Жұмыс жүргізудің жалпыережелері Зертханада жұмыс істейтін әрбір студентке орын бөлінеді, студент өз орнын таза және жинақы ұстауы тиіс. Жұмыс істеу барысында жұмыс орнында артық заттар болмауы тиіс.
Зертханалық жұмыстарды орындағанда төмендегі ережелерді қатаң сақтау керек:
Сабақ алдында студент оқу құралы бойынша тәжірибе жасау барысымен алдын ала танысып, жұмыстың мақсаты мен міндеттерін нақты біліп, әрбір іс-әрекетін ойлап жасауы керек. Студент алдымен есеп (тәжірибенің атын, жұмыс барысын, реакцияларды) беріп және әңгімелесуден өткен соң жұмыс жасауға жіберіледі.
Лас ыдыста жұмыс жасауға, сонымен қатар этикеткасыз немесе түсініксіз жазбасы бар ыдыстардағы заттармен жұмыс істеуге тыйым салынған.
Пробиркадағы реактивтің артық мөлшерін реактиві бар басқа ыдысқа қайтадан құюға болмайды. Құрғақ тұздарды таза шпательмен немесе қасықпен алу керек.
Әр түрлі ыдыстардың тығынын алмастырмау керек. Тығынның ішкі беті таза болу үшін тығынды үстелге сырт жағымен қаратып қояды.
Ортақ қолданылатын реактивті өзінің жұмыс үстеліне алып кетуге болмайды.
Тәжірибе жасап болған соң металл қалдығын раковинаға тастамайды, банкаға жинайды. Қымбат реактивтерді (мысалы, күміс тұзының қалдықтарын) арнайы ыдысқа жинайды. Раковинаға еріткіштің қалдықтарын, жанғыш заттарды, реакциялық қоспаны, қышқыл, сілті және басқа да зиянды заттардың ерітінділерін құймау керек. Олар арнайы ыдысқа («органиканың қалдығы») жиналуы тиіс.
Раковина мен су төгетін жерлерге құм, қағаз, сынған ыдыс және басқа да қатты қалдықтар тастауға тыйым салынады, өйткені бұл канализацияның істен шығуына әкеледі. Барлық қатты қалдықтарды қоқыс салатын шелекке тастау керек.
Жұмыс жасау барысында реактивтерді, электр энергиясын және суды үнемдеп жұмсау керек. Қажет болмаған жағдайда электр құралдары мен жанған спиртшамын қосылған күйінде қалдыруға болмайды. Жұмыс аяқталған соң электр құралдары мен спиртшамын сөндіру керек.
Зертханалық жұмысты және әрбір тәжірибені орындау жұмыста берілген барлық нұсқауды қатаң сақтауды талап етеді. Тәжірибе ұқыпты, мұқият және асығыссыз жасалуы тиіс.
Студенттерге оқытушының рұқсатынсыз берілген жұмысқа қатысы жоқ тәжірибені жасауға немесе тәжірибенің ретін өзгертуге үзілді-кесілді тыйым салынады. Қарапайым тәжірибенің өзі қате жасалса, қауіпті болып саналады.