ШОЛАҚ СИЯҚҰЛ
Көктемнің көкөзегі. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы.
Қой Мүрделі сайдың басында, ақ шидің арасында жайылып жатыр.
Шолақ Сияқұл екеуміз ескі томарлардың үстінде шоқиып-шоқиып
отырмыз. Арқамызда − Тəңіртау, алдымызда − Қаратау. Қаратаудың
бер жағында, Теріс өзенін бойлап пойыз кетіп барады. Ылдидағы
пойыз өрдегі бізге жұлдызқұрт сияқты болып көрінеді. Жүрісі мимырт
сияқты. Кім біледі, пойыз да зорығатын шығар. Жүгі ауыр ғой.
Шолақ Сияқұлдың көзі жасаурап тұрады. Ылғи, үнемі жасаурап
тұрғандықтан, дəйім де жас жуып тұрғаннан болар, көздері жəудір.
Сəбидің жанары сияқты тап-таза. Жалғыз қолымен төс қалтасынан
мүйіз шақшасын алады. Қос саусағымен шашақты қайыс тығынын
суырып, шақшаның сүйір басын астыңғы ерніне тақап тұрып, насыбай
салады. Жалғыз қолмен шақшаны қайта тығындап, қайтадан көне
гимнастерканың төс қалтасына салып, түймелеп, орнында ма дегендей
алақанымен сипалап қояды.
Содан соң күлімсіреп, сақал-мұртын сипап:
− Осы пойыз болмаса, мен елге жете алмас едім, − дейді.
− Соғыс сонда сонша алыста ма? − деймін мен Шолақ Сияқұлдың
əңгімені өзі бастағанына қуанып.
− О - о, − дейді Шолақ Сияқұл, − жердің түбі. Мысалы, мен
Лейлінградтың түбінен қайттым. (Ленинград дегені). Лейлінградтан
осы біздің Боранды-Бурныйға дейін тура бір ай жүрдік қой.
− Онда əлі соғыс болып жатыр ма?
− Қайда?
− Ленинградта?
− Лейлінградтан пəшістерді қудық қой тырқыратып. Сол қуып бара
жатқанда Волху (Волхов дегені) деген жерде маған снаряд тиді ғой.
Осыны айтып, Сияқұл сол қолымен оң қолының орнын сипалайды.
Қол орнына гимнастерканың қуыс жеңін уыстады.
− Осы қолым сонда қалды.
− Снаряд деген қандай болады?
Шолақ Сияқұлдың жəудір көзі шақшиыңқырап, сұстанып шыға
келді.
− Снаряд? Не десем екен? Кəдімгі келісап бар ма? Дəл соның
басындай.
− Апыр-ай, тағы да болса талқандап кетпеген екен, − деймін əрі таң
қалып, əрі үрейленіп. Шолақ Сияқұл маған қарайды. Содан соң шарбы
бұлт шалықтаған көкпеңбек аспанға қарайды.
− Əуелі Құдай. одан соң аруақ сақтады ғой, − деп ескі зират жаққа
бұрылады.
Осы сайдың басында ескі зират бар. «Мүрделі сай» деп атайтыны
сондықтан. Онда Сияқұлдың əкесі, бабасы жатыр. Менің бабам
Бердімбет те, əжем Күнікей де сонда. Бұрын олардың басында арабша
жазуы бар көк тас болады екен. Кейін топырақ басып қалды ма, əлде
бір имансыз алып кетті ме − жоғалып кетіпті.
− Снаряд тиердің, алдында окопта жатып түс көрдім, − деді Шолақ
Сияқұл. − Түсімде бір ақ шолақ қасқыр арс етіп шапшып, оң қолымды
жұлқылап жатқанда, əкем келіп қорқауды таяқпен ұрып, мені
ажыратып алды. Содан окопта сыз өтсе де қатты ұйықтап қалған
екенмін, шошып ояндым. Əлгі түсімді түсіне алмай, мең-зең болып
біраз отырдым. Сол-сол екен: «Атака!» − деген айқай шықты. Атып-
атып тұрдық. Окоптан шыға салып, «уралап» ұшып барамыз. Адам
айтып болмас аласапыран. Жан-жағымдағы солдаттар мұрттай ұшып
құлап жатыр. Бұрылып қарауға да мұрша жоқ. «Е, Алла!», «Иə,
Аруақ!» − деп, салып ұрып келе жатқанда, көзімнің оты жарқ ете
қалғанын білемін. Ары қарай түк есімде жоқ. Сөйтсем, госпитальдан
бір-ақ шығыппын...
Шолақ Сияқұл шақшаға тағы қол салды. Насыбайын атып алып,
қап-қара сақал-мұртын тағы сипап қойып:
− Əні, інішек, менің бүйтіп жəрбиіп сенің қасыңда отырғаным:
əуелі Құдай, одан кейін аруақтың арқасы, − деп жалғыз қолымен менің
шашымды ұйпалақтап қойды, − Жаңа өзің айтқандай, əлгі снаряд сəл
кеудеме таман тисе, талқандап-ақ кетер еді ғой. Жоқ, содан сəл бұрын
марқұм əкем аян берді: оң қол кетті, жан қалды.
Шолақ Сияқұлға көмекші (сақманшы) болғаныма ризамын. Тасбет
Сияқұлға қой қоздар кезде сақманшы болады деп мені мектептен
сұрап алған. Айша:
− Осы сенен басқа бала құрып қалып па?! − деп арқаланып келе
жатты да, артынша:
− Мейлі, барсаң бара ғой. Шолақ Мияқұл сені ренжітпес. Қойдың
сүтін ішіп, ішегің ағарар, − деді.
Бұл ауылдың əйелдері қайнаға, қайындарының атын өстіп
бұрмалап айтатын əдеті. Сияқұл десе ұят, Мияқұл десе жарасады.
Айтса айтқандай, қойды өрісте католекке сауып, от жағып, тас
қыздырып, қызған тасты сүті бар католекке баж еткізіп тастап
жібереміз. Сəл суытып, Шолақ Сияқұл екеуміз кезек-кезек ішеміз.
Нансыз болса да тамақ.
− Соғыстан оң қолдың орнына осы католекті байлап қайттым, −
деп қояды Шолақ.
Жамырай, жаппай туып жатқан қой жоқ. Күніне үш-төртеуі
қоздайды. Соған сақ болсаң болды, басқа алып бара жатқан жұмыс
шамалы.
Бір күні:
− Аға, сізге орден бермеді-ау? – дедім қарап отырмай. Баламын ғой,
əйтпесе ондай сұрақ дуайтпаттау ғой. Жарасының аузын тырнайын
деген ниетім жоқ, бірақ абайламай аузымнан шығып кетті.
Шолақ Сияқұл жасаурап тұратын мөлдір қара көздерін Қаратауға
қадады. Үндемей отырды да:
− Інішек, соғыста байтал түгіл бас қайғы. Орденге ұсынған
көрінеді. Кəмəндір айтқан, сен геройсың деп. Бірақ мен соның соңына
түспеппін, тегі.
− Сұрау салсақ қайтеді? Ұсынса, сізге орден жазылған да шығар.
Адасып қалған шығар. Ондайлар аз ба?
Шолақ Сияқұл əуелі сақалы шошаңдап күліп жіберді. Лезде
күлкісін тыя қойып, бетіме үңіле қарады.
− Əй, осы сен бірдеңе білесің-ей, − деді. − Оқуың қалай өзі? Хат
жаза аласың ба?
− Е, хат жаза алмай не бопты? Биыл бесін бітірейін деп қалдым
ғой, − дедім мен шамданыңқырап.
− Е, бəсе, Мұртаза көкем молда кісі еді ғой. Əсіресе Əміреқұл
ағамыз, ой, қыса оқығанда, шіркі - і - ін, майын тамызушы еді-ау. Сен
соларға тартқансың ғой. Ай, айтпақшы, хат жазсақ қайтеді?
− Қайда?
− Өкіметке.
− Сталиннің өзіне ме?
− Стəлін жолдастың қолы тие бермес. Осы орденнің бастығы
Кəлінін деуші еді ғой. Соған. Қалай? Жаза аласың ба?
− Жаза аламын. Тек сіз айтып отырыңыз.
− Онда жарайды. Болса болар, болмаса біздің неміз кетіпті. А?
Жазып көрейік.
Сонымен, күн бесін ауа қойды айдап, жаңа туған қозыларды салпаң
құлақ көк есекке артып алып, қораға қайттық. Əпуза жеңгеміз:
− Бүгін ерте қайттыңдар ғой. Мен күн əлі ерте шығар деп отқа
шəйнек қоймап едім, − деп, қазан-аяқ қамына кірісті.
Шолақ Сияқұлдың екінші класта оқып жүрген Сейіткерім деген
баласының дəптерінің қақ ортасынан екі парақты ажыратып алып, хат
жазуға кірістік. Екеуіміз аласа, дөңгелек үстелдің басында отырмыз.
Шыны сауытта іріңкіреп кеткен кек сия бар екен. Ручканың перосы
«86» екен. Қағазды тырнап жазады. Соны жөнге келтіріп біраз
отырдық. Терезесі көздей, ыс басқан аласа үйдің іші қараңғы тартқан
соң, Əпуза шишасыз шырағданды бықсытып, сықситып жағып қойды.
Түтіні қолқаны қабады. Əпуза:
− Немене, екеуің тегі ыздиыса қалыпсыңдар, − деп қағытты.
− Бар, бар. Барпылдамай өз ісіңді біл, − деп, Шолақ Сияқұл шаруа
алдында сызданып алды.
Шолақ Сияқұл соғыстан қайтқан селдір-саяқ солдаттардың бірі
ғой. Алдымен белі бүкшиіп Өскенбай келді, одан соң бармақтары
сексеуілдің жігеріндей бырысып-тырысып Сəмбет келді. Контужин
алып, Төреқұл келді. Тізесінің қақпағын оқ тескен оң аяғы бүгілмей,
серейіп Жорабек келді. Əсіресе соның жүрісі қызық: алдымен оң
аяғын серейтіп, жаны жоқ бөтен заттай лақтырып алға тастайды, сол
аяғы оны содан кейін барып қуып жетеді.
Қағаз-қаламды дайындап, Сияқұл не айтса соны жазайын деп мен
отырмын. Ол қуыс жеңін сол қолымен уыстап алып:
− Жаз, − деді. − Аса қадірлі, алтыннан ардақты, күмістен салмақты
Кəлінін жолдас!
− О кісі қазақша түсіне ме? − дедім мен күмəнданып.
− О, ол кісілер барлық тілді біледі ғой, əйтпесе патша бола ма?!
Ішімнен: «Шыннан біле ме екен?» десем де, Сияқұлдың айтқанын
бұлжытпай қағазға түсірдім.
Сияқұл жазуыма үңіліп қарады да:
− Қолың жақсы сияқты. Оқышы, кəне, − деді.
Мен оқып бердім. Айтқанын сөзбе-сөз қағып алғаныма риза
болғандай, жалғыз қолымен арқамнан қағып қойды. Бұл менің бірінші
алған «қаламақым».
− Ары қарай, − деді Сияқұл тамағын қырнап, жөткірініп алып. −
Мен майданнан қайтқан солдатпын. Аты-жөнім: Асанов Сияқұл.
Дəкументте солай. Бірақ қазір мені ауылдағылар «Шолақ Сияқұл»
дейді. Heгe дейсіз ғой? Неге десеңіз, мен мың да тоғыз жүз қырық
бірінші жылы армияға алынып, майданға аттандым. Тілерсектен қан
кешіп жүріп соғыстым. Айтпақшы, сіздің атыңыздағы қала түбінде,
демек Кəлінін қаласының түбінде айқасқа түстім. Санын дəлдеп айта
алмаймын,
талай
пəшісті
жер
жастандырып,
жаһаннамға
аттандырдым. Содан Лейлінград түбінде, Волху майданында қатты
шайқас болып, сол жерде оңбай жараландым. Он қолымды снəрəт
жұлып кетті. Сөйтіп, автомат ататын, грəнəт лақтыратын қолдан
айырылып, шүкімəйт болып қалдым.
Осы жерде менің қаламұшым қағазға тіреліп қалды.
− Не болды? Жазбай қалды ма? − деді Сияқұл.
− Шүкімəйт деген не?
Сияқұл көзі жасаурап, жалғыз қолымен қап-қара шоқша сақалын
саумалап, күлді.
− Ой, мен сені білгіш пе десем... шүкімəйтті білмейсің бе?
Қасқырдың асығы ғой.
− Иə, біз қойдың, ешкісін асығымен, кейде сиырдың топайымен
ойнаймыз ғой. Қасқырдың асығын көрген емеспін.
− Көрмесең, қасқырдың асығы жартыкеш болады, алшы жағы бар,
тəуке жағы жоқ, − Міне, мына мен сияқты. Бір қолым бар, бір қолым
жоқ. Содан мен де жартыкеш болып көрінемін. Байқамайсың ба?
− Бос жеңіңізді жан қалтаңызға тығып жүрмесеңіз, байқалмайды.
− Жеңі құрғыр желбірей берген соң тығамын дағы, əйтпесе сəн
үшін дейсің бе. Кəне, ары қарай тарт. Қай жерге тоқтап едік?
− «Шүкімəйт болып қалдым».
− Иə, содан мені енді соғысқа жарамайсың деп еліме қайтарды.
Елім − Қазақстан, бұрынғы Əулиеата, қазіргі Жамбыл облысы,
бұрынғы Түлкібас, қазіргі Жуалы ауданы, бұрынғы Мыңбұлақ, қазіргі
Талапты колхозы. Мен кетерде үлкен кəмəндір айтқан: «Сен, Асанов,
ерлік көрсеттің, батыр екенсің, орденге ұсынамын», − деп.
Аса құрметті, қадірменді ақсақалымыз Кəлінін жолдас! Менің сол
орденім қайда болды екен? Ауылдағы балалар менің орденім бар
десем, сенбейді. Көзіме айтпаса да, сыртымнан: Асанов Сияқұл бір
қолын берсе де, бір орден ала алмапты ғой деп күледі. Сондықтан егер
мүмкін болса, менің орденімді Жуалы военкоматына жіберсеңіз екен.
Шынында да, менің бір қолым бір орденге татымағаны ма? Осы намыс
өлтіріп барады. Мен түсімде екі қолым бүтін, ұдайы соғыста жүремін.
Ал оянып кетсем − оң қолым жоқ! Сипалаймын − жоқ.
Қазір елге келген соң да қарап жатқан жоқпын.
Жалғыз қолмен қой баққан қиын, əрине. Осы өткен қыста қасқыр
шапты. Жалғыз қолмен жуан таяқпен бастан ұрып, əлгі қасқырды
соғып алдым. Соны көріп ауылдағылар: «Сен шынымен батыр екенсің,
пəшістерді қырғаның, орден алғаның рас екен», – деді. Рас дейін
десем, омырауымда орден жоқ.
Аса құрметті Кəлінін жолдас! Менің осы өтінішімді аяқсыз
қалдырмасаңыз екен. Деніңіз сау болып, Стəлін жолдастың
басшылығымен жүз жасауыңызға тілектес − майдангер Асанов
Сияқұл. 4-сəуір, 1944 жыл.
− Басынан бастап оқып шықшы, − деді Сияқұл.
Мен мектепте тақпақ айтқандай тақылдатып оқып бердім.
Сияқұл көзі күлімдеп, қуанып, риза болды.
− Əй, Əпуза, шəй əкел! − деп айқайлады.
* * *
Сол жылы күзде тағдыр мені туған ауылдан жел айдаған қаңбақтай
ұшырып алып кетті. Арада көп жыл өтіп, мен студент болып
жүргенімде, жазда демалыс алып, ауылға келдім. Шолақ Сияқұл қой
баққанын қойып, пенсияға шығыпты. Мен келді дегенді естіп,
əдейілеп іздеп келді. Жалғыз қолымен мені қапсыра құшақтап, тұла
бойы дір-дір етіп, көкірегі сырылдап, көпке дейін ажырамай тұрып
алды. Сол жақ жан қалтасынан кіршеңдеу орамал алып, жасаураған
көзін сүртті.
Отырдық. Хал-жай сұрастық. Бір кездегі қап-қара сақал-шашына ақ
кіріп, бурыл тартыпты. Қайта-қайта: «Айналайын, інішек» дей береді.
Шəй ішіп болған соң шаруасын айтты.
− Інішек, баяғы екеуіміз Кəлінінге жазған хат есіңде ме? − деді.
− Иə, есімде.
− Есіңде болса, сол хатқа жауап болмады. Борандыдағы поштаға өз
қолыммен зəкəзнəй қылып-ақ салып едім, қызынды... жауап болмады.
Көп ұзамай Кəлінін өліп қалды деп естідім. Сірə, сонда сенің айтқаның
рас болды-ау деймін, қазақша хатты түсінбеген шығар. Қош. Мейлі, ол
өтті-кетті. Енді жағдай мынадай болып тұр, інішек. Пенсияға шықтым
ғой. О басында бірінші группа деп берген. Енді осы біраз күн бұрын
қайтадан кəмесия қарап, екінші группаға түсіріп тастады. Осы жайды
айтып, қазіргі бастық Вəрəшіловке арыз айтсам ба деп едім. Сен оқуың
жүйрік қой, өзің Мəскеуде оқисың. Бұл жолы қазақша емес, орысша
жазсаң, Құдай бұйыртса, бірдеңе шығады-ау деймін. Енді орысшаға
əбден жетік болдың ғой. Хат жазып бер.
− Жарайды, − деп, қолыма баяғыдай емес, автоқалам, əдемі ақ қағаз
алып:
− Ал айта беріңіз, − дедім.
− Оу, інішек, мен орысша айта алмаймын ғой.
− Қазақша айта беріңіз, мен орысшаға аударып жазамын.
− Онда «бісміллə» деп баста. «Аса құрметті, алтыннан ардақты,
күмістен салмақты Вəрəшілов жолдас! Жаздың ба? Мен Асанов
Сияқұл, Волху майданында ерлік көрсетіп, соғысып жүріп, оң
қолымнан айырылдым. Оң қолымның топшысынан тұқылы ғана
қалған. Кəмесия бірінші группа берген. Енді жақында жаңа кəмесия
шығып, қолымды қайта қарап, сəнтіметрлеп өлшеп, екінші группаға
түсіріп тастады. Сонда қалай? Менің снəрəд жұлған қолым, енді мен
қартайғанда, қайтадан өсіп шығып жатыр дей ме екен, қызыңды...»
− Оу, Сəке, Ворошилов жолдасқа мұндай боғауыз сөз жазуға
болмайды, − деймін мен автоқаламды қоя салып.
− А - а, солай ма? Қайдан білейін қызыңды... ауыз қалып алып
кеткен ғой. Əйтпесе, боқтағаным емес бұл.
− Жарайды. Ары қарай айта беріңіз.
− «Солай, Вəрəшілов жолдас. Топшысына таяп жұлынған оң
қолымның тұқылы, əсіресе күн бұлттанса, əлі күнге дейін сырқырап,
қақсап ауырады. Ал біздің Жуалының ауа райын өзіңіз білесіз ғой, жиі-
жиі қабағы қарс жабылып қалады...»
− Оу, Сəке, Ворошилов жолдас Жуалының ауа райын қайдан
біледі? «Білесіз ғой» дейсіз. Қайдан біледі?
− А - а, солай ма? Патша болғаннан кейін бəрін көріп-біліп
отыратын шығар дегенім ғой. Онда ол жерін жазбай-ақ қой. Жаз ары
қарай: «Аса құрметті Вəрəшілов жолдас! Біздің военкоматты Мəскеуге
шақырып алып ұрсыңыз. Батыр майдангер Асанов Сияқұлды неге
ренжітесің деп мəшкесін беріңіз. Миың бар ма өзіңнің деңіз, Волху
майданында қалған, алдақашан шіріп кеткен көл, Асанов Сияқұлға
тіріліп келіп, қайта біткен жоқ қой деңіз. Тіпті, анау шанышқылы
Əзімханның қолы сияқты шынтағынан қырқылса, протез салып алар
еді. Ал Асанов Сияқұлдың қолы протез жалғауға келмейді ғой деңіз.
Ай, бір ұялсын, қызыңды... военкомат.
− Оу, Сəке, тағы...
− А - а... онысын жазбай-ақ қой. «Сонымен, менің арыз жазып
айтарым: маған бірінші группамды қайтарып берсін. Айтпақшы,
баяғыда, сол Волху майданында кəмəндір маған орден беріледі деген.
Сол орденнен əлі хабар жоқ. Осы арызым Кəлінінге жазған бұрынғы
хатымдай жауапсыз қалмасын. Жауап бермеп еді, Кəлінін өлді де
қалды. Сіз де...»
− Оу, Сəке, өйтіп айтуға болмайды.
− А - а... солай ма? Қайдан білейін, қыз... Қойдым, қойдым.
Осымен хат тəмəм.
* * *
Ақыры, орденді де ала алмай, «бірінші группасын» да ала алмай,
нағыз жауынгер, батыр майдангер Асанов Сияқұл дүниеден өтті. Анда-
санда Мыңбұлаққа барғанда көңілім Шолақ Сияқұлды іздейді. Енді
ешкім маған хатта жаздырмайды. Бəрі сауатты. Əңгімелесіп, сыр
айтатын да адам сиреді...
Достарыңызбен бөлісу: |