ЖАЛАҚСАРЫ ФИНАГЕНТ
Осы көпірдің астынан өткен сайын Байжұман жəкем есіме түседі.
«Көпірдің астынан өткені несі?» деп қаларсыз. Əдетте көпірдің
астынан емес, үстінен өтеді ғой. Бұл енді темір жол. Боранды бекет
темір жолының астында атты арба, машина өтетін тесік бар. Соны
жұрт «көпір» деп кеткен. Кейде көпшілік те сондай бір қате түсінікке
көндігіп кетеді де, сөздің түбіріне мəн бере бермейді.
Баяғыда Байжұман жəкеміз сатылы арбаға үйіп тұрып шөп артып,
Борандының базарына бара жатқан ғой. Аттардың божысын баласы
Көшкенбайға ұстатып, өзі шоқиып, үйме шөптің үстіне шығып
отырған.
Жəкеміздің қателескен жері осы. 1937 жылы Мыңбұлақ ауылының
бас көтерерін қынадай қырқып əкеткенде, Байжекең қырғызға қашып
кетіп, аман қалған. «Қызыл қырғыннан» аман қалуға ақылы жеткенде,
көпірден таяқ жегені өкінішті-ақ.
Шөпті қайбір жетіскеннен сатады дейсің. Кемпірге шəй керек,
қызға көйлек керек... Əйтеуір, Құдай қырсығына айдап шыққан ғой.
Содан темір жолға да жетеді. Темір жолдың астынан өтер жер
еңісте. Еңіске қарай арба екпіндеп ала жөнелмей ме? Баласы əкесіне:
«Ойбай, жата қал», − дегенше болмай, арба темір жолдың астына
сүнгіп кетеді. Жəкеміз шөптің үстіне етпеттеп жата бергенше болмай,
арба сықырлатып туннельден арғы бетке өте шығады. Баласы аттарды
тоқтатып, арбаның үстіне қараса, əкесі ес-түссіз жатыр екен. Темір
жолдың қаптама көк цементі Байжұманның мақталы шапанын дал-дал
қылып, жон арқасының терісін шелдеп, сыпырып түсіпті.
Емханада екі ай жатып шыққан соң, үйіне оралған Байжекең айтты
дейді: «Жоқ арқамның терісін сыпырғанша, қос басымның бір басын
қағып түсіргені жақсы еді», − деп.
Желкесінен жоғары қос қолдай бір ісігі бар еді. Содан жұрт оны
«Қосбас» атайтын. Жай тымақ, тақия оның басына сыймас еді, өзіне
арнайы сопақ баскиім тіктіретін.
Осы оқиғадан кейін, Жуалының басшылары жоғарғы өкіметтен
рұқсат сұрайды: темір жолдың астынан өтетін үңгір жолдың табанын
жарты метр тереңдетейік деп. Рұқсат етпей қойды. Бұл мəселені тегі
Мəскеудің өзі, ондағы Темір жол министрлігі шешеді екен, ондағылар:
«Тəйт!» − деп еді, ешкім тиісе алмады.
Сонымен, сол «көпір» əлі сондай.
Жақында ғана, Əулиеатадан Мыңбұлаққа бара жатып, машинамен
əлгі «көпірден» өтерде: «Байжұман жəке, Құдай иманыңды берсін», −
деп бетімді сипадым.
Машина өрге қарай тырмыса бергенде, тапалтақ тамның тұсында,
жолдың жағасында отырған кісіні шырамытып, шопырға:
− Тоқта! − дедім.
Машина тоқтай қалғанда, əлгі кісі келіні ұл тапқандай қуанып,
құнжыңдап:
− Кел, кел, − деп айқайлады.
Дəл осы жерде, баяғыда, біздің бала күнімізде, Орынбай дейтін
ақсақал кісі екі балдағын екі жағына қойып, темекі сатып отырар еді.
Қырғыз атамның темекісін Айша осы Орынбайға əкеліп тастаушы еді.
Сол сатып беретін. Жарықтық, сампылдап сөйлейтін аңқылдақ, адал
кісі еді.
Айша:
− Өзіңе аманат. Өзімдікі емес, кісінікі, − десе, Орынбай:
− Ой, Айша, өзгеден жесем де, сенен жемеймін ғой. Жесем, о
дүниеде Мұртазаның бетін қайтып көремін, − дейді екен, жарықтық.
Сондай да таза адамдар болған. Болған.
Ал мына қазір отырған кісі мүлдем басқа. Ол Орынбай емес, бірақ,
құданың құдіреті, бұ да темекі сатып отыр. Орынбайдың темекісінен
өзгешелігі: түрлі-түрлі сигарет, көбісі шетелдікі. Дорбаға салып,
стақандап сатып отырған махоркасы да бар.
− Кел, кел, сигарет ал: мальбора бар, сөберен де бар...
Сірə, менің кім екенімді таныған жоқ. Кім екенімді мен де айтқан
жоқпын. Бірақ мен таныдым.
Қатты өзгеріп, қартайыпты. Əлі ішеді екен: арақ сасиды.
Қалтырауық болыпты.
* * *
Мен ес біліп, он екіге аяқ басқан кез. Қырық төрттің көктемі еді.
Ұмытуға болмайтын көктем. Əсіресе осы көктемде ашыққандар
көбейді. Қылтиып жуа шықты. Жуа теріп жейік десек, Айша:
− Күн күркіремей, ауыздарыңа салушы болмаңдар! − деп, маған,
Құрмашқа, Батырханға қатты ескертті.
− Неге, неге? − деп қыңқылдап едік, Айша:
− Уы бар, сеспей қатасыңдар! − деді.
Күннің күркіреуінің жуа уына қандай қатысы бар, оны біз
түсінбейміз. Енді күн қашан бұлттанып, қашан күркірер екен деп
аспанға қарап телміретінді шығардық. Қасақана аспан шайдай ашық,
көгілдір. Жəудіреп, мөлдірейді де тұрады. Жер бетінен жаманшылық
атаулы аласталғандай мамыражай.
Шыдай алмай, қартаң құлақ қазып жейміз. Қартаң құлақ дегеніміз
жабайы редиска сияқты бірдеңе. Кейінірек содан шоңайна деген тікен
өсіп шығады. Құдайдың рахымы шығар, қартаң құлақтың уы жоқ
сияқты. Бар болса да, біз тірмізік шығармыз.
Өстіп, бір ыңыршағымыз айналып отырғанда, біздің оқшау үйге
ойқастатып, ат ойнатып біреу келді. Басында «Сталин фуражке».
Галифе шалбар, сары гимнастерка. Белінде бес елі белдік. Иығында
қайыс баумен асынған қайыс сөмке.
− Шешең қайда? − деп шаңқ етті əлгі шикіл сары. Орыс па деп
қалсам, қазақша сайрап тұр.
− Жұмыста.
− Неге налог төлемейсіңдер? − Даусы жіп-жіңішке, бірақ удай ащы
екен. Қатын дауыс неме екен.
− О не? − дедім мен түсінбей.
− О шешеңді... − Шикіл сары аттың үстінен еңкейіп, сірə, мені
ұрмақ болып, қолын соза беріп еді, ыршып түсіп ұстатпадым. Анау ауа
қармап, аттан аударылып қала жаздап, тізгін тартып, бойын əрең
тіктеді. Сірə, мас болуы керек.
− Қара, мұның білмей қалуын. Налогты білмейсің бе?! − Көзі
көкшіл екен, ежірейіп кетті, − Салық! О, орысша оқымаған надан!
Е, салық екен ғой. Салықты білемін. Салықшы басқа болатын.
Талай келген. Айшаны талай зарлатқан. Ол басқа еді. Мынау...
Салық не екенін қысқы ұзақ түндерде Айша бізге тəптіштеп
түсіндіретін.
− Баяғыда, − дейді Айша, − Қоқан деген патша болыпты. Біздің ел
сол патшаға бағынады екен. Бағынышты елге Қоқан салық салады
екен. Оның салықшылары ел аралап жүріп:
− Ойма тазға − он теңге, қырма тазға − қырық теңге! − деп жар
салады екен.
− Сонда шашы барлар салық төлемей ме? – деймін мен. Айша
күледі. Иə, Алла осылай күлдіре көр. Ол күлсе, жадау жанымыз
жадырап қалады. Күліп алады да, Айша:
− Неғылған, − дейді. − Жан салық, мал салық, жер салық, тағы да
не еді, əлгі, ұмытып қалдым... Əйтеуір, тұлдыр қалдырмаған ғой. Жан
басына салық салған. Ең соңында, – дейді Айша, − қыз салық деген
шығыпты. Бір ауылдан жылына Қоқанға бір қыз беріп тұрған. Ал енді
шатақ осыдан шыққан. Патшаның мейманасы тасып, Құдайды
ұмытып, араны ашылған ғой. Араны ашылған жаман. Содан мына
біздің Жаңабай Шымырдағы Байзақ датқа қол жинап, Қоқанмен
соғысқан дейді ғой. Ақыры, Қоқан Байзақ датқаны қолға түсіріп,
зеңбіректің аузына таңып қойып, аспанға атып жіберген дейді. Жанын
жаннатта болғыр, Байзақ қолы-қол, аяғы-аяқ, жерге бөлек-бөлек түссе
керек. Жұрт солай дейді ғой, мен қайдан білейін...
Бұл − Айшаның айтқаны.
Ал мен кейін өсе келе, оқығаным бар, тоқығаным бар, ойлап
қарасам, салықтың тарихы адамзат тарихымен тетелес көрінеді.
Аллатағала Адам Ата, Хауа Ананы жаратқаннан кейін, олардың
балалары Абыл, Қабыл өсіп жетілмей ме. Абылы мал бағыпты,
Қабылы жер шұқылап, бау-бақша, көкөніс өсіріпті. Жаратқан Құдірет,
Жасаған Ием немелерінің жемісін жеп көргісі келіп, өзіне шақырыпты
дейді. Абыл қойын жетектеп барады, Қабыл қауын-қарбызын алып
барады. Сонда Жаратқан Құдіретке қойдың еті көбірек ұнаса керек.
Абылды қайта-қайта мақтай беріпті. Қабылға аса назар салмапты.
Қызғаныштың қара найзағайы тұла бойын кернеген Қабыл қайтып
келе жатып, Абылды таспен ұрып өлтіріпті. Содан бері адамзат
аспанынан Қабылдың қызғаныш бұлты арылмайтын көрінеді.
Əне, алғашқы салықтың əлегі сондай. Сыпайы салықтың түп атасы
қайда жатыр?!
Ал енді, кейін тарих пəнінен тақылдап «бес» алып жүргенде
ұққаным: Петр бірінші деген патша сақал қойғандарға да салық
салыпты. Қызық. Сақалдан қандай табыс бар? Салық табыс бар
жерден алынуы керек қой. Боярлар дей ме, помещиктер дей ме, шаруа
байғұсқа қаз салық, торай салық салады екен. Сірə, ақылай төлей
алмаса керек. Содан қаздарын қаңқылдатып, торайларын қорсылдатып,
қожайынның қорасын толтыра берген ғой.
Күні кешегі большевик заманында бойдақ салық, қубас салық
дегенді өз көзімізбен көрдік. Бойдағы мейлі. Үйленбегені үшін өзі
кінəлі. Ал енді қубас салық дегені − көтенсіздік. Ешқандай иманға
келмейді ғой. Марқұм, Оралхан Бөкей, жаның жаннатта болғыр,
бірінші əйелінен бала көрмей, өмірінің ақырғы үш-төрт жылына дейін
перзентсіз болғаны үшін салық төлеп, жалақы айлық алған сайын: «О,
Алла, менің жазығым не? Салықты маған бала бермеген сен
төлемейсің бе?!» − деуші еді.
Ай, тəлкек тағдыр-ай, екінші əйелінен бала сүйіп, қубас салықтан
енді құтылдым ба дегенде...
Сонымен, сонда мен 1944 жылдың ашөзек көктемінде, əлгі шикіл
сарыдан: «Налог деген не?» − деп сұраппын. «Налог» дегеннің не
екенін онда мен қайдан білейін? Мектепте орыс тілінен оқытатын
мұғалім жоқ. Өзім жуа теріп жеуді аңсап, зарығып тұрмын.
Аттан түспей, əлгі сары Сталин фуражкасын бір шекесіне
қоқырайтып, жалпақ ернін тілімен жалап тұрып:
− Үйіңде арақ бар ма-ей? − деді.
− Қайдағы арақ? Арақ тұрмақ айран да жоқ.
− Шешеңе айт, шешеңді... Кешке келем. Так, май, жұмыртқа, жүн
салық, жан салық, подоходный салық. Бəрін дайындап қойсын.
Сөйтті де атын тебініп, қамшымен сауырына салып қалып, Əбіш
атамның ауылына қарай шаба жөнелді. Қайыс дорбасы салпаң-салпаң
етеді.
Қаны шығып жарылған ернін тілімен жалай бергені көз алдымнан
кетпей, қарап тұрып жүрегім айныды. Құсқым келді. Мүмкін, қарным
уілдеп, ішегім шұрылдағаннан шығар. Көзім қарауытып, шауып бара
жатқан жалақ сары бұлдырап қана көрінді.
Қызық. Біздің ауылда Қуанышбайдың ғана ерні жалақ. Ол түсінікті.
Өзі жетім. Өгей шешесі өзінен туған Наушарбанды жетектеп, төркін
жағына көшіп кетті. Қуанышбай жалғыз қалды. Жылқы бағады, шөп
тасиды, жер жыртады. Шаң қауып, тозаң жұтады. Ал əсіреңкі сарыға
не жоқ? Бұл неден зарығып, ерні жарылады?
Айтқанындай, ымырт жабыла, жұмыстан қайтқан Айша бір құмған
шəйді алдына ала бергенде, əлгі сары жан алғыштай жетіп келді.
− Жеңеше, − деді масаң сары көңілді үнмен, − салық төлемепсің.
Сөйтіп, қайыс дорбасының қақпағын ашып, қара мұқабалы қалың
дəптерді суырып алды.
− Так, так. А, міне: Бердімбетова Айша. Алты кило сары май. Отыз
кило ет. Жүз жұмыртқа. Он кило жүн. − Содан соң, шегір көзі
күлімдеп, − Еще бір шиша ар - а - ақ, − деп қыңсылады.
− Арақ та өкіметтің салығы ма? − деді Айша жақтырмай,
− Өзің біл, жеңеше, ішің білсін, əлуай. − Содан соң, ызғарлана
қалып, − Білемін, түсінемін, − үйдің ішін тінткілей қарап: − Əлгінің
бəрін бірден төлей алмайсың. Отсрочка. Біртіндеп төлейсің. Бір шиша
арақ.
− Ай, шырағым, бұл үйде Мұртаза барда да арақ болған емес. Не
деп тұрсың өзің?
− Сенің үйіңде болмаса, Жетпісбайдың үйінде бар, содан ал. Қазір
төлей алмасаң, қарызға ал.
− Қарызын қайтіп төлеймін? Жетпісбай шал қарызға арағын
көрінген адамға бере бермейді. Менің төлей алмайтынымды біледі.
Жалақ сарының шегір көзі ақшаң етті. Қамшысымен етігінің
қонышын сарт еткізді.
− Онда салықты төле! Өкіметпен ойнама. Соғыс. Жеңіс жақын.
Жеңіске тезірек жету үшін, өкіметке жəрдем керек. Салықты табанда
төлеу керек.
− Берерімді бəрін беріп болғанмын. Қысты күні ана сенің алдыңда
болған финагент Мұртазадан қалған жайнамазды да тартып əкеткен.
Оны қайтесің десем, əскерге шұлғауға жарайды деді. Басқа не бар, іліп
алар ештеңе қалмады. Жалғыз сиыр əлі бұзаулаған жоқ. Тусын. Сосын
майыңды төлеймін. Екі ешкінің жүнін қырқып берейін. Тауық туса,
жұмыртқаңды да төлейін. Ал енді етке менің езімді соймасаң, етке
өткізер малым жоқ.
− Табасың!
− Қайдан табамын, шырағым? Үй өртеніп болған соң от та сөнеді
ғой. Өйткені жанатын ештеңе қалмайды. Бəрін тауысып болдыңдар
ғой. Енді салықта тыйылмай ма?
− Міне, бұл фашистерге жақ адамның сөзі. Демек жауды жеңуге
жəрдемдескің келмейді. Ладно. Онда өкпелеме, ертең милиция ертіп
келемін.
Милициядан үрейіміз ұшып қалған. Мен, қарындасым, інім, −
бəріміз қосылып ұлардай шуладық.
− Өшір үніңді! − деді Айша бізге. − Тексіз немеге бола көз
жасыңды қор қылма. Əкесі жаман еді. Ондай əкеден қандай текті бала
туады деп едің. − Одан соң финагентке каһарлана бұрылды: − Əй,
жалақ, əкелсең əкел милисаңды! Мені еттің өтеміне алсын. Мына
баланы (мені көрсетіп) майдың орнына алсын. Мына қызды
(Құрмашты көрсетіп) жүннің орнына алсын. Мына жəутікті
(Батырханды көрсетіп) жұмыртқаның орнына алсын. Ертіп кел!
Финагент сасайын деді. Мастығы тарқап, қамшысын бүктеп мытып
ұстап, шегіншектегендей болды.
− Олай сөйле - е - е - меңіз, − деп «сізге» көшті.
− Енді қалай сөйлеуім керек? Қара суды қайнатып май түсірмесем,
май жоқ. Мыналардың (бізді көрсетіп) көз жасын тосып, тостағанға
құйып, арақ орнына бермесем − арақ жоқ. Іш осылардың көз жасын.
Ол − арақтан ащы. Əйда, сонда мас боласың, кəйіп қыласың.
− Тіліңе шоқ түскір, тілің қандай улы еді! − деп, финагент есікті
тарс жауып, шығып кетті. Үрей қамаған үйде біз қалдық. Есі кіріп
қалған Құрмаш:
− Апа, неге сонша ашуландың? Бəле болатын болды ғой, − деді.
Əлі арыны басылып болмаған Айша:
− Құдай берген жанды − Құдай алады. Бізге жанды Құдай қарызға
берген. Қарыздың сүрегі («срок» дегені) қашан бітеді, сонда барып
өлеміз. Қорқа-қорқа болдық қой, қараң қалғыр, − деді.
* * *
Мынау сол финагент. Орынбай шалдікі сияқты мұның да екі
жағында екі балдақ жатыр. Сірə, сол қырық төрт-қырық бестің
қысында, ауданға бара жатқан жолда, қатты боран соғып, адасып, екі
аяғы үсіп кетіпті. Өзі де қатып қалатын екен, қойнындағы бір шиша
арақ жанын сақтап қалыпты.
Мені танымады. Шетелдік машинамен жүрген өкімет деп, бір
қызыл қорапты ұсынды.
− «Мальбородан» да мына «Сөберен» жақсы, − деп қалды.
Темекіні қойып кетсем де, əлгіні қалтама салып, ақшасын төледім.
Содан соң Мыңбұлаққа жеткенше, финагент көз алдымда тұрды да
алды.
Достарыңызбен бөлісу: |