетілуі үшін жоғарыда аталған микроэлементтердің бәрі де қажет. Осы элементтердің біреуі өсімдікке жетіспесе ол жақсы өспейді, ауырады, нашар өнім береді.
34-кесте. Өсімдік құрамындағы микроэлементтердің мөлшері.