Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет14/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   69
ƏМІРЕҚҰЛ

Сөйтіп,  мен,  Айшаның  айтуы  бойынша,  1932  жылы  қыркүйектің

28-де дүниеге келген екенмін. Біздің ауылда сол жылы туған төрт-бес

қана  бала  бар  екенбіз.  Қолаханның  Аманбайы,  Əбіштің  Сүлеймені,

Мамыттың Седепкүлі... Тағы біреуін ұмыттым. Солардың ішінде қазір,

яғни XX ғасырдың аяғында, жарық дүниеде жүрген жалғыз мен. Қазір

ауылда 1932 жылы туған менен басқа ешкім жоқ.

Қалай өлмей қалғанымды құдіреті күшті бір Алла өзі біледі.

Сонда елден ерекше біздің үй қиыншылық көрмеген бе?

Айша айтады:

− Мұртаза, оның аталас інілері Əміреқұл, Нəметқұл, Сұлтан үшеуі

жасырып көмген бір қап бидайы бар екен, соны ашып алуға шамалары

келмейді ғой. Аңдыған ақыран (охрана, қарауыл, аңдушы дегені). Олар

–  кешегі  кедейлер.  Сенің  Күнікей  апаң  асыраған  кедейлер.  О,

аруағыңнан  айналайын,  Жолан  –  Жаныстың  қызы,  ұлы  Төле  бидің

ұрпағы  –  Күнікей  ханым  бүкіл  елді  асыраған  екен.  Жетім-жесірге

басына үй, алдына мал салып берген.

Оның  жақсылығын  иманы  барлар  əлі  жыр  қылып,  жылап  тұрып

айтады.

Біріақ қазір байды кім мақтайды, құртып жіберді ғой.

Əлгі  «ақырандардың»  ішінде  осы  мына  Тасбет  те  бар.  Саған

екіқабат кезімде ащы сүр етке жерік болдым. Сүр қайда - а - а? Содан

пияз жей беріппін. Ащы пияз ауқат бола ма? Құсып, лоқсып, өліп қала

жаздаймын.




Иə,  сөйтіп  мен  –  Барсхан  –  анамның  құрсағында  жатқанда-ақ

ащының  дəмін  татып  жетілгенмін.  Өйткені  құрсақтағы  шарана  ана

немен қоректенсе, ода сонымен қоректенеді.

Мені  сыртымнан  «сұсты»,  «жауқабақ»  деп,  тағы  бірдеңе  деп,

сыртымнан  сөз  қылады.  Көрер  едім  ғой  оларды,  менің  көргенімді

көрсе...  Тумай  жатып  ащыменен  уланса...  А,  бəлкім,  мені  шешектен

аман алып қалған ащы пияз шығар...

− Сөйтіп жүргенде, – дейді Айша, – келер жылы, яғни 1933 жылы

Мұртазаны  Түлкібастың  түрмесіне  қамап  тастады.  Жиырма  сегізінші

жылғы кəмпескеден қалған-құтқанды тағы сыпырып əкетті. Бердімбет

сайының  қабағына  көміп,  аман  алып  қалған  алты  қинат  ақбоз  үй  бар

еді, шіріп кетер деп кейін Мұртаза мен Əміреқұл аршып алған. Соны

да алды.

− Əй, Барсхан, сен Əміреқұл көкеңді білесің бе, айтпақшы? Ойбу,

Құдай-ай,  қайдан  білесің?  Онда  бір-ақ  жаста  едің  ғой.  Əміреқұлдың

баласы Медетхан да бір жаста. Екеуің түйдей жасты едіңдер ғой...

Əміреқұл – Мұртазаның туған інісі. Шіркін, еркекте мұндай бозым

жігіт  болды  ма  екен.  Сенің  əкеңдей  емес,  бойшаң  еді.  Сұлулығында

есеп жоқ. Ай, көркем жігіт еді... Құдай жанын жаннатта қыла гөр.

Айтып  едім  ғой.  Мұртазаның  əпкесін  Нұралы  деген  қырғыз  алған

деп.  Осы  Əміреқұл  сол  əпкесінің  артынан  көп  барады  екен.  Жақсы

көрген болуы керек. Əлде пешенедегі жазуы шығар, сол қырғыз жаққа

барғыштап жүріп, Шарбан деген қызға ғашық болады.

Не  керек,  сол  Шарбанды  Əміреқұл  алып  қашып  келсін.  Артынан

адыраңдап қырғыздар қуып келсін. Арада жанжал шығып кете жаздап,

əйтеуір, əрең басылған.

Бір  жылдан  кейін  балалы  болды.  Атын  Медетхан  қойды.  Содан

1933 жыл келді. Əкеңді Түлкібастың түрмесіне қамап қойды. Əміреқұл

артынан  барып  жүрді.  Сөйтіп  жүргенде,  бір  күні  ауданнан  Анарбай

деген  уəкіл  келді,  ауылдың  старшыны  Кешенді  ертіп  алып,

Əміреқұлдың үйіне түседі. (Үй қазіргі темір ұстаның орны болатын.)



Əміреқұлға:

− Кəне, күміс ерді бер! – дейді.

Бермеймін, – дейді Əміреқұл.

− Неге? – дейді зорақылар.

− Ол əкем Бердімбеттен қалған көз, ескерткіш.

− Əкең Бердімбет бай болған ғой. Сен байдың баласысың ғой. Онда

ағаң Мұртазаның қасына барып жатасың! – дейді белсенділер.

−  Маған  десең  атып  таста,  тірі  тұрғанымда  бермеймін,  –  дейді

Əміреқұл.  –  Əкем  Бердімбет  осы  ер-тоқымға  мініп,  анам  Күнікейді

сонау Төле би ауылынан алып қайтқан. Бұл – тарих, бұл – ескерткіш,

түсіндіңдер ме?

Түсіну  қайда,  ауданнан  келген  уəкіл,  қасында  милисасы  бар,

старшын  –  бəрі  жабылып,  Əміреқұлды  соққыға  жығып,  күміс  ер-

тоқымды тартып əкетеді.

Тұқымдарыңа  біткен  мінез  бе,  білмеймін,  сол  заманда  күміс  ер-

тоқым  тұрмақ,  адам  қынадай  қырылып  жатқан  заманда,  күштіменен

күреспей-ақ  қою  керек  пе  еді...  Ақыры  намыстан,  күйіктен  Əміреқұл

бейшара өртеніп кетті. Қападан, қайғыдан өлді...

Мұртаза  сол  жылы  түрмеден  шығып  келді.  Осы  қазір  соғыста

жүрген  Бауыржан,  ол  кезде  ауданда  бір  өкімет  болып  істейді  екен,

əкесі Момыш атамыз, жарықтық, Мұртазаны жанындай жақсы көруші

еді, кішкентай күнінде Бауыржанды артына мінгестіріп келіп, ылғи да

біздің үйге түсіп, қымыз ішіп кетіп тұрушы еді... Сол Бауыржан кейін

ер жетіп, қызметке араласып, Мұртазаны абақтыдан шығарып алды.

Əміреқұл  қайтыс  болғанда,  жесірі  Шарбан,  əйел  біткеннің

ажарлысы,  сұлу  Шарбан  жынданып  кете  жаздады.  Əміреқұлдың

өлгеніне  сенбей,  Сəрсенбай  қайнағасына  жалынып,  Əміреқұлдың

мүрдесін  қаздырып  (бізден  жасырып)  көріпті.  Көрді  ашып  қараса,




Əміреқұлдың қияқтай сұлу мұрты жидіп түсіп қалған екен. Əне, содан

кейін көңілі суыған...

Ағайын  əмеңгерлік  жолымен  Шарбанды  Мұртазаға  қоспақшы

болды.  Мен  де  сорлы  екенмін,  көнбедім.  Сөйткен  Мұртазаның  менің

қасымда  қалғаны  кəне?  Қызғанғаның  –  қызыл  итке...  Оның  үстіне

Мұртаза байдың баласы деген қоңырауы бар, қос қатын алды деп тағы

бəле жаба ма... Не керек, елден жесір кетті, жетім бала кетті. Сүйекке

таңба  болды.  Жесір  мен  жетім  ерден  кетсе  де,  елден  кетпеуші  еді.

Заман кері кетті...

Түн ортасы болған шығар. Шұбар қораз шақырды. Аулақта Мамыт

атаның төрткөз иті ұзақ ұлыды. Айша:

− Е, өз басыңа көрінгір, – деді итке.

Кім  біледі,  сол  түні  не  Орха,  не  Ноха  оққа  ұшқан  шығар.  Мамыт

атамның бұл екі баласы да соғыстан қайтпай қалды.

Мен  əлі  баламын.  Бірақ  əлгі  Əміреқұл  əңгімесінен  кейін  зіл

қорғасын ойлар қамалап, көпке дейін ұйықтай алмаймын.

Тау жаққа қараған жалғыз терезеден Ай сығалайды:

«Ұйықта, бала, əлі көрер көресің алда» дегендей болады...





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет