Еңбек - адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру, еңбек етуге деген қызығушылықтарын ояту, дамыту, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Қазақ халқының дәстүрлі тәлім-тәрбие беру жүйесінде жас кезінен бастап баланы еңбекке, белгілі бір кәсіпке баулыған. Жалқау, еріншек, жатып ішер арамтамақ болма, еңбек ет, ата-анаңа қолқанат бол дегенді баланың санасына құйып отырған. Әрбір жас бала “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген мақал рухында тәрбиеленген. Ал, сіздер қалай ойлайсыздар, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалдың мағынасы қалай, қалай түсіндірер едіңдер? «Бақыттың кілті еңбекте» дегенді қалай түсінесіңдер? (Оқушылар мақалдың мағынасын ашады) Олай болса біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз еңбек туралы болмақ.
Оқушылар 2 топқа бөлінеді. «Еңбек» және «Туған жер» Оқушыларға екі түрлі тақырыпта мақал-мәтелдер жазылған парақшалар үлестіріледі, әр оқушы соған сәйкес өз тобын анықтап орындарына отырады. Топтарға тапсырмалар беріледі. «Кім көп біледі?» еңбек туралы мақал-мәтелдер жазып, оның мағынасын түсіндіреді. Оқушылар мақал-мәтел жазып жатқанда ата-аналар отбасындағы бала еңбегі туралы айтып береді. Еңбек туралы мақал-мәтелдер: Еңбегіне қарай — құрмет, Жасына қарай — ізет. Еңбек ер атандырады.
Еңбек ерлікке жеткізер, Ерлік елдікке жеткізер.
Еңбек еткен — мұратқа жеткен.
Еңбек етпей елге өкпелеме, Егін екпей жерге өкпелеме.