БАЛАСЫН ІЗДЕП, АНАСЫН ТАПҚАН АЙША
Ініне су кеткен суырдай сүмірейіп үйге кіре берсем, қарындасым
мен інім боздап қоя берді.
Жүрегім су - у - у ете қалды. Айшаға бірдеңе болған екен дедім.
Қаным басыма шапшып, шеке тамырларым шытынап, шыныдай шарт-
шарт сына жаздады.
− Не болды-ей?!
Бұл менің оспадарсыз сұрағым.
− Сен өліп қалды... екен... деп... – Қарындасым солығын баса алмай
солқылдады.
− Е, мен келдім ғой. Соған да жылай ма екен. Айша қайда?
− Сені... сені іздеп кетті.
− Қайда?
− Білмейміз, Молотов жаққа...
Өзім де бір сұмдықтың боларын сезіп едім. Бір күнге деп, бір апта
жоғалып кету... еш қисынға келмейді. Жөнсіз, жорықсыз қылық.
Бірақ болары – болды, бояуы сіңді.
Ал Айша қайда?
Қуан екеуміз сол кеткеннен бір күн өтеді, екі күн өтеді.
− Ay, Айша, əлгілерден хабар бар ма? – деп Уəйда қайта-қайта
келеді. Абыржу басталады.
Айша Қали нағашысына барып, осылай да осылай, екі бала
жоғалып кетті, үш күн болды, хабар-ошар жоқ дейді. Жаны қиналғанда
барар жері, басар тауы – Қали. Басқалардан не қайыр? Бас көтерері –
Қали. Қали бір көзін қысып алып, аппақ дөңгелек сақалын ары-бері
сипалап:
− Е, бала неме, Молотовтағы жолдастарын көріп, ойнап кетті ме...
Əлде Байтанадағы нағашыларына барды ма... Жүрген шығар, шыда, –
дейді.
− Қайдам, нағашы-оу, өзі безгектен əрең тұрған... Қасындағы Қуан
есі бар, ересектеу еді, не болды?
− Е, Құдай сақтар, оның жасында əкесі Мұртаза Жаңабай Байзақ
датқаның немере қызын алған. Есі кіріп қалды ғой.
− Сол датқаның немере қызымен-ақ отасып тұра бергенде ғой
Мұртаза... Мен бүйтіп азап аранына түспес едім-ау, – деп Айша
аһылайды.
− Қой, өйтіп асылық сөз айтпа, – дейді нағашысы. – Құдай
пешенеңе не жазды – сол болады. Мұртазадай ер қайда?! Есіл ер
қиянат құрығына ілінді ғой.
Күйеуінің жақсы қасиетін айтқанда, Айша кəдімгідей еңселеніп,
рухтанып қалады.
− Жарықтық жаның жұмақта болғыр, осы баласын шымшықтай
шырылдап қорғаушы еді. Ой, бұл бұзық болатын. Мен ұрсам, əкесі ара
түсіп, соның жолында құрбаны болғысы кеп тұратын. .. Ал енді
сөйткен баласынан мен бейбақ айырылып қалсам, о дүниеге барғанда
Мұртазаға не деймін, не бетіммен көрінем, нағашы-ау?!
− Қой енді, уайымдай берме. Жарайды, мен қалаға барып
Сейтжанға айтайын. Милицияның қолы ұзын ғой. Іздесе, тез табылар.
Сонымен, үш күн өтеді, төрт күн өтеді. Енді екі əйел қосыла
күңіренеді. Осы уақытқа дейін сабыр сақтап келген Уəйда:
− Айша-ау, енді қайттік? – дейді.
− Қали нағашым қалаға барып, милицияға хабарлаған екен, бір
дерегі болып қалар, – дейді Айша.
Айша кінəлі адамдай. Уəйданың үйіне кіріп алғанымен тұрмай,
жалғыз ұлына жамандығы тимесе неғылсын. Бəлені бастаған Барсхан
ғой. Əйтпесе, Қуанның Молотов жаққа бару қаперінде де жоқ қой.
Енді екеуі барып, Гүлсімге бал аштырады.
Гүлсім – Қали, Сəли, Бөпетай, Сатайлардың аталас ағайыны
Қауғаның қатыны. Қауға деп жеңгелері атап кеткен. Əйтпесе,
əжептəуір аты бар екен. Оны жұрт ұмытқан. Жарықтық екі көзі қасқыр
көрген ешкінің көзіндей шарасынан шыға шақшиып, жасаурап тұрар
еді. Сақалы да ешкі сақал. Ашаң, бүкіштеу кісі еді. Алғаны –
Əулиеатадағы Мама-Шəріп саудагердің қарындасы Гүлсім. Шешесі
тəжік, əкесі өзбек. Тəжікше, өзбекше, қазақшасы аралас, ерекше, будан
тілде сөйлейтін. Дауысы шəңкілдектеу, тілі сақауға ұқсас, қызық кісі
еді. Қауғамен екеуінде бала жоқ.
Содан да болар, тауықтың ұясындай кішкене құжырасына Гүлсім
балаларды көшеден шақырып алып, жүгері нан, құрт, елде жоқ науат,
кəмпит үлестіретін. Сірə, қаладағы саудагер төркінінен əкелетін
шығар. Жұма сайын құдайы шелпек пісіріп, көшеге шығып, балаларды
іздеп жүріп үлестірер еді, жарықтық.
− Дəметкен аруақтарға тие берсін деп жеңдер.
− Дəметкен аруақтарға тие берсін! – деп шулайды балалар.
Соғыстан соңғы ашаршылық. Соның өзінде мұндай қайырымды
адамды Құдай неге ғана бір балаға зар етіп қояды екен, түсініксіз.
Əне, сол Гүлсімге барып, Айша мен Уəйда құмалақ аштырған ғой.
Гүлсім басқалар сияқты қойдың құмалағымен бал ашпайды. Гүлсімдікі
лобия. Лобия сыртына Жаратушының өзі жазу жазып қойғандай, əдемі
өрнегі бар. Ақ лобия, көк лобия, қызғылтым, қырмызы лобия...
Гүлсім лобия тартып, Айша мен Уəйдаға:
− Балаларың аман-есен. Аяқтары үзеңгіде. Құдай қаласа, келіп
қалады. Қанжығасы тоқ. Соған қарағанда олжалы-ау деймін, – дейді.
− Айтқаның келсін, Гүлсім жеңеше-ау, – деп Айша қуанып қалады.
− Аузыңа май, – дейді Уəйда.
Екеуі үйлеріне қайтып, «сары биені» сауып, бір самаурынды ортаға
алып, көңілдері жайланады.
Бірақ бесінші күн өтеді...
Алтыншы күн дегенде, Айша шыдай алмай жолға шығады.
Құрмаш пен Батырханға:
− Ал мен кеттім. Барсхан тірі болса, – өзін, өлі болса – өлігін, алып
қайтамын, енді сендер қаңғырып кетпей, тырп етпей, үйде отырыңдар,
– деді.
* * *
Басқа бағыттан адасса да, Бурылтаудан адаспайды. Айша терістік –
батысты бетке алып, Молотов осы жақ қой деп, жолсызбен төтесінен
тартады. Молотовқа баратын тас жолға түссе де болар еді. Бірақ ол
алыс, орама жол. Алдымен қалаға бару керек. Одан Атшабар айналып,
Ойық көшесіне түсу керек. Зибасы жоқ Ойық көше...
Оған зауқы соқпады. Бурылды тіке бетке алса, Асаның ар жағы –
Байтана, Байтананың астында – Молотов. Бірақ Байтана мен
Молотовтың арасында, баяғы-баяғыда Шыңғысхан бүкіл дүние
жүзінен жинаған алтынын көміп кеткен екен деуші еді. Талайлар сол
зындандағы алтынды аламыз деп, қырық құлаш қыл арқан тастап,
əуелі алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, жан баласын
жолатпайтын жымық құлақ, қара айғырдың жанынан амалдап өтсе,
енді аузынан от шашқан айдаһар тап болады екен. Жан-жағы шашырап
жатқан адамдардың қаңқа сүйектері дер еді.
Бурылдың ең биік шоқысы жанартаудай жалындайды. Бəлкім,
алтынның буы шығар. Алтынның буы болады дейді ғой. Əлгі Барсхан
мен Қуан əлдекімнен естіп, осы алтынды аламыз деп, зынданға түсіп
кетіп жүрмесін...
Алды жарқабақтанып бара жатқанын байқады. Сөйтсе, Асаға да
келіп жеткен екен. Жарқабақтан сырғанай-сырғанай амалдап, жағаға
да жетті. Ернеуі мұз қабыршақтанып жатыр. Тебеген аттай
жымқырылып, арқырамай, жымысқыланып, жыланша ирелеңдеп,
жылжып бара жатыр. Судың беті – ирек-ирек, қап-қара. Сірə, иірім.
Сірə, терең.
Бүлкілдейді, бүктетіледі. Сылқ-сылқ етеді. Қабыршық мұзды
жалап, сылп-сылп етеді. Өзінін əуені. Өзенде де əуен бар. Бір қарасаң-
думан дүниенің шалқымасы сияқты. Бір қарасаң – таусылмас арман
ағысы. Арман таусылмаушы ма еді. Бəрі де таусылады. Сайқалдана
сылаң қаққан мына Аса да таусылады. Бурылдан шыға бере, теріскейді
бетке алып, алыстағы құмға барып, құрдымға кетеді. Əуен де жоқ, əн
де жоқ. Тек құмға сіңген судан нəр алған шеңгел ғана күзге қарай
əлденені сағынып, сыңғыр қағады.
Бəрі солай. Көкірегі үнсіз күмбірлемейтін жан болмайды. Болса ол
– сезімнен ада, жұрттың жадауы.
Айша қолындағы алша таяқты суға салды. Бойлатып көрді. Таяқ су
түбінен таяныш таппады. Дəлірек айтқанда, түбіне жетпеді. Су серпіні
таяқты Айшаның қолынан тартып алып, ағызып əкете жаздады. Айша
қабыршық мұзды етігімен теуіп, еңкейіп, суға қолын салып көріп еді,
онша суықта емес сиякты. Ызғарсыз. Тереңдігі болмаса, суықтығы түк
те емес.
Айша суық судың талайын көрген. Тəңіртаудың Ақсайынан аққан
зəрдей суды қызыл сирақтан кешіп, талай-талай жылдар бойы
қызылша суарған.
Күн болса кешкірді. Су болса мынау. Амалдап арғы бетке
шыққанда да... қайда барады? Қараңғыда Молотовты қайдан табады?
Жолда – Байтана бар. Төркін елі. Кіндік қаны тамған жері. Тұлымшағы
желбіреп жүгірген мекен. Қызды Құдай неге мұңдық етті екен? Ұл
болса ғой, сон - о - о - оу қияндағы, өрдегі Тəңіртаудың бауырына,
Мыңбұлаққа ұзатылмай-ақ, осы елде жүре берер еді...
Енді – жат. Өзі туған жерге – өзі жат, бөтен. Егер мына Судан өте
алса, Асаны тағы бір кешіп өтуі керек.
Айшаның алдын асау Аса, сөйтіп, екі рет кес-кестейді.
Баяғыда, балғын бала кезінде Құлыхан апасы, қасында, сірə, əкесі
Есей бай бар ма екен, Айшаны осы Бектөбедегі төркініне алып келген.
Айша сонда Асадан тұңғыш рет өткен. Атпен. Апасының алдында,
ердің қасынан ұстап отырған. Аса сонда оған шексіз дариядай болып
көрініп еді. Аттың жалына дейін шапшыған. Айшаның басы
айналғандай болған. Апасы Құлыхан: «Айша, көзіңді жұм, көзіңді
жұм», – дегені есінде.
Асадан содан бері қанша су ақты... Енді оны алдына алып
отыратын апасы Құлыхан да жоқ, əкесі Есей де жоқ. Астында ат та
жоқ. Жаяу кешіп өтеді. Қазір қыс қой. Суы тартылған шығар. Мүмкін,
мұз боп қатып қалған да болар. Бірақ Аса мұз құрсанып жатыр екен
дегенді естіген емес. Бүгін күн жылымық. Əуелі қалың жауған қар
жентектеліп, жібіп жатыр. О баста ет қызумен едəуір жерді еңсеріп-ақ
тастап еді. Енді қансорпа боп терледі. Жентек қар аяққа оралғы бола
берді. Бақабас ескі етік те сыр бере бастады. Еріген қардан ылжырап,
ішіндегі шұлғауға дейін су өтті.
Айша оны елең қылған жоқ, қыстың күні қысқа, жарық барда жол
өндіріп алайын деп, аршындай түсті.
Жауыр дейтін жоннан асты. Алдынан Бурыл тау анық көрінді.
«Жақын қалды» деді. Бурылға жақындаған сайын кеудесі əлденеге
өрекпіп, дүниедегі ең аяулысын, Анасын көргендей, алдынан анасы
құшағын айқара ашып, аймалайтындай бола берді. Көптен бері
көкірегінде шемен боп қатып қалған, сарғайып capғaйып болған
сағыныш деген қу сезім жібіп сала бергені ме, бұл жаққа не мақсатпен
келе жатқанын да ұмытқандай. Баласы Барсханды іздеп келе жатқаны
да есінен шыққандай, Бурылдан көз алмай алға қарай алқынды.
Аяғына басы күрдек күлтелі жусан орала берді. Бұл беткейде
жусан қалың екен. Барсхан мен Қуан келіп шапса, қып-қызыл ол жаға
батқандай екен. Бурыл да мұны аңсарлана, зарыға күткендей, тіпті тау
басымен бұған қарай өзі жылжып келе жатқандай көрінді.
«Қос көрінді ме, шаршадым ба?» – деп қойды.
Қыстың күні күн төбеден ауса болды, төмен қарай сырғанай
жөнелетіні несі? Таудан төмен қарай шанамен заулағандай. Батыс жақ
сұп-сұр болып, сазарып тұр еді. Енді мына пенденің осыншама
шаршап-шалдығып келе жатқанында қолтығынан демеп жіберуге
дəрменсіз екенінен ұялғандай, бұлттар қызара бастады.
Бурылдың ең биік шоқысы жанартаудай жалындап бара жатты. Сол
биікке Байтананың бір үйі паналатар еді-ау. Ой, дүние-ай, мынау баяғы
өзіміздің Айша ғой деп бəйек болып, су-су киімін кептіріп, қатықсыз
қара су болса да қайнатып беріп, бойын жылытар еді.
Бірақ намыс қайда? Намыс жылап қалмай ма? Баяғыда, он алты
жасында Айшаның алтынмен аптаған, күміспен күптеген ақбоз атқа
мінгізіп ұзатылғанын көргендерден қалған көз əлі бар шығар. Олар не
ойлайды? Аяй ма, табалай ма?
Намыс сонда төбе шашын жұлып, ойбайламай ма?!
Намыс – адамның жан серігі. Көзге көрінбейді. Жеке жүрмейді.
Тым болмаса, көзге көрінетін көлеңке де сияқты емес. Бірақ серік.
Мықты серік. Бұл серігі жоқ адам қасиетсіз, əлсіз.
Ал Айшада бұл серік мол еді. Аса күшті еді. Намыстың аса күшті
болғаны да зиян ба, кім білсін. Дүниеде намысы күшті Көк Бөрінің
нəсілі деуші еді. «Қасқырдан қауқар кеткенде апа дейді ешкіні».
Сөйтсе, ең намысшыл деген қасекеңнің өзі де ымырашыл көрінеді.
Əрине, əлсіз шағында.
Егер Асадан аман-есен өтсе, Айша төркіндеріне бұрыла салса да
болар еді. Айшаның мүсəпірлеу тəрізін көріп, көтін ашып, күлін
шашып күлетіндей хал қазір байтаналарда да шамалы шығар. Шекесі
қызып, кекірігі сасып отырған кім бар бұл заманда?!
Бірақ Айшаның: «Текті ит өлігін көрсетпейді» деген қатып қалған
заңы бар. Əйтпесе, сонау Мыңбұлақтан келгелі жылдан асып кетті.
Асаның ар жағында жатқан Байтанаға əлі бір барған жоқ. Ел құлағы –
елу.
Айша Бектөбедегі алшын – сіргелі нағашыларының қолына көшіп
келіпті дегенді Байтана естімеді дейсің бе? Іздеп келген біреуі жоқ,
іздеп келуге жарамдылары əскерге кеткен. Аман-есен елге оралды ма,
əлде оқ алды ма, кім біледі? Əйтеуір, ат ізін салмады.
Өзеннің жайдақтау жері бар ма екен деп, Айша суды бойлап, бір
бұлымды айнала беріп еді, алдынан бозалаңдап шұбатылған сұйық
түтін көрінді. Айдалада аңырап, амалсыз қалған адамға кəдімгі түтін
де бір медеу. Айшаның үзіле жаздаған үміті жалғанғандай, əлгі түтін
шыққан жаққа қарай адымдай жөнелді. Жатағандау жотаның астынан
үй көрінді. Жақындап, төбеден төтелеп келсе, диірмен екен. Алдынан
абалап, қазақы ала төбет шықты.
Арсалаңдап амандасып шыққан жоқ, жауыға, жанталаса
арпылдады. Тағы да болса Айшаның қызыл-күрең, алша таяғы бар.
Соны жасқай сілтеп, əлгі үйге бір қырындап, жақындай түсті. Ала
төбет аздай, ақтөс, қара қанден шабалана шəуілдеді,
Қос ит қосыла, өршелене өрекпіп кеткен соң болар, қосалқы аласа
үйден, інінен шыққан суырдай сүйретіліп, ұзын бойлы, қайыстай қара
кемпір көрінді. Əуелі иттерге:
− Кет - əй, кет! Жат! – деп кейіді.
Мұны естіген иттер: «Е, біз өз міндетімізді атқардық. Ендігісін өзің
біл» дегендей, құйрықтарын бұлғақтатып тына қалды.
Кемпір күн шағылыспаса да, көзін көсеудей қолымен көлегейлеп,
жат адамға үңіле қарады. Танымады.
Айша да таныған жоқ.
− Амансыз ба, құдайы қонақпыз, – деді.
− Кел, кел, – деп қара кемпір, «үйге кір» дегендей ишара білдірді.
Қуықтай үйдің іші қараңғы екен, кемпір сипалап жүріп пештің
үстінен шишақпақ тауып алып, шырағданның білтесін тұтатты. Керней
орнына қағаз кигізілген томпақ бүйір шыныны тұғырына қадап қойып
еді, құжыра ішіне елегізген сəуле шашырады.
Кемпір еті тірі, қунақы екен, мейіздей қатқан көнді балтамен ұрып-
ұрып, пештегі шоққа үстемелеп тастап жатып:
− Үсті-басың су-су, өзің жолсызбен жүрсің ғой, жаурап қалған
шығарсың, киіміңді шеш, отқа жақынырақ отыр, – деп сампылдады.
− «Танымаған, білмеген кісіге де осынша бəйек болған қандай
қасиетті адам – деп ойлады Айша, – əлде менің кім екенімді біліп
қойды ма? Мені білетін Байтаналардың біреуі шығар».
Бірақ кемпір: «Кімсің, қайдан жүрсің?» – деп жөн-жосық сұрай
қоймады. Пештің үстіндегі сырты күйеден қасаң болған шəугімге
толтыра су құйып, темір плитаның дөңгелек қақпақшаларын көсеумен
іліп-іліп алып тастап, отқа қойды.
− Тез қайнайды, шəй ішіп жылынасың, – деді, – қарның да ашқан
шығар. Сенің келетініңді білмедім ғой, білгенде қазан асып қоятын
едім.
Айша ойлады: «Мынау мені шыннан білетін болды».
Оның ойын сезіп қойғандай:
− Мен сені əуеліде танымай қалдым, қартайдым ғой. Əйтеуір,
шырамытамын. Сен Айша емессің бе?
− О, құдая тоба, иə, мен Айшамын, өзіңіз...
− Күнім-ау, мен Жұпар əпкеңмін ғой. Есіңде ме ондай əпкең? Əй-
бу, ұмытқан шығарсың. Мен бойжеткен кезде, сен тұлымшағы
селтиген балапан едің ғой.
− Есімде, есімде, Жұпар əпкем! – деп Айша қара кемпірді
құшақтап, бауырына басты. Жұпар да құшып көрісті.
Екеуі де еңкілдеп жылап, көздің жасын көл қылды.
− Апыр-ай, Жұпар əпке, мені қалай біліп қойдыңыз, – деп Айша
аң-таң.
− Қанша жыл, Құдай-ау, сіздің ұзатылғаныңыз еміс-еміс есімде.
Содан бері көріспеппіз ғой. Өзіңіз айтпасаңыз, мен сізді өмірі танымас
едім.
− Жүрегі құрығыр сезеді ғой, Айшажан-ау, қу жүрек біліп тұр ғой.
− Апыр-ай, əулие екенсіз да. Туысқанын таныған жүрегіңнен
айналайын, əпкетай!
Екеуі терлеп-тепшіп шəй ішті. Қайдан жүрсің, неғып жүрсің деп
Жұпар сұрамады. Бəрін де айтпай-ақ білетін сыңай танытып:
− Қиналып қалған екенсің ə, күнім. Зар заман да өтер, мұратыңа
жетерсің, – деп қойды.
− Қиналғаным рас, Жұпар əпке, – деп Айша ау - жайдың бəрін
баяндай бастады. Содан əңгіме тиегі ағытылып, екеуі алысқа-алысқа,
баяғы сағым жылдарға сапар шекті.
...Тоқсанбай есімді батыр Байтананың алты ұлы бар еді... «Атадан
алтау, анадан төртеу» деп данышпан ақын айтқандай, Тоқсанбайдың
бəйбішесінен төрт ұл: Матай, Сасай, Татай, Есей; кіші əйелінен:
Қарағұл, Нұрабай деген екі ұл болған. Солардың Матайы мен Сасайы
Мекке - тіллəта қажылыққа барып, Матай сонда о дүниелік болған.
Ағасынан айырылып, Сасай азып-тозып елге əрең жеткенде туған-
туысқан қатты қайғырса да:
− Құдай Матайдың тілеуін берді, жаны жаннаттан жай тапты деп
тəубаға келіп, алты ата атырапты түгел шақырып, ас берген. Міне,
мына Жұпар сол Матайдың қызы еді. Ал Айша болса, Есейдің үкілеп,
мəпелеп өсірген қызы.
Жұпар сұлу бой жеткенде сүмбіл шашы тірсегіне түсер еді.
«Шаштарын он күн тарап, бес күн өргеннің» шын екенін жақындары
сонда көрген. Шашын иіс сабындап, гүлқайырдың шайырымен жуған
соң, қыздар жиналып, жан-жағынан отырып алып, мүйіз тарақпен
тарап, бұрымын өруші еді. Сол «шаруаға» Айша да араласатын.
Тұлымшағы селтиіп, үлкен қыздардан о да қалыспайтын. Сонда Жұпар
кішкентай Айшаға: «Өскенде сенің де шашың осындай болады», – деп
күлуші еді. Айтқаны келіп, кейін Айшаның шашы да тізесіне дейін
төгілді. Енді... енді содан не қалды? Уысқа толар-толмас шүйке қалды.
Жұпар мен Айша... Қыз жат жұрттық. Жұпар бір қаңлыға ұзатылған
екен. Балалы-шағалы болған. Қазір мына алакөлеңке құжыраның
қабырғасында, шынылы кəсекіге салған суреттен əскерше киінген,
жауқабақ, жас жігіт міз бақпай қарайды да тұрады.
− Жалғыз ұл – Байсұлтан осы, – деді Жұпар, суретке қарап қалған
Айшаға. – Соғыстан қайтпай қалды. Үш қыз үш жаққа кетті. Шалымыз
екеуміз, жалғыз үй, диірмен бағамыз. Шал бүгін атқа мініп, шаһарға
кетіп еді, келмеді ғой. Шаруамен жүрген шығар. Шəй ал, Айша
шырағым.
Апалы-сіңлілі екеуі тар үйдің əлемін əңгіме-тарихпен кеңейтіп, түн
ортасына дейін отырды. Шырағдан майы таусылып, өлімсірей
бастағанда ғана Жұпар:
− Ал Айша, айналайын, сен мына менің төсегіме жата ғой, мен
жерге жантая саламын. Жаныңа жақын жатайын. Алтыным əншейін.
Құдай қаласа, жақсы түс көресің. Балаң табылады. Жата ғой, жаным.
Уайымдама.
«Мені баяғыдай бала көріп, айналып-толғанады. Қайран ба - уыр -
ай», – деді Айша көзі ілініп бара жатып.
* * *
«Түс – түлкінің боғы – дүр» дейтін ескі сөз бар. Сірə, жаман түс
көргендердің көңілін жұбату үшін айтылатын шығар. Əйтпесе, түс
мұндай теңеу алатындай соншалықты құбыжық емес.
Түс те өзінше бір əлем. О да өмір. Өміріңнің бір бөлшегі.
Өндегіден гөрі, кейде түсінде бақыттырақ боласың. Өңінде шалқақтап,
асып-тасып жүргендердің түсінде жантүршігер жағдайға кездесіп,
шошып оянатындары да болады.
Ұйқым тыныш болсын десең, имансыз іс істеме. Жаман түсті
көбінесе
қарақшылар,
қиянатшылар,
ұры-қары,
жемқорлар,
парақорлар көреді. Өйткені күндіз ұйықтап қалған ұят түнде оянады.
Сөйтіп, ұят өз иесін азапқа салады.
Түс бір жағынан өлгендегі, о дүниедегі өмірің сияқты. Жалған
дүниеде күнəкар болған жан о дүниеде тозақ торына түсетіні рас
болса, түс те соның бір көрінісі.
Жақсы түс – жақсылыққа жақсылық.
Жаман түс – жамандыққа жаза.
Əпкесінің тапал төсегінде жатып, Айша түс көрді. Асаның суы
күндіз көргендегідей емес, айдынданып, арғы шеті əрең көрініп,
шалқарланып кеткен екен. Неге екенін кім білген, Айша бұл теңізден
сескенбей, үстіндегі киім-кешегімен түсіп кетіп, оп-оңай, жеп-жеңіл
жүзіп келеді. Ұлы теңіз мұны еркелетіп, қақпақылдап, аймалап алып
келе жатқандай. Жан-жағынан сары сазан, ханбалықтар қоршалап,
шоршып ойнап, бірте-бірте адамдарға айналып, хор қыздарының
ғажайып əуезді əніне салады.
Əн жалған дүниенің бес-ақ күндігі туралы, өткінші, өтірік екендігі
туралы; шын дүниенің қайғысыз, мұңсыз, мейірімді, бауырмал,
қайырымды лəззаты туралы жүректі елжіретіп, рахат бесігінде
тербетеді.
Əлгі періште əнші қыздар жүзіп келе жатып, мұның жадау-шоқпыт
киімдерін шешіп алып, суға лақтырып тастап, үстіне аппақ атлас,
сусыма жұмсақ, мөлдір көйлек кигізіп, шашақты орамал салады. Дəл
баяғы Мыңбұлаққа ұзатылған кездегідей хал кешеді Айша. Бəлкім,
одан да тамаша, одан да көркем дүние. Жалған дүниеде мұндай
рахаттың аты да, теңеуі де жоқ.
Айша таң қалады. Айдын-шалқар дарияда жүзіп келе жатқан жоқ.
Жүріп келе жатыр. Дариямен де адам тік жүре ме екен? Мүмкін, мына
ақ періштелер құдіреті шығар. Солар шырқаған əсем əннің сиқыры
болар. Жалған дүниеде жан-тəніңді мұншама лəззатқа шомылдырған
Шолпан сыңғырлы əнді, əуезді естіп білген емес. Рухты мұншама
биікке көтеретін ғаламат музыка да болады екен-ау.
Арғы жаға белгі бергендей. Қыбырлап əлденелер, əлдекімдер
қараңдайды. Əлде тал, əлде адамдар.
Енді олардың үні де құлаққа шалынғандай болды. Жағалау толған
ақ бейнелі адамдар. Жақындай түсті. Дария шалқып жатыр. Əлгілер
бұған қарсы ентелеп, алдынан шығып жүгірейін деп талпынатындай.
Бірақ судан сескеніп тұрған сыңайлы.
Əне, анау Есей ғой. Есей əкесі! Жанындағыларды да шырамытады:
Матай, Сасай, Татай, Қарағұл, Нұрабай... – Анау Сүттібек көкесі, анау
Рахман інісі... Е, айналайын, Зибаны қара! Зиба да осылардың
арасында екен-ау! Əне, үлкен апасы Теңгеқыз!
Бəрі де «кел-кел» деп қол бұлғайды.
«Апыр-ау, апам қайда?» – дейді Айша. Мыналардың арасында
өзінің туған анасы Құлыхан көрінбейді. «Онысы несі, менің алдымнан
бəрі жабыла шыққанда, апам қайда жүр?» Көңіліне қаяу кірді. Мына
тұрғандардың бəрі асыл, бəрі қымбат... Ал апасының жөні бір бөлек.
Оны айтып бола ма? Əлде ауырып қалған ба?
«Апам қайда?» – деп айқайлады Айша жағада тұрғандарға.
«Апаңның мекені басқа жұлдызда», – деп тіл қатты əкесі Есей.
«Апамды сағындым», – деп сыбырлады Айша.
«Білсе, келіп қалар», – деді Есей сыбырлағанды естіп.
«Айша əпке, тезірек шықсаңшы жағаға. Мен де сені қатты сағынып
кеттім», – деп шырылдайды Зиба.
Айша жағаға жетейін десе, жаңағы жүріс жоқ. Жан-жағындағы ақ
періштелер де көрінбей кетті. Аяғына зіл байлағандай жүре алмайды,
жүзе де алмайды. Таяқ тастам жерге жете алмай зарықты. Суға бір
батып, бір шығып алқынды. Əлгінде ғана жеп-жеңіл еді. Дария жалтыр
мұздай, соның үстімен сырғанап келе жатқандай еді. Енді не болды?
Əсіресе Зиба «əпкелеп» шырылдағанда шыбыны шырқырайды.
Тезірек жағаға жеткісі келеді. Бірақ зіл жібермейді. Əудем жер қияндай
алыс. Жағадағылар «кел-кел», – деп шуылдайды.
«Апа! – деп айқай салды Айша. – Апа, қайдасың?»
Əлден соң аспандағы Ай көрінбей кетті де, жағадағылар күңгірт
тартты. Бəрібір «кел-кел» деген аңсар əуен ызындайды. Кенет
аспаннан ақ сəулеге оранған адам жағаға түсіп, ақ толқынданып тіл
қатты:
− Айша! Кері қайт! Мен сенің анаң Құлыхан!
− Апа! – деді Айша жаны шырқырап. – Апа, мені жағаға шығарып
алшы!
− Шықпа, Айша! Үйіңе қайт!
− Сағынсаң, кейін келесің. Үйіңе қайт. Балаларың күтіп отыр.
− Барсхан жоғалып кетті, апа.
− Балаң үйіңде. Кері қайт, Айша.
− Мен сенің қасыңа барғым келеді, апа.
− Кейін, кейін келесің.
− Мен шаршадым, апа.
− Шыда, Айша, шыда.
− Мұртазаны көрдің бе, апа?
− Аспан толы аруақ. Жүрген шығар.
− Үш жетімді асырай алмай қиналдым, апа.
− Сұм дүниеде қиналсаң, Шын дүниеде рахатын көресің, Айша
шыда.
− Кері қайтайын десем, судан өте алмаймын, aпa.
Кенет Аса дария қақ жарылып, қара жер пайда болды. Айша сол
қара жолмен қайтып келе жатып, артына бұрылып:
− Апа! – деп тағы айқайлады. Өз даусынан өзі шошып оянды.
* * *
Көзін ашып алса, жер төсекте жатқан Жұпар əпкесі жастықтан
басын көтеріп алып, бұған қарап аңырып қалған екен. Ұядай үйдің
алақандай терезесінен қысқы таңның нышаны қылаң беріпті. Əлгі
түсінде көрген əлемге қарағанда, мына өңіндегі дүние тым тұнжыр,
тым жүдеу. Түк қызық жоқ.
«Əлгі əлемнен неге келдім», – деп Айшаның көңілі құлазып, ит
талаған тулақтай құрысып қалды. Сөйтсе де сол көңілдің арғы
түкпірінде қимастай, қиыспастай шырайлы, шырын əсер əлі де
себезгілеп, бірте-бірте мына үйдің көрінісінен көмескіленіп, əлдекім
алдап кеткендей мең-зең хал кешті.
− Айшажан, немене жаман түс көрдің бе? – деді Жұпар əпкесі,
дегбірі кеткендей түрегеліп.
− Жоқ, əпке, қайта ғажайып жақсы түс көрдім. Əттең, олардан
айырылып қалдым,
− Не болды, айтсаңшы жөндеп.
Айша көрген түсін айнытпай айтып берді. Айтып отырып, бір
жерінде күлді, бір жерінде жылады.
− Ай, айналайын, бақытқа кенелген екенсің, – деп сүйсінді Жұпар –
Шыннан менің Меккеде қалған əкемді де көрдің бе? И - и, онда сен
тіп-титімдей, құртақандай едің ғой. Əкемді қайдан білесің?
− Əпке-ау, мен мұны ойдан шығарып отыр дейсің бе? Көргенімді
айтып отырмын.
− Е, жарығым, онда сені аруақтар жарылқаған екен. Енді сен
қуанышқа кенеледі екенсің. Тұр да, жуынып-шайынып, Құдайға тəуба
айтып, шəй іш. Мен тездетіп жеті шелпек пісіре салайын. Үйіңе қайт.
Балаң табылған екен. Анаң Құлыхан жеңешем айтса, тегін болмағаны.
− Апыр-ай, əпке-ай, өмірімде мұндай ап-анық түс көрген емеспін.
Шын дүниенің барына, аруақ барына енді көзім əбден жетті. Мына біз
бейбақтар қу тіршіліктің тырбаңымен оларды ұмытып, өлдіге санайды
екенбіз ғой. Сөйтсек, олар бізді ұмытпайды екен ғой. Бəрін де көрдім
ғой. Апам менің! Апа - а - м - ды көрдім ғой, – деп Айша əлде шексіз
қуанғандай, əлде, шексіз өкінгендей, көзінен жылы жас жылжып ақты.
Түстегі көргендерін көз жасы көлегейлей берді.
Достарыңызбен бөлісу: |