ТАБАЛДЫРЫҚТАҒЫ ТАУ
Бізді матростарша киіндіру кімнің, қандай данышпанның ойынан
шыққанын білмеймін. Инкубатордың балапандарындаймыз. Нағыз бір
морягі жоқ Əулиеата үшін бұл ерекше, сирек жаналық болды. Жол
қысқартқымыз келсе, қисық-қисық көшесі бар өзбек махалласын
жанап өтеміз. Жолда өзбек мектебі бар. Одан əрі қалын бейіттің,
зираттың ішін аралап жүреміз. Қарахан əулие күмбезінің іргесіне
тақалып барып, Пушкин көшесіне түсеміз.
Жолда кездескендердің бəрі: атты адам түсіп, жаяу адам жатып
қарағандай болады. Əдейі тоқтап тұрып, біз ұзап кеткенше бұрылып
тесіледі.
Мұның бəрі ештеңе емес-ау, бəрінен де өзбек мектебінің тұсы қиын
болды. Ала тақиялылар шулап қоя береді. Мазақтайды. Мазаққа
құмар-ақ. Жабыла күледі. Күлегеш.
Біз бəріміз колхозбаймыз. Қаланың мінезін біле бермейміз. Ал
мектепке жеткен соң жаңа тозақ басталады. Қаланың балалары пысық,
шақар. Маған бəрі шетінен бөксер сияқты көрінеді. Біз «б»
класындамыз. Қалалықтардың көбі «а» класында. Үзіліске шыққанда,
коридорда қалалықтар бізге доқ көрсетеді. Қараптан қарап тұрып
тиіседі. Қағып кетеді. Əсіресе Қаңтарбаев, Үмбетбаев дегендер жеке
шыққан матрос көйлектіні бір-біріне итеріп, қақпақыл қылады.
Шыдайсың. Айқаса кетейін десең, тайсаласың. Қаңтарбай,
Үмбетбайлардың шашы «бокс» -пен қырылған. Соның өзі сес. Мүсілім
Қонақович біздің шашымызды тап-тақыр алдырып тастаған. Мүсілім
Қонақович алғашқы күндері бізді мектепке өзі бастап алып келіп
жүрді. Сапқа тұрғызып. Тапал болса да сол бізге кəдімгідей медет.
Бізді «жауға» алдырмайтындай, пана тұтамыз.
Шамада бір аптадан кейін бізді бастап жүргенді қойды. «Енді
жолды өздерің-ақ табасыңдар. Өз күніңді өзің көр» дегендей сыңай
танытты. Рас қой. Өз күніңді өзің көр. Өмір бойы біреуге масыл болған
қандай тіршілік? Біреуге артып қойған міндетің бар ма? Бай
баласының дəурені өткен. Ешкім саған құл емес.
Көшеде көргенің, мектепте көргенің ештеңе емес. Оның бəрі
айналайын. Бəрінен де дарбаза жаман болды. Кəдімгі өз
интернатымызға кіретін қақпа ше. Екі жағында да «РУ»-ы бар қақпа.
Интернаттың табалдырығы.
Топтанып кіріп, топтанып шыққанда, қара көйлектілер əкесін
танытып ысқырады-ай кеп. Темір-терсектерін қаңғырлатып, тіпті
кейбір бетсіздері шалбарларын түсіріп жіберіп, о жер, бұ жерлерін
жалаңаштап, ауыздарын бырпылдатып тұрады.
Шыдаймыз. Зығырданың қайнайды. Шыдаймыз. Өйткені Мүсілім
Қонақович: «Назар салмаңдар. Өздері-ақ ақымақ болып қояды», – деп
ескерткен.
Қоятын емес. Қозып барады. Қорқақ деп ойлайды. Ауылдан келген
қойшылар деп ойлайды. Қорқатынымыз рас. «ФЗУ», «РУ» дегендер
туралы неше түрлі сұмдықтарды естігенбіз.
Араларында жалғыз қазақ баласы бар. Құдай оларға əдейі таңдап
қосқандай, кіп-кішкентай. Басқалары орыс па, неміс пе, грек пе, кім
білсін-бəрі зіңгіттей, зіңгіттей. Сол кішкентай қазақ баласы əлгілермен
қосыла күліп, мəз болады ғой. Маған бəрінен де сол батады.
Рас, ол тəуелді. Қойындар деп айта алмайды. Қарсы шыға алмайды.
Күнін көруі керек. Мейлі. Ау, бірақ ыржалақтап, аналарға қосылып
күлмей-ақ қойса қайтеді? Қанына тартпаған қасиетсіз. Бəрібір оны
орыс демейді. Орыс боларын-боларсың. Ау, бірақ тұмсығыңды қайда
қоярсың? Тұмсығың, түр-тұрпатың он жерден оспақтасаң да орысқа
келмейді ғой.
Оны ойлап жатпайды. Түр-түсі, ныспысы қазақ болғанмен, көргені
орыс, жүргені орыс. Ойлауы орыс, тілі орыс. Сөйтіп, қазақты жек
көреді. Қазақпын деп айтуға арланады. Оның ұғымында, санасында
қазақ болу – қорлық.
Ал енді, ұдайы топтанып, сапқа тұрып жүре бермейсің ғой. Кейде
бірлі-жарым жүретіндер де болады. Əне, қорлықтың көкесін сонда
көресің. Айшаның Ауагүл есімді əпкесі осы қалада, Қапал дейтін
шеткерірек көшеде тұрады. Тігін машинасымен тірлік етеді. Күпəйке,
шалбар, көйлек тігеді. Ісмер. Əне, сол əпкеммен мектепке бара
жатқанда жолығып қалып:
− Барсхан, сабақтан соң базарға, маған келші, – деді.
Сабақтан сон балалардан бөлініп, көк базарға бардым. Бара жатып
ойладым: «Ауагүл əпкем маған аздап ақша беретін шығар» деп. Əпкем
тауарын сатып болған екен. Енді үйіне екі шелек көмір жеткізу керек.
Маған соны көтертті. Екі шелек көмір едəуір жүк. Терлеп-тепшіп
жеткіздім. Үйінен шай іштім. Бəрібір интернаттағы түскі тамақтан
қалдым ғой. Ауагүл əпкемнің дастарқаны берекелі. Палауын да соғып
алдым. Қайтарда əпкем қолыма үш сом ұстатты. Қуанып кеттім. О, үш
сом көп ақша... мен үшін.
Үш сомды уыстап алып, құстай ұшып, интернаттың қақпасына да
жетпеймін бе? Əлгі ақшаның буы болуы керек, қақпадан жалғыз өтудің
қауіпті екенін де ойламаппын. Өте бергенімде «РУ» есігінің
баспалдағында отырған еңгезердей дəу неме:
− Палундра! – деп айқай салды. Ар жақтан басқалар жүгіріп-
жүгіріп шықты. – Лови этого калбита!
Үш-төртеуі келіп қоршап алды.
− Леха, он дрожит, – деп мəз болысты.
Леха дегені, сірə, атаманы. Бұл дəуді мен күнде көремін. Интернат
асханасының алдында турник бар. «РУ»-дың өз турнигі бола тұра, сол
Леха алшаң-алшаң басып келіп, əдейі біздің турникке асылады. Обалы
не керек, турникте ат құлағында ойнағандай ойнайды.
Бұл доқ көрсету. Міне, мен қандаймын дегені. Біліп қой дегені.
Күштінің əлсізді басынуы осындай. Ықтырады. Меніменен белдеспе
дейді. Қыңқ етпе дейді. Ал біз қорқамыз. Мынадай алыпқа қарсы тұру
ойымызға да келмейді.
Қоршап алғандардан қорқақтап тұрғанымда, қасымызға алшаң
басып Леха келді. Матрос көйлегімнің салпыншақ жалпақ жағасын дар
- р еткізіп айырып алып, бетіме лақтырып жіберді.
− Карикатура на моряка, – деді. Оны мен түсінбеймін. Бірақ жақсы
деп тұрмағанын шамалаймын.
Айқай салдым. Өзіміздің адамдардан біреу-міреу есітер ме екен
деп.
Ешкім тырс етпеді. Көрмеген, естімеген шығар. Көрсе де, естісе де,
көрмеген, естімеген бола қалған шығар.
Қорқады. «Бəлелі көтке бармағыңды тықпа» дейді. Тіпті, бізге
Сталиндей боп көрінетін завинтернаттың өзі де сескенеді-ау деймін.
Мүсілім Қонақович қояндай қорқақ. Бас көтерер жан жоқ. Бұ не
қорлық, Құдай-ау?
Леха маған:
− Что ты зажал свой поганный кулачок? – деді. – Что, драться
хочешь?
Бұл жолы не деп тұрғанын түсіндім. Өйткені жұдырығыма қарап
тұр.
− А ну, открой! Разожми ему кулачок! – деп бұйырды
жанындағыларға. Жабылып жатып, жұдырығымды жазып жіберді.
Умаждалған үш сом көрінді. Леха үш сомды алып, умажын түзетіп,
күнге тосып көріп:
− Нет, не поддельная, – деді. Бəрі қарқылдап күлді. Құйрығыма
күректей алақанымен бір салды да:
− Иди, – деді.
Ішім удай ашиды. Күресерге дəрмен жоқ. Ақшасы бар болсын,
көйлекті айтсаңшы. Енді не бетімді айтамын? Интернаттың көйлегін
бүлдіргенім үшін, енді мені интернаттан шығарып жіберетін шығар.
Жыртық жағаны қолыма ұстап, басқа ешкімге көрсетпей тіке
қоймашыға тарттым. Завхоз кім деп ойлайсыз? Хасан Өзденовтің дəл
өзі. Хабибат Абубакировна алдырған болар.
Осылай да осылай деп, жаңа ғана болған жайды айттым.
− Доңыздар, – деді Хасан Өзденов. – Бұлардың аз халыққа
істемеген қорлығы бар ма? Əлі-ақ жазасын тартар.
Мұндай зорақы сойқанның қорлық екенін басқа білмесе де Хасан
Өзденов біледі. Кавказдағы Эльбрустың батыс жағын ала қарашай
деген халық өмір сүрер еді. Эльбрусты олар «Дыхтау» яғни, қос
өркешті тау деп атар еді. Ешкімге залалы жоқ, бейбіт жатқан ел еді.
Еркектері тау беткейінде қой бағып, əйелдері қойдың жібек жүнінен
неше алуан киім тоқып, осындай жаннатты жерде тудырғаны үшін
Жаратқан Құдіретке алғыс айтып, күнін көрген иманды жұрт еді.
Қиядан Құман өзені құлап ағады. Оны орыстар Кубань деп өзгертті.
Құман десе, құман. Биіктен құлаған су құманның шүмегінен ағып
жатқандай. Əне, сондай сұлу мекеннен Хасан Өзденовті Қазақстанға
бір түнде зорлап көшірді де жіберді. Бүкіл халықты. Бір адамды, он
адамды, мың адамды жер аударуға болар. Ал тұтас бір ұлтты тұқым-
тұқиянымен туған жерден айырып, алысқа-алысқа, Қазақстанға
апарып лақтырып тастау деген, əй, сірə, тарихта болмаған шығар.
Бұл Хасан Өзденов соны да көрген. Менің зорлықпен жыртылған
матрос көйлегімді бүктеп-бүктеп, жуылатын киімдердің ішіне тастады
да, жаңасын берді.
− Ки, – деді. – Көйлегің тозғақ, өмірің озғақ болсын, – деді.
Сөйтіп, мен бір жазадан аман құтылдым. Бірақ Лехалардың
қорлығы көкірегімде шемен болып, шорланып, беріштей қатып қалды.
Көкірегіне беріш қата берген адам cay болмайды. Кесел табады. Сол
берішті жібітетін азын-аулақ жарық сəуле болмаса, менің күнім не күй
кешерін кім біледі? Көкірегімнің түкпір-түкпіріне сəуле шашырата
гөр, Құдірет! – деп жалбарынамын.
Адамдардың маған істеген жақсылығы – Алланың нұры. Қапаста
қалмағаным соның арқасы.
Құдай көкірек қамағынан сақтасын!
Достарыңызбен бөлісу: |